Күлдір-күлдір кісінетіп

  • admin
  • 09.11.2015
  • 0
  • 7
  • 26610
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күренді мінер ме екеміз?!
Күдеріден бау тағып,
Ақ кіреуке киер ме екеміз?!
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екеміз?!
Ор қояндай жүгінтіп,
Аш күзендей бүгілтіп,
Жолбарыстай шұбарды
Тандап мінер ме екеміз?!
Сол шұбарға мінген соң,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екеміз?!
Жалаулы найза жанға алып,
Жау қашырар ма екеміз?!
Тобыршықты әндіген
Толтыра тартар ма екеміз?!
Тобылғы түбі құралай,
Бытыратып атар ма екеміз!
Жарлауға біткен жапырақ -
Жамылсақ, тоңар ма екеміз?!
Жазыққа біткен бүлдірген -
Сұғынсақ, тояр ма екеміз!
Тобылғы сапты қамшы алып,
Тұмар мойын ат мініп,
Қоныс та қарар ма екеміз!
Ел жазылып жайлауда,
Жақсылар кеңес құрғанда,
Мұртымыз өрге шаншылып,
Бұрын да сөйлер ме екеміз?!

2
От басар орны отаудай,
Қабырғасы халық орнаған
жонсаудай,
Ор қояндай қабақты,
Қиған қамыс құлақты,
Сары мысықтай азулы,
Саптыаяқтай ерінді,
Қидасын кәрі жілікті,
Омырауы есіктей,
Ойынды еті бесіктей,
Табаны жалпақ тарланды
Таңбалап мінер ме екеміз?!
Сол тарланға мінген соң,
Өзен де өзен, өзен су,
Өрлерде жортар ма екеміз?!
Аңдысып жүрген дұшпанның
Бұлттан шыққан ай бетті,
Мұнардан шыққан күн бетті,
Айттырса, бермес сұлуын
Аппақ қылып мандайын,
Бұғақ қылып таңдайын,
Қиылдырып қастарын,
Төгілдіріп шаштарын,
Күнінде аламанға
Тегін олжа қылар ма екеміз?!

3
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күренді мінер ме екеміз?!
Күдеріден бау тағып,
Қамқапты киер ме екеміз?!
Өзенге бие байлатып,
Төскейге орда орнатып,
Төрткілдеп ошақ қаздырып,
Төбел бие сойғызып,
Төменде бидің кеңесін
Біз де бір құрар ма екеміз?!
Құлаты тауға қол салып,
Садақтың оғын мол салып,
Бетпақтың ен бір шөлінен
Төтелеп жүріп жол салып,
Қолды бір бастар ма екеміз?!
Майданда дабыл қақтырып,
Ерлердің жолын аштырып,
Атасы басқа қалмақты
Жұртынан шауып бостырып,
Түйедегі наршасын,
Әлпештеген ханшасын
Ат артына мінгізіп,
Тегін бір олжа қылар ма екеміз?!
Кеуде бір жерді жол қылсам,
Шөлең бір жерді көл қылсам,
Құрап жанды көп жиып,
Өз алдына ел қылсам!
Асқар бір тауды жайласам,
Желілеп бие байласам,
Күнде жиын, күнде той,
Қыз-бозбала ойнатсам,
Тентегін түзеп байқа деп,
Ішінен биді сайлатсам,
Құлым бір ұлдай киінсе,
Көркемін көрген сүйінсе,
Атымтай Жомарт секілді
Атағым жұртқа білінсе!
Өзім бір бөлек жайласам,
Жігіттен нөкер сайласам,
Ойпаң жерге он отау,
Қыраң жерге қырық шатыр тігіп,
Қонағымды жайғасам!
Пышақтан малым кетпесе,
Қазаным оттан түспесе,
Ауылдан топыр үзілмей,
Ошақтың оты өшпесе!
Май жемесе қонағым,
Қан жемесе барағым,
Он кісіге жараса
Бір кісіге арнап тартқан табағым!
Халыққа атым білініп,
Шүлеңгір мырза атанар ма екеміз?!
Төскейде кеңес топтанып,
Жақсылар үйде баптанып,
Нокерлер жүрсе сап түзеп,
Қос-қосымен шаттанып.
Қиуадан ақыл алатын,
Қияннан айла табатын
Ерлерден салсам нөкерді
Дұшпаннан кекті алатын!
Жоны бір жалпақ жотадай,
Мойны бір жалпақ бұқадай,
Балуаннан нөкер барлатып,
Күреске салар ма екеміз?!
Артықша көзге көрініп,
Балуаным жықса таңлатып,
Алмасын арнап суарып,
Ақ сауыт соқса зергерім,
Таудағы сала бұғыны
Аңдып бір атса мергенім!
Көкорай көктем болғанда
Дауысы бар азандай,
Желіні бар қазандай,
Жаралы қудай ыңырантып,
Жарылған мұздай күңірентіп,
Қайрауықтың ащы күйіндей
Қайырып боздап күйлентіп,
Боталаған боз інген
Азан-қазан, у да шу
О да бір алса мазамды-ай!
Алғайдың құба жонына
Жайылған қойым сыймаса,
Жүз бүркеншек, жүз қоспен
Қатар жүріп жинаса!
Көк алалы көп жылқы
Көлге бір түссе көз жетпей,
Санап санын алуға
Есебіне жан жетпей...
Беглерім мінсе шұбарын,
Жұлындай қылып жаратып!
Елден елді аралап,
Тектіден текті саралап,
Беглердің қызын айттырсам,
Нұсқасын байқап шамалап -
Сынға толса сияғы,
Әлбеті шамның шырағы,
Мұхиттан сүзіп шығарған
Қымбатты гауһар бағасы.
Жүз нарға кілем жаптырып,
Қазақтан сәнін арттырып,
Ұзатып алсам сәнменен,
Көңлімді хош таптырып!
Бала берсе тезінен, -
Пірлердің бітсе демінен,
Шілтеннің тиіп шылауы,
Артылып туса өзімнен!
Осындай берген дәулетті
Көтеріп түра алар ма екеміз?!

Басқа да өлеңдері

Сары аязда қата ма

  • 0
  • 4

Сары аязда қата ма
Қайнардың аққан тұнығы?
Қап түбінде жата ма
Болаттың асыл сынығы?

Толық

Жағама қолдың тигенін

  • 0
  • 0

Жағама қолдың тигенін,
Жалғыздық, сенен көремін.
Жамаулы киім кигенім,
Жарлылық, сенен көремін.

Толық

Уа, Қарт Бөгенбай!

  • 0
  • 1

Уа, Қарт Бөгенбай!
Құяр жауын аспаннан,
Қара бұлт торласа.
Пәлекет елде көбейер,

Толық

Пікірлер (7)

ДИНА

ӨТЕ ЖАҚСЫ

Сейдіғұл Ғани

Өтініш талдауын жазыңыздаршы

Әсем

Өте тамаша!!! талдауын жазыңыздаршы.

акжол саятулы

1 жаттыгудын жауабы

Молдир

жаксы

Максат

жаксы

Мирас

Жаксы керемет екен

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)