Өлең, жыр, ақындар

Еріншек

  • 14.04.2015
  • 1
  • 3
  • 41644
Ерiншектен – салақтық,
Салақтықтан – надандық.
Бiрiнен-бiрi туады,
Жоғалар сүйтiп адамдық.

Ерiншек таза жүре алмас,
Кiрi-қоңын жуа алмас.
Харекет жоқ, ғылым жоқ,
Өз бойынан ұялмас.

Жүрейiн десең, тұрғызаp,
Төсекке мойын бұрғызар.
«Аналар да жүр ғой»,– деп,
Бiреудi мысал қылғызар.

Тұрайын десең, жатқызар,
Буынды сүйтiп қатқызар.
Орынды iске кiргiзбей,
Не болса соны шатқызар.

«Мен емес пе сабырың,
Жаныңа тыныш тамырың,
Асықпа‚ – деп алдайды,–
Қазулы ма‚ – деп‚ – қабырың?»

«Құдайдың‚ – дейдi‚ – күнi көп,
Асыққан iстiң мiнi көп.
Аз ғана рахат қылсаңшы,
Iстерсiң ертең мұны‚ – деп.

– Осымен-ақ жүре caл‚
Мына бiр жерге-ақ кiре сал.
Бiр жырымың үзiлсе,
Қанжығаңмен iле сал.

Тарамыс қайда, бiз қайда‚
Асығыстан не пайда.
Тiгiп ала қоярсың,
Бiз табылған бiр жайда».

Ораза, намаз келеді,
Оған да ақыл береді.
Кешірер деп құдайың,
Рахыметі күшті деп еді.

Шақырмай-ақ қой азанды,
Кешеді Құдай жазаңды.
Жай оқысаң болмай ма,
Кетіре бермей мазаңды.

Сонымен қалсаң алданып,
Ұмтылмасаң қамданып,
Жалқаудың құлы болғаның,
Жатпақ үшiн жалданып.

Шаруа да көп басыңда,
Көндiру керек жасыңда.
Қылайын десең харакет,
Ерiншек отыр қасында.

Және айтады ақылды,
Қысып қояр тақымды:
«Тiлiмдi алсаң, тек отыр,
Менiң сөзiм мақұл-ды.

Жас басыңнан аптықпа,
Кiре берме боқтыққа.
Өмiр өзi-ақ бередi,
Тағдырға қарсы соқтықпа.

Құлақ қойсаң сөзiме,
Пайда айтамын өзiңе.
Арқалатпа бейнеттi
Қызық көрер кезiңе.

Бейнетке жаның шыдай ма,
Осы сөзiм ұнай ма?
Пендесiн аштан өлтiрмес,
Қарсы болма құдайға».

Мұның сөзi мақұл деп,
Айтқаны дұрыс ақыл деп,
Харекетсiз кеткенiң,
Жай iздермiн ақыр деп.

Бұл сөздi ұғып жас кеттi,
Iшiп алып мас кеттi.
Бар керектен айрылып,
Ерiншек деген қас кеттi.

Ерiншектiң қақпаны,
Көрiнбей көзге жатқаны.
Бiреу оған iлiнсе,
Оны құдай атқаны.

Iс қылдырмас еселi –
Ең бiлiмнiң кеселi.
Кiрсе, бойдан шығу жоқ,
Күн сайын өсер бес елi.

Төбенi сүйтiп теседi,
Орныққан сайын өседi.
Ғибадат жоқ, өнер жоқ,
Бәрiнiң жолын кеседi.

Даулассаң желдей еседi,
Өзi айтып, өзi шешедi.
Yйiр болған кiсiлер,
Жан тыныштық деседi.

Жан тыныштық бұл емес,
Жан дененiң құлы емес.
Өзiң байлап бересiң,
Жан жұмысы ол емес.



Пікірлер (3)

Жансая

Керемет

Ерік

Қазақты өрге қарай жетеоейтін, сөзбен салып қамшылайтын өлмес мұра қалдырған Шәкәрім атамыз таусылмайтын мұхит қой. Жобаның авторлврына мың алғыс!

Пікір қалдырыңыз

Бас көзімен қарасаң, нәпсі – жалған...

  • 1
  • 2

Бас көзiмен қарасаң, нәпсi – жалған,
Бiр сұлу қыз сықылды жұрт таңданған.
Анық ақыл көзiмен қарағанда,
Өзiн берер қалыңға ол қызды алған.

Толық

Айна қойдым алдыма...

  • 1
  • 1

Айна қойдым алдыма,
Көрейiн деп өзiмдi.
Екi құлақ тарс бiтiп,
Шел басыпты көзiмдi.

Толық

Қорқыт, Қожа Хафиз түсіме енді де...

  • 1
  • 1

Қорқыт, Қожа Хафиз түсiме ендi де,
Осы әнiне салып келдi де,
Ол үш қайтара мұны сайратып,
Дедi: «Көкейiңе ендi ме?

Толық

Қарап көріңіз