Өлең, жыр, ақындар

Анамның қадірін түсінем

Анамның қадірін түсінем

Алланың керемет күшімен,
Кісілер туады кісіден.
Тоғыз ай ішінде көтерген,
Анамның қадірін түсінем.

Туған соң жыладым күнімен,
Ұйқысын қашырдым түнімен.
Анамның қадірін түсінем,
Таңы атқан сәбидің үнімен.

Тоқтамай жүгіріп, ойнағам,
"ҚОЙ" - десе, секіріп қоймағам.
Анамның қадірін түсінем,
Алаңдап біздерді ойлаған.

Гүл теріп, ауланы қопарған,
Мектепке жетектеп апарған.
Анамның қадірін түсінем,
Қалмасын депті ғой қатардан.

Мектепті бітіріп шалаға,
Оқуға аттандық қалаға.
Анамның қадірін түсінем,
Амандық тілеген балаға.

Оқуды түсінбей ұғынып,
Әйтеуір бітірдік жығылып.
Анамның қадірін түсінем,
Ұрыспай ренжіген тығылып.

Сөйлесіп жүрсем де көп қызбен,
Бір қызға сырымды жеткізгем.
Анамның қадірін түсінем,
Үйлену тойымды өткізген.

Аналар мәңгі өмір сүріңдер,
Қуанып, бақытты жүріңдер.
Ананың қадірін адамдар,
Кеш болмай тұрғанда біліңдер.

© Н. Қизатұлы



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз