Өлең, жыр, ақындар

Құмға сіңген қан

  • 30.11.2020
  • 0
  • 0
  • 1485
Бұл поэманы Ауған соғысында қыршынынан қиылған, әлі басына құлпытас қойылмай жатқан бауырларымның рухына арнаймын. Автор.
Бірінші бөлім
І
Әрең көрген жалғыз ұлы қамдануда сапарға,
Қуанышты баласы өсіп, қосылғанға қатарға.

Әйтсе де іші уылжыды, жылады кеп тынбастан,
Көз шарасы жасқа толып, әжім жүзін мұң басқан.

Шарасыздан егіледі, қос жанары боталап,
– Жолың ұзақ, жаным менің, саған берер батам ақ!

Кемпірінен өтінді шал: «Жаман ырым бастама,
Жасыңды ти, алыс жолға аттанбақшы жас бала!

Ел іргесі аман болса, екі жылың қазір-ақ,
Сағынарсың жаманыңды уайымдап азырақ...»

Дәл осы сәт келіп қалды жолдастары Қабылдың,
Барлығы да төлдері еді асыр салған ауылдың.

Топ баланың ішіндегі Қайрат қоса аттанбақ,
Екеуінің алдын орап, күрделі жол жатты аулақ.

Бірге жырақ жол шекпекші, тәлей солай жазылған,
– Сақтағайсың о, тәңірім, ұлдарымды жазымнан! –

деді дағы шеше байғұс, екеуін де өпті кеп,
Әкесі де құшақтады және айтылды көп тілек.

Қысқа уақыт аяқталды, келмейтұғын күрмеуге,
Қалды олардың жаны бірге, ажырасты құр кеуде.

Сап құраған өңшең жасты пойызға әкеп мінгізді,
Ана ойлады: «қауыштырар туар ма екен күн бізді?»

Қала берді перрон бойы шуға бөгіп, тынбаған,
Қимастарын шығарып сап, тұрған бәрі – мұңлы адам.

ІІ

Тартты эшелон шойын жолмен белестерді тілгілеп,
Қапырықты басты дағы бір серпілтті түнгі леп.

Гитар үні шығып жатты жыламсырап, зарығып,
Әрбір жанның кеудесінде шоқтай жанды нар үміт.

Ана жайлы кетті бір ән...
«Әке жыры «басталды,
Жатқа оқыды балаң жігіт «Дала» деген дастанды.

Махаббат та жырланды көп, сезімге бай салмақты,
Таң атқанша айтылмаған әуендер де қалмапты.

... Қабыл мұңлы, қойғаны әттең кірпіктері ілінбей,
Аяулысы елес болып, қолын созды күлімдей.

Кеше ғана тұр еді ғой Кенжегүлдің қасында,
«Күрделі екен өмір жолы тарам-тарам расында.

Енді қазір қандай күйде жүрсің, жаным, сүйіктім,
Алдымызда тосқауыл бар, түсінерсің, биік тым.

Жыладың кеп мені қимай – шарасыздық салдары,
Сыбдырлады сені уатып Көкөзектің талдары.

Еріндерің дір-дір етіп, жанарыңнан жас тамды,
Күздің сұрғылт қою бұлты торлап апты аспанды.

Сен де үнсізсің, мен де үнсізбін, жүрек – тілсіз ұғысқан,
Біраздан соң арайланып атты таң да шығыстан...»

Ойлай-ойлай көзін жұмды, тәтті ұйқыға беріліп,
Үлкен состав жүйткиді кеп,
Дала жатыр керіліп...

ІІІ

Бөліп алды жол үстінде жігіттерді іріктеп,
Тізгін тартты Теджен атты сән қалаға кіріп тек.

Сөйтіп, қатал – солдат өмір осы жерден басталды,
Көнбістікке баули берді албырт, нәзік жас жанды.

Күнде өтеді әскер ойын жігеріңді шыңдаған,
Жаттығудан, үйренуден жігіттер де тынбаған.

Ерлік атты отты сезім билеп алған сананы,
Туған жерге мүдуәр – жан, сағындырды самалы.

Міне бүгін хат келіпті ротаға ондаған,
Ата-анасы, дос-жараны, сүйгендері жолдаған.

Дәулетияр бірін алды аққұба өңі күлімдеп,
Қуанышты «мұны жазған Нүкіс жақтан інім» деп.

Сол бір кезде «Төлеуов!» деп дауыстады әлдекім,
Тастай қатып қалды Қабыл ішке тартып сәл демін.

Қайрат оған ұстатты әкеп көк конвертті шаттана,
Белгілі ғой, сағынышты басатұғын хат қана.

Апыл-ғұпыл ашты дағы оқи берді жан сала,
Зарығып та, тарығып та күтіп еді қаншама.

«Қабыл, – депті Кенжегүлі, – амансың ба?
Сағындым!..
Іздемейді аласұрып тым әсерлі шағын кім?

Сен кеткелі ұйқы да жоқ, көңілімде нала-мұң,
Шарасыздан қамығамын, кейде жылап аламын.

Күн санауға қорқамын-ау...
Жүрегім де базданған,
Қиял болды бір кездегі еркелігім назданған.

Бәрі-бәрі айғақ шығар, Қабыл, саған ау-жайым,
Апаң аман, атаң да сау: жүрмін біліп хал-жайын.

Алған болар күнде күтіп, бүгін сенен хат алғаш,
Қос қария байыз тауып, үйде бәлкім жата алмас.

Енді күнде хат жазамын сағынышты сейілтіп,
Зауқым да жоқ, ештемеге соқпай тұр ғой пейіл түк».

Оқып хатты бітті-дағы мұңға батты белшеден,
«Кім бақытын, кім қайғысын таразымен өлшеген?

Бәрі-бәрі өтпелі ғой бұл өмірде меніңше»,
Бұйрық келді осы сәтте: «Сапқа тұрсын бөлімше!»

IV

Карантин де тәмамдалды қиындықпен алысқан,
Қыңқ демеді өңшең сарбаз, күшті не бар намыстан.

Отан – Ана алдындағы ант қабылдап кеше олар,
Тың серпінмен сапта тұрды, ал қалғанын шешеді ар.

Қабыл менен Салаудиды қара суық өкпекте,
Аттандырды сержанттар дайындайтын мектепке.

Құшақтасып, қимастықпен қалды кейін Қайраттар,
Жауып тұрды сол бір күні қала үстінде жайлап қар.

Олар үстіп айырылды бес-алты айға жырақтап,
Үзілмеді жігіттерден сағынышты бірақ хат.

Апасы мен атасы да жазды сансыз мұңдарын,
Бір көруге ынтызар боп жүргендігін ұлдарын.

Әке айтыпты: «Жемдеп жүрмін торы атыңды – бабында,
Шабасың ғой көкпарларға өзің келген шағыңда.

Тірі тұрсам, қарғам сені, қалдырмаспын қатардан»,
Кәрі жанын міне осылай тербетіпті от-арман.

... Бітті уақыт, екі жігіт сержанттың шенінде.
Қатар тұрып, нық басады – үміт пенен сенімге.

Тіпті ысталып, оралды олар достарына алыстан,
Құшақтасып төс қағысты, амандықпен табысқан.

Сағынысқан көңілдерде жүздескенде толмай ма ән?
Әйтсе-дағы алдарында күтуде еді жол, майдан.

Екінші бөлім

«... Сені ойламай әсте бір кез жүре алатын емеспін,
Күндіз-түні ішіндемін алдамшы бір елестің.

Міне, бес ай – көрмегелі, сан-салалы күй кештім,
Құлазыған көңілімді аулай да алмас үйде ешкім.

Енді қашан жүрмексіңдер сұрапылға, қырғынға?
Мені тастап кетпекпісің бір жолата құрдымға?!

Өтінемін, айта көрме атаң менен апаңа,
Оларды да салып қойма мені салған қапаңа!

Сол білмеген күйі қалсын ештемені ойламай,
Бейбіт күні мына өмірдің қырқыстырып қойғаны-ай!..

Тітіркенем елестетіп, сұрқия бір шақтарды,
Қайта-қайта оқи берем сенен келген хаттарды.

Суретіңнен көз алмаймын ескерткішке қалдырған,
Керек десең бір сен үшін кеудемдегі жан құрбан.

Қайтсем екен, дәрменсізбін, қалай саған жетемін?
Өзің жоқта ойнап-күлу, биге бару не теңім?..»

Кенжегүлдің хатынан, 1979 жыл, наурыз.

І

Түркіменнің жері қандай: бақта бұлбұл сайраған,
Бірақ, бірақ артта қалды тамылжыған қайран ән.

Көктем айы.
Солдаттарды әрбір жаққа таратты,
Сонда естіген Қабылдар да Шинданд пен Герадты.

Алып жүрді он жігітті Ашхабатқа қайтадан,
Жайлы пойыз маужырата, балбырата шайқаған.

Келген күннің сәресінен аттандырды Ауғанға,
Аяқ асты тауып бердің пенделерге жауды, Алла.

Сөйлесуге зауық та жоқ, әркім оймен әр бөлек,
Мұңға батқан сана менен сезімдерді әурелеп.

Ұзақ самғап, ұшақпенен шұғыладан ары асты,
Қонды келіп «нән» Герадқа Шиндандқа қарасты.

Соғып тұрды аңызақ жел – жан төзбейтін күшті леп,
Барлығы да барлаушылар взводына түсті кеп.

... Ротаның командирі айбатты екен, қатал шын,
Оның отты көздеріне кім қарауға бата алсын?

Гвардия капитаны, Тимофеев – ныспысы,
Армияда жарасымды командирдің сұстысы.

Тағы біреу отыр еді оң жағында сом біткен,
Берсе керек жауға соққы ерлікпенен, шоңдықпен.

Жанарынан байқалады ұшқындары ізгі оттың,
Соны нұсқап, деді оларға: «Командирі взводтың –

Лейтенант Казадаев, қан майданда шыңдалған,
Талай-талай қиындарда бекеттер мен шыңды алған.

Сендерді де ер жүрек қып шығарады, анық тым,
Кір келтірме, қырандарым, ұжданына халықтың.

Қайсарланды балғын жүрек – жалынды ұран дем берген,
Шыдатпады намыс шіркін жасықтықты өңгерген.

Бірақ ешкім үндемеді, әдептіктен аспады,
Капитанның әлгі сөзі ойландырып тастады.

ІІ

Жүрек шым-шым шаншиды қансыраған,
Мұнда пенде табылмас хал сұраған.
Қыздың күні құрысын әскердегі –
Ар-иман жоқ, ибаға – қарсы ғалам.

Қайдан ғана тап болған?
Аңырады,
Қайғы-шерден қайткенде арылады?
Он тоғызға жетпей-ақ ойрандалды,
Бойындағы ең қымбат бары, бағы.

Болашағы – бұлыңғыр, тұманданды,
Өміріне жалғасар ылаң мәңгі.
Қардай әппақ арына дақ түсіріп,
Жібек жаны күн сайын шұбарланды.

Бейшараны алқымдап сор қамады,
Бірде-біреу пана боп, қорғамады.
Бәрінен де батқаны шымбайына –
Кім-көрінген намысын қорлағаны.

Әкесіндей жандар бар арасында,
Құлқын кепсе ұятыңа қарасын ба?
Ындынының құлы ғой, есеп бермес,
Баласың ба... ақсың ба, қарасың ба?

Тоят табар тек сенен құмар басып,
Адамдықтан тым алшақ, тұрар қашық.
Шекпені бар, шені бар...
Осыны ойлап,
Наташа қыз сезіммен жүр арбасып.

Жүр арбасып,
Арына тұншығады,
Аянышты жалғыз қап сыңсығаны.
Көздің жасын көл-көсір жұтып тұрып,
Күшіктей боп адасқан қыңсылады.

Күйік-құса кеудесін жандырады,
Көз ілмейді, кей сәтке таңға ұрады.
Қара батпан қайғының қалқасынан,
Санасында сәби кез жаңғырады.

«ППЖ*»-ның міне, енді, салдамасы,
Төзбейтұғын шекті азап жан баласы.
Парша-парша – жүрегі, көңілі – лас,
«Енді қайтып пәк сенім алдамашы...»

Көрінген-ді армия қызық-ақ тым,
«...Ақ сезімнің моншағын үзіп аппын».
Абыройды айрандай төгіп тастап,
Бетін қырын бұрғаны сызыла ақ түн.

Содан бері байқұста қайғы басым,
Ойлауға да арланды айнымасын.
Әр білеуіт әкетер дөкірленіп,
Аялауды білмейді жәй, жүдә шын.

*1941-ші жылдардағы соғыс кезінде кеңес армиясында бейресми «Полевая походная жена» («ППЖ») деген әйелдерден ғана тұратын құрама болған. Олар аға офицерлерге «жұбайлық» қызмет жасаған. Ауғанстанда да мұндай құрамалар болған еді.


Жезөкшенің мынадан жөні бөлек,
Бас салмайды ешкім де еміне кеп.
Қалауымен барады кімге болсын,
Жатқан болса, онда да, көңілі елеп.

...Сағынбайды ешкімді,
Сағына алмас,
Мұңын айтып біреуге шағына алмас.
Қара түнек орнаған кеудесіне,
Сындырғанда сұмпайың сағын алғаш.

Мұңы осындай фельдшер қыз Наташаның,
Көргің келмес сорлының қапа шағын.
...Жарғысы бар әскердің шатаспайтын,
Шатаспайтын болса да шатасамын.

ІІІ

Тас жол. Көпір – тіршіліктің тамырындай соғатын,
Барлаушылар күндіз-түні жиегінде болатын.

Тынбайтұғын калонналар тамақ-тағам тасыған,
Жабылатын «дұшмандар» көзін тігіп осыған.

Қапы қалып қалт жіберсең, назарыңнан шамалы,
Жырынды жау – жар астында, жанын-тәнін салады.

Бірақ, бірақ жауынгерге қапы қалу тән емес,
Түн тынышы бұзылмады, беріп қалған таң елес.

Кенет Қабыл көзі шалды жат біреудің бұққанын,
Бағып қимыл тұрды біраз түсіне алмай түк мәнін.

Жалғыз емес көп екенін және тағы аңдаған,
Содан кейін хабарлады бас штабқа жалма-жан.

– Тез жетеміз, аянбаңдар! – деді шұғыл бұйырып,
Оқ атылды осы сәтте үрейіңді үйіріп.

Үшеу еді: Тұңғатхан мен Ильхам-тұғын жанында,
Танытпады әлжуаздық сыналатын шағында.


Тұңғатханның атқан оғы құтқармады дұшпанды,
Қырғыз жігіт ызбар шашып, қаһарлана сұстанды.

Ильхам болса тістеніп ап, нысанасын жайпады,
Мерген-тұғын: РПК-мен жауыздарды жайқады.

Ал Қабылдың қолындағы автоматтың үні тың,
Қимылдайды өте ширақ, өршелене жігітің.

Қабағы да қабарыпты, балаң жүзін түк басқан,
Лақтырады гранатын есерлерге ықпастан.

Әйтсе-дағы жолға таяп қалды дұшпан, қыңбады,
Жойғанменен қайшалысқан өлермендер тынбады.

Төне түсті үшеуіне тым жақындап, анталап,
– Бітпейді екен мыналарың, – деді Ильхам, – зәнталақ!

Ерлік сезім байқалады көздерінен жалынды,
Тартынатын емес тіпті, қара терге малынды.

Гранатын белден шешіп шіреніп кеп атты алға,
Сұмпайының тағы бірі жетіп қапты қапталға.

Әп сәтте оны Тұңғатханың тайсалмастан күл етті,
Бірақ әттең, дұшпан оғы жаралады білекті.

Қалды отырып ауырсынып, ұзақ емес сәл ғана,
Аласұра түсті сұмдар осыны да малдана.

Ашу кернеп кетті жанын ашынғаннан Қабылдың,
Ішінде жүр арпалысып қара түнек жалынның.

Содан кейін ширықты шын жанын сала қарманып,
Жата алмады Тұңғатхан да жер дөңбекшіп, зарланып.

Автоматын қолына алды, зығырданы қайнаған,
Қан сауғалап аға берді білегінен байлаған.

Ұрысты үшеу жан таласа құшырланып, қайтадан,
Сан жарылыс болып өтті жердің бетін шайқаған.

Барын салып, жігерменен батылдығын ұштаған...
Жау қалмады мергендерден қара жерді құшпаған.

Үш батыр да тұрды дел-сал, өне бойын тер басқан,
Сонда барып байқаған-ды, қалпында екен жер де аспан.

Тек будақтап қою түтін, жол жиегі шаңытқан,
Барқынданып атып келе жатқан-тұғын тамұқ таң.

Осы кезде жеткен еді көп кешігіп көмек тым,
Қажеті жоқ мұндай шақта салдар менен себептің.

Казадаев құшақтады туысынан кем көрмей,
– Бақыттымын, қырандарым бар екен ғой сендердей.

Солдаттар да жауып кетті үшеуіне анталап,
Достық неткен күштісің сен, бұза алмайсың балталап.

Сұрап жатыр: «Амансың ба, ауырмай ма еш жерің?
Қысылғанда сасқалақтап, шыққан шығар естерің?»

Белгісіндей салып берген мәңгілікке бұл таңның,
Удай ашып шыдатпады жауырыны Ильхамның.

Көріп еді: снарядтың жарықшағы жабысқан,
Бұхара ұлы елемепті ет қызу мен намыстан.

Енді, міне, жанын қинап, төздірмейді жарасы,
Жасқа тұнып, мөлдірейді көздерінің шарасы.

Аттандырды тым асығыс үшеуін көп ұстамай,
Айтса айтқандай дұшпандарда болған-тұғын күш талай.

Пулеметтен – алтау екен, ал адамы – қырық бес,
Үлкен қол ғой тайсалмайтын, көнбейтұғын ырыққа еш.

Басын шайқап таңданады лейтенант тамсана,
– Үшеуіне қарсы келген сұрқиялар қаншама...

IV

Қызыл іңір, мұңлы кеш шағылдағы,
Беймаза штаб бір сәтке дамылдады.
Қоюланып келеді қара түнек,
Қара кісі жүр онда залым жаны.

Біліп соны Наташа ышқынады,
Ойлап кетсе қарадай қыстығады.
Сүле-сапа күй кешті сүлеленген,
Жағдайы бұл күнде мүшкіл, әні.

Тоқылдады есігі шошындырып,
Екі солдат келгені тосын кіріп.
– Шақырады, командир!
Өзеуреді,
Осылардың қолында сосынғы ырық.

– Бара алмаймын, – тіл қатты булыға тым,
– Асып жатыр бойынан қулығы ә, тым?..
– Қылымсисың сен неге қыздай-ақ бір,
Горнизонға әйгілі шулы қатын!

Ерік берді жасына шара қалмай,
Екі нойыс тепсінді қарағайдай.
Жұлмалады қолынан, күш көрсетіп,
Қыз-қыз қайнап көкірек барады алла-ай.

– Ақымақсың, – бірі ақыл бастады айта,
– Жете алмай жүр мұндайға басқа қайта.
Басқа қонған бағың ғой – үлкен кісі,
Балалықты, қымбаттым, таста, байқа.

– Дұрыс ұғын, – қоштады қасындағы,
– Бүгінгі түн – бағыңның ашылмағы.
Тартынуың бекер-ақ, қапы қалма,
Басыңа орнар әлемнің жасыл бағы.

Бума-бума қолыңа чек береді,
Арманыңның гүлдейді көк терегі.
Туған жерге барған соң малынарсың,
Кім жалғанда байлықты жек көреді.

Жирендірді сөздері малғұндардың,
– Талай жерге елпілдеп бардым, нандым...
Жоғалғанын көрдім ғой үшті-күйлі,
Бұл өмірден мәңгілік ардың, мәннің...

Мен өзімді жерлегем...
Бара алмаспын,
Талай мазақ етті ғой қара албастың.
Тәнімді ойыншық бұлайша жасатпаймын,
Уысында ниеті – қараң, мастың.

Бұған құлақ асатын солдат бар ма?
Қойғаннан соң жемсауын қандап қарға.
Бірді түйіп желкеден сүйреледі,
Қыздың сөзі жетпеді жалдаптарға.

... Қара құзғын отырды ызбарланып,
Жемтігіндей көреді қыздарды анық.
Жендеттері лып етіп жөней берді,
Ал Наташа мөлиді сызға арбалып.

Аярланып жымиды маңғаздана,
– Ойнап-күліп жаталық таңға аз ғана.
Неткен сұлу едің сен! – Тамсанды анау,
– Ғашық білем, сыртыңнан сан бозбала.

Түсетінін сезді қыз гүжбан құрық,
– Тек осы үшін келдік пе біз қаңғырып?..
Жолдас майор, нәпсіңе тежеу салғын,
Жүздескенде жүрмелік жүз жандырып.

Жимады айыл сабазың, қарқылдады,
Еңгезердей өзі де нар тұлғалы.
– Ертең бәлкім оққа ұшып, жер құшармыз,
Ештемені көрмедік жартымды әлі.

Бекер-бекер, сенің бұл сандырағың,
Ойлап қарық қылдыңдар арды бәрің.
Сөз сөйлейсің тәлімсіп, ол әшейін –
Әйелге тән әлгі айла-шарғыларың.

Қылымсыма!.. – Ышқына жақындады,
– Сен де солдат – армия сапындағы!
Орындайсың бұйрықты! Ал, әйтпесе –
Қаматамын! –
Сорлыны тақымдады.

Бұдан әрі сөз сөйлеп шаршамады,
Кәрі қорқау жемтігін паршалады.
Омырауы жұлынды оңбай-ақ бір,
Күйкентайдай қорғансыз, зар салады.

Шыр-шыр етіп жүрегі бұлқынады,
Таппады ешкім жанының құлпын әлі.
Шөккен бура секілді тұра берді,
Қасіреттің қаптатып бұлтын, әні.

Қапысызда жағына шапалақты,
Жанып өтті,
Кеудеде қапа қатты.
Малғұн бетін ұстады көн жамаған,
Көпе-көрнеу қорлаған махаббатты.

Қабақта – ызғар, сұп-сұр боп тістенеді,
Қыз басына бір қатер түскен еді.
Шаштан бұрап ұстады: командир ғой,
Неғылса да қолынан күш келеді.

Соқты апарып маңдайын қабырғаға,
Елемеді білеуіт тәңірді ана.
Адам емес жатқандай жыртқышты ұрып,
Шақыратын жан жоқ қой сабырға да.

Аямады, азғының, сілкіледі,
Қыздың жасын көрмеді түн түнегі.
Талды құлап,
Сол шақта есі болса,
Қол салуы өзіне мүмкін еді.

V

Әкеткен-тін госпитальға Тұңғатхан мен Ильхамды,
Қызыл жалқын нұрға батқан бұйра-бұйра құм таңғы.

Тұңғатханның кескен екен оң жақ қолын қарынан,
«Уы күшті» деп айтады қорғасынның дарыған.

Ал Ильхамның жауырыны зардап шеккен кесектен,
Операция жасалыпты, тұра алмайды төсектен.

Осыны ойлап сегізі де сарсаң ойға салынған,
Өзектері – өрт, жүректері нала-мұңға малынған.

Кетті сосын шұғыл бәрі, қызметтің бабы да,
Тосып тұрған болатұғын түнгі күзет тағы да.

Әдеттегі қызмет қой, Серов мүлде алаңсыз,
Мелшиген бір меңіреу түн – тіл қатпайды.
Дала – үнсіз.

Құрылдайды құрбақалар,
Сылқым самал сыңсыған,
Қағаберіс қалмайды ғой әр тосын үн тыңшыдан.

Баяғыдай бәрі тыныш, түн ортасы бел алған,
Соғып тұрды жанға жайлы қоңыр салқын жел алдан.

Қытықтады,
Тұла бойды иітіп ап, жайлаған,
Салатынын сездірмеді есірік жел байбалам.

Аңғарттықпен аңдамады, дәл Серовтың тұсынан,
Шықты біреу.
Үрей қашар қатуланған сұсынан.

– Тоқта! – деді, – бөгде дауыс. Баяу, бірақ зілменен,
Осы сәтте-ақ шикіл сары не болғанын білмеген.

Үрейі ұшып, естен танды: айла-шарғы жасамай,
Буында әл жоқ, дірілдеді, аяқтарын басамай.

– Таста жерге, қаруыңды!
Ал, қозғалсаң – атамын! –
Дегеніне жетіп жатыр күркіреген қатал үн.

Мылтығының оғын алып, қайта ұстатты енді оған,
– Серігіңді ұр, бар-дағы сен...
Уақыт жоқ, оңбаған!

Артық қимыл жасай қалсаң – бір-ақ оғым жалынсын,
Белгілі ғой арғы жағы, судай ағар қаның шын!

Екі оттың қап ортасында, Серов кешті сергелдең,
Жаны тәтті боп көрінді тайталасып көргенмен.

Сосын кетті жымып басып, арамдықпен қанқұйлы,
Сүреңсіз түн түк сезбестен – ұйқы сұрап, қалғиды.

– Кеп қалдың ба, Леонид сен? – деп, күліп тұрған
Қайратты,
Қайқайтты да қос қолдап ол тұрған жерде жайратты.

Сылқ етті де құлап түсті, бұндай істі күтпеген,
Ал дұшпаның қуанышты, жетті ойына діттеген.

Екеуін де байлады олар,
Қарақшылар көбейген,
Ауыздарын бітеген-тын, үн шықпайды көмейден.

Әлдеқашан үлестірген қаруларын саудалап,
Енді сұмдар бұзып жатыр қойма есігін қаумалап.

Осы кезде Салауди бір секемденген дыбыстан,
Төніп келсе, қараңдайды бәз біреулер қуыстан.

Суық жүріс...
Жігіттер жоқ – аң-таң қалып, аңырды,
Бағып біраз тұрды үн-түнсіз бейсауаттау дабырды.

«Мынау дұшпан, – дейді өзіне, – оным анық сезем мен»,
Көп бөгелмей жат жандарға автоматын кезенген...

Мылтық үні тым көбейді, қызу ұрыс басталған,
Аяқ асты қойма атылды жап-жарық боп тас-талқан.

Жер толқыны лақтырды кеп Салаудиды аспанға,
Әлгі сұмдар жарып кетті кейін қарай қашқанда.

Дәулетияр опат болды шарпуынан жалынның,
Бәрі-бәрі кесірі ғой ез Серовтың, залымның.

Дабыл қақты батальон да ізге түсті, жатпады,
Әйтсе-дағы қорқауларды ешбір жерден таппады.



Көрдей суық камера тұншықтырды,
Жанарында бейбақтың мұң, шық тұрды.
Бөздей тозды бозарып, бола алмады,
Әрін бермей жүретін шымшық құрлы.

Тас еденде қайғы ішіп иленеді,
«Соғыста деп ойлайды үйде мені.
Балалықпен жасадым бір аңғырттық,
Содан былай ауызым күйген еді.

Қалай-қалай шаттығым шектеледі,
Өлім ғана тек маған жетпегені.
Өзім мұнда сұранып келіп едім,
Кетерімде анашым өкпеледі.

Сезген екен бейшара бірдемені,
Көрген екен қайғыны іргедегі.
Қаншама рет әппақ қар кірлемеді...
Ойлап кетсем қу тілім күрмеледі.

Қаңғыған оқ тимеді қалай ғана?
Артықпын ба өлгеннен талайғы ана?
Таңдайдан дәм кетті ғой, табаннан бүр,
Тәйкүшіктік танытып, малайлана.

Бұдан-дағы жақсы еді тұтқындалған,
Бұл өмірдің әлпетін ұқтым – жалған.
«Дұшпандарың» түк емес, жар астында,
Қойыпсыңдар шығарып мықтыңды алдан.

Мейірімі жоқ екен айналаның,
Ой-шұңқыры тым қалың айдаланың.
Көрінгеннің болдым ғой аяқ лауы,
Өкінемін, бармақты шайнағамын...»

Төсеніші: сыз еден, бүктеледі,
Өмірінен мұндай сый күтпеп еді.
Он бестегі сұлулық пен паңдықтан,
Белгі де жоқ, бір жола біткен еді.

VІІ

Тау басына шығып кетті, жан сауғалап ылаңдар,
Кірпі шашты басшысының көңілінде күмән бар.

– Келіп қалып жүрмесінші!
Қарауылға қойыңдар!
Айырықша бүгінгі ерлік – атап өтер жайым бар!

Шығарыңдар!
Не қалды анау тамақ пенен арақтан?
– Жеті литр спиртім бар, алып шыққан Фарахтан.

– Жеткіз мұнда! Не тұрыс бұл? Ал, бастаңдар думанды!
Қуанатын шаттана бір бақытты күн туған-ды.

Оқ-дәрілі қоймаларын күл еттік біз паршалап, –
Осы кезде келген-тұғын көбіктенген сар шарап.

Ұрттап қойып кірпі шашты қайта сөзін сабақтап:
– Түсірдік-ау екі тұтқын бөрілерше тамақтап.

Әйткенменен азда-ау, азда-ау үш-төртеуін самсатса,
Болар еді қаншама бақ, қанша дәулет, қанша ақша.

Кірпі шаштың көзі тұздай, таза қанды ағылшын,
Ауғандардың тағдыры мен хал-күйлерін нағылсын.

Топтап алып төңірегін улап жүрген ызғырық,
Екі жақты шабыстырса – сол мұраты – қыздырып.

Біраз қалды үнсіз-түнсіз өз-өзінен күйініп,
– Әкеліңдер әлгілерді! – деді сосын түйіліп.

Алып жетті алдына оның екеуін де шандылған,
Жәрдем етіп өзіне әлгі, тұрды түнгі – таң ғылған.

Сүзіле бір қарады оған, мысқылы анық байқалған,
Таусылған ба қулық сұмнан, әбден әккі сайқалдан.

– Сен жігітім, кереметсің...
Қатты ұнады – мәрттігің,
Шаршадың ба?
Демаласың.
Мә гавана, тарт күнім.

Күтпеп едім еш көмекті танымайтын бөтеннен,
Алтын басты ер екенсің, қандай құрмет етем мен!

Бұл сөзді естіп Серовыңның қан ойнады өңінде,
Сенбей тұр ол мынаған шын «түсім бе, әлде өңім бе?»

– Босатыңдар! – деді сосын жендеттерге әмірмен,
– Асыл туған ерлер үшін, таңғы нәсіп – тәңірден!

Қалды уқалап білектерін, екеуі де жіп батқан,
Жаны жайлау Леонид ездің жаңағы бір сұқбаттан.

Ал Қайраттың кең маңдайы – гүп боп іскен, қанталап,
Ызбар шашты серігіне: «арамсың сен, зәнталақ!»

Ойын бөліп ер Қайраттың кірпі шашты сөйледі,
Желбіреді жел лебімен шыттан тіккен көйлегі.

– Қане, достым, есімің кім?
Кел жаныма, жасыма!
Қонағымсың – бүгін менің, отырасың қасыма.

– Леонид, – деді қымсынбастан, бар кейпінде шаттану,
– Хенеки, – деп атаман да сөйлей түсті – бап табу.

– Міне – тамақ, міне – шарап.
Қымқырылма, қысылма,
Тартынбай-ақ алып жібер, біздің достық үшін, мә!

Ішті бәрі сылқита бір, Қайрат бірақ татпады,
Қыстамаққа зорлықпенен сұмпайылар қаптады.

– Тоқтаңдар! – деп, Хенеки қу жолын кесті көлденең,
Серовқа айтты сөзін арнап: «Ал сыйыңды сен менен!»

Мынау нағыз жан досың ғой, және бүгін – нысанаң,
Міне – мылтық, ат! Атып сал! Арылт мені құсадан.

«Мен» дегенің рас па осы, өт осылай сынақтан,
Адал болсаң маған шындап, шығарамын жұмақтан! –

Деді жауыз қулықпенен ешкімге де дес бермей,
Серов алды сұр мылтықты, жолдастықты ескермей.

Масаң жүзі нұрланыпты, бусаныпты шекесі,
Ардан нейбет, ештемеге жетер емес жетесі.

Қайрат сол сәт шыдамастан, ашынғаннан ышқынған,
– Ит екенсің, түк ұқпайтын ащы әжуа мысқылдан.

Ата ғой мә, тартынбашы, қимылдап қал, сілімтік,
Кеттің мүлде масқра-ә, туған елді түңілтіп.

Екі жүзді екеніңді сәл ертерек білмедім,
Адамдыққа жата ма осы, өзің айтшы – түндегің?!

Мылтық үні гүрс етті де, тау қайғыға бөленген...
– Иә-ә, достым, ірі екенсің, енді саған сенем мен.

Мә, мынаны алып қойшы, «құрметіме» қамықпа,
Құртам сенің көзіңді мен ес-ақылым анықта!


– Жә, Хенеки, – деді біреу, – сенікі тым астамдық,
– Жарамайды...
Жолдасына жасап кетті қастандық, –

деді атаман,
– Бізді сату – әлденеше жеңіл тым,
Бұған деген сенімім жоқ, бұған деген көңіл – түн!

Басып салды сосын ол да басқа сөзге келместен,
– Тірі жүрсе мынаған мен: ешқашан да сенбес те ем!..

VІІІ

Қуанды ана, шаттығы шалықтады,
Әп сәтте өшті санадан жабыққаны.
Наташасы келеді, пошташыдан:
Осы болды абдырап жаңа ұққаны.

Отыра алмай үйінде алағызды,
Қуаныштан көз жасын сан ағызды.
Екі жылдай есірік ішкендей боп,
Тосып еді таусылып Ана қызды.

Бұдан кейін уақыт жылжымады,
Қыжалатты көп көріп, қынжылады.
Нұры солып көзінің, әжім торлап,
Екі жылда шығыпты құн-жыны, әні.

Елегізді тысырға, құлазыды,
Иен үйде сенделді, мұң – азығы.
Кенже қызы келеді, бал-бұл жанып,
Жүгіріпті жүзіне шуақ ізі.

Болашағын қиялмен өрнектеді,
Тасты көңіл кеудесін кернеп, тегі.
Босағаға барады, бірде төрге,
Ең бақытты жан еді жер-көктегі.

Кенет есік қағылды,
Елпілдеді,
Асып-сасып баладай желпілдеді.
Ботасының дауысын таныды ана,
Ашып жатып, иіні селкілдеді.

Құшақтады қапсыра, аялады,
Мейірімнің осы еді сая бағы.
Құшып, өбіп шешесі өбектеді,
«Бүлдіршін, – деп ойлады, – баяғы әлі...»

ІХ

Маңызды бір қышылақты басып апты жау шығып,
Көрген емес қанішердің қастандығы таусылып.

Солай қарай аттанды олар індетпекке сұмдарды,
Асты талай түйсіз биік құздар менен шыңдарды.

Ойлануға мұрша да жоқ, келе сала киліккен,
Төпеледі тажал жалын бір-біріне шүйліккен.

Қара түнек,
Ойран болды аспан, дала астасып,
Аянбайды екі жақ та әбден біткен қастасып.

Бекініс те қатерлі тым, білу қиын нобайын,
Дұшмандарың қиратты кеп БТР-дің талайын.

Аштырмады адымды әсте – жолды кесіп, шегендеп,
Жіпсіз байлап тастағаны, қозы-лақтай көгендеп.

Алға жылжып жүре алмастан екі-үш сағат айналды,
Тимофеев жасаған-ды мынадай бір байламды:

– Анау белге қоныс тепкен гранатамет залымың,
Соның көзін құрту үшін бара алады кәне, кім?

Жел соғады құбыладан сәл-пәл ғана болымсыз,
Толқулар бар көңілдерде, мелшиеді қол үнсіз.

– Мен! – деп шықты Қабыл алға, тайсалмайтын пошыммен!
Салауди да «Бірге барам, – деді сосын, – досыммен!»

Шешен еді өр қазақтың топырағы жаратқан,
Ерлігімен гарнизонды бір өзіне қаратқан.

... Ысқырынған қорғасын оқ, үрей менен сұсты алған,
Тартты екеуі жер бауырлап, бағытына ұстанған.

Ақ шағылды тіліп өтіп, өрмеледі ширақ тым,
Салмақ түспей, бір құдайы беріп қалды сирақтың.

Сиыр таңдай ып-ыстық құм, көкіректі қарыған,
«Залалы мен зияны көп, жоғы жақсы ед барынан».

Қалды, міне, межеге де қарыс сүйем – шағын жер,
Мертіктірді Салаудиды, опат болды жалынды ер.

Ақтарылды ішек-қарын, тек кеудеде жаны бар,
Салауди жоқ ойлап оны қылаудай бір тарынар.

– Жүре бер, – деп қиылады, – тірі жатсам – селбесем,
Ырза емеспін, Қабыл саған, дұшпаныңды жеңбесең.

Өтінемін, қалды бәрі үміттеніп тек бізден,
Өкпелімін тағдырыма маған азап шеккізген.

Құрт ананы, көзін жойшы, алапаттың, дүлейдің,
Саған ерлік, қайсарлық пен ұлы жеңіс тілеймін!..

Көзін жұмды осылай ол, ақыретке аттанған,
Төпеледі дұшпан оғы тіпті күшті қапталдан.

Басын құшып жылап Қабыл баса алмады солығын,
Шығарды өстіп көкіректе қатып қалған долығын.

Содан кейін құр сүлдері сүйретілді тырбанып,
Жымып басып келе жатыр жау оғынан ұрланып.

Дегенменен құтқармады, сол жамбасты қан етті,
Жан қиналды, көресіні көрді небір әлекті.

Бұл қорлыққа кетті тіпті намыстанып, арланып,
Тоқталмады бір сәтке де жылжи берді қарманып.

Таяу қалды апан оған үңірейген, сұстанған,
Белден шешіп гранатын оң қолына ұстанған.

Ұрымтал бір қапысында тайынбастан лақтырды,
Жынын шашқан алпауытты ерлікпенен сап қылды.

Әттең бірақ, қаңғыған оқ орып түсті тамақтан,
Жұлындай боп ұшты қыран, қолқасынан қан аққан.

Тұрмақшы еді – тұра алмады, өршеленді талпынып,
Құри берді әл-дәрмені, басы айналды алқынып.

Уралаған дауыс жетті құлағына талып тым,
«Бақыттымын, шыға білдім сенімінен халықтың!»

Осыны ойлап ақырғы рет риясыз шаттанған,
«Бұл жатысым жарамайды, тұрам қазір, тоқталман».

Әлденеше бұлқынды да...
Қос қанатын қомданған,
Бірақ оған қауқар қайда, құр көкірек долданған.

Осы кезде елестеді Кенжегүлдің келбеті,
Алтын нұрға бөленіпті кереметтей жер беті.

«Жаным» деді қолын созып, желге етегі желбіреп,
Көздерінде мейірім мол, жан-тәнімен елжіреп.

... Жантәсілім бұлқынады,
Жиырылады денесі,
Тасты тырнап сөгілген-ді тырнағының көбесі.

Сезер емес ештеңені,
дірілдейді қалтырап,
Әлсіз ғана соғады кеп,
балғын жүрек қансырап.

Жалмауыз құм, жұтып жатыр аққан қанды тамсана,
Тояр емес, талайлардың қанын ішіп алса да.

Бүлк етпейді безірейіп, қайтар емес жыланы,
Шағыл құшып қаза тапты қаншама елдің ұланы.

Қаны түгіл, адамды да жұтып алар обыр – құм,
Жемсауы үлкен – жалмай берсе – қуанады соғұрлым.

Есін жиды қайтадан ол: «Өмір неткен тәтті едің?
Енді ғана бүр жаратын үлпілдеген шақта едім.

О, Туған жер, құшағыңды аш, соңғы арманым сол ғана,
Жатырсың ба зарымды естіп тебіреніп, толғана».

Осы сәтте үзілген-ді ой, нұры сөнген жанардың,
Таусылса әттең көрер жарық, сұм ажалдан танар кім?

Сәуірдегі солған гүлдей, қауыз жармай өлгенмен,
Ашық қалды өткір көзі – өтіп кетер өңменнен.

Х

Асқақтады шешесі,
Алшаңдады,
Баласының ерлігі: тамсанғаны.
Көрсетеді кителін:
– Мынау, орден!
Медальдардың жетеді сан-сан қабы.

Қызым менің шайқасқан залымдармен,
Жеңе алмаған жауыздар жабылғанмен.
Ауғанстан – қатерлі, оқ бораған,
Аты шыққан жарылыс, жалындармен...

Көршілерге осылай масаттанар,
– Сен екенсің көзіңнің жасы ақталар!.. –
деп қояды жамырай кәрі-құртаң,
...Соғыс бетін көргендер «жасап» қалар.

Наташаны қинады мұның бәрі,
Жұлдыз – куә, кеш батса жымыңдады.
Мазақ қылған қайдағы...
Ондай ерлік,
Жасаған жоқ Ауғанның құмында әрі.

Ауған жайы жүрегін жаныштады,
Қара күнә жадында алыстағы.
Бұл жасаған «ерліктер» басқа мүлдем,
Анасының сөзімен қабыспады.

Бейшараны аяды, шара бар ма?..
Талап жеді арманын қара қарға.
Шын мүсіркей қарайды,
Ауған жаққа –
Қызы кеткен шартпенен аналарға.

Көк өзегі қайғыдан қыжылдады,
Пәк сезімнің батады бұзылғаны.
«Неге оққа ұшпай қалды екем аман-есен,
Жүрегімнің шашылмай қызыл қаны...»

Ызыңдады жаман ой – мұжылғаны.

ХІ

«Көкөзектің» көк аспанын қайғы бұлты торлаған,
Аңырайды екі бейбақ бейбіт күнде сорлаған.

Ауыл түгел еңіреген, тебіренген – мұң батпан,
Азан-қазан жылауменен, жоқтауменен күн батқан.

Түніменен тынбады бір жан толқытқан азалы үн,
Тартып жатыр ата-анасы қасіреттің азабын.

Құр табытты құшақтап ап, «Құлыным!» деп құлаған,
Ана-жүрек езілген-ді, Ана шіркін ұлы адам.

Көргісі бар өлсе-дағы, жалғызының денесін,
Офицерден жоқ ұлықсат, шеше байқұс не десін.

Әкесі де селкілдеді сіңіріне ілінген,
– Айырылдым қапияда боташымнан, күнімнен.

Тірі өлікпін, шермендемін, кеудемде құр жаным бар,
Оны алғанша, соқыр құдай, мені қазір алыңдар.

Жүріп едім шаттық кернеп, «үш ай қалды, келед» деп,
Шешесі де қуанатын ұлын күтіп, өбектеп.

Ұшығына жетпедім-ау үміт пенен тілектің,
О, сұм өмір, сормаңдайсың, арманымды күл еттің.

... Таң да атыпты түнеріп ап, әр нұрында бір тал мұң,
Түз ажарын шер басқан-ды, сүреңі жоқ қыр, талдың.

Түстен кейін алып жүрді халық түгел жерлеуге,
Сапарының осы соңы – жерге енбекші өр кеуде.

Қоштасты ана қақпасында, таусыла ма зар-мұңы,
Басу айтты жабыла кеп кейуанаға барлығы.

Қардай әппақ шашын жайып, егіледі талықсып,
Жүзін жуды жанарынан толастамай тамып шық.

Сай-сүйекті сырқыратар – аянышты мына ара,
Аза бойың қаза болар, қасіретті сұрама.

... Жаңа мүрде, жап-жас жігіт
жас топырақ үйілген...
– Балам, – деді кәрі әкесі тірлігіне күйінген.

Алты тарам ыстық жасы сақалынан тамып тұр,
Жаны езіле қарап жатты,
Күңіреніп алып қыр.

Қабырғасы түгесіліп, қияс мұңға көмілген,
Өшер емес Қабылының айдай жүзі көңілден.

– Балам, – деді кемсеңдеп шал,
Қайта сөзін жалғаған,
– Келешегің алда еді ғой,
Қиялым ең – самғаған.

Тұғырыңнан ұштың ерте,
Шара бар ма, не етемін?
Жасқа толып кете беред, сені ойласам – етегім.

Қош бол енді, құлыным-ау!..
Құлай берді дірілдеп,
Ұстай алды қасындағы тұрғандардың бірі кеп.

Солай бәрі бейіт жақтан қайтты ауылға жабырқау,
Бақұлдасып ұлыменен мұңаяды қоңыр тау...

Жетті ұрланып Кенжегүл де бағып тұрған осыны,
Екі көзі бұлаудай боп, жүдеу тартқан пошымы.

Айдай нұрлы пәк жүзінен рең қашқан сұрланып,
Кірпіктерін шарасыздан бұлау жасқа тұр малып.

Жылай берді, баса алатын көрінбейді солығын,
Алу-далу жайған шашы жасырады тобығын.

«Кім кінәлі?»
Жауап таппай сауалына дағдарған,
Бәз біреулер жолын кесіп, жаңылдырды бағдардан.

Құлай құшты Қабылының жас қабірін сансырап,
Топыраққа сіңіп жатты көзден жасы тамшылап.

– Қыршын кеттің...
Кімнен жетті сұм ажалың, боздағым?
Сыңары жоқ мен бір бота,
Өзіңді іздеп боздадым.

Ал, күңірен, сайын далам,
Үніңді естіп тынба құр,
Ұландарың оққа ұшуда –
Сенен басқа кімге ауыр?

Кімге қорған бола аламыз,
Батырлыққа кенде ме ең?
Тапжылмастан тұра алмасақ,
Зұлымдыққа көлденең.

Кімді сөгіп,
Ал кімдерді ар сотына тартамыз?
Болар ісі болып қояр,
Жүрген кезде қорқа біз.

Тоқтататын пенде бар ма,
Бұл соғыстың дабылын!
Жер жастанды небір жандар,
Және менің Қабылым.

Бірақ, бірақ махаббатым өшпек емес –
Мәңгілік,
Атар бәлки менен кейін
Басқаларға таң күліп...

Жұбатпады ешкім де оны,
Қорым жатты түнеріп,
Екі ғашық табысқан-ды:
Бірі – тірі, бірі – өлік...

ЭПИЛОГ

«Экономикалық жағынан әлсіз қырғыздар (қазақтар) – марксистер көзқарасы бойынша бәрібір қырылып, тынуға тиіс. Сондықтан революция үшін қаржыны аштықпен күреске рәсуә еткенше, майдандарға көмекке жұмсаған дұрыс...». Тоболин.

Түркістандағы Қазан төңкерісінің белгілі басшыларының бірі, Түркістан Орталық атқару комитетінің мәжілісінде сөйлеген сөзінен. (Газеттен).

Құрамында ортаазиялық халықтардың даңқты ұлдары... болған Панфилов двизиясы арқасында Мәскеу мызғымай қалды. Уильям М.Мандел, Американдық ғалым.

Он жылға тақау Ауғанстанда большевизмнің арам пиғылынан тұтанған сұрапыл қан төгісте де ортаазиялық халықтардың өрімдей жастары қияпат қаһармандық көрсетті әрі оңбай қырылды да. Бұл – түркі тектес тегі бір ұлттардың әдейі санын азайтуды көксеген «Мәскеулік саясаттың» бір ұштығы шығар. Тіпті, тереңірек бойлай қарасаң, сұрқия пиғылдың соқтасы әріде жатыр, көздегендері – мұсылмандардың басын мұсылмандарға шапқызу. Автор.

Сексеуілдер тарбиған, тарамданған,
Құмды қыстақ үрейлі – қараң қалған.
Бір кездегі елі жоқ,
Шаруасы –
Кәпірлердің ниеті арамданған.

Мылтық үні өшкендей гүрсілдеген,
Тітіркеніп кетеді құрсын денең.
Моласыз қап мүрделер еті ағыпты,
Бір пендені көрмедім күрсінбеген.

Аяқ-қолдар ақ сөңке көмілмеген,
Осы екен ғой «қайғылы өлім» деген.
Бас сүйегі адамның ызылдайды...
Сырласқаны, тәңірім, желіңменен.

Бұл – тағдырға мойынын ұсынғандар,
Қайтты кейін от жағып, ұшынғандар.
Сүйек көрсе кетпейтін сырт айналып,
Құран оқып жерледі мұсылмандар.

Кәпірің бе, басқаң ба – қарамайды,
Қабырғасын сөгеді қара қайғы.
Олар үшін мәйіттің бәрі – аруақ,
Көріп тұрып көмбеген жарамайды.

Қаба сақал бір шалы селкілдеді,
Нұрсыз жанар сорамен мөлтілдеді.
Сұрқы қандай сүлкиген аянышты,
Диуананың шарасыз кейпіндегі.

Бағы тайған,
Бақыттан – құралақан,
Өміріне қалмаймыз сірә да таң.
Біз жақта да аңырап жұма сайын,
Бағыштайды ұлына құран атам.

Кеңейтпеді сұм тағдыр керегесін,
Ойға түсіп тандырды нелер есін.
Күйін тартпай тойында,
Күйік тартты,
Қартаймады ойнатып немересін.

Қиял кешіп күн ұзақ сабылады,
Миы мұңнан талықсып, шағылады.
«Жер серігі» секілді оралмайтын,
Үйге қайтып келмеді ақ лағы.

Саясаттың санасы бұзық анық,
Емексітсе жүріппіз біз уанып.
Жамандадық шетелдік «шикілікті»,
Қызыл сөзге Мәскеулік қызып алып.

Салды балын таңдайға ауызды уып,
Жымысқылар жасаған жауыздылық.
Оққа тосты кеудесін түркі текті –
Тағдырына бір елдің – қауыз ғылып.

Сырттан бағып, сайқалдар, қыбың қанған,
Артық не бар жалғанда шыбын жаннан.
Қысқалығы ғұмырдың –
Көз жасы ғой,
Еш күнәсіз жандардың сығымдалған.

Бір бұзылған ұяның шырқы қашты,
Телім-телім Ауғанның жұрты қашты.
Қолдан келсе, қолдады ара-тұра,
Алты алаштың баласы жыртық, ашты.

Қаһарлы жау жеңілді,
Шегінді артқа,
Сызат түскен секілді Сенім қартқа.

Дұшпан емес екі жақ...
Мұхаметтің,
Үмбетіне, туысқан, кегіңді артпа.

Шағып алып аңдаусыз қалақайдай,
Бүліндірді біздерді алатайдай.
Шегінді артқа со беті,
Бойын тартып,
Біз қуандық шалықтап, алақайлай.

Бас хатшысы көп еді,
Ерегескен,
Шықпайтұғын кезең бар ерек естен.
Аңғалдықпен түскенше уысына,
Көк бөрі едік қырдағы, сері емес пе ем?

Көсемінің сақалы, мұрты қызық,
Балпылдады біреуі ұрты қызып.
Империя күйреді қызыл басты,
Тозған айыл секілді бырт үзіліп.

Әлі бірақ сұсы бар, қабарады,
Қайнап жүрген секілді қара қаны.
Екі араның осалдау тұсын біліп,
Жан-жүйкені қаншама жаралады.

Жеңдік біздер – түземдік, жеңілмедік,
Қатпар-қатпар бар әлі көңілде дық.
«Бостандық!» деп, қан төктік,
Теңдік үшін –
Қадам бастық тайсалмай өлімге нық.

...Тоз-тоз болдық тау асып, шыңға шығып,
Құлағы бар, пенделер, тыңдашы ұғып.
Өтті өмірден ұрпақтың бір буыны,
Қаны судай шашылып, құмға сіңіп...

***
Соңы



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Таудай толқын ұрады

  • 0
  • 0

Таудай толқын ұрады
Қыспаққа алып,
Жүрегіңді суырып, ұстап қалып.
Алып кеме

Толық

Көңіл құлап, өзіңе телмеңдедім

  • 0
  • 1

Көңіл құлап, өзіңе телмеңдедім,
Жетті саған бар сырым желмен менің.
Қызыліңір шақта бұл кеш оянған,
Махаббатым сен бе едің келген менің?

Толық

Әке сен, тірісің – ғұмыр кешесің

  • 0
  • 0

Әке сен, тірісің – ғұмыр кешесің,
Жалғанды басып өтерсің бәлкім қоншыңнан.
Тағдырдың шертіп жұмыр шекесін,
Ұрарсың аузын жандардың талай қомсынған.

Толық

Қарап көріңіз