Өлең, жыр, ақындар

Қарынбай

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1024
Ерте, ерте, ертеде,
Бай бопты бір өлкеде.
Мал бітіпті мыңғырған
Ақыл-ойы келтеге.
Екі жүз мың түйесі,
Одан да көп биесі.
Қойларында есеп жоқ –
Бір-ақ өзі иесі.
Сансыз табын сиыры,
Сансыз жылқы үйірі
Болса-дағы,
Сараңның
Шықпапты бір бүйірі.
Тазалықты сүймеген,
Бүтін киім кимеген.
Аяғында алты ай қыс
Шоқпыт шоқай сүйреген.
Малмен таңы атады,
Малмен күні батады.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Малмен бірге жатады.
Өзіне өзі қимаған
Малды неге жинаған!
Ең аржағы ит ұстап,
Жуынды да құймаған.
Бейшара бай есірме,
Адамды адам десін бе?
Тыжырына қарады
Жетім менен жесірге.
Мың-сан малы қаптаған
Жүрген жерін таптаған.
Сонда-дағы болар ма
Қарынбайдай қатты адам?
Кедейлерге елдегі
Малдан көмек бермеді.
Әділетсіз бұл іске
Қара Жер де көнбеді.
Қарынбайдың тым қатты
Сараңдығы шын батты.
Байға қарап салмақпен,
Бір күні Жер тіл қатты:
– Ей, Қарынбай,
Қарынбай,
Сараңдыққа салынбай,
Кемтарларға қарайлас,
Тыжырынбай, тарынбай.
Дүниеге алаңсың,
Сонша неге сараңсың?
Байлығыңа сиынба,
Басы жүмыр адамсың.
Мал өмірлік дос емес
Ол аз күндік бос елес.
Қараспасаң кемтарға,
Тіршілігің қош емес.
Қарынбай да қалмады,
Жер-ананы арбады:
– Бұл өмірде адамның
Таусылар ма арманы?
Баю – менің мақсатым,
Сонда шығар жақсы атым.
Соның сөзі өтімді
Дүниені тапса кім.
Айтқаныңды құп алман,
Малдан шашау шығарман.
Көмектессем кемтарға,
Орындалмас бұл арман.
Қаһарына мінді Жер,
Иілмесін білді Жер.
Қарынбайды тізеден
Төмен тартып тұрды Жер.
– Ей, Қарынбай,
Қарынбай,
Сараңдыққа салынбай
Кемтарларға қарайлас,
Тыжырынбай, тарынбай.
Елге көмек етпесең,
Маған өкпе етпе сен.
Біржолата жұтамын,
Жоғаласың текке сен.
Қарынбай да саспады
Жақсылыққа баспады.
Бер деп енді атама,
Айтсаң-дағы басқаны.
Малым – менің тірегім,
Малым – менің жүрегім.
Шашар болсам мен оны,
Қайтіп өмір сүремін?
Қаусаған қу қартты Жер
Белуардан тартты Жер.
Бұл жолы да алғашқы
Қайталады шартты Жер:
– Ей, Қарынбай,
Қарынбай,
Сараңдыққа салынбай
Кемтарларға қарайлас,
Тыжырынбай, тарынбай.
Әлде болса кеш емес,
Мал дегенің бос елес.
Қараспасаң кемтарға,
Тіршілігің қош емес.
Қос өкпесі қысылып,
Бар денесі ісініп,
Тартынбады Қарынбай,
Жоқ қой онда кісілік.
Малым – менің тынысым,
Малым – менің ырысым.
Бер дегенді атама,
Малсыз өмір құрысын.
Мал – қызым да, ұлым да,
Тектен-текке ұрынба.
Жоқ-жітікке малымның
Бере алмаймын қылын да.
Жер күрсініп қозғалды,
Ең ақырғы сөз қалды.
Тартқан кезде тамақтан,
Көмілуге аз қалды.
– Ей, Қарынбай,
Қарынбай,
Сараңдыққа салынбай
Кемтарларға қарайлас,
Тыжырынбай, тарынбай.
Соңғы сөзім бұл менің,
Жай екен деп жүрмегін.
Өміріңнің ішінде
Қайырымды білмедің.
Дүниеге бар адам
Бірдей болып тараған.
Малын алға тартады
Сен секілді тар адам.
Бірақ, байлық сендегі –
Кем-кетіктің еңбегі.
Сендейлерді арқалап,
Бүгілді бел мендегі.
Айтқан тілді алмасаң,
Мен қашанғы арбасам?
Біржолата жұтамын,
Бұл бетіңнен танбасаң.
Деп Жер-ана сығымдап,
Айтты сезін мығымдап.
Малын ойлап Қарынбай,
Қоя берді шырылдап:
– Қайран малым,
Қайдасың!
Кермедім-ау пайдасын.
Қырыстанған қара Жер
Асыра ма айласын?
Шөлдегенде күн ұзын,
Ішсе шекер қымызың.
Жылқыларым қашан да
Қимасымның бірісің.
Төбе-төбе өркешің,
Түйелерім,
Еркешім.
Күн кере алам қалайша,
Мен сендерді бергесін?
Ыңқ-ыңқ еткен бүйірің,
Сүйікті мал сиырым.
Бере алмаймын сені де,
Көрсем де істің қиынын.
Сырт-сырт еткен тұяғың –
Тамаша бір күй-әнім.
Қойларым-ау,
Қалайша
Мен сендерді қиямын?
Атансаң да кебенек,
Қылықтарың керемет.
Ешкілерім,
Сендерсіз
Маған өмір не керек?
Сараң дей бер сен мейлің,
Жұта бергін,
Жер, мейлің.
Мен малымның пендеге
Қылшығын да бермеймін.
Деген кезде Қарынбай,
Қара Жер қақ жарылды-ай.
Түсіп кетіп сараң бай,
Қалды ізі де табылмай.
Малым, малым, малым деп,
Дүниеқоңыз залым боп,
Өліп кетті Қарынбай,
Сараңдығы жанын жеп.
Қойлары оның қоян боп,
Жылқылары құлан боп,
Ешкілері киік боп,
Сиырлары бұлан боп...
Кетіпті деп айтады ел,
Біледі ғой байтақ ел.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кесірлі қабан

  • 0
  • 0

Ниеті қарау
Талпақ танау
Қабан Маралға тиісті:
Сезбейсің түк иісті.

Толық

Әжей мен мұғалім

  • 0
  • 0

Әжей мұғалімнен сұрады:
– Шырағым,
Түсіндірші мынаны,
Немерем қанша жыл оқымақ?

Толық

Отырмын гүлді алаңда

  • 0
  • 0

Ысырып бұлтты аулаққа,
Күлімдеп көкте күн тұрды.
Күркіреп өзен тау жақта,
Бау-бақша қайта құлпырды.

Толық

Қарап көріңіз