Эссе және өлең-жыр байқауы

Шәріп Құскелді қызының Қабибаны жоқтауы

  • admin
  • 29.08.2019
  • 0
  • 0
  • 115
Әуелі Алла жаратқан,
Пендеге күнін санатқан.
Он сегіз мың ғаламды
Бір өзіне қаратқан.
Әуелі, Алла пайғамбар,
Моллалар кітап жайғандар.
Әкемнен жұрты айрылып,
Жүрегімде арман бар.
Көңілімнен шуақ жел есед,
Жас-кәрімен кеңесем.
Мақтанып, әке, жүруші ем,
Тәубәм бір көппен теңесем.
Елінің жоқтап зар-мұңын,
Көтерген әкем нар жүгін.
Алатаудай жас әкем,
Қалды ғой артта қалжыңың.
Алтай бір сәуір қоныстай,
Құтыбы, Санжы, Манастай.
Бірінде төлем терің бар,
Атың бір шыққан алашқа-ай.
Есіктің алды топ шынар,
Топ шынарға құс қонар.
Теңдесің, әке, келгенде,
Өзіңдей кеңес кім қылар?
Аңға бір шыққан шермендей,
Бозбала шығар серуендей.
Шежіре шешен, әкем-ау!
Сөзден бір маржан тергендей.
Жауар бір күнім бұлттан,
Сұм ажал келген құрық сап.
Шежіре-шешен әкемді
Қара жер алды-ау құлыптап.
Айналдым, әке, атыңнан,
Асыл бір туған затыңнан!
Артыңа елес қалдырып,
Қағазға жазған хатыңнан.
Мұңын бір жоқтап басқаның,
Әлқисса, өлең, дастаның.
Жантекей бабам шежіресін
Артыңда жазып тастадың.
Жүруші ең, әке, саралап,
Ақылыңды, бергенде
Тыңдаушы еді бар аумақ.
Бір пайғамбар Омарды-ай,
Көп жыласам обалды-ай.
Сегізде сарай ұжмақтың
Есігін ашсын самалдай.
Самалы түссін етіңе,
Салқыны түссін бетіңе.
Бір пайғамбар Қызықсай,
Шариғат жолы ұзынды-ай!
Әкемнің жұртым зар болсын,
Басып бір кеткен ізін-ай.
Бір пайғамбар Ұлықпан,
Жыласын жұртым мұңлықтан.
Тағдыры жетіп келген соң
Қалмайды екен бұйрықтан.
Бір пайғамбар Түсіпті-ай,
Тордан сұңқар ұшыпты-ай.
Ақжарқын, қайран, әкем-ай,
Қараңғы жерге түсіпті-ай.
Бір пайғамбар Ыдырыс,
Басыма түсті қиын іс.
Қайғылы мұңды шертейін,
Мүдірмей сөйле, отыз тіс.
Қолыма алған шарбағым,
Суға бір салған қармағым.
Әкемді жоқтап жылайын,
Риза болсын аруағың.
Орманнан алдым сырғауыл,
Аралап ұшқан қырғауыл.
Жан әкемнің тұсында
Отырушы едік бір ауыл.
Жылқыдан асау үйреткен,
Жібектен арқан сүйреткен.
Шежіре шешен әкем-ау,
Әдеппен иба үйреткен.
Мінгенде атым арғымақ
Арқанын үзді-ау қарғылап.
Ақжарқын, қайран, әкем-ау!
Өзіңдей енді кім болмақ?
Сөз басы еді биссимилла,
Биссмилла келер мың жылда.
Ақжарқын, қайран, әкем-ау!
Бір ауыз сөзің мың ділдә.
Әуелі, Алла бір Құдай,
Жазудан қалмас артылмай.
Әкемнен жұртым айрылып,
Отырмын жылап артында-ай!
Ат жүре алар еңіске,
Отырмын, жұртым, кейісте.
Айналайын, әкем-ау!
Орның бір болсын пейіште.
Есіктің алды көкбетті,
Малы бір келіп жан кетті.
Пендешілік болса егер,
Кешірсін елім деп кетті.
Қолыңда кітап құраның,
Аузыңда айтқан иманың.
Асқар таудай нар әкем,
Алладан иман сұрадым.
Келген бір жұртым жамағат,
Қайғыда қалдым қабағат.
Айналайын әкемді
Аллаға қойдым аманат.
Сапар бір шеккен әкеме,
Көзімнің жасы нұр болсын!
Аузымнан шыққан лебізім,
Шешек атқан гүл болсын!
Есіктің алды көп қырат,
Жағалай жапқан жапырақ.
Иманды болғыр, әкем-ау!
Алдыңнан жансын шам-шырақ!
Мінгендей атым қарагер,
Иманды жолмен бара гөр.
Сөз тыңдаған ағайын!
Осылай болды-ау заманым.
Әкемнен, жұртым, айрылып,
Аллаға бар ма амалым!
*********************
Биссимилла деген сөз басы
Өмірдің болмас тозбасы.
Жан әкем өтіп дүниеден
Өңірді жуды көз жасы.
Алтын ерден қос кетті,
Төгіліп көзден жас кетті.
Жыламай қайтіп шыдайын,
Ақылдан қалғып бас кетті.
Жылқы ішінде қызылды-ай,
Жал құйрығы сызылды-ай.
Туыс-туған келгенде,
Көңіл, шіркін, бұзылды-ай.
Кешегі күн бесінді
Белдеуден тұлпар шешілді.
Кешеде жүрген жан әкем
Бейішке қарай көсілді.
Тіршілікте мал қайғы
Өмірін оған жолдайды.
Қызықтырып пайдаға,
Қу түлкідей алдайды.
Уақыт, күні жеткенде
Пендесі тірі қалмайды.
Есіктің алды көк жайсаң,
Көр жайсаңда көл жайсаң.
Аға кәрі, бауыр, жас,
Не болар күні ойласам.
Жайлаудың тауы көрінер,
Көрінсе, көңіл бөлінер.
Әкежан еске түскенде,
Қабырға қолым сөгілер.
Сағындым, әке, өзіңді
Мейірімді, жылы көзіңді.
Сағынбай қайтып жүресің,
«Қарағым» деген сөзіңді.
Сол менен оңың қарыс-ай,
Адалдың айтқан қалыс-ай.
Көре алмай қалдым әкемді,
Әттең-ай , жердің алыс-ай!
Әуеден ұшқан ақ сұңқар,
Қанатымен жер сипар.
Жан әкем дүние салған соң,
Маңдайымнан кім сипар.
Әуеден ұшқан кекілік,
Кекілік отыр бекініп.
Көре алмай қалып әкемді,
Отырмын мәңгі өкініп.
Біз үшін тілек тіледің,
Біз деп соғып жүрегің.
Михнат тартып өмірде
Біз үшін жадап-жүдедің.
Өмір, шіркін, өтпелі,
Білінбей кетті өйткені.
Айналайын, әкем-ау!
Жүз жасасаң, көп пе еді!
Әкем еді тірегім,
Өкпе-бауыр жүрегім.
Әкем дүние салған соң,
Басылып көңіл жүдедім.
Жаратқан Алла құдайым,
Қайғыңа салған шыдадым.
Дүниеден кеткен әкеме
Алладан иман сұрадым.
Ақыл айтты халайық,
Сөзге құлақ салайық.
Жолдас болсын иманы,
Дұғаға қол жаялық.

Басқа да өлеңдері

Қамбар батыр

  • 0
  • 13

Жақсылар, дастан айтайын,
Әуелі, Алла сыйынып,
Екінші, кәміл піріме.
Құлақ салып тыңдаған,

Толық

Тәтті мұң

  • 0
  • 0

Жанымның аңсары, асыл айым
Жүрегімнің өрті сен
Сағындым несіне жасырайын
Ғашықтықтың дерті сен

Толық

Дариға

  • 0
  • 0

Дариға-ай, сылаң қағып, бұраңдайсың,
Дүние өтер десем тіл алмайсың,
Дариға-ай.
Алтайы құмнан қашқан түлкідейін,

Толық


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...