Өлең, жыр, ақындар

Гүлнар-апа

  • 07.12.2015
  • 0
  • 2
  • 3730
(Міржақыпқызы Дулатоваға)

Мен атыңды бала кезден естідім.
Содан бері жоқ ұмытқан еш күнім.
Тағдыр-дауыл қоймай қуған қаңбақтай
Көз алдымда тұрды сенің кескінің.
Өйткені мен Жақаң туған өзені -
"Коңыраулыда" еңбек еткен кез еді.
Жақан аты-оңашада айтатын
Сол ауылдың шалдарының сөзі еді.
Мұнарытып қыстың күні батқанда,
Малын жайлап, ел ұйқыға жатқанда,
Тәнтер деген жағы талмас бір жырау
Сұлтанбектің хикаясын айтқанда.
Жорғалардай жолсызбенен жосатын,
Арасында Жақаң атын қосатын,-
"Сұлтанбектің нағашысы болатын,
Ол жарықтық өзі көсем, өзі ақын".
Деп қоятын, құлағыма сыбырлап,
Бір тарихтан суыртпақгап, сыр ұрлап, -
Қалып еді ол сабаздан жалғыз қыз,
Қайда кәзір, тірі ме екен, сол бейбақ?"-
Сөй деп қойып, "Гүлнар-ай!" деп ән салып,
Отыратын көзіне сәл жас алып.
Жас Сұлтанға жазған Жақаң өлеңін
Тағы айтатын, қайғысынан босанып...
Одан бері жарты ғасыр кетті өтіп,
Жадымыздан Жақаң атын шеттетіп.
Жер бетінде өзің жасап келесің,
Оның гүлін көкірегіңде көктетіп.
Михнатың мен азабыңды мен айтып,
Қайтем бүгін қасіретіңді молайтып.
Беки-беки тасқа айналған сабырың
Тарих жолында қала берсін солай тік!
Есту үшін жақсы әкенің жақсы атын,
Тірі болу, шыдау еді мақсатың,-
Сол арманға жеттің бүгін, Апатай,
Бас қатырман айта беріп басқасын.
Қайран Жақаң қайта келді халқына.
Сен де бүгін алақайла, жарқыра!
Бір де болса, бірегей ғып бір қызды
Рахмет оған тастап кеткен артына!



Пікірлер (2)

Аяулым

Мен осы оленди окыганда жыладым

Гұлсезім

мағанда қатты ұнады .

Пікір қалдырыңыз

Оңаша ойлар

  • 0
  • 0

Көп болды қалам сырласпай,
Ақындық құрмай өлді-ау күн.
Көкірегімнен жыр қашпай,
Ішімде бірақ ояумын.

Толық

Досыма

  • 0
  • 0

Есіңде ме бұдан он бес жыл бұрын,
Құмда сезбей жаздағы өткір күн нұрын,
Жалықпастан жалаңаяқ қуушы ең
Сүйрей қашқан асау тайдың шылбырын.

Толық

Қойшы ауыл

  • 0
  • 0

Секілді жүзі қара мыс,
Секілді көзі қара шоқ,
Қайыңдай қатқан тарамыс,
Маңдайы бейне шапашот.

Толық

Қарап көріңіз