Өлең, жыр, ақындар

Олақ пен салақ

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 2029
«Ерте, ерте, ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен»,
Деп бастаса ағалар,
Құлақ түрер балалар.
Бірақ, менің ертегім,
Емес тіпті ерте күн.
Көзім көрген әлгіде
Осы күнгі әңгіме.
Қазығұрттың тауында,
Өзіміздің ауылда
Кемпір менен шал болды,
Егіз ұлы бар болды.
Бойлары да бір шама,
Ойлары да бір шама.
Бірге жүріп, бір тұрды,
Қызғалдақтай құлпырды
Олақ деді бірісін,
Салақ деді інісін.
Неге олай демегін,
Ұғыныңдар себебін.
Олақ ішсе тамағын,
Былғады жең, балағын.
Олақтық деп мұнысы,
Күлді оған інісі.
Салақ ішсе тамағын,
Жумай қойды табағын.
Бұл қылығын шамасы
Жаратпады ағасы.
Сөйтті-дағы ыдысты
Жууға өзі кірісті.
Олақ кисе киімін,
Салбыратты иығын.
Теріс киіп етігін,
Кейде ұмытты белдігін.
Қадай алмай түймесін,
Өткізе алмай инесін,
Жүрсе-дағы қолбырап,
Жалықпады ол, бірақ.
Олақтық деп мұнысы,
Күлді оған інісі.
Салақ кисе киімін,
Тік ұстады иығын.
Қолмен сүртіп өңірін,
Қоқырайтты бөрігін.
Не жағасы жыртылса,
Не жеңдері қырқылса,
Сол қалпында қарамай,
Тастай салды жамамай.
Бұл қылығын шамасы,
Жаратпады ағасы.
Жалқауланбай, ерінбей,
Кір-қолаңнан жерінбей,
Болар деп сол тиімді,
Жамады өзі киімді.
Оқығанда Олаққа
Қиын соқты сабақ та.
Не жоғалып қаламы,
Не жыртылып парағы,
Не сиясы төгіліп,
Олақтығы көрініп,
Бірде шықпай есебі,
Жіберді кеп есені.
Бірақ, біздің сол бала
Жалықпады сонда да.
Олақтық деп мұнысы,
Күлді оған інісі.
Оқығанда Салаққа
Оңай түсті сабақ та,
Қанша қиын десек те,
Шығып жатты есеп те.
Қалам, қағаз қаттаса,
Тұрды алдында тап-таза.
Салақ оған алайда,
Мойын бұрып қарай ма?
«Күн бар шығар ертең де,
Басқалармен мен тең бе?
Міне, біздің күштілік!» –
Дейтін болды пысқырып.
Бұл қылығын шамасы,
Жаратпады ағасы.
Шындап қыза келгенде,
Қалмады іс ертеңге.
Тапсырманы қолма-кол
Орындады жолма-жол.
Осылайша кейіннен,
Жақсы оқып зейінмен,
Ілікті Олақ мақтауға,
Ел сенімін ақтауға.
Салақ болса селтеңдеп,
Ертең, ертең, ертең деп,
Бар білгенін ұмытты,
«Үшке» әрең ілікті.
Бірде оларға мұғалім
Берді-дағы құралын,
Түсіндіріп көп сырды,
Бір жұмысты тапсырды.
Айға барып қонатын
Ракета ол болатын.
Тындыруға бұл істі
Екеуі де кірісті.
Олақ қойып алға төс,
Қолына алды балға тез.
Шүйдесімен балғаның
Бірде соғып бармағын,
Бірде аяғын жаншып ап,
Маңдай тері тамшылап,
Айға жетер күн үшін
Жасай берді жұмысын.
Олақтық деп мұнысы,
Күлді оған інісі.
Ағасына кейіп ап,
Жасармын деп кейін-ақ,
Салақ кетті қарамай,
Көмекке де жарамай.
Бұл қылығын шамасы,
Жаратпады ағасы.
Жалғыз өзі жалықпай,
Әр тетігін анықтай,
Қағып барлық шегесін,
Жасап шықты кемесін.
Мақтанышпен мұғалім
Бұрап көріп құлағын,
Риза болды Олаққа,
Қапаланды Салаққа.
Айтты оларға ақылын:
– Жолың болсын, батырым.
Жан рақат жай табар
Айға сәлем айта бар.
Бірақ, мына Салаққа
Бару керек сабаққа.
Сондықтан, ол қалады,
Айға кейін барады.
«Салақ жаман олақтан»
Деген осы, ал, аттан!
Ракета гүр етті,
Жер солқылдап дір етті.
Олақ Айға жөнелді,
Қуанышқа кенелді.
Ардақтаған Отанды
Пысық бала атанды.
Керісінше, ал, бірақ,
Салақ қалды салбырап.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Кітап жаршысы

  • 0
  • 0

Бақытты мына заманда
Кітапқа құмар бар кісі.
Маған да керек, саған да
Қызықты «Кітап жаршысы».

Толық

Домбыралы төбелес

  • 0
  • 0

Хабарланып қауымға,
Концерт келді ауылға.
Тайлы таяғымызбен,
Өгіз аяңымызбен

Толық

Тамаша

  • 0
  • 0

Ей, халайық, халайық,
Тамаша әнге салайық.
Ашық аспан аясында,
Қанатты бірге қағайық.

Толық

Қарап көріңіз