Өлең, жыр, ақындар

Кейбіреу безді дейді елден мені...

  • 14.04.2015
  • 2
  • 1
  • 10730
Кейбiреу бездi дейдi елден менi,
Есалаң айтады екен сезiп ненi.
Хақиқатты танитын баста ми жоқ,
Ондайлардың сау емес анық денi.

Көре алмас өзiмшiлдер пейiлi тар,
Жуандық, зорлық, күншiл мақтаны бар.
Қасқырша жемтiк жеуден тартынбайды,
Адамшылық бойында қалмаған ар.

Мен жалғыз, сендер елде қойдың қалып,
Ешкiмнiң кеткенiм жоқ малын алып.
Елу бес жыл жинаған қазынамды
Оңашада қорытам ойға салып.

Зорлығын елге iстеген басшылардың,
Алдаған арам молда, бақсылардың,
Жариялап, жайларын жайып жұртқа
Құлағына салмақпын жақсылардың.

Жалмаудан жалықпаған елдi талап,
Нашарды момын менен күнде сабап.
Өсектеп менi елге жамандайды,
Көрмейдi арсыз қылығын өзi санап.

Жетiм менен жесiрдiң алып малын,
Малын қойып, талайдың iшiп қанын,
Жазықсыздан нақаққа жала жауып,
Аямай шырқыратар шыбын жанын.

Көрген соң ел жарасын анық сезiп,
Аңдайын айдалаға кеттiм кезiп,
Ел емес, елге iстеген қылығынан
Қашқамын, шынымды айтсам, сонан безiп.

Елсiзде неге жалғыз қалғанымды,
Қырық жыл ненi жинап алғанымды
Сезбейсiң тартпаған соң көп қайғысын,
Сен емес ұғатұғын арманымды.

Арманым байлық, мансап, мақтан емес.
Ойлы адам оны әсте олай демес.
Ары зор, ата ұлы емес, адам ұлы
Итше талап өз елiн, жырым жемес.

Партия, алдау, қулық – қылған iсiң,
Жылмайы сыртың таза, арам iшiң.
Саған ақыл айтудан жалыққамын,
Сарп еткен бар еңбегiм кейiнгi үшiн.

Айтамын, сөзiмдi ұқсаң, кейiнгi жас,
Қиянатсыз адамға емеспiн қас.
Жүректегi дертiмдi бiлер едiң,
Өсекке ермей, менiмен болсаң сырлас.

Арамнан адалды ақтап ала алмадым,
Жанғанның жанын сақтап қала алмадым.
Ел зарлатқан арсыздың қылығынан,
Жанына жаным шошып бара алмадым.

Елдi сөктiм «сайтанға ересiң» деп‚
«Неге оларға тiзгiнiңді бересiң» деп.
Елерткенге елiгiп ере берсең,
Ескерттiм «азып-тозып өлесiң» деп.

Сұрашы, не айттым екен жақыныма,
Бiреуi көндi ме екен ақылыма?
Сырт берiп, сырдаң тартып жүре бердi
Қыстырмай ақылымды тақымына.

Етi кетiп, қауқиған сүйегiм бар,
Жай таппай жанып жүрген жүрегiм бар.
Жайнаған таза жүрек, талапты жас,
Ұғар деген сөзiмдi тiлегiм бар.

Жастарым, жайым осы, мақтаным жоқ,
Ел жеген әкiмдердi ақтарым жоқ.
Өлгенiмше жазумен еңбек етем,
Қажыдым, қартайдым деп жатқаным жоқ.



Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Ойлансын ұлан болса сөз ұғарлық...

  • 1
  • 3

Ойлансын ұлан болса сөз ұғарлық,
Ақылдың шолғыншысы – ойқұмарлық.
Таза талап талпынып ойды айдаса,
Байқалар көрнеу, таса, жоқ пен барлық.

Толық

Мінін айтса, бұзылмас кімнің түсі...

  • 2
  • 1

Мінін айтса, бұзылмас кімнің түсі,
Ойлағанға ап-анық тұр мұнысы
Сасқанынан сандырақ жал айтады,
Ыза болып сақылдап кетік тісі.

Толық

Бояулы суыр

  • 1
  • 2

Бiр суыр адасыпты оттап жүрiп,
Кез болды бiр ауылға көп қаңғырып.
Ит қуалап тыққан соң иесiз үйге,
Бояу толы шелекке кеттi кiрiп.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар