Өлең, жыр, ақындар

Алтын дән

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 3642
Ерте, ерте, ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен.
Ен жайлаған сансыз мал
Ел мен жердің көркі екен.
Малдың жүні – киімі,
Терісі де – бұйымы.
Ет пен сүтін ішіп-жеп,
Елдің шыққан бүйірі.
Атқан арай таңменен
Бірге өріп малменен,
Ойларына келмеген
Астық деген, нан деген.
Сол бір қиын күндерде,
Мал соңында жүргенде,
Диқан бала кез бопты
Қызық шөпке бір белде.
Басында бар масағы,
Ырғалады шашағы.
Қойшы бала кідірмей,
Қауызын тез ашады.
Міне, қызық-тамаша,
Ішін ашып қараса,
Құрттай ғана дән шығып,
Сөйлеп кетті балаша:
– Ей, балақан, балақан,
Адамзатты жаратам.
Күн болар ма мені де
Аялайтын алақан?
Жапанда өскен ғаріппін,
Жалғыз өзім тарықтым.
Қарайласар пенде жоқ,
Құр сүлдем тұр, арықпын.
– Мұңайма, дос, мұңайма,
Жүзің жадау былай да.
Мен де өзіңдей бейбақпын,
Табу керек бір айла.
Кісі малын бағамын,
Жарымайды тамағым.
Маңдайымнан күн өтіп,
Тесіледі табаным.
Жасқа толы жанарым,
Ашылмайды қабағым.
Құтыла алмай қорлықтан,
Таусылды бар амалым.
Аштан өлмес күн үшін,
Міне, осы жүрісім.
Мен секілді жалшының
Көрген күні құрысын.
Қырдағы шөп жаңағы
Аяп кетті баланы.
Тапқандай бір амалын,
Жылы жүзбен қарады.
– Қашанғы жан қинайык,
Ақыл-есті жинайық.
Айтқанымды тыңдағын,
Менің атым – Бидай, ұқ!
– Байдың малын тастағын,
Бірақ оған саспағын.
Күні-түні күт мені,
Қиындықтан қашпағын.
Жалықпа да ерінбе,
Төгілер көп терің де.
Бейнетіңнен түбінде
Зейнет көрер елің де.
Жерді жырт та шаш тұқым,
Суарып тұр жаздыгүн.
Бітік шықса астығың,
Болмас сонда аштығың.
Көз түндырып қырқалар,
Масақтарым ырғалар.
Көктем ексең,
Қоңыр күз
Бір дәнімнен мың болар.
Бала қойшы келісті,
Екті жылдам егісті.
Масатыдай құлпырып,
Жайнап кетті жер үсті.
Бала бұған қуанды,
Шер тарқатты, жұбанды.
Жатпай-тұрмай жаз бойы,
Егістігін суарды.
Еңбек есе қайтарды,
Асыл егін жайқалды.
Нәзік дәннің толықсып
Қалғандығы байқалды.
Жетті жомарт күзгі таң,
Кемелденіп пісті дән.
Алғаш рет уысқа
Береке боп түсті дән.
Әппақ алтын дән болды,
Астық болды, нан болды.
Дихан бала еңбегі
Ел аузында ән болды.
Келді жақын, алыс та,
Ағайын да, таныс та.
Тез арада-ақ кенелді
Еңбегімен табысқа.
Байлығымен қолдағы
Сән-салтанат орнады.
Бір нәрсеге әсте де
Дихан көңлі толмады.
Астығы не малы жоқ,
Ел ішінде жарлы көп.
Болғанынан не пайда
Бір өзінің қарны тоқ?
Бір күні елді шақырды,
Айтты оларға ақылды:
– Сендер-дағы себіңдер
Алтын дәнді дақылды.
Етек-жеңді түрініп,
Еңбек етсе бірігіп,
Түбі – байлық, түбі – құт,
Алыңыздар мұны ұғып.
Ойларынан дөп шығып,
Мақұлдады көпшілік.
Содан ба тап орнапты
Ел ішінде тоқшылық.
Бұл айтқаның ертегі,
Дей алмайды ел тегі.
Сарқылмайтын береке –
Егіншінің ертеңі.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ел мақтанышы

  • 0
  • 0

Мақтасақ біз мақтайық та Серікті,
Жігіт болып жаратылған көрікті.
Ақыл, қайрат, сыр мен сымбат, мейірім –
Бәрін бірдей бір басына беріпті.

Толық

Өрмекші мен ара

  • 0
  • 0

Болмаса одан пайда егер,
Ел қызығын көрмесе,
Ондай талант керек емес ендеше.
Жәрмеңкеде мата сатты Саудагер;

Толық

Кеттің-дағы ауылға

  • 0
  • 0

Кеттің-дағы ауылға,
Қалғандаймын далада.
Жат секілді бауыр да,
Қатын менен бала да.

Толық

Қарап көріңіз