Өлең, жыр, ақындар

Бала шақтан - болашаққа

  • Bain
  • 30.04.2015
  • 2
  • 1
  • 51223
Өмірдастан

1. Бесік балағындағы жылан
Қырық-отыз құрым үй Жиектегі,
Қырқадағы орақта ниеттері.
Шешем бөлеп, ұйықтатып, бесігіммен,
Керегеге кетіпті сүйеп мені.
Кетіпті өзі жылғаға су алуға,
Сусап келер әкемді суаруға.
Әкем байғұс орақта болса керек,
Мұршасы жоқ күлуге, қуануға.
Есі-дертін екі ұлға кезек бөліп,
Кетсе керек әжем де тезек теріп.
Тойып алсам, томпиып жатады екем,
Шамалы екен шешемді мезі еткенім.
Жар салып, жасалмапты тойым анық,
Ағайын шабылмапты қойын алып,
Уыз емген бұзаудай жатсам керек,
Уызына шешемнің тойып алып.
Тал бесігім қорғаныш болып маған,
Жатсам керек, сірә да, қорықпағам.
Қошан тірлік айналам дүние екен,
Құрымаған немесе молықпаған.Жатса, тұрса жармасып жерге үңіле,
Өз тірлігін күйттепті ел де міне.
Сірә, бір жан, білмеймін, қуанды ма?
Бір қазақтың өмірге келгеніне.
(Неге керек қуансын, қуанбасын!
Қазақ жұрты, әйтеуір, суалмасын!)
...Шешем менің жылғадан кайтсын үйге,
Апыл-ғұпыл асығып су алғасын.
Асығыпты, ешнеге бұрылмапты,
Әлденеден жүрегі суылдапты.
Құлағына әлдекім сыбырлапты,
Әлдебіреу мен болып шырылдапты.
Үйге келсе, қаперсіз жатыр екем,
Шошырлықтай нәрсе жоқ заты бөтен.
Қайта бүркеп бесікті қойыпты да,
Қаннен-қапер қатерден қапыл екен.
Бірдеме деп, күбірлеп, ырымдапты.
Тіршілігін жалғапты, бұрылмапты;
Жүк үстінде, сол сәтте ала мысық,
Үдірейе бесікке, бырылдапты.
Ине-мұрты шаншылып танауында,
Әлденені мысық тұр қарауылдап,
...Оралып қара шұбар жылан жатыр,
Бас жақта, тал бесіктің балағында.
Зәре-құт жоқ, анамда сұр қалмаған,
Қарсы алдында аждаһа сумаңдаған,
Бас бармақтай басында сағат тілі,
Өтті-кетті дегендей жылмаңдаған.
Құрым үйдің құбыжық есік-төрі,
Дәрмені жоқ алмапты шешіп мені.
Әжем үйге кіргенде, үнсіз ғана,
Әбжыланды нұсқапты бесіктегі.
Әжем келіп жүзімді байқап көрген,
Тірі ме деп, басымды шайқап көрген,
Сусып түсіп сумаңдап, шұбар тажал,
Ирелеңдеп, іргеге тайқап берген.
Қысып тұрып қысқышпен желкесінен,
Әжем оны алыпты жер төсінен.
Анама сүт әкел деп бұйырыпты,
Әңгімені доғарып келтесінен.
- Бұзықтың қамшысындай иректелген
Бұзық ит, сені не сор сүйреп келген?!
Тамыз, кәне, сүтіңнен таңдайына,
Тажал неме бізге де үй деп келген.
Тұрыпты анам түсінбей мән-жайына,
Ысып-суып, зымырап қан бойына.
Дұшпанды әжем есен-сау жолға сапты,
Ақ тамызып жауымның таңдайына.
- Өлтірмегін, көтерме құнын босқа,
Ол шаққан жоқ, жытуын, қуын, шошқа!
Ұйықта, ботам, өзің кеп тиіспесең.
Жылан деген төкпейді уын босқа.
Мен жатыппын есен-сау бесігімде,
Алда болып ажалым, несібім де.
Титтей-титтей қырық күн сығалапты.
Қырық жамау құрым үй тесігінде.
Әлде сақтап періштем қақты ма екен?!
Әлде қорғап мысығым жатты ма екен?
Әлде менің дұшпаным өзі қорқып,
Менен келіп қорғаныш тапты ма екен?!
Неге менің үйіме төте кірді?!
Бесігіме неліктен көтерілді?!
Неге мені шақпады?!
Сезді ме әлде?!
Мен өзіне жау емес екенімді.
Жақын болса жауым кеп, сүйінер ем
Жауым болса жақыным, күйінер ем;
Кім екенін білмеймін, түсімде мен,
Қара шұбар жыланды жиі көрем.
Сақта мені, салқын тау, жұпар далам?!
Ұлы тістер бар шығар мұқалмаған...
Екінші рет білмеймін не боларын,
Бірінші рет, әйтеуір, жұта алмаған...

2. Алдымен көргенім - аспан
Кешірсін мені Жер ана,
Жер ана - мәңгі жөргегім.
Көк аспан, тұнық көк аспан
- Көзімді ашып көргенім.
Әкеткен де іліп сол
Аспан әжемнің құрған өрмегін.
Тек Аспан - менің арманым,
Тек аспан - менің ермегім.
(Шалқамнан бөлеп үйреткен)
Жатырмын міне шалқамнан.
Аспанды көр деп,
Жер өзі Көтереді арқамнан.
Шаршайды бір сәт жанарым,
Сүрініп сонау тауларға,
Өте алмай алып қалқаннан.
Қалқанға барып көкжиек,
Салбырап тұрып кұлайды;
- Аспанның шеті сол ма? - деп,
Абдырап сәби сұрайды.
Әлек боп әже жатқаны,
Әуелі атап құдайды:
...Аспанның шеті болмайды,
Болмайды, балам, о несі
Қалқалап тұрған, көрдің бе?
Таулардың сонау төбесі.
- Әр қарай тағы аспан ба?
- Мыжыма, балам, өсесін,
Өскен соң өзін көресің.
Көнбеймін,
Және қараймын,
Алыста жатыр мұнартып,
Көк айдын, бірде ақ айдын,
Тағы да таулар-қалқандар,
Аспанның шеті құдай кеп,
Таусылғанға санаймын.
Тамаша!
Дәл сол жерде, оңаша,
Тағы да аспан бар ма екен,
Өз көзіңмен қарасаң!
Көкжиек!
Жұмақ көкжиек!
Әр жағың маған белгісіз,
- Әлде бір жатқан түнек пе,
Тірі адам шыдап көргісіз?!
Әлде бір аспан бар ма екен,
Менікіне де бергісіз?!
Белгісіз маған, белгісіз.
Өз үйім ғой - Жер менің,
Алдымен Аспан - көргенім.
Айды, Күнді, Жұлдызды
Сонан соң барып көргемін.
Алдымен аспан - көргенім,
Сонан соң барып таныдым,
Бұлттардың қаптап өргенін,
Селдерден кейін аспаннан,
Әжемнің көрдім өрмегін.
Аспаннан түнді таныдым,
Аспаннан таңды таныдым,
Таныдым түннің түнегін,
Таныдым күннің жарығын.
Аспаннан саулап тұратын,
түйірі ме әлде бидайдың,
түйірі ме әлде тарының?!
Желпініп алып,
Бір сәтте, желікпе бұлттар тарайтын,
Тойымсыз біздің томпақ жер,
Томсарып көкке қарайтын.
Көкжиек және көлбей кеп,
Көлеңке тауға жанайтын.
Жанарына жас тұнып,
Жалғызсырап көлдер де,
Аспанға қарап жататын,
Қайтқанда құстар, келгенде.
Айдында шабақ шоршитын,
Аспандағы айды көргенде,
Аспаннан сәуле төнгенде.
Аспанға қарап суығам,
Аспанға қарап жылығам,
"Аспанның асты кең", - дейді,
(Үсті кең, солай ұғынам)
Апырау, мұнда не сыр бар?!
Майлаяқ біздің қамықса,
аспанға қарап ұлыған.
Аспанға қарап келді адам,
Аспанға қарап кетті адам,
Шынымен аспан шексіз бе?!
Белгісіз осы тек маған.
Көкжиек таумен сүйісіп,
көрінбей жатса әр жағы,
Аспанның біткен жері сол,
Аспан жоқ әрі деп қалам.
Құнысқан құрым үйімде,
Жаттым-ау талай шалқалап,
Белгісіз маған әуе аспан,
белгісіз маған шартарап.
Майыстырып уытын,
Желпініп алып құрым үй,
Аспанымды аядай,
Тұратын еді арқалап.
Аядай менің Аспаным,
Төңкерілген төбемнен,
Алайда сен шексізсің,
Шетіне жетпей келем мен.
Өзіңе қарап туыппын,
Өзіңе қарап өлем мен...

3. Адам ата мен Хауа aнa
Мен - Адам Ата, Ол - Хауа Ана,
Мен де таза, ол да таза, ауа да.
Жылжып ағып жылға жатыр, ой-толқын,
Қарекетсіз біз отырмыз жағада.
Айналамыз алау-жасыл жан пат бак,
Аңтарылған екеумізді ардактап.
Бет алған ек біздер қайда бармаққа?
Неге отырмыз ел көзінен аулақтап?
Не күш бізді бастап келді, білмейміз,
Неге біздер ойнамаймыз, күлмейміз?!
Неге біздер бұрынғыдай асыр сап,
Алдым-жұлдым арпалысып жүрмейміз?!
Әрі жақын, әрі алыс арамыз,
Қыз бенен ұл...
Бөлініппіз, қараңыз.
Қыз бенен ұл...
Жер мен көктей арамыз,
Жер менен көк жақындасып барамыз.
Біз отырмыз, еш нәрсе де демейміз,
(Еш нәрсені түсінбесек, не дейміз...)
Жылып аққан жылғаға тас лақтырып,
Құныға кеп құмға аяқты бөлейміз.
Ал табиғат... ал табиғат тым басқа,
Түйіп болмас, сүйіп болмас сыр-дастан.
Ыю-қию құстар анау шуласқан,
Көбелектер нәр алуда тынбастан.
Шалғын мынау бұйра шашын таранған,
Сары, жасыл, қызыл гүлдер - сан алуан.
Самалдатып сағым ақса аулақта,
Сағым болып теңселеді тау, орман,
Барлығы да сүйісуден жаралған.
Бар өлкеде бара жатыр нұр жанып,
Бәрі бізді бағатындай ұрланып.
Адам Ата бастап берген күнәға,
Біздер бірақ мойнымызды бұрмадық.
Бақа-шаян, айуандар не түрлі,
Сол күнәні қалайтындай секілді.
Басқа шытып бал шарабы көктемнің,
Балбыратып, мазамызды кетірді.Не керемет бізді мұнда тастаған?!
Ол да менен, мен де одан жасқанам.
Айналайын Адам Ата, Хауа Ана,
Алдыменен қайсың едің бастаған?
Әлде сен бе, айналайын Хауа Ана,
Қауызын ашқан гүлге ұсап қараған?
Адам Ата, әлде сен бе ақ гүлден,
Нәр алғанды тіршілікке балаған.
(Айтарым бар сендерге мен мақтанып),
Сендер батқан күнәға біз батпадық,
Тұрған болар, әйтеуір, бір от жанып,
Жанып барып, жанып барып тоқтадық.
Албыраған алмадайын Хауа Анам,
Албырап тек отыр еді манадан,
Шырт етті де, бұтағынан үзіліп,
Шолп беріп суға түсті жағадан.
Сермеп қалып аппақ сазан білекті,
Ағынменен арпалысып бір өтті.
Су сипалап, су аймалап денесін,
Мен өппеген дидарынан су өпті.
Аунап, тулап арнасында жылғаның,
Араласып кетті-ау, кетті су, жалын.
Сонда барып сезді менің қу жаным,
Су мен өрттің өрістес боп туғанын.
Тас бауыры қалуға бір жылынып,
Суық су да тілейді екен жылылық,
Алау жалын өртенгенмен қаншама,
Қалайды екен қалғанды бір суынып.
Су мен жалын бірін бірі тапқандай,
Суыта алмай, жылыта алмай жатқандай,
Ақ жалынды аппақ нөсер жапқандай,
Ақ айдынға аппақ жалын батқандай.
Жалын мен су барып-барып басылсын,
Мөлдір моншақ жағаға кеп шашылсын.
Хордың қызы судан алып кеудесін,
Қос қолымен көкірегін жасырсын,
Қос бұрымы қос иыққа асылсын.
Жылып қана жуасыған жылғада,
Су моншағы мойынынан сырғанап,
Моп-момақан ақ қанатты періштем,
Әлі менің көз алдымда тур қарап...
Махаббат па әлде басқа сезім бе?
Сезінбедім сол бір сәтте өзім де.
Қысқа өмірдің қызғылықты сәтінің,
Негативі әлі менің көзімде.
Талай қызық көрдім де мен, көрермін,
Тайталасқан сезімге ерік берермін.
Менен алып негативін сол сәттің,
Сондағыдай сурет жасап берер кім?

4. Шаруа һәм жауынгер
Білмеймін, өлдің бе сен, өлмедің бе,
Белгісіз, жеңдің бе сен, жеңбедің бе.
Кетіп ең: "Көппен көрген - ұлы той", - деп,
Уыстап қайратыңды шеңгелінде.
Білмеймін, сен аттың ба, жау атты ма?!
Тірідей тықты ма әлде абақтыға?!
Білмеймін, бір қатынғыр соғыс салса,
Шалғайдағы шаруа жауапты ма?!
Жанжал десе, құлағы елеңдеген.
Жауынгерлер сияқты ем сенен де мен.
Сенбеймін, сен адамды ата алмайсың,
Қару алған жауынгер дегенменен.
Аранын ашқан шақта қанды ауыздар,
Қорғанып аттың ба әлде жалмауыздан?!
Білмеймін, қайтып адам өлтіре алдың,
Үйінде көрмеп едің мал бауыздап?!
Намысың қозды ма әлде төзім беріп,
Оқ болып ұшты ма әлде сезім-желік?!
Орақпенен қолыңды отап алсаң,
Шошушы ең өз қаныңды өзің көріп...
Әлде ол басқа қан ба жолай, бөтен,
Әлде ерліктің ғадеті солай ма екен?!
Әлде елінде егін сап, мал баққаннан,
Адамды ата салу оңай ма екен?!
Мен білмеймін, білмеймін, түсінбеймін!..
(Ел мақтасын ерлігің үшін мейлі).
Қарлығаш боп отыңа су себем де,
Сені, әйтеуір, тозаққа түсірмеймін.
Қару құрсын, қаруды неғыласың,
Сен орақты алдымен танытасың.
Жаһаннамға қан жүктеп кеткен жоқсың,
Егін салған егеу қол шаруасың.
Базарлап отыратын барыңменен,
Шаруа едің жаныңмен, арыңменен,
Әлде жау бұлағыңды бұрып алып,
Егініңді суардың қаныңменен?!
Әлде біреу тұтқан соң арманыңды,
Амалсыз жұмсадың ба қанжарыңды?!
Амалсыз өлтіруді үйрендің бе,
Жау айдап баратқасын бар малыңды?!
Қулағалы тұрған соң қайран қосың,
Қару болып қолыңда қайран досың.
Қансыратып біреуді жықтың-ау сен,
Құрбандықсыз қан майдан қайдан болсын.
Өлтіруден басқа еш, дым білмедің,
Кім білсін, кек алып та үлгірмедің...
Алғаш рет жауынды жамсатарда,
Аян маған абыржып, ділгіргенің.
Мүмкін, жауың сол сәтті пайдаланды,
Аяушылық, парасат жайға қалды.
Сезім билеп, сен аяп тұрған шақта,
Сені аямай, дұшпаның байлап алды.
Адаммен тілдесуге құмар едің,
Мүмкін, сен аңғалдықпен тұра бердің,
Мүмкін, сенің көзіңде қан ойнақтап,
Әйтеуір, қыра бердің, қыра бердің.
Өкінбей сен өмірден өтті ғой деп,
Өкінем жау түбіңе жетті ғой деп.
Өкінем жендеттердің арасында,
Сендей бір шаруалар кетті ғой деп.
Кетсінші аулақ!
Құрысын пайымдаулар!
Жан емеспін қасқырдан қойын даулар.
Менің әкем белгісіз солдат емес,
Бауырлар моласына қойылғандар!
Бауырлар моласына табынамын!
Басқадай ескерткішті нағыламын.
Бастарыңда мәңгілік тұрса болды,
Орақ пенен Балтасы шаруаның...

5. Менен сұра
Мен соғысты көргенім жоқ,
Көргім де жоқ, көрмедім.
Соғыс ойынын ойнайтынмын,
(балалардың ермегі).
Қару алып, қан майданда,
Қас жауыма төнбедім,
Көрдім бірақ жесірлердің, жетімдердің еңіреуін.
Мен соғыста болғаным жоқ, қатыспадым, бармадым,
Батыр ойынын ойнайтынмын,
(батыр болу - арманым).
Білем бірақ, шымылдықтар түсірілмей қалғанын,
Бесік жыры болғандығын қатындардың зарлары.
Жо, жоқ, жолдас!
Біз соғысты көргеміз!
Аты солдат болмағанмен,
солдаттардан кем бе біз?!
Қызыл аяқ партизандар - қырдан масақ тергеміз,
Қалтамызды қағып тұрып, қан майданға бергеміз.
Аштан өлген ауру қартты, ақпандатып көрге біз,
Тоңды тесіп, әзер-әзер,
Үш-төрт күнде көмгеміз.
Таттық біздер сол соғыстың, "балы менен шекерін",
Көрдік біздер,
Махаббаттың құлазыған мекенін,
Сездік біздер, жеңгеміздің жастығының өтеуін,
Білдік біздер, әкесіздік, некесіздік не екенін.
Көрдік қой біз, өткердік қой, қилы-қилы кездерді.
Гүліміз де ерте ашылып, кәмелеттік тез келді,
Тыңдап біліп, көмейдегі айтылмаған сөздерді,
Тани білдік құмарлықтың тұманы бар көздерді.
Атасына жараспайтын келінінің сәлемі,
Кез еді бір... (кесапаттар кесапатқа тән еді...)
Тілдеріне тиек тұтып, іздейтұғын дәлелі
- Не демексің, тек соғыстың, тек соғыстың әлегі.
...Соғыс деген қайдан шықты?!
Авторы кім алғашқы?
Есіл Адам, есі кетіп, отан несін жармасты?!
Бір дәуірден бір дәуірге неге үзілмей жалғасты,
Бүкіл адам тарихының бетін неге қан басты?
Соғыс деген немене өзі?
Тек қана апат, қырғын ба?
Арман-тілек, ақыл-ойды апаратын құрдымға?
Соғыс деген - аққан соры ақсүйектің, құлдың да,
Соғыс деген -
Төккен ары қыздың және ұлдың да.
Соғыс деген жаралмаған, жалғыз ғана қан үшін.
Соғыс деген - сор айдаған содырлардың табысы.
Соғыс деген - сақаймайтын есуастар дәрісі.
Соғыс деген - сойқандардан қорғанғандар намысы.
Соғыс деген - сотқарлардың қолындағы найзасы,
Қолданады, долданады, таусылғанда айласы.
Соғыс деген, соғыс деген — зұлымдықтың айнасы,
Біреулердің шығыны да, біреулердің пайдасы.
Жас дәуірге, жармасып ап, соғыс дейтін кәрі бір,
Қолдан ажал жас ап алып, жасқандырып әлі жүр,
Әділетті, әділетсіз... Аты - соғыс бәрібір,
Қан төгіссіз қара жердің кірмей қойды "сәні" бір.
Тыныш жатқан бір елге, бір ел келіп ұрынар,
Қандай ғана әкесінің алынбаған құны бар?!
Қайсы ел соғыс бастаса, ел емес, ол - ұрылар,
Қан майданда басы оның алдыменен жұлынар.
...Шексіз сүйем ұлтымды сүйе тұрып алайда,
Басқа адам баласына көз алартсам, қалай ма?!
Ұлтын сүю бір бөлек, ұлтшыл болу жарай ма?!
Қайтіп айтам Дантеге,
Жетпейсің деп Абайға?!
Маған соққан самал жел, басқаға да соғады,
Маған келіп бақ қонса, басқаға да қонады,
Мендегі бар ұлылық, басқаларда болады,
Қандай ғана қақым бар, тұрам деуге жоғары?!
Әлемге ортақ ауа бар, әлемге ортақ жарық бар,
Мұңаймасын "кішілер", мұңайтпасын "алыптар",
Ұлы ұлт жоқ, кіші ұлт жоқ,
Адамдар бар, халық бар,
Соғыс емес, еңбекпен ұлылығын анықтар.
Халықтар бар, алдында тарам-тарам жолдары,
Табиғаттың бәрі ортақ, таласпаса болғаны.
Соғыс деген - бір халық бір халықты зорлауы,
Соғыс деген – фашистер ұлтшылдықтың қорғаны.
Соғыс дейтін сөз ескі, өтті ол енді кезеңнен,
Сөздік қорға фашизм, фашист деген сөз енген.
Фашизм, фашист сөздерден, құлақтардың безі өлген,
Қарғай жүріп оларды ерніміз де кезерген.
Соғыс - фашист, екі сөз, бір түбірден таралған,
Бірі сыңар қалмауы үшін, біреуісі жаралған.
Қарға оларды, тау мен тас, қарға оларды, қара орман,
Фашизм - ұлы ғасырды уландырған арам қан!
Фашизмді көргемін, фашизмді сезем мен,
Мен құрсақта жатқанда маған қару кезенген.
Фашист барда соғыс бар, ол - ақиқат ежелден,
Фашизм бар, фашист бар, соғыс деген сөз өлген.
...Мен соғысқа бармадым, мен соғысты көрмедім,
Бірақ көрдім солдаттың үйіне кеп өлгенін.
Құмарлана құша алмай сағынышын жеңгемнің,
Құшағының үйге кеп өз көзіммен көргенмін.
Мен соғысқа бармадым, мен соғыста болмадым,
Жүрді бірақ майданда мен жіберген қолғабым.
Көрдік бірақ құрбы қыз толмай жатып солғанын,
Жібіткенін көргемін әлдекімнің тондарын...
Жанап өтті балалық, бала болып өспедім,
Шаруаның ғұмыры кенедейден кешкенім.
Менен сұра,
Бидайдың егілгенін, өскенін,
Менен сұра
Еңбектің қысқа таңын, кештерін.
Менен сұра соғыстың тастап кеткен зардабын,
Ауыл кайтып көтерді қан майданның салмағын,
Менен сұра жас бала қайтіп әйел алғанын,
Менен сұра жас қыздың қайтіп шалға барғанын...

6. Аға, мен тірімін
...Содан бері көрмедім, жолаушы аға-ау,
Жолығысып, шіркін-ай, қол алсақ-ау!
Кезең асып, қайрылмай кетіп еді:
Сонау - сен, сонау - атың, шанаң - сонау.
Жадымда.
Соғыс кезі, сойқанды кез,
Қыс еді қытымыр шал, сойқан мінез.
Салдыртып шыға келдің қыр басына,
Қалдырып алдындағы қайқаңды лез.
- Мынадай түтеп тұрған борасында,
Ей, бала, өлейін деп барасың ба?!
- Ағатай, ала кетші нағашыма!
Әнеки, анау таудың арасында.
Сөзіміз осы болды, үндемедің,
Шұбар ат желіп кетті:
"Шүу!" - деп едің.
Қайырымсыз кісіні алғаш көрдім,
Қайырымсыз қазақты білмеп едім.
Деп тұрғам жоқ сенен мен өш алайын,
(Кездесті ғой қайрымсыз неше ағайын...)
...Шұбар атың аман ба, өлген жоқ па?
Сынған жоқ па сондағы қашауайың?
Білмегенсің менің кім екенімді,
Жетпесімді ауылға, жетерімді.
Сәлем, аға, көңілдің архивінен
Сен қалдырған бір тозаң көтерілді.
Сен кеттің.
Мен тағы да жаяулайын,
Жүгірейін, желейін, аяңдайын.
Сәл сабыр ет, ағасы, ретіменен,
Аспай-саспай, ақырын баяндайын.
Аштық дейтін албасты наланы артқан,
Бала едім қорек іздеп бара жатқан.
Адамның баласы деп, қарайлап ем,
Қараңдап көрінген соң қараң арттан.
Баратқан ем таппақ боп несібемді,
(Ағат айтсам, ашумен, кешір енді...)
Сен маған қайырылмай кеткенінде,
Есіңде ме, ағасы, бесін еді.
Екі көзім, шұбар ат, сенде менің,
Өкпем кеуіп, артыңнан терлегемін.
Әуре етейін деген бір әзілі деп,
Өзімді өзім жұбатып, сенбегемін.
Панам ғой деп, тәңірім жолықтырған,
Шырылдағам жолыңа болып құрбан.
Естімеуің дауысымды мүмкін емес,
Себебі жел мен жақтан соғып тұрған.
Ақыры ғайып болды тарлан шұбар,
Тарлан шұбар - сендегі ардан шұбар.
Жарты қасық қазақтық қаның болса.
Құлағыңда дауысым қалған шығар.
Сол кеткеннен мол кеттің, қарамадың,
Күн батты, қырға қарай жағаладым,
Жүріп келем қадалып жүрегіме,
Шұбар аттың емшекті тағалары.
Батырсып, қайрат жиып, жортқан болам,
- Қайт! - дейді қарсы алдымнан соққан боран.
Сонда, аға, сен қай жерде бара жаттың?
Шұбардың тұяғынан оқтар борап?!
Мен адастым таудың бір аңғарында,
Байыппенен бағдарлай алмадым да.
Еміс-еміс естимін иттің даусын,
Ендігі сол - үмітім, арманым да.
Болды ма аяз, білмеймін болмады ма,
Көңіл бөлген мен жоқпын ол жағына.
(Сен сонда шай да ішіп үлгердің-ау,
Болайын сенің қазақ болжамыңа...)
Қарамай қажығаным, тоңғаныма,
Иттің даусы қай жақтан шықты екен деп,
Тың тыңдап, терім қатып, сорладым-ау.
Иттің де даусы тынды қырсыққанда,
Өлген бе бу дүние, тұншыққан ба?!
Кешір, аға, мен сені аяғам жоқ,
Омбы қарға бір түсіп, бір шыққанда...
Бір сайдың тірелдім кеп тұйығына,
Аспан құлап барады иығыма,
Бетім ауған жақпенен безіп келем,
Түсіп алып қойлардың шиырына.
Жоқ, аға, мені өлсін деп жаратпаған,
Үміт тұр қарсы алдымда қарап маған.
Шай ішіп, буы шығып қыстау жатыр,
Мұржасына түтінін сабақтаған.
Төбеттер жүр қораны шыр айналып,
Тұра тарттым, тұрмадым мың ойланып.
Қорқыныш та, үрей де былай қалып,
Тақадым-ау қыстауға құлай барып.
Кісі алатын төбеттер қалай бөтен?!
Несібемнен бұрылып қалай кетем?!
Қорықпа, аға, есен-сау үйге де ендім,
Аш адамды ит тағы аяйды екен...
Төрт-бес төбет қаппады, таламады,
Рақмет иттерге, бағалады.
Иттің тісі жүрекке дарымады,
Дарығаны - шұбар ат тағалары.
Үй иесі өзіңнен бөлек екен,
Бала десе, бәйек боп өледі екен.
Қайырымды қазаққа дөп келіппін,
Қазақ деген сен емес, бөлек екен.
Жауып жатыр тоның да, торқасын да,
Беріп жатыр етін де, сорпасын да.
Нағашымның қыстауын таппағанмен,
Әке-шешем отырмын ортасында.
Сен туралы қартқа айттым, жолаушы аға,
Сені жақсы демеді ол оншама.
Әкеңнен, тәліміңнен түк қойған жоқ,
Ластанды сонау ат, сонау шана...
Қарт сенің біледі екен қылығыңды,
"Даярлап жүрмін, - деген, - құрығымды".
Қан майданнан баласы оралғанда,
Қалайда үзем деген жұлыныңды.
Білмеймін бес бересі, аласыңды,
Қарт саған кәрін төгіп, аласұрды.
"Ит болмаса, айтпай ма, бұл тауда жоқ,
Ол сенің біледі ғой нағашыңды".
Өткен күн өткен із ғой, басылады,
Кешкен бұлт - көңіл кірі, ашылады.
Бабам білмес қазақтың қара шалы,
Он бес күн каникулда асырады.
Қолқанат қып, қойын да бақтырмады,
Тоң аудартып, кетпен де шаптырмады,
Өзі әкеліп тастады ауылыма,
Өзіңе ұқсап өзекке лақтырмады.
Жетер енді,
Жел сөзді желпіді інің,
Жолаушы аға, барсың ба, мен тірімін.
Атын былғап, аман-сау жүрсің бе сен,
Қазақтың қасиетті кемпірінің?

7. Дариға-жүрек
I.Аққудай еді
Болғанды менде бір жеңге
Жылайтын еді бір демде,
Күлетін еді бір демде.
Күлетін еді бір күллі әлем,
Дариға жеңгем күлгенде.
Жас тамып жасыл бүрлерден,
Қарағай, терек, бүргеннен.
Жылайтын еді гүлдер де,
Дариға жылап жүргенде.
Ауыра қалып бірдемде,
Айығушы еді бір демде.
"Аққудай еді көлдегі,
Сұңқардай еді жердегі".
Айта да жүріп осы әнді,
Дариға-жүрек шөлдеді.
Санаттан жары келмеді.
Саятқа көңілін бөлмеді,
Сабырға сайтан ермеді,
Сайтанға ерік бермеді,
Дариға-жүрек шөлдеді,
Шөлдеді, бірақ өлмеді.
"Сұңқардай еді жердегі,
Аққудай еді көлдегі".
Аққудай еді көлдегі...
Жолбарыс бақай - білегі,
Құлан жон жанның бірі еді.
Құлпыра соқса жүрегі,
Қыранды құрдай іледі.
Қос уыс бұрым арқада,
Қос жылан болып жүреді.
Егіз шың тұрған кеудеде,
Еңістің жатыр сілемі.
Қос жанар бірден жалт етсе,
Жарқ етіп шыққан күн еді.
Дариға-жүрек кім еді?!
Даланың жалғыз гүлі еді,
Екеуі болса, бірі еді,
Біреуі болса, өзі еді.
(Оны өзі де сезеді).
Дариға-жүрек кім еді?
Тасылмай қалған өзені,
Ашылмай қалған өзегі,
Келмей бір кеткен кезегі,
Керемет жанның өзі еді,
Айтылмай қалған сөз еді,
Ашылмай жүрген сыр еді,
Басылмай жүрген жыр еді,
Дариға-жүрек кім еді?
Дариға-жүрек мендегі!
"Сұңқардай еді жердегі,
Аққудай еді көлдегі";
Дариға-жүрек шөлдеді.
Сап-салқын қоңыр кештерде,
Сайлардан самал ескенде,
Алыстан Ай кеп шындардың,
Ақ сәлдесін шешкенде,
Керуен бұлттар көшкенде,
Көңілден оттар өшкенде,
Аршалар күбірлескенде,
Жан салар соның бәріне,
Ән салар сонда бір үн бар,
Тұрыңдар бәрің, тұрыңдар!
Әнменен туып, бірге өлген,
Атаңнан қалған ырым бар,
Тұрыңдар, түгел тұрыңдар!
Әуезге құлақ бұрыңдар!
Әуелі сыртқа шығыңдар.
Шығыңдар да, тыныңдар,
Талықсып жеткен сол үнге
Талықсып біраз тұныңдар.
Аясында анау аршаның,
Дариға отыр ән салып,
Білдірмей өксіп бір шалың,
Бір шалың отыр тамсанып...
Дариға отыр ән салып.
Жер түбі кеткен жарларын,
Жесірлер тұрсын қарсы алып,
Жетімдер ұшсын жар салып.
Дариға отыр ән салып,
Өлі бір кешке жан салып.
"Сұңқардай едім жердегі,
Аққудай едім көлдегі..."
Дариға-жүрек шөлдеді.
Дариға-жүрек шөлдеді,
Сапардан жары келмеді...
Дариға отыр ән салып.
Дариға солай отырсын,
Жалғаннан жарын шақырсын.
Керенау, дел-сал, ей, таулар,
Күрсінбей неге жатырсың?!
Кейімей тұрсың, кең жайлау,
Кен жайлау емес, татырсың!
Кеуіп бір қалған тақырсың!
Кейімей тұрсың,
Ай да, сен,
Ай емес, қара бақырсың!
Қараңды суға батырсын!
Күңірен, таулар, күңірен,
Күңірен, жайлау, күңірен,
Кеудеңнен жалын атылсын!
Кірпігіңді қақшы, Айым,
Көзіңнен жасың шашылсын.
Дариға-жүрек басылсын,
Көңілдің кірі ашылсын,
Жасырсын, бәрін жасырсын.
Шақырды жарын, келмеді,
Белгісіз тірі, өлгені,
Дариға-жүрек шөлдеді.
Тау дағы көңіл бөлмеді,
Ай дағы көңіл бөлмеді,
Жайлау да көңіл бөлмеді.
Қос басы өлік көмгендей,
Дариға оны көрмеді.
"Сұңқардай едім жердегі,
Аққудай едім көлдегі",
Дариға-жүрек шөлдеді.
Дариға-жүрек шелдеді.
2. Жалған
- Жеңгелер-ау, жеңешем қайда менің?
- Шомылып жатыр анау сайда, - деді.
Бір сұмпайы күлкілі қымтап қалды,
Қылымсыған қатынның қаймақ ерні.
- Әкел бермен, қымызың қайда?! - деді.
- Қымыз емес, бүгінгі айран еді...
- Ыстық мынау, соншама кешігесің...
Әкел бермен! Несіне тесілесің?!
Шалғы шындап отырған кексе қатын:
- Ей, Бәтіш, неңе сонша есіресің?!
Несібеңді ұрлаған Дариға ғой,
Балаға несін сонша жекіресің?..
- Жүресің де қоясың өсек бағып,
Қашан бізге беріп ең төсек салып?!
Жәйіңе отыр оттамай, ісінді біл,
Тұлпарға әкеп теліме есекті алып!..
- Пішту деген бетім-ай!
Қарай қалғын?!
Білмейсің бе сынғанын шар айнаңның?!
Өз көзіммен көргемін, әлі көрем!
Шомылуға сен дағы талай бардың...
Мен кетіп қалдым...
Жаман түстен шошынып оянғандай,
Шошып кеттім, шошыдым, ой, аллам-ай!
Мен алапат екі бір жыртқыш көрдім,
Қызыл қанға бөксесі боялғандай.
Сұмдық көрдім ешқашан сыр ашпаған,
Несіне айтамын деп тыраштанам...
Сұмдық көрдім, бүкіл бір сұлулықты,
Сұрқия құмарпаздық ластаған.
Дүние-ау, сұлу ең той жаңа ғана,
Оп-оңай-ақ осылай жоғала ма?
Айтсаңшы, ей, табиғат, сұлулығың
Осындай сұрқайлықтан жарала ма?
Дариға... Тьфу!!!
Жаман еді аты қандай!
Сорлы аға, сойқан апты қатын алмай.
...Аузымды андаусыз ашып қалсам,
Жүрегім снаряд боп атылардай.
Тьфу, ит!
Қандай жаман ән салады,
Ән емес, осы екен ғой аңсағаны.
Мына бір бояуы жоқ бозала тау,
Өзіне сұлумын деп тамсанады.
Мына бір бұрқыраған бұзық өзен,
Даурығып өзіне өзі жар салады
Мына бір татымы жоқ тау самалы,
Ана бір албастыдай аршалары,
Мен сұлу, мен сұлу деп қарсы алады.
Мына бір қызыл гүлдер қызынбақсың,
Ана бір жау жапырақ қол соғады.
Қай жерден көрінер деп қан сонары,
Сонау бір кәрі қыран тау шолады.
Қыран емес, жауыз ол, қан сорады!
Жақпар-жақпар жартастар, құдайсыңдар!
Себебі сендер, міне, былайсыңдар:
Тәкәппар сұлулықты сақтайсыңдар,
Беттеріңнен жосқанда лай сулар,
Тәкәппар сұлулықты сақтау үшін,
Тәкәппар қорлықтарға шыдайсыңдар.
Күннен жылу, желден тіл сұрайсыңдар!
О, жартастар!
Жартастар, құдайсыңдар!
Жабыла кеп жалтаңдық, күндегенде,
Әр "сұлудың" басына құлайсыңдар.
Сұлулықты қайтадан құрайсыңдар,
Сендер ғана мәңгілік ескерткіштер,
Сендер ғана мәңгілік құдайсыңдар;
Сендерге мен шыңғырып шынымды айтам,
Шыңғырып сендер бірге жылайсыңдар.
Жалған! - дедім, (жалған деп айтам әлі.)
Жалған-н-н! - деді, (жартастар қайталады).
Таулар! - деп ем, (тауларым байқамады.)
Жартастарым таулар деп қайталады.
Дариға-жүрек! (тағы да қайталады).
Құндыз бөркі құздардың шайқалады.
3. Намыс пен муза
Самалдап барып, саялап тынған шалғайда,
Дариға-жүрек аққуға қосқан ән қайда?
Сұлулық шіркін шынымен мені алдай ма?
Дариға-жүрек және бір әнге салмай ма?!
Қою түн мынау, қоқырсып жатыр қос басы.
Бойкүйез тау тұр, бозбала бұлтпен достасып.
Бір бел мен бір бел - қосыла алмайтын қос ғашық.
Гүлдерін ұстап, қолдарын бұлғап, қоштасып.
Естерін жиып, есіней-есіней, маужырап,
Адамдар түгел ұйқыға кетті қалжырап.
Бұлақтың басы, бұйығы өскен бал құрақ,
Бағады сыбыс, естілер емес ән бірақ.
Жартастар жатыр жалаңаш тастап кеудені,
Сайларда, міне, сарыла-сарыла шөлдеді.
Мазасыз бұлақ маңайға тыным бермеді,
Аңсатып бәрін Дариға-жүрек келмеді.
Несіне келсін, ән салу оған мақтан ба,
Не жетсін, шіркін, несібе құшып жатқанға.
Несі бар оның жетім мен жесір, қарттарда,
Не жетсін, шіркін, темекіні орап тартқанға.
Жат көздер, мейлі, жазғырып отан қарасын,
Түсінсін бе олар өлі мен тірі арасын.
Жарайды сол да,
Жанының басты жарасын,
Жадырап енді, жалыны бойға тарасын.
Дариға-жүрек несіне енді салсын ән,
Несін алды оның,
Жүрекке ине шаншыған.
Не тауып еді көзінен тамған тамшыдан.
Не тапты әннен көңілін ылғи жаншыған?!
Күтпеңдер, таулар,
Дариға әнге салмайды,
Жартастар, күтпе,
Дариға даусы бармайды.
Күтпеңдер, сайлар, күлкімен енді алдайды,
Халқының үнін сауыққа енді арнайды.
...Осы бір ойлар түн сайын мені езеді,
Бойымда қаным - тулаған таудың өзені.
Жанымды менің жеңгемнің даусы кезеді,
Жүрегім ұлып, қалғандай жетім сезеді.
Шөп шабыс еді.
Қосымыз тұрған шатқалда,
Ұйқыдан қауым жаңадан тұрып жатқанда,
Дариға-жүрек ботадай келіп боздады,
Бозарып тұрып, бозарып атқан ақ таңда.
Тыңдаған жан жоқ, өзінше жұрттар дүрбелең,
Кімдері сөйлеп, кімдері ұрсып кімменен.
(Қауымның мұндай қатыгездігін білмеп ем.)
Айғай мен қай бар, айналам тегіс гулеген.
- Таң атпай жатып ойына түсті әлдене?
Сайқалданба енді, үніңді өшір, қар неме!
Сұмдықты бастап, таң атпай жатып зарлама,
Үніңді өшір! Өтірік зарлап алдама!
- Пәруәрдігер, албасты ма өзі, пері ме?!
Әруақты мына ит оятар болды-ау көрінен.
Дариға-жүрек, мына жұрт сенен жеріген,
Көмгелі жатыр әніңді бірге сенімен.
Күрсініп алып, күңіреніп кетті тау маңы,
Бағытын бұзып, бұлттағы
Ай теріс заулады.
Тигендей бүйі, кең жайлау кейіп, аунады,
Дариға-жүрек дамылын таппай, лаулады.
Жайлауды тастап, жапырлап ауыл көшкендей,
Шатырлап барып, ошақта оттар өшкендей.
Азалы бір үн, аяулы жауы жеңгендей.
Азалы бір үн, арызын кімге шаққандай,
Мезгілсіз күз кеп, мерейді тұман жапқандай.
Мекенін тастап, мезгілсіз құстар қайтқандай,
Қоңыр қаз ән сап, қоштасып бара жатқандай.
Қыршындай солған, қызғалдақ гүлге бүр жарған,
Қурайлар сыңсып, жоқтау сап құла қырлардан.
Азалы бір үн, бірде мұң-қайғы, бірде арман,
Азалы үннің астында жатыр бұл жалған.
Дариға-жүрек лапылдап барып басылды,
Күрең күн келіп, мойнына таудың асылды.
Бір белден сонда, бригадир келді ашулы,
- Тездет! - деп, жұрттың дегбірін әбден қашырды.
Тірліктің күні тірліктің сәнін сырғытты,
Тірліктің күні тірліктің әнін қылғытты
Жалына аттың біреулер жасын ырғытты,
Біреулер жасын бетінен төмен жылжытты...
- Қымызың бүгін тәтті екен, құйшы, тентегім,
Айызым қанып, ішейін бүгін иен тегін.
Жеңгемде көзім, күдіктің бұлтын серпемін,
Белгісіз маған Көңілім бір күй шертеді.
Ернінде оның қиығы менің көзімнің,
Елестеп кетті қылығы бағлан-қозымның,
Қозыма сусын бергендей болып сезіндім,
Лac ойларды лақтырдым мүлде, безіндім.
Сырлы тостақтан сызылта сорып болды да,
Сызыла беріп сырғанай тұрды орнынан.
Аяныш көзбен, байлап қарап сорлыға,
Жігерім жасып,
Көңілім сонда болды нан.
- Тентек, сен отыр, атыңды тұса, аттанба,
Тас жуа теріп келейін ана шатқалдан
— Дем алсаң етті, несіне сонша желіктің?
- Тентегім менің... түсінесің бе... жерікпін...
(Түсіне алмағам, жерікті қашан көріппін.)
Оңаша жалғыз отырмын жұмсақ мақпалда,
Қоямын қарап, жеңешем кеткен шатқалға.
Оңбаған ойлар оралып жатыр қайтадан,
Сонау бір өткен, сонау бір сұрқай шақтарға.
Безінем одан, көрмедім оны, бармадым,
Бәрі де сұлу, сұлулық толық жан-жағым.
Қарағай шырша, қапталдан қулай қаулауын.
Тұңғиық көкте қыранның қара самғауын.
Сайлардан соққан самалдың қара салқынын,
Таңдайға ұйып, гүлдердің мына аңқуын.
Бу шашып, әнеу
Кәрі жартастың балқуын,
Жасыл белдердің, жасырып бәрі шалқуын!
Жарық дүние-ай, жаным-ай менің!
Ғажапсың!
Ғажапсың, шіркін!
Амал не, тезсің, аз-ақсың...
Құзар жартастан
орамал көрдім бұлғаған.
- Қош бол, тентек!..
(Әзілдеп, сірә, тұр маған).
Көк көйлек көрдім,
қалықтап құздан зулаған,
- Қош бол! - деп, - Тентек... -
Шуылдап үні тынбаған.
— Қош бол! — деп тастар
Хабарлап жатты жан-жаққа,
Неғылған сұмдық?!
Дариға ма әлде аруақ па?!
Өте алмай қалдым,
Жете алмай қалдым ар жаққа,
Дариға-жүрек
Ұшты да кетті аулаққа...
Муза деп атап,
ақындар ғибрат қылатын,
Сол екен - менің періште жырым, мұратым!
Дүниенің мынау қабағын бағып туратын,
Дариға-жүрек өмірге берді бір ақын...

8. Қанаттарым менің
...Сол жылдардағы соғыс құрбандарының отбасыларына арнаймын
Бірі де майдан үшін!
Осы ұранды,
Медет қып бүкіл қауым жосығанды.
Шабындықтар айрылып шалғышыдан,
Дихандардың еркексіз қосы қалды.
Кетіп жатыр біреудің бауырласы,
Біреудің бас иесі, ауылдасы.
Қаңырап, мелшиіп тек қарап тұрды,
Бітпеген мектептердің қабырғасы.
Жоқ болды жаңа мектеп енді бізге,
Бітпей қалды, (қырсықты көрдіңіз бе?!)
Сонда барып ойнаймыз соғыс ойнын,
Сәбиміз, дәнеңе жоқ көңілімізде.
Атысамыз, Чапай боп шабысамыз,
"Біз" болып, "неміс" болып алысамыз.
Діңкеміз құрығанда үйге келіп,
Дертімен шешейлердің табысамыз.
Осылай енген біздің өмірімізге
Баяғы болып өткен соғыс аңыз.
Бартұғын екі досым, екі інім,
Екі Анам, екеуі де екі Күнім.
Мал дегеннен жалғыз-ақ құла құнан,
Қасқасы бар астында кекілінің.
Екі Ана, екі ғана дос болатын,
Екі іні, құла құнан - қос қанатым.
Жеті жетім сүйеніп бір-біріне,
Қайғы дейтін қаңырап бос қалатын.
Мен қанатсыз емес ем жаралғаннан,
Жалғыз жаяу да емес ем қараң қалған.
Жаным сүйген жақсы атты қанатым деп,
Қанат алып ұшқан ем адамдардан.
Өмір озды.
Отыздан әрі аттадым,
Ұшып келем, келмейді тағаттағым.
Қандай еді?!
Қайда жүр?!
Қайда кетті?!
Менің мамық балапан қанаттарым?
Құздары құлаш ұрған көкте күнге,
Алып таудың аулымыз бөктерінде.
...Құландай құнаныма құрық түсті,
Соғыстың ең алғашқы көктемінде.
Сәби ем, шын қайғырып үлгермеген,
Жалаңаш-жабықтықты мін көрмеген.
Жарысып бірге жүрдім күндерменен,
Жайғасып бірге ұйықтадым түндерменен,
Сәби ем зор өмірден дым көрмеген.
Жылғада жүрдік ойнап аулақтағы,
Жылқы жатты қашада тау жақтағы.
Бір топ адам бір асау ортасында,
Қарбалас қоршап алған қаулап бәрі.
(Құтылмас бұталықтан жылқы малы),
Шу асау қыл арқанда қылқынады.
Босанбақ боп шалмашы тақымынан,
Торға түскен торғайдай бұлқынады.
Көз алдымда шалмашы шіренгені,
Жақындады асауға біреулері.
Қос құлақтан біреулер тұқырта ұстап,
Біреулері тентекті жүгендеді.
Соншама атбегілер ортасында,
Құнан емес, құланнан қорқасың ба?
Жалына кеп жармасып пысық бала,
Қарғып мінді асаудың арқасына.
Тастай алмай үстінен "батыр" ұлды,
Асау біраз әлек боп атырылды.
Жылқышы қарт балаға дем береді:
"Тарт тізгінді, босатпа тақымыңды!"
Қарысып қалды бала құламастан,
Көнді асау ауыздыққа шыдамастан.
Кенет менің жарқ етті көз алдымда,
Кекілі күлтеленген құлақ асқам.
Қос құрбым қос жағымда қанатымдай,
Алды да ұшты арланды соғатындай.
Үшеу болып ұштық біз, ортада мен,
Нағыз бір жауды шауып алатындай.
Таусылмаған табы бар бұла күннің,
Тізгініне оралдым құнанымның.
Тай ашуым тулап бір өн бойымда,
Шеміршегін шайнайды құлағымның.
Бойды кернеп барады аңғал күшім,
Қайткенде де қалап түр жанжалды ішім.
Жылқышы қарт мырс етті миығынан:
"Қарай гөр зәнталақты, малжандысын!"
Жүрегімнен карт сөзі шоқып алып,
Тұр едім мен ызаның оты жанып,
Жем иісін сезгендей құла кұнан,
Иіскейді кеудемнен оқыранып.
"Үйретіп бер деп сенен сұрадым ба,
Не әкеңнің құны бар құнанымда?!"
- ...Пысық бала құланы мытып еді,
Атылды асау.
Мен қалдым жыладым да.
Шаужайынан айрылып қалғанымда,
Әзіл-оспақ гуледі жан-жағымда.
Сайқы-мазақ тұрғандай болды қаптап,
Бүкіл сонау таулардың аңғарында.
Шарт сынды шанағынан шыдам деген,
Қалайша кек қайырам жылауменен?!
Қос қанатым - қос досым, ойда үшеуміз,
Жарыса ұштық самғаған құнанменен.
Омыраулата осқыртып Көк теңбілін,
Артымыздан саңқ етті өктем бір үн:
"Ей, шірік! Қай жеті атаң көріп еді,
Аттыны жаяу қуып жеткендігін?!
Жоғал былай, жотаңнан таспа алармын!
Қу аяқ, құйттайыңнан қашқан арың.
Жалғыз сенің басыңа түскен іс пе,
Жаны қайтіп шыдап жүр басқалардың?!
Күн өткен әкең сені бұла қылған,
Жаныңды шығарармын құлағыңнан!
Күшіміз жетпей жатыр, соқаға шық,
Қасымда болсын десең құла құнан.
Қарай гөр, қаршадайдан жынданады...
Екі бірдей шешеңді кім бағады?!"
Қайырып үшеуімізді қосқа әкелді,
Шолақ қол бригадир Құрманәлі.
Аңызақ.
Аптап сеуіп тұрады аспан,
Аңыздарда қаңбақтар жүр адасқан.
...Бала неме бар күшін сарқа тартып,
Арып біткен астымда құлақ асқам.
Арып біткен жануар майысады.
Жетектегі жауырға ойысады.
Құйттай байғұс қамытта мықшиғанда,
Денем мұздап, қабырғам қайысады.
Беу жастық-ай!
Сезбейді-ау құлағаның,
Бір қамшы салдыртпайды құла жаным.
Азаптан құтқарайын десем дағы,
Таба алмай-ақ қойғаным бір амалын.
Басын тежеп, пәле сол салбыраса,
Соп қамшымен соқашым салды қанша,
...Күңіреніп дүние кетер еді-ау,
Егерде адамға ұқсап мал жыласа.
Пысық бала сұм еді-ау ойран бөлек,
Ойлаушы едім қас дұшпан қойған ба деп.
Жаным келіп алқымға тығылатын,
Арықтарды жауырдан сойғанда кеп.
Сүйсінетін соп қамшы ысқырғанда,
Құмар еді құлшына күш қылғанға.
Іштей нелер қарғысты жаудырамын,
Тәңірінің таяғы түскір жанға.
Қаныпезер, жауыз деп аталғандар,
Соқыр күштің торына маталғандар,
Адам деген сезімнен тумады ма,
Қайдан ғана жаралған қатал жандар?!
... Күннен бөлек түйір жоқ шар аспанда
Самал да жоқ саялап, толастарға,
Көлбей келіп көкжиек төңкерілген,
Төңіректі қоршаған тау-асқарға.
Жатыр таулар, кемедей қайырлаған,
Жатыр дала, әлдене уайымдаған.
Жатыр бәрі, жатыр бір сал тіршілік,
Жердің төсін уыстап айырылмаған.
Шошымаған, тірліктен жасымаған,
Жатыр ауыл бір-бірін асыраған.
Біреулердің түтіні түзу шығып,
Біреулердің түтіні шашыраған.
Бәрі жатыр қимылдап, әлі өлмеді,
Әлі өлмейді, өлмейді, дәлелдеді!
Осынау тыныштықта сену қиын,
Қырғын боп жатқанда әлемдегі.
Сену киын қырғын боп жатқанына,
Адамды адам аяусыз атқанына,
Сену қиын ұры кеп түскеніне,
Байырғы Бағбан - Отан бақтарына,
Сену киын қарауыл болғанына,
Нелер ғұмыр фашистің оқтарына.
Алайда абыржу бар жерде, аспанда,
Дариға-ай, дүниені шер басқан ба?!
Тату елге бұл тажал қайдан келді?!
Таршылықтан көздерім енді ашқанда.
...Иесіз дала.
Аңызақ.
Арық көлік.
Бар қуатты бойдағы алып беріп.
Түрендейміз соқамен ескі аңызды,
Арықтармен қыбырлап барып келіп.
Жырта-жырта түтіліп, тозған аңыз,
(Күш шамалы, тыңға қол созбағамыз...)
Өшпесін деп әкелер салған ізі,
Әйтеуір қозғаламыз, қозғаламыз.
Қозғаламыз бағынып бір ағынға,
Қозғалады жануар құнаным да.
Соп қамшысын жыландай ысқыртады,
Пысық бала соқаның құлағында.
Сыртылдап бар сіңірі, таспалары,
Құлақ асқам қамшыдан жасқанады.
Домбыраның ішегіндей созылады,
Сорлым менің су болып қас-қабағы.
Құйттай менің құрбым-ай!
Қанша амалым?!
Мұншама азап мен саған аңсамадым.
Арқа-басын тер басты.
Сездім міне,
Қанатымның біржола шаршағанын.
Бар қуаты біртіндеп ойсырауда,
Жануар ғой тілі жоқ жәй сұрауға.
Бір пысқырып, кекілін сілке тастап,
Дәрмені жоқ құлағын қайшылауға.
Тоқтады, зор күрсініп алдыдағы,
Кілт тұрып қозғалыстың қалды бәрі.
Мезгілсіз үсік ұрған жапырақтай,
Бүрісіп қос құлағы салбырады.
Сөніп кетіп барады әл-шыдамым,
Әлденемен әлек боп жаншыламын.
Пысықтан қорықтым да тұңғыш рет,
Қанатымды аямай қамшыладым.
Қайыс өрме бауырын тілімдейді,
Еш қимыл жоқ, буыны дірілдейді.
Қарғып түсіп, қарасам көздеріне,
Баяғы от, баяғы ұшқын білінбейді.
Үрей кеулеп кетті де тағатымды,
Қамытынан босаттым қанатымды.
Соқаның құлағынан айырылмай,
Состиып со бір сотқар бала тұрды.
Ерін алдым.
Сергіп бір сілкінбеді,
Астыңғы ерні сол ғана бүлкілдеді.
"Ештеңе тақалған жоқ, абыржыма!"
- Деді де пысық бала күңкілдеді.
"Пысық, пысық" дегенге әуестене,
Аяйтұғын жәйі жоқ әбес неме.
Құнаным тұр, ұқсайды қалт-құлт етіп,
Аяғын тәй-тәй басқан нәрестеге.
"Пысық-пысық" дегенге қораздана,
Қоқиланып қарайды Ораз бала.
...Жануарым сенделіп барды дағы,
Серейіп құлап түсті бораздаға.
Қиылып кетті менің ерке арманым,
Сезіндім қанатымды өрт алғанын.
Құйындай құйқылжыған құла құнан,
Құрыды, тұяғын да серпе алмады.Кекілінен сипаймын байғұсымды,
Қандай әсем қасқасы ай мүсінді!..
Белім менің бесіктен шықпай жатып,
Беймаза өмір, мінеки, қайғы ұсынды.
Бар әлемнің қайғысы бір басымда,
Еңіредім, ешкім жоқ сырласуға.
Қос бауырым, қос құрбы қасымда жоқ,
Қос анам жоқ жетеу боп мұңдасуға?
Пысық Ораз, үш жауыр жұбатпайды.
Асқар таудай басыма құлап қайғы,
Бар өңірдің аптап пен аңызағы,
Тек менің арқама кеп шуақтайды.
Кімге керек шырылдап жылағаным,
Сардала сағымымен бір ағамын.
...Еске түсіп әкемнің өлгендігі,
Сезіндім қорғанымның қулағанын.Сезіндім майдан болып жатқандығын,
Сезіндім сор келгенін бақтан бұрын.
Сол сәтте сену маған қиын еді,
Көрем деу келер таңның атқан нұрын.
Зіл батпан уайыммен жаншыламын,
Көзімнен бұршақ жауды, аршымадым,
Көл-көсір адамзаттың көз жасына,
Құйылып жатты менің тамшыларым.
Сезіндім: мұң-наланың көшін көрдім,
Сойқанын соғыс салған кесірлердің.
Қолдан келер айла жоқ, қосылдым тек,
Хорына жетімдер мен жесірлердің.
Шығармай шар аспанды шырағынан,
Аңызда жатты жайрап құла құнан.
Қанатым мертіккендей сезінемін,
Жаулардың маған атқан бір оғынан.
Күн батты.
Таудың басы қанталады.
Қанталап көпке дейін тарқамады.
Қалдырып құнанымның қаңқаларын,
Жаяулап ер-тоқымды арқаладым.
Жүріп келем...
Жігерім опырылды.
Ашу да, айбат та жоқ сопы ғұрлы,
Жүріп келем қайтадан жалғайын деп,
Қалдырып кеткен кеше оқуымды.
Бұлыңғыр...
Болжай алмай алдағымды.
О, өмір!
Ала көрме арманымды!
Бәрін сезем.
Бірақ та сезінбеппін,
Бір-ақ сәтте есейіп қалғанымды...
Шешей қазір шаруа басыбайлы,
Әжем отыр тастап ап насыбайды.
Қайран қалам.
Апырау, неткен берік?!
Жалғыз ұлы өлсе де жасымайды.
Білмеймін боздауы ма, өлеңі ме,
Күңіреніп өрмекке төнеді кеп.
Көңіл айта көлгірсіп келгендерге:
"Кебін киіп кетпеген келеді", - деп,
Қайраттана өрмекке төнеді кеп.
Қос інім жүр,
Әзірге ес білмейді,
Қиындықта ес білмей өссін мейлі.
"Кебенек киіп кеткен" әкемізден,
Өлдіден басқа хабар естілмейді.
Қайырым жасап қасымыз, досымызға,
Қаперсіз жүре беріп қасымызда.
Қайран әкем тым құрса жөні түзу.
Жәй да салып бермепті басымызға.
Ел басқарды.
Қауым боп қолдасты елі.
Бірі дос, бірі бауыр, жолдас деді.
Бақандай бір ауылды билеп тұрып,
Бір үй жасап алуға болмас па еді?
Білмеймін, арланды ма, алданды ма,
Дүние опа етпесін аңғарды ма?
Әзірге әзер-әзер тұр қалқиып,
Әкемнен көз тоқтатар қалған мұра.
...Қос досым тұр қасымда - қос қанатым
Қос жүрек тұр менімен қос соғатын
Екеуінің енгенде ортасына,
Құлазыған көңілім хош болатын.
Қос досым, қос қанатым Қайрат, Берік,
Мал-мүлкін қоспаса да айдап келіп,
Әлдері келісінше әкесіздер,
Әлек боп жатыр маған қайрат беріп.
Тасташы, неге сонша уайымдадың,
Ал менің басы бүтін тайымды алғын.
Құнаныңнан артпаса кем түспейді,
Тайымды алғын!
Қуаныш тойында мін.
О, достық!
Неткен ғажап сезім едің!
Ет жүректің езілмес кезі ме бұл.
Қос қанатым тұрғанда қолтығымда,
Езілемін неден мен, безінемін.
- Естеріңнен айналдым, шырақтарым,
Осылай бір-біріңді жылатпағын.
Осынау елге түскен қара күнде,
Осылай бір-біріңе шуақтағын.
Бізді қойшы, біздің күн таяу қалды,
Күш кетті, әл таусылып баяулады.
Көліктерің тұрғанда, қарғаларым,
Жолға тастап кетпеңдер жаяуларды!..
Назарымды осы үнге тоса қалдым,
Тұңғыш көрдім әжемнің босағанын.
...Құйын соғып өтті де, желпінді жел,
Солқылдатып діңгегін босағаның...
Әжем сөзін әріге жалғамады,
Көзін сүртті көрсетпей, арланады.
Көрініп тұр: көзден жас парлағаны,
Қажығаны, төзімі қалмағаны.
Таңба тұр өткен күннің бәрінен де,
Қашанғы шыдай берсін кәрі кеуде.
Дариға-жүрегінің дақтары бар,
Келмейтін бұл өмірде дәрілеуге.
Қашанғы шыдай берсін кәрі кеуде?!
* * *
Жоқ!
Бізге орнаған жоқ заманақыр!
Жеңе алмады жендет те, нала батыр.
Қан майданнан хабарды жиі естиміз:
"Біз жеңеміз!
Жау қашып бара жатыр".
Сүреңсіз күн өтуде, сүреңсіз түн,
Жұрт үміткер.
Күнелтпек тілеусіз кім?
Жұрт үміткер, үміткер достарым да,
Мен бірақ реңсізбін, күдеусізбін.
Күндерге күн, айларға ай жалғанады
Жалған үміт жанымды алдамады.
Өлдіден басқа ешбір хабар да жоқ,
"Кебенек киіп кеткен" жаннан әлі.
Қылаулатып қыс та тұр, қыраулатып
Қыраулатып кетеді тұмандатып.
Әжем жатыр төсекте әл үстінде,
Әлі біткен байғұсым тұмауратып.
Тыным бермей бишара жамбасына,
Шешем жүр
Сол өзінің шаруасында.
Жесірліктің жабынын мойнына іліп,
Жегіліп жүр тұрмыстың арбасына.
Жалғыз ғана несі баспананың,
Жалғыз соның бағамыз қас-қабағын
Жалынады ол маған, жабығады:
"Қартам менің, оқуды тастамағын!"
"Тастамайын оқуды аш қалғанда,
Қатерлі күн қатыгез басталғанда.
Тастамайын оқуды, үміт түлкі
Бұлаң етіп бұлтарып қашқанда алдан.
Тастамайын оқуды налығанда,
Тарығарда, қауқарсыз арығанда.
Тастамайын оқуды, тері шалбар
Борбайымды қаңтарда қарығанда.
Тастамайын табаннан сыз өткенде,
Үсік ұрып құлағым тыз еткенде.
Тастамайын оқуды, жесір анам,
Өлі әкенің өлі орнын күзеткенде.
Тоқым-төсек, ерімді жастанайын,
Тастамайын оқуды, тастамайын!
Ант етейін алдыңда, алаң болма,
Жастайынан қуарған ақ самайым!"
Осы ой тұрған.
Онда мен айта алмағам.
Бірақта іреңімнен байқауда анам.
Талқан сұрап қыңқылдап екі інім жүр
Үйректің баласындай байпаңдаған.
...Жоқ!
Бізге орнаған жоқ ақырзаман.
Сары аяз да жеңбеді сақылдаған.
Әке, сенің өшкен жоқ түтінің де,
Өзіңсіз өлген де жоқ қатын, балаң.
Тек әжем...
Әжем байғұс қиналады,
Саған деген үмітін тыймайды әлі.
Сыбырлап атынды атап шақырады.
Сірә, сені бүл өмірден қимағаны.
Өлімге қимай сені жатыр әлі,
Сыбырлап жиі-жиі шақырады.
Сарғайып күннен-күнге бара жатыр,
Секілді сары күздің жапырағы.
Ербеңдеп екі қолы қарманады,
Байғұстың қозғалуға қалмады әлі.
Есімде әлі.
Әжемді өлерінде,
Көзімше көрші шалдың алдағаны.
Жатқанды түпсіз, терең сандырақта,
Одан саса қоймады шал бірақта:
"Балаң тірі, тірі екен хаты келді,
Қинама енді жаныңды қалжыратпа..."
"Бәсе... Солай...
Кебенек киіп кеткен",
— Деді де, бәрімізді сүйіп беттен,
Мазасыз жан алданып, толас тауып,
Мәңгілік ұйқыменен ұйып кеткен.
Екі шеше тербеткен ұл едім мен,
Екеуінің айрылдым біреуінен.
Бақытым да бар шығар бұл өмірде,
Сорым да бар іргемді түре кірген...
* * *
Алақай, жеңіс келді, жеңіс келді!
Көз жасынан құрғайды жер үсті енді.
Атыраптан "аттандар" естілмейді,
Алаулаған от-жалын тегіс сөнді.
Сүйінші бер.
Қуаныш келді елге.
Көз жасы құйылмайды шерлі көлге.
Құлаған құнанымды құшақтап ап,
Жыламай қу далада енді мен де.
Енді күндер батпайды қанталанып,
Күңіреніп жатпайды барша халық
Қан майданнан ұлынан хабар күткен
Қасіретін көрмеймін қарт ананың.
Оралуда майданнан жаралылар,
Берері бар, өмірден алары бар.
Жас жұбайлар үйінде той болады,
Жас жұбайлар...
жандары балақұмар.
Азаматын аңсаған қартаң баба
- Бір мейірін төгеді дарқан дала.
Тасына да жерімнің дән өседі,
Бауырсаққа жаримыз, талқанға да,
Шаттанады шау қарттар, шалқар бала.
Оралуда кімдердің бауырласы,
Кімдердің әкелері, ауылдасы.
Есекке ығыр болып тұрмайды енді,
Мектептің бітпей қалған қабырғасы.
Жоғалды.
Жоғалды енді қаһарлы күн,
Пысық Ораз тастайды қаталдығын.
Азабынан қалай да айығар-ау,
Арқалаған жесірлер атан жүгін.
Қасіретті, қайғыны тастап әрі,
Адамдардың ашылып қас-қабағы.
"Қой үстінде бозторғай жұмыртқалап",
Уыз өмір қайтадан басталады.
...Өтіп жатыр жеңістің ай, күндері,
Талпынуда інілер тай мінгелі.
Азамат боп қалыппын.
Жесір жеңгем,
Әзілдесіп менімен:
- Қайным,.. - деді.
Жылдар өтті тыныштық жамылғалы,
Дүрбелең де тынған шақ ауылдағы.
Ойнай жүріп жетіппіз он жетіге,
Комсомолға біздерді қабылдады.
Қуанышты айт сол жылғы шақтардағы,
Басымызға қонбаған бақ қалмады.
Жастықтың жұлдызына құмартамыз
Жатырмыз аудан жаққа аттанғалы.
Болашаққа жолдама алуға біз,
Көлік сайлап, жол жүру қамындамыз.
Кешегі кесапатты өрт, дауылда біз
Қиялдап, осы күнді сағынғамыз.
Қос досым даярлапты көліктерін,
Ішім жанды оларды көріп менің.
...Тағдыр-ай, қараң өшкір уайымды,
Тек менің маңдайыма беріп пе едің?
Барып қайттым ауылдың бастығына,
(Білмеймін, достығы ма, қастығы ма?!
"Көзің көріп тұр, бала, көлік жоқ қой",
Деген сөзбен үйге ендім бастырыла.
Жабырқаған анама қарадым да,
Уайымның ұлыдым табанында.
Сарқылмаған әлі де жас бар екен,
Жабығұлы жаным мен жанарымда.
Жеңіс келіп, бөледі шартарапты,
Құшақ-құшақ қуаныш арқалатты.
Жүрегімнің жүрді екен қай жерінде?
Бір түйіні қайғының тарқамапты.
Көз жасымен найсапты қуалаймын,
Жұбатпаңдар, ағайын, сұрамаймын.
Жанның шері жоғалсын жаспен бірге,
Қазір жылап, екінші жыламаймын!
Уайымұлы жылан, тасқа мекен
Екінші жыламаймын, масқара етем!
Алдағы күндеріме апармайын,
Менде әлі сарқылмаған жас бар екен...
"Бәтшағар, мұның қалай, қатынға ұқсап?
Жігітсің, ойласаңшы ақылға сап"...
Әжемді аттандырған баяғы карт,
Басу айтты.
Далаға шақырды шақ:
"Мін мынаны!
Сұраусыз алла алдында.
Неге келіп айтпайсың, арландың ба?!"
Сенерімді біле алмай, сенбесімді,
Қарай бердім қартқа мен таңдандым да.
- Ауыр күндер сайранын кім сүрмеген,
Аптығыңды баса ғой дүрсілдеген!
Айналайыным ажалдың ауызынан,
Аман-есен оралса, мінсін деп ем.
Ол бақытты қимады құдай маған...
Жыласам, сенен бетер жылай да алам.
Не істемекпін?
Тіріге өмір керек,
Тіршіліктің қазығын шыр айналам.
Бар, балам, қала көрме қатарыңнан,
Қала көрме үмітті сапарыңнан".
...Ақ бас данам...
Айналдым сақалынан!
Тұрғызды қорғанымды қопарылған.
... Ақ бас данам атандай торы ат берді,
Торы ат емес, туырлық канат берді.
Болашағыма ұшайын, ұшайын бір,
Самғайтұғын маған да сағат келді.
Көрсем де жабығымнан жау атқанын,
Сезсем де сынның ауыр сағаттарын,
Бүлінбепті, әлі де бүтін екен,
Менің мамық балапан канаттарым.
Жау менің әкемді атты, атамды атты
Жау оғынан жаралы жапан жатты.
Қарақшылар қаншама қарманса да,
Қанаттымды, халқымды ата алмапты.
Самғаймын Болашаққа,
Ата-мекен,
Құндақтап қуанышыңды ала кетем.
Бүлінбепті қуатты қанаттарым,
Ақ бас қарт, ақ бас халқым аман екен!
Қанаттарым менің!!!

9. Атамекен
Әкел, досым,
Сен маған қолыңды бер!
Әкетейін, мен өткен жолымды көр.
Сонау шыңның басына шығарамын,
Менмін ғой бұл аймақтың жолын білер.
Мінеки,
Шыға келдік шың басына,
Ал енді шақшаңды бер құрдасыңа.
Атамекен туралы сыр шертейін,
Құлағың тұр, құрдасым, сырласыңа.
Қалай екен?
Мына шың биік пе екен?
Жарылмасын әуеге тиіп шекең.
Қайсыбіреу өлкемді жамандаса,
Шоқ түскендей жаныма күйіп кетем.
Біз тұрған тау есімі Елшенбүйрек,
Шыға келсең, аспанға еңсең тимек.
Жазда оранып жатады көк торғынға,
Қыста аппақ елтірі сеңсең кимек.
Басқа таудан жырақ бұл Елшенбүйрек.
Тұзды көлге тірелсе мына басы,
Құнар жері - батыста
Лабасы. Аноу - Тянь-Шань,
Ал анау - Хантәңірі
- Осы өлкенің байырғы ғұламасы.
Мен туған жер - Қарасаз баурайдағы,
Жалғанда жер біткеннің бал қаймағы.
Есім кетіп жүргенде ес білдірген,
Жаралған жұлдызым ғой маңдайдағы.
Іркес-тіркес ағады қара сулар,
Қарасаң, суларда да таласу бар.
Бұл суларға менің көп бересім бар,
Бұл сулардан менің коп аласым бар.
Бақытым ғой Қарасаз келіп қонған,
Кисем, - киім, ішсем - ас, көлік болған.
Мендей ұлдың осы жер мыңын туып,
Әлі күнге мыңына жерік болған.
Сүтін еміп өскен ем сан бұлақтың,
Сан жыладым құрбымнан,
Сан жылаттым.
Жалын тартып мінген ем осы маңда,
Өмір дейтін шу асау арғымақтың...
Кешір, досым, ауытқып кеткеніме,
Кейінірек тоқталам өткеніме.
Әзірге сен шығысқа көз жіберіп,
Қарап отыр қиянға, шеткеріге.
Қазір жайлау Жерінен май тамып тұр.
Төгілердей мөлтілдеп шайқалып тұр.
Кәне, досым, екеуміз қиялменен
Шалкөдені аралап қайталық бір.
Жайлауын айт жайлау деп Шалкөденің,
Еңсесі мыңғырған мал әр төбенің.
Су емес, суатынан қымыз аққан,
Пау. шіркін, қандай ғажап өлкем едің!
Киік ойнап шатында, бөктерінде,
Айғайтас Шалкөденің нақ төрінде.
Қырағы көз шекара Құмбел анау
Қытаймен екі ортаны қақ бөлуде.
Айғайтас - Шалкөденің шаңырағы,
Ақ отау ақта бұлтты жамылады.
Жат жаққа жұрт үдере көшкен кезде
Жабырқап тас та болса аңырады.
Айғайтас - тас емес тек айғайлаған,
Ғұлама қарт жұрт үшін қайғы ойлаған.
Халықтың үні жатыр кеудесінде,
Бір кезде "Елім-айлап" ойбайлаған.
Айғайтас - Албандарға атамекен,
(Омы мен шежіредей атап өтем).
Ертеде ел шетіне жау тигенде,
Айғайлап, хабар беріп жатады екен.
Солтүстігі Қарарша, Кетпенімен,
Қымбат олар бүгіні, өткенімен.
Оңтүстік шығысында Ойқарағай,
Артында Айғайтастың бөктерілген.
Шалкөде екі таудың арасында,
Екі өзен тулап жатыр сабасында.
Жалғанда гүл біткеннің бәрі осында,
Жалғанда шөп біткеннің бәрі осында,
Адамға шипа болар дәрі осында. Кеңбұлақ -
Менің бабам өскен мекен.
Менің әкем кіндігін кескен мекен.
Сайды сағым қуалап бара жатыр,
...Ғасырлардан оралған көштер ме екен?
Жаратыпты бәйгеге ат қосуға,
Біздің ру ұясын тапты осында.
Көшеді ел, көшеді замандар да,
Тәңірім жерді бірақ сақтасын да.
Біздің жұрт Кеңбұлақты мекендеген,
Ауру былай тұрсын, жөтелмеген...
Менің бабам бай да емес, аткезші емес,
Кедей де емес, тұғырмен тепеңдеген.
Күшін сатып біреуге жалданбаған,
Сауда жасап,
Пішпекке сандалмаған.
Бір өзіне жетерлік шаруа жинап,
Бір перзенті болуын армандаған.
Байларменен пейілі қатар екен,
Шалдың шақар мінезі қатал екен.
Ірімшігін қайнатып, құртын жайып,
Сары қымыз сапырып жатады екен.
Кеңбұлақта еркімен сайрандаған,
Өтті, кетті.
О, менің қайран бабам!
Кеңбұлағым болса екен мәңгі бақи,
Болса екен таулар да аман, сайлар да аман.
Кеңбұлақтың кішкене тұқымы - мен,
(Қыран емес, әрине, үкімін мен).
... Әй, досым-ай, қалтаңда шақшаң да жоқ,
Қайттым енді?..
Беріп қой түтініңнен!
Жер туралы бойыма шабыт кіріп,
Досым, сені алдым ба жалықтырып?
Бауыр төсеп, шіркін-ай, жатып алса,
Бабалардың жұртына барып тұрып.
Сайлардан саумал өзен жайлап құлап,
Самал бел сонау жатқан - Жайдақбұлақ.
Баурында ерке бұлаң бала болып,
Базарлап өскемін жоқ ойнап бірақ.
Баурында була болып күн кешпедім,
Бұлдырап бурыл тайға мінгеспедім.
Бұйығы жетімдермен бірге өскемін,
Үнімен жесірлердің үндескенмін.
Күнмен батып, бірге атып таңдарымен,
Шөп шауып, шөмеле сап, мал батып ем.
Зарларымен қарттардың ұйқыға еніп,
Қатындардың оянғам зарларымен.
Сенбесең қой,
Сенсең сен.
Мақтанамын.
Жеп жүрген нанымды мен ақтағамын.
Меңдеген - шаруаның мұрагері,
Шаруаның паспорты сақтағаным.
О, Жайдақ! Жайдақбұлақ!
Жасыл мекен.
Армысың, ақбас Атам,
Асыл мекен!
Кеудемде керемет боп қатып қалған,
Өскен жер,
Әлде сенің тасың ба екен?!
Қаратайлы.
Қарсыда Ақбұлағы.
Ақша бұлттан жұлып ап лақтырады.
Қатартөбе ортада қалғып жатыр,
Секілденіп қойшының Саққұлағы.
Түзу ақтас әне тұр қоқырайып,
Атаның ұмыт қалған ақ тұмағы.
Өлкеге Қисық ақтас қырын қарап,
Шипалы жылы суын атқылады.
Осы жер бәйіттердің нақ тұрағы,
Түбінде осы жерде бақ тұнады.
Дара тұр Шәкірамбал жұбын таппай,
Қолтық - бір қолға тұрмас ұрыншақ тай.
Еңкейіп Есекартқан анау жатыр,
Жабыға жаба салған ыңыршақтай.
Қос өзен Шалкөдеден құлдырайды,
Ойнақтап өрістегі құлыншақтай.
Белдеріне көзің сал Дардамдының,
Дардамды деп қалмақтан қалған бұрын.
Затында жер - біздікі, аты - оныкі,
Шежіре біледі оның жалғандығын.
Рақат-ау, қажысаң, Шолаққа кеп,
Сарқырама басында алған тыным.
Қос Шибұт анау жатыр егіздейін.
Дегендей басқалардан неміз кейін.
Қос қанат қып ұшайын қос қолымды,
Қосағымның мекені, сені іздейін.
Бала сүйдім, жар сүйдім,
Шибұт, сенен,
Жырыммен ел-жұртыңа сыйлық берем.
Қырқаңнан қызыл түлкі қылаң етсе,
Қияңнан қосылушы ем жүйрікпенен.
Қыран болып ілуші ем қырмызыңды,
(Қатерімде қуатың тұр қызулы).
Тентегіңе жатсынбай телідің сен,
Құлын мінез, құс аттас бір қызынды.
Қос өзен қосарланған - қос келіншек,
Жағаңда жан біткенді дос көруші ек.
Атаның ғұрпын сақтап күйеусініп,
Кез келген кедейің де төс беруші ед.
Шибұттың сай-саласы тұйық келер,
Жатыр ғой тұйықтыққа сыйып нелер...
Ал, Шибұт, сәлемімді ал, қарыздар ем,
Малым жоқ өрісімде жиып берер.
Армысың, асау Шибұт, Асыл аға!
Мың сәлем тауыңа да, тасыңа да!
Шибұт сен, менің үшін махаббатсың,
Махаббат өлмейінше басыла ма?..
Кешір, дос, менің біраз бөскеніме,
Есім кетіп оралам естегіме.
Қай-қайдағы жоғалған қайран күндер,
Шыныменен шырпыдай өшкені ме?!
Сонау тұрған Қошқардың басы ма екен?
Қошқардың мүйізіндей тасы бөтен.
Ел аузында аңызға жүгінсек біз,
Осы тауға қырғыздар ғашық екен.
Аңсайды ғой алысты аты бар жан,
Бұл тауда қырғыздың көп аты қалған
Әргі жағын қайтеміз... қазақ, қырғыз,
Әйтеуір, осы тауда жатып алған...
Жайлау барсаң, Қошқар бар, Таласқа бар,
Жадырайды жан-жүйең, толас табар.
Ну орман, бал бұлақты көргеніңде,
Басқа жайлау жәйімен қораш қалар.
Таң сызғанда сарғайып сары белден,
Сары белден сәулелі лағыл өрген.
Сай-саладан салқын бір самал соқса,
Таңдайыңа қымыздың дәмі келген.
Қулағың түр қыранның шаңқылына,
Кеудеңді тос керіліп салқынына.
Әжім-әжім ақ тастар күнгейдегі,
Өткен бір ғасырлардың тамтығы ма?
Ескерткіштер сияқты гүл алаңда,
Бірі малға ұқсайды, бірі - адамға.
Ақ тастардың беттері сора-сора,
Сора-сора... О, сұмдық, жылаған ба?
Әр жыраны қуалап мың бұлағы,
Желідегі құлындай шыңғырады.
Қыран келіп киікке сорғаласа,
Басын шайқап ну орман қынжылады.
Ауа шіркін! Не деген жұпар едің!
Жұта бергің келеді, жұта бергің.
Жалғыз-ақ осы ауамен қоректенсең,
Досым, сен бұл өмірден ұтар едің.
Жайлау барсаң, Қошқар бар, Талас барғын,
Аялап кір астына көк аспанның,
Желкесінде желпілдеп желбегей бұлт,
Шыңнан асып кете алмай толастар күн.
Батысында Қошқардың көрші күнгей,
Көмірші көк бестінің ершігімдей.
Кегенге кеп Құсмұрын су ішіп тұр
Қашаннан дәл өзінің меншігіндей...
Жерім осы Шалкөде аңғарында,
Асқар-асқар тау жатыр жан-жағымда.
Арманым ба, кім білсін, әлде маған
Табиғат өзі орнатқан қорғаным ба?
Ұзын сонар жырымды сабылттырып,
Алдым ба, дос, сені мен жалықтырып?
Қанеки түтініңнен беріп жібер,
Сорайын ерінімді қарып тұрып.
Сонау тұр Лабасы, Төте бері,
Жабырды жамбасқа алып жетеледі.
Басына Лабасы бұлт іліксе,
Бар аймақ құрқ-құрқ жөтеледі.
Нақышына келтіріп шебер тіккен,
Шұбар тал - зер тақия шекедегі.
Бір кезде ел Үш қақпақ пен Мұзарт асып
Қашқарға қашқын болып өтер еді.
Анау жатқан Үкірші жап-жалаңаш
- Таулардың барып тұрған көтеремі.
Байынқол бай өлке той, жұртқа да анық,
Беу, шіркін, бір ай жүрсе Сыртқа барып!
Шекарадан әрі асып Текес кетті,
Бұлағын бар аймақтың ұрттап алып.
Тігілген қос отаудай Қостөбе тұр,
Алдында Хантәңірдің бұқпаланып.
Бердібектей азамат осында өскен,
Табанын таңертеңгі шыққа қарып.
Шекарада бір жер бар Сүмбе деген
Оны мен көрмеген ем, білмеген ем...
Сезем бірақ Сүмбенің байлығына,
Көз алартып қарайды іргедегі ел...
Өмірге шешем келген осы маңда,
Өмірді сүйген және шошыған да.
Он бесінде жат жұртқа пенде болып,
Жат босата тұрыпты тосып алда.
Қаршадайдан қайғыны ішіп қанған,
Қайырылмай артына ұшыпты арман.
Сарбастау, Нахамның көз жасымысың?
Сау етіп кірпігінен түсіп қалған.
Тағзым етіп атымнан аударыла,
Қарай-қарай өтермін тауға мына.
Сай-саланы сағым боп кезіп жүрген
Анамның адастырған арманы ма?
Шаттансам шарық ұрып кейдегіме,
Кешір, дос, күйінемін кейде міне.
Шарттастың басындағы шарбы бұлттар,
Он бес жасар шешемнің көйлегі ме?
Қарашы, әне, Шарттастың басы мұнар,
Жарқылдайды жасылы, жасыны ма?
Әлде менің анамның алпыстағы,
Әлдеқалай оянған ашуы ма?!
Сонау тауды атайды Ылайлы деп,
Бөрі жортқан белінде, құдай-жүрек.
Кезбе бұлттар көрісіп шындарында.
Сұп-сұр болып түнере жылайды кеп.
Бауры - қыстау, басы - от Ылайлының,
Бар нұрымен жонына құлайды күн.
Тұзкөл, міне, төсінде қаз бен үйрек,
Қауырсынмен өрнектеп су айдынын.
Тар кеудеде тұншығып талай үн жүр,
Сабыр, досым, самал жұт. Маңайың гүл.
Түтініңнен беріп қой Ақ жалынға
Көк жалынды апарып жабайын бір...
Көкірек жанса жансын күйіп те өшіп,
Бұлақ жыр бұрқанар ма ішіп, көшіп.
Биікті көрем десең, досым менің,
Алдымен биікке шық, биікке шық!
Бұл биік біз отырған - Сары доғал,
Санамды самайының ағы қолдар...
Тіл бітіп сөйлеп кетсе қайтер еді,
Ақ жондар, мына жатқан сары жондар?!
Ей, тастар! Кейде биік, кейде төмен,
Ей, сайлар! Кейде тайыз, кейде терең.
Ей, таулар! Құдіретің болсам егер,
Жоныңнан осып тұрып сөйлетер ем!
Үнсіз-тілсіз мелшиіп жатқан әлем,
Құдіретің мен болған шақта бәлем.
Қатпар-қатпар қырқанды парақ етіп,
Кітабыңды өзің-ақ ақтарар ең...
Амал қанша... сен маған бағынбайсың,
Мен саған қажет емес, жалынбайсың.
Құпияңды баурыңа басып алып,
Қашан құрып кеткенше дамылдайсың...
Кешір, дос, айқайым бар кейде тегін,
Жер үшін жаралған бір бейнет едім.
Туған жердің құны емес, тілімін мен,
Қалайда оны сөйлетем! Сөйлетемін!
Қарасазым сөйлейді қалай дағы,
Сөйлейді тауы, тасы - бар аймағы.
Шуақта отырып ап күңіренген,
Әжемнің ғаламда жоқ тарайды әні.
Әжемнің естілгенде созған әні,
Күрсініп мына таулар қозғалады.
Ағыл-тегіл селдетіп аспан келіп,
Көрісе құшақтайды боз даланы.
Өшпейсің, атамекен, суық кіріп,
Кетпейсің ғайып болып, ұмыттырып.
Қиырдан әкем саған қол созады,
Бауырлар моласынан шығып тұрып.
Көрінен күңіренгенде батырағың,
Қалайша сөйлемесін жапырағың.
Бір ұланын қалайша жоқтамасын,
Бір уыс бұйырмаған топырағың.
Аян той аймағыңның сыры маған.
Сөйлейсің, сөйлейсің сен,
Ұлы далам!
... Мен сенің көкке ұшырған бозторғайың,
Шырылдап жерге түспей тұрып алам.
Жаралған жан емеспін басы бөтен,
Туған жер, топырағыңды басып өтем.
Кеудемде қатып қалған бірдеңе бар,
Кім білсін, туған жердің тасы ма екен?!

29.IX-1.X1.1967 ж.



Пікірлер (1)

АЙБЕК

Өте жақсы бізде осындай ақын жазушылар көп болсын аумин

Пікір қалдырыңыз

Махаббат диалогы

  • 1
  • 11

- Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің?
- Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
- Отқа түсіп өртенсем, не етер едің?
- Күл боп бірге соңыңнан кетер едім.

Толық

Маңдайда бір тал шашым ағарыпты

  • 1
  • 2

Маңдайда бір тал шашым ағарыпты,
Белгісі болғай-дағы «даналықтың».
Ығысып, қарақұсқа бара жатыр,
Кекілі кешегі анау балалықтың.

Толық

Әбділдаға

  • 1
  • 2

Тұрғанда ұйқы-тұйқы ақ самайым,
Мен қалай,Әбе, сені жат санайын.
Абыржып асаңды ұстап отырғаның,
Ашулы Грозный патшадайын.

Толық

Қарап көріңіз