Өлең, жыр, ақындар

Қайырымды қарлығаш

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1340
Ерте, ерте заманда
Жылан патша болыпты.
Таңдамапты табанда,
Кез келгенді сорыпты.
Келіңдер деп егерде
Хабар берсе болғаны-ақ,
Құрт-құмырсқа дегендер
Жетеді екен жорғалап.
Шыбын-шіркей, қоңыз да
Жаны қалмай ұшыпты.
Аю, барыс, доңыз да
Әбігерге түсіпті.
Жылан бәрін шолады,
Тұмсықты кім, тісті кім?
Таңдап алып Сонаны,
Тапсырыпты іс мығым:
– Дүниені аралап,
Жан біткенді шағасың.
Барлық қанды саралап,
Ең тәттісін табасың.
Түгелдейін шаққан соң,
Тоқтамайсың, қайтасың.
Тәтті қанды тапқан соң,
Тездеп маған айтасың.
Таңдап, талғап тапқаның
Байланады қазыққа.
Сорып соның пәк қанын,
Айналдырам азыққа.
Патша жарлық берген соң,
Тыңдамасқа бола ма?
Бел асып бір белден соң,
Кетті ұшып Сона да.
Бастады ол шағуын
Ең кішкене масадан.
Жасай берді шабуыл,
Тығылып кеп тасадан.
Инелік пен қоңызды,
Шаянды да шағыпты.
Сүзіпті су – теңізді,
Іздеп бақа, балықты.
Аралап ну қамысты,
Шағып қабан, барысты,
Ұшты Сона, тағы ұшты,
Таулардан да әрі ұшты.
Қалған жоқ қой, ешкі де,
Барлық жерді шарлады.
Көрінгенге көз тіге,
Шағуынан танбады.
Жүгірген аң, ұшқан құс,
Шақты шағын шілді де.
Тұла бойын қысқан күш
Шақты алып пілді де.
Сона сөйтіп бәрінің
Қанын татып жыл өткен.
Тәттілігі қанының
Біреуінен бірі өткен.
Аралап, көл, қамысты,
Бәрін шағып тауысты.
Ұшты Сона, тағы ұшты,
Енді адамға ауысты.
Табиғатты түлетіп,
Жібермеген намысты,
Сона сонда дың етіп,
Білекке кеп жабысты.
Еңбекпенен тазарған
Адал қанды шын сора,
Бал тапқандай базардан,
Тықты тұмсық сұм Сона.
Өші бардай шақты кеп,
Жабысып ап жан салып.
Қаны қандай тәтті деп,
Сора берді тамсанып.
Аралап көл, қамысты,
Жүйрік желмен жарысты.
Ұшты Сона, тағы ұшты,
Қанаты әбден қарысты.
Бір ағаштың түбіне
Сүріне кеп құлады.
Біраздан соң тіріле,
Есін жиып тұрады.
Шыққан үнді ақырын
Естіп қалды құлағы:
– Қайдан жүрсің, батырым? –
Деп Қарлығаш сұрады.
– Дөңгеленіп аспаным,
Келем қиыр жерлерден.
Әмірімен патшаның
Астым талай белдерден.
Өкінбеймін, ырзамын,
Алқынса да жүрегім.
Жылан патша мырзаның
Орындадым тілегін.
Аралап бар әлемді,
Тәтті қанды тап деген.
Салтанатпен ал енді,
Сол сыйлықты ап келем.
Кімнің қаны?
Адамның.
Одан өткен тәтті жоқ.
– Сене қояр саған кім,
Зор адамды шақты деп?
Рас болса көрейін,
Шығаршы тек тіліңді.
Қан болса егер көмейің,
Айтқаның шын сырыңды.
Сұмды алдап Қарлығаш,
Ұзын тілін жұлады.
Көзден ағып қанды жас,
Сона ызылдап жылады.
Ұша алмай аспандап,
Іштен жанып тынады.
Екі көзден жас парлап,
Патша алдына құлады.
Ашуланып тап бұған,
Бітті патша шыдамы.
– Таптың ба, – деп, тәтті қан?
Қаһарлана сұрады.
Аспан құлап жатса да,
Тас бітеліп құлағы,
Тілсіз қарап патшаға,
Сона ызылдап тұрады.
Жылан сонда жынданып,
Барлық жұртын шақырды.
Ызылдаған тілді анық
Ұқпадым деп ақырды.
Қарлығаш тез келе сап,
Патша алдына қонады.
Салқын сәлем бере сап:
– Ұқтым, – депті, Сонаны.
Шағып-шағып тапқаны,
Сұрасаңыз қандай деп,
Мақтап отыр бақаны,
Оның қаны балдай деп.
Сона сонда Жыланға
Қарлығашты нұсқайды.
Бір сырды ұғып
Жылан да,
Шап беріп тез ұстайды.
Ал, Қарлығаш сытылып,
Шықса да сау пішінде,
Құйрық қапты тұтылып,
Сұм Жыланның тісінде.
Қарлығаштың құйрығы
Содан айыр болыпты.
Жылан жауыз түйлігіп,
Тек бақаны сорыпты.
Қарлығаштың баласын
Адамдар да қорыпты.
Бұзбай ұя-панасын,
Аялайтын болыпты.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Түскен тіс

  • 0
  • 0

Отырғанда қонақта,
Танысымның түсті босап бір тісі.
Орап оны мұқияттап бұл кісі,
Салып алды қорапқа.

Толық

Көбелегім

  • 0
  • 0

Ауыл маңы көл еді,
Көк майсалы бел еді.
Желпіндірген жаныды
Жұпарлы жібек жел еді.

Толық

Тұншыққан торғайлар

  • 0
  • 0

Қара түтін қақтаған
Қала үстінде қаптаған
Торғайлар толып жүрді,
Талдан-талға қонып жүрді,

Толық

Қарап көріңіз