Өлең, жыр, ақындар

Дастархан жыры

  • 13.11.2015
  • 0
  • 1
  • 19766
Уа, достар, бүгін неткен керім еді,
Қыздар да қысырақтай керіледі.
Қара көз төңкерілсе төңірекке
Жалын от жанарынан төгіледі.
Апай төс ақ айдын боп ашылады,
Дірілдеп үркек кеуде басылады.
Жас анар жанар тау боп бұлқынғанда
Жігіттің ойы қырық шашылады.
Бас салып ерніне, тамағына,
Былғанып қалар ма еді далабына...
Жиын - той - шалқып жатқан айдын болса,
Қыз - соның сылаң қаққан шабағы ма?!..
Құриын десең оның бар маңына,
Сен оның татымайсың бармағына.
Шабақ боп ілікпейді саған өзі,
Сағақтан ілігесің қармағына.
Құлпырып жәннәт пейіш төріндегі
Тотыдай мың таранып керілгені,
Кілгіріп кірпіктерін әзер ашып,
Езуін жиыруға ерінгені.
Тәңірден содан басқа бар ма тілек,
Түрсаң ғой жолай алмай жадап-жүдеп.
Көйлегі көбелектей бұлғақ қағып,
Жүзіңді желпіп өтсе самал леп...
Ойпырмай, ойсыратты - ау, пері ме еді,...
Керсылаң кердең қағып, керігеді
Жігіттің жүйкесінен құрт боп жеген
Жасасын қыздың қызыл еріндері.
Ес кетіп, есеңгіреп, тағат тамам,
Алыстан аш бөрідей алақтаған,
Аңқау ой, арлан дәме, асау жүрек
Жасасын жігіттер де жалақтаған.
Жасасын дейміз енді тағы нені;
О, міне, қызыл келді, ағы келді...
Кенжесі дастарханның ерке туған,
Біз оған, олар бізге жағып еді.
Жоласаң, көмейден жыр ағып еді,
Өзі шоқ, өзі және жалын еді.
Серігі бақыттың да, қайғының да
Мөлтеңдеп күрең шарап тағы келді
Табынып, тамсанбаған кез бар ма оған
Көңілдің пайғамбары... Сөз бар ма оған!
Жасасын жалын шарап, арынды арақ,
Еліттіріп, елжіретіп, көзді арбаған.
Құтылып әзер ғана ноқтасынан,
Шампан да шыққан екен топ қасынан.
Құйыңдар, бол, бол, апшып қалмай тұрып,
Ақ көбік езуінің шоқ шашылған.
О достар! Ішейік те, күлелік те,
Өтерін бастан дәурен білелік те.
Бұл күннен айырылып ертеңдер біз,
Бакалдай шампаны жоқ мөлтеңдерміз.

1959.



Пікірлер (1)

Айнұр

Өте керемет екен !

Пікір қалдырыңыз

Танктер

  • 0
  • 0

Тажал табан ну шалғынды жайпады,
Алда - майдан, алда - қаза, алда - мұң.
Шойын дене жердің тәнін жаншады
Сездіргендей қасіреттің салмағын.

Толық

Сайге-хоси

  • 0
  • 2

Бұл жалғанды қой, тегі,
Суалған гүлдей солмақ жұрт.
Әп-сәтте өшіп хабарым,
Мен де семіп қалармын.

Толық

Қыстағы ой

  • 0
  • 1

Қабаған аяз сықылдап,
Бетімнен алып тістеді.
Дәурені өтіп жатыр бақ
Тұнжыратты қыс мені.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар