Өлең, жыр, ақындар

Мысық пен күшік

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1874
Бір үйдің бір Мысығы
Болды және Күшігі.
Көршіліктен жоқ белгі:
Бірін-бірі жек көрді.
Бұл істері оңбайды,
Кім демекпіз ондайды?
Бірде екеуі жанасты,
Ала көзбен қарасты.
Бір-біріне шаптығып,
Тұрып қалды аптығып.
Деді Күшік:
– Ырр!
Қыбыр етпей тұрр!
Деді Мысық:
– Мырр!
Сен де солай тұрр!
Деді Күшік:
– Ырр!
Мені сыйлап жүрр!
Күзетемін осы үйді,
Болып нағыз дос игі.
Күндіз-түні үремін,
Қақпа қорып жүремін.
Жол жоқ ешбір ұшпанға,
Жоламайды тышқан да.
Деді Мысық:
– Мырр!
Сен де біліп жүрр!
Үйде тышқан жетеді,
Түнде шиқ-шиқ етеді.
Ұйқысыз көп түндерім,
Аңдимыи тек індерін.
Тышқандарға тоямын,
Сөйтіп, көзін жоямын.
Сен жуынды ішесің,
Қайтіп алға түсесің?
Күшік сонда тап берді,
Мысық жылдам жалт берді.
Күшік қуа жөнелді,
Аямайды ол енді.
Мысықтың көп айласы,
Осындайда пайдасы.
Тырнақтары – мықты жез,
Талға өрмелеп шықты тез.
Күшік жерде аңқиып,
Қалып қойды қалқиып.
Ызаланып елірді,
Әрі үрді, бері үрді.
Тауысып түгел төзімін,
Қайтты үйіне өзінің.
Мысыққа әбден өшікті,
Онысынан не шықты?
Қызық болды кезде бұл,
Келді жылан кезбе бір.
Үйге кіріп кетпекші,
Бір қастандық етпекші.
Торып жүрді қақпаны,
Тірі қалмас шаққаны.
Барғанымен жосылып,
Күшік қалды тосылып.
Жылан басын көтерді,
Көздерінен от өрді.
Күшік тұрды ырылдап,
Қалай бірден ұрынбақ?
Сынақ сәттер жалғасып,
Тұрды екеуі арбасып.
Қалт жіберсе кім бұрын,
Сол тартады сұмдығын.
Мысық мұны көрді де,
Жылдам жетіп келді де.
Сұм жыланға тап берді,
Бел ортадан қақ бөлді.
Көріп өлген жыланды,
Күшік қатты қуанды.
Деді: – Достым, Мысығым,
Қандай сұлу пішімің!
Таласым жоқ күшіңде,
Өткір екен тісің де.
Жер қаптырып зұлымды,
Ұмытпаймын мұныңды.
Бұдан былай досымсың,
Басымыз бір қосылсын.
Мысық айтты:
– Күшігім, Сенің де әсем пішімің.
Тым сүйкімді үрісің,
Шын мықтының бірісің.
Жалғыз жүру алайда,
Жан біткенге жарай ма?
Болып мәңгі дос анық,
Басымызды қосалық.
Сонда бізді жау алмас,
Сонда бізді дау алмас.
Сен де, мен де Иеміз –
Адамзатты сүйеміз.
Баласымыз бір үйдің,
Панасымыз бір үйдің.
Қалайтыным өз басым –
Достығымыз тозбасын.
Мысық, Күшік сол шақтан
Тура жүрер жол тапқан.
Екеуі шын достасты,
Өштікпенен қоштасты.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Өгіз

  • 0
  • 0

Жайылып жүрген жалғыз өгіз еді,
Өгіз еді – өзі де семіз еді.
Нарық деген мына бір қыспақ заман
Өгіз түгіл, өлексе жегізеді.

Толық

Ақ дегелек

  • 0
  • 0

Ақ дегелек – аппақ қана аруым,
Әсем еді баптап қанат қағуың.
Жақсылықтың, жақсы үміттің құсы деп,
Ардақтайтын сені бүкіл ауылым.

Толық

Шыбын мен тығын

  • 0
  • 0

Шыны аузында Тығын тұрды,
Өзінше ол мығым тұрды.
Енді бірде карағанда,
Шыны ішінде Шыбын тұрды.

Толық

Қарап көріңіз