Өлең, жыр, ақындар

Шыбық тимес шіңк етер

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1710
Көңілі тым қаяулы
Самат деген бала бар.
Басқалардай аяулы
Онда-дағы ана бар.
Елжіреп ет-жүрегі,
Ұлын жақсы көреді
Бірақ, бірақ, үнемі
Жөнсіз ақыл береді:
Желең шықпа далаға,
«Сасық тымау тиеді.
Жазда талды панала,
Күнге бетің күйеді.
Қайда жүрсең басыңнан
Тымағыңды тастама.
Әдеттеніп жасыңнан
Сызды жерді баспа да.
Ентіктіріп деміңді
Жарысам деп жүгірме.
Бұраңдатып беліңді,
Беталдына бүгілме.
Жылы болсын тұрағың
Киіміңді шешерде.
Қам су ішпе, шырағым,
Ұшырайсың кеселге.
Не ішемін демегін,
Зауқың соқса тамаққа.
Қара нанды жемегін», –
Дейді анасы Саматқа.
Содан бастап сол Самат
Қара суды ішпеді.
Қаймақ жалап, бал жалап,
Ана айтқанын істеді.
Тонға оранып қыс күні
Тұмшалады құлағын.
Болса да жаз ыстығы,
Тастамады тымағын.
Бірақ біздің бұл Самат
Денсаулығы мәнсіз боп.
Жіңішкерді жыл саная
Аяқ-қолы әлсіз боп.
Тамаққа да тәбет жоқ,
Ойнағысы келмеді.
Үйде отыру әдет боп,
Ұйқы болды ермегі.
Мектепте де көңілсіз,
Ашпады бір қабағын.
Тұрып кейде тек үнсіз,
Айта алмады сабағын.
Бірде Самат туристік
Саяхатқа аттанды.
Жол ұзақ та күн ыстық
Жылауға өзі шақ қалды.
«Шыбық тимес шіңк етер»,
Деп Саматқа күлді олар.
Бұл мазақтың құр бекер
Кетпейтінін білді олар.
– Апа, басқа балалар
Менен артық туған ба?
Бәрі мықты, қара, бар,
Қорықпайды судан да.
Ал мен ше?
Мен иәзік,
Сіздің сөзді-ақ құптадым.
Еш болмаса бой жазып,
Тауға да бір шықпадым.
Деді-дағы бастады
Самат бәрін басынан.
Еркелікті тастады
Әдет болған жасынан.
Күнде ертемен тұра сап,
Тастай шапты жылы үйді.
Мұның не деп сұрасақ,
Жаттығу, – деп жымиды.
Салқын сумен ысқылап,
Шынықтырып денені,
Күш үстіне күш құрап,
Спортзалға келеді.
Шыр айналып шығырда,
Көрсетті өнер турниктен.
Деп қаласың шынында,
Шебер еді бұл неткен?
Брусельде бұлтылдап,
Ағаш аттан қарғиды.
Саусақтары сыртылдап,
Қозғалады сан қилы.
Тығыз бұлшық еті де,
Білектері балғадай.
Балбырап тұр беті де
Жаңа піскен алмадай.
Бұл күнде ешкім Саматты
Нәзіксің деп жатпайды.
Өнерлі де талапты
Шын батыр деп мақтайды.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бұл – менің Қазақстаным

  • 0
  • 0

Таулары көкті тіреген,
Басында бұлты түнеген.
Бағында сайрап бұлбұлы,
Даласы қайта түлеген.

Толық

Қой үстінде бозторғай

  • 0
  • 0

Қой үстінде бозторғай
Ұя салған кездер-ай.
Айтылмаған сөз қалмай,
Ұға салған кездер-ай.

Толық

Он екі жылдық туралы ода

  • 0
  • 0

Бұл қазақтар зейінді
Аудармаған оқуға.
Қыздар, бірақ, бейімді
Алаша, кілем тоқуға.

Толық

Қарап көріңіз