Өлең, жыр, ақындар

Ойыншықтар ойраны

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1200
1
Ерте, ерте, ертеде
Соғыс деген болмапты.
Барлық байтақ өлкеде
Бейбіт өмір орнапты.
Бала біткен бірігіп,
Тату-тәтті ойнапты.
Етек-жеңін түрініп,
Ойынға бір тоймапты.
Бірте-бірте өздері
Түрлі ойыншық жасапты.
Тіпті керек кездері
Тасты да ойып-қашапты.
Қызық құрал көрініп,
Жасап алған қылышты.
Топ-топ болып бөлініп,
Бастап кеткен «ұрысты».
Кескілескен, күрескен,
Айлаларын асырып.
Аянбай-ақ періскен,
Жеңу үшін асығып,
Ойлап тапқан балалар
Найза менен садақ та.
Жебесі дәл қадалар,
Көздеп атқан заматта.
Ал, айбалта, семсерің,
Домалақ бас шоқпарың.
– Қайқайта бір персе ерің,
Жер құштырған соққанын.
Одан кейін шыбықты
Азынаған ат қылып,
«Қан майданға» шығыпты
Алып ұшып, аптығып.
Таусылып бұл ермегі,
Түсіпті енді теңізге.
Ойыншықтар жердегі
Теңіз үшін негіз бе?
Суда жақсы жүзетін
Жасапты зор қайықты.
Діңгектерін түзетіп,
Желкендерін жайыпты.
Беріспепті екі жақ,
Толқындармен алысып.
Келіспепті екі жақ,
Қасарысып, қарысып.
Жеңілгендер қайығы
Су түбіне батыпты.
Жеңімпаздар қайығы
Қалқып бара жатыпты.
Осылайша балалар
Дуылдасып тарапты.
Бұған ата-аналар
Тамашалай қарапты.
Үлкендерге бұл ойын
Алғаш қатты ұнапты.
Шыбық емес, Қыл мойын
Мініп апты шын атты.
Қатар-қатар тізіліп,
Дайындап бар жасақты,
Ниеттері бұзылып,
Шындап қару жасапты.
Басқа ауылдың мал-мүлкін
Тонап, тартып алмаққа,
Әрбір жасақ әрбір күн
Аттаныпты жан-жаққа.
Дүниесін қолдағы
Бере қойсын босқа кім?
Атқа мініп ол-дағы,
Жиыпты бар достарын.
Келген жаулар сан атпен
Бір-біріне оқ атқан.
Атқан оғын садақпен
Үсті-үстіне боратқан.
Талайды оқ опырып,
Аттарынан құлаған.
«Бауырымдап» өкіріп,
Жақындары жылаған.
Бір-біріне жақындап,
Найзаласқан, тірескен.
Тұлпарларын тақымдап,
Сіңірлері сірескен.
Тұрыс жоқ қой ұрыста,
Қарап жатар кім оған?
Кезек тиіп қылышқа,
Қақтығысқан мың адам.
Талай бастар домалап,
Өзен болып қан аққан.
Қарап тұрсаң, обал-ақ,
Қып-қызыл боп таң атқан.
Таң атқан да, күн батқан,
Қас қарайып түн болған.
Сәби шошып құндақтан,
Құстар безген бұл маңнан.
Теңізде де топалаң,
Желкен қайық жоқ бүтін
Онда-дағы от алаң –
Будақтаған көк түтін.
Қырғын екі жақта да,
Жеңілген кім?
Жеңген кім?
Аспан асты қап-қара,
Секілді бір сөнген күн.
Ана жоқтап баласын,
Бала әкеден айрылған.
Жар жамылып қарасын,
Қанатынан қайрылған.
Соғыс деген осы да –
Боздақ кеткен әр үйден.
Көпшіліктің басына
Қайғы төккен, Зар үйген.
Соғыс деген сірә да,
Ойыны емес баланың.
Кесепатын сұрама –
Өшпейтұғын нала-мұң.
Заман өтіп мыңдаған,
Шыңдапты адам санасын.
Балалар да тынбаған,
Ойындары жарасып.
Ертеңгілік, кешкілік
Қалады екен таласып.
Ойыншықтар ескіріп,
Іздепті енді жаңасын.
Ересектер баланы
Алдандырмақ болыпты.
Ой жүгіртіп шамалы,
Ойды-қырды шолыпты.
Ақыры олар боп ұста,
Түрлі ойыншық тауыпты.
Бастайтұғын соғысқа
Ескермепті қауіпті.
Жасапты олар әуелі
Алтыатар мен автомат.
Зыңылдаған әуені
Зеңбіректі қат-қабат.
Танкі менен «катюша» –
Мықтылардың мықтысы.
Бұрқырата атылса –
Дұшпандардың бітті ісі.
Жерде – жүйрік мәшине,
Ұшақтарың – аспанда.
Ажал төнер, әрине,
Кектен бомба шашқанда.
Көктегіні дәл көздер
Зенит – сойқан бір атар.
Түссе болды сәл көзге,
Ұшақтарды құлатар.
Суда сансыз кемелер,
Осал емес ол-дағы.
Төпеп-жайпап жөнелер
Кезіккенін жолдағы.
Осылайша үлкендер
Ойыншықтар ойлапты.
Іші пысып жүргендер
Опыр-топыр ойнапты.
Сол ойыннан от шығып,
Кетіпті ұрыс басталып.
Жайына қап тоқшылық,
Анталапты аш халық.
Егін біткен өртенген,
Қала біткен қираған.
Ажалынан ерте өлген
Адам жерге симаған.
Мың...
Миллион,..
Миллиард...
Өлгендердің саны жоқ.
Бас дегенің –
Бильярд
Домалаған шары боп.
Сансыз қала,
Ауылдар
Жер бетінен жойылған.
Бірнеше ұлттар –
Бауырлар
Бір обаға қойылған.
Қалған-құтқан қартаңдар
Қалт-құлт етіп күн кешкен.
Соғыс басқа салған зар
Шыға қоймас мүлде естен.
Өтіп ұзақ уақыт,
Заман қайта түзелген.
Жылағанды жұбатып,
Ұл жетіліп,
Қыз өрген.

3
Талай заман өтіпті,
Қараңғылық кетіпті.
Көкке адам жетіпті,
Суды отын етіпті.
Семсер етіп сәулені,
Көз салыпты қиырға.
Жүріп тұрған дәурені
Адамға бұл қиын ба?
Еркін жүзіп балықтай,
Мұхиттарға сүңгіпті.
Зымыран боп шарықтай,
Кеңістікті үңгіпті.
Айға күнде барып кеп,
Жол боп қалған ара бұл.
Бұрған енді анық бет
Ғаламшарға жаңа бір.
Еріккендер,
Себебі,
Жер бетіне симаған.
Ойыншық боп керегі,
Түрлі қару жинаған.
Желіккенде адамды
Сайтан солай түртеді.
Ойлапты сан амалды,
Бомба жасап сутегі.
Соғыс ойынын үлкендер
Бала орнына ойнапты.
Қару жасап жүргендер
Ойыншық деп ойлапты.
Алдыменен лазерін
Пайдаланып көріпті.
Лазер тисе,
Тас еріп,
Қорғасындай қорыпты.
Дүние-мүлік,
Құрылыс,
Тірі жанды қоймапты.
Жасап бұдан бұрылыс,
Адам басқа ой ойлапты:
«Өлсе өлсін тіршілік,
Мүлік жөні белек қой.
Өнбесе де бір шыбық,
Ойыншықтар керек қой».
Деген оймен
Бомбаның
Жаңа түрін тауыпты.
Тілеп соғыс болғанын,
Ниеті шын ауыпты.
Нейтронды жасап ап,
Боламыз деп бақытты,
Тетіктерін баса қап,
Зымыранмен атыпты.
Келмейді адам сенгісі,
Содан кейін не болған?
Тіршіліктің белгісі
Жер бетінен жоғалған.
Суда жүзген балық та,
Жорғалаған жылан да,
Көк төсінен қалықтап,
Сорғалаған қыран да...
Құрт-құмырсқа,
Аң біткен
Көрінбеген көк орман.
Осылайша жан біткен
Жер бетінен жоғалған.
Ал, дүние-мүліктер
Бүлінбеген,
Сынбаған.
Тұрған затқа тұнып төр,
Ойыншықтар мүлде аман.
Сақиналар сан қымбат –
Алтын менен күмістер.
Көз тұндырған жалтылдап,
Мақпал менен пүліштер.
Інжу, маржан, алмаста –
Асыл заттар тым басқа.
Адам болса алмас па?
Енді бәрі тұр босқа.
Қалалар бір керемет,
Ғимараттар ғаламат!
Тірі жан жоқ,
Не керек,
Осынысы жаман-ақ.
Тапассың санап сен,
Ойыншықта жоқ есеп.
Әттең, әттең,
Қап, әттең!
Балалар жоқ,
Неңе сеп?
Жүрген жан жоқ жұмыс қып,
Секілді ешкім болмаған.
Тылсым дүние –
Тыныштық
Мәңгілікке орнаған.
Тіршіліксіз дүние
Табытпен тең –
Далбаса.
Дүниеге кім ие,
Ақылды жан болмаса?
Тап осындай ғаламат
Бір замандар өтіпті.
Қейінгіге аманат –
Ертегі боп жетіпті.

4
Заманнан соң заман кеп,
Қайта оянған тіршілік.
Табын құрған тағы аң
Бұтақтарға бүр шығып.
Уылдырық тіріліп,
Балықтарға айналған.
Адам біткен бірігіп,
Алыптарға айналған.
Сол адамдар ғылымның
Сан саласын меңгерген.
Гүлге бөлеп қырын мың,
Жерге қайта өң берген.
Жердің асты, Жер үсті
Мұхиттар да бағынған.
Ғаламаттар не күшті
Бұл адамға табынған.
Сансыз қала тұрғызып,
Сансыз құрал жасаған.
Күнде көріп мың қызық,
Өсе берген бас аман.
Бейбіт күндер әйтсе де
Зеріктірген адамды.
Күшін салған,
Қайтсе де
Өзгертуге заманды.
Желөкпелер желігіп,
Бір-біріне дем берген.
Тек жүргеннен ерігіп,
Соғысуды жөн көрген.
Соғысты жай ойын қып,
Сабылысқан сан адам.
Қару-жарақ ойыншық
Қажетті деп санаған.
Мың бөлшектеп атомды,
Ядросын доп қылған.
Алыс пенен жақынды
Дәлдеп атар оқ қылған.
Сәулелердің сүңгісі
Бүрген жердің кіндігін.
Зымырандар күнде ұшып,
Түрген түннің түндігін.
Атомды станциялар
Жер бетінде қаптаған
Қарлығаштар ұялар
Жайлы мекен таппаған.
Сықаған сан қамбаны
Ядролық бомалар.
Әрбірінің салмағы
Әлденеше тонна бар.
Станция, бомбаның
Көбейгені соншалық:
Тұр қиямет болғалы,
Аңдар болса зер салып.
Бір заматта барлығы
Болса егер жарылар,
(Көрсетпесін дәл мұны),
Кең дүние тарылар.
Өз шеңберін қалдырып,
Лағып кетер Жер шары.
Опат болар мәңгілік
Жеті миллиард ел саны.
Бар саналы тіршілік
Бұл әлемнен жоғалар.
Одан кейін күн шығып
Тұрғанымен не болар?
Сезіп тұрып жүрегің,
Селт етпеуің жарай ма?
Тіршіліктің тірегін
Сақтау керек қалай да.
Осыны ойлап дана бір,
Сәтті шағын күтіп әр,
Бар жігерін сала бір,
Жол іздеген құтылар.
«Соғысқұмар сайтандар
Ойнап отыр отпенен.
Деген сөзге «байқаңдар»
Әсте елең етпеген.
Жер анамыз аруды
Сақтау үшін әманда,
Бүкіл соғыс қаруды
Жою керек табанда!
Сонда қалай?
Көлге де
Кеме алмайсың батырып.
Бірде олар жерде де
Кетер кенет атылып.
Жер астына тықсаң да,
Тағы тыныш жата ма?
Құтылмассың бұқсаң да,
Оны тағы атама.
Қаруларды қауіпті
Жерде ұстауға болмайды.
Ұмытып бар сауықты,
Қатер бұлты торлайды.
Көңілдерде шалқып жыр,
Тұру үшін тұнып ән,
Бар қаруды артып бір
Кемелерге зымыран:
Қалмастай қып қиялда,
Жер бетінен ысырып,
Кеңістікке – қиянға
Жіберген жөн ұшырып.
Сонда ғана жұмыр жер
Құтылады апаттан.
Сонда ғана ғұмырлы ел,
Нәр алар нұр-шапақтан».
Осылай деп сол дана
Халыққа ұран салыпты.
Барлық патша толғана,
Қауырт қаулы алыпты:
«Әлемдегі бір ғана
Тіршіліктің мекені –
Жер ғаламшар нұрлана,
Жасай берсе не етеді?
Жер кұлпыртып мың гүл
Жұмақ болып кетеді.
Сонда адамдар бір-бірін
Шын бақытты етеді.
Олай болса,
Соғысты
Мүлде атамай қояйық.
Қаруларды не күшті
Атыменен жояйық.
Бірімізге біріміз
Ешқашан оқ атпайық.
Мәңгі мекен үйіміз –
Жер-ананы сақтайық!»
Сол тілекке қосылып
Патшалары бар елдің,
Жатыр дейді шешіліп
Мәселесі әлемнің.
Көрер қызық мол болар,
Ерекше ғой ертеңің.
Жоғалғанда бомбалар,
Аяқталар ертегім... 



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Инелік пен құмырсқа

  • 0
  • 0

Селтеңдеген Инелік
Жазды өткізді сайрандап;
Қарайды енді қайран қап,
Суық күзден именіп

Толық

Майлар

  • 0
  • 0

Крем, опа-далабың
Болатқа оның бәрібір.
Кез келгенін жағады,
Дей алмайсың «әрі жүр».

Толық

Қонақүй хикаясы

  • 0
  • 0

Бойдағы танып дарынды,
Ұнатып айтқан әнімді,
Астанадағы достарым
Білдіріп көңіл қоштарын,

Толық

Қарап көріңіз