Өлең, жыр, ақындар

Совнарком председателі

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 2021
Орынбор. Жайық жағасы.
Туды елге серпіл дейтін күн!
Мінбеде — төрдің ағасы —
Совнарком Сәкен Сейфуллин.
Қаңсыған шөлді далаға,
Жатқандай жаңбыр құйылып.
Самғайды құстай ауада
Өр даусы жұртты үйіріп.
Сілтейді ол қолын кей-кейде,
Қанатын жайған сұңқардай.
Қалың жұрт айдын көл бейне,
Тұнып бір қалған бұрқанбай.
Ұясы ой мен ақылдың
Соғылған тұтас сом маңдай.
Көзінде отты жатыр күн,
Қара мұрт — қалың ормандай.
Жанашыр жарлы-жетімге,
Туыпты-ау, шіркін, ұл болып,
Елінің ары бетіне
Тұныпты-ау, қызыл нұр болып.
Сындары сұлу қарағай,
Келбеті қандай келіскен.
Осылай ойлап жағалай,
Тұрғандай толқып ел іштен.
— Туды енді ауыл жастары,
Оқуға ұмтыл дейтін күн!
Осылай ұран тастады
Совнарком Сәкен Сейфуллин.
Ұшқындай осы ұраниан
Жұрт кетті жанып-тұтанып.
— Қонды,— деп,— қолға ұлы арман
— Сөйледі Сәбит Мұқанов.
Сөйледі ел жүрген тұншығып.
Өртеген мұңын өзекті.
Қаракөз сұлу қымсынып,
Бір кезде алды кезекті.
Япыр-ау, бұл қыз таныс қой,
Көргендей оның кейпін мың.
Кезгендей сонау алысты ой,
Түнерді ақын Сейфуллин.
Ақмола. Ақтар түрмесі,
Кім білсін көп пе, аз ба өмір.
Есінде күздің бір кеші —
Есілдің кеші наз қоңыр.
Қанаты ұшпай кесілген,
Секілдімұңды қарлығаш
Су алып қайтып Есілден
Жүретін осы қарындас.
Ақынның мерген көз нұры
Ататын қыздын жанарын,
Жабатын ымырт мезгілі,
Жарығын ұрлап даланың.
Еске сап со бір тұр күзді,
Оралтып ескі соқпаққа.
Түсірсем дейді бұл қызды
Оқуға Сәкен Совпартқа...
Орынбор. Жайық жағасы.
Туды елге серпіл дейтін күн!
Мінбеде — төрдің ағасы —
Совнарком Сәкен Сейфуллин.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ғалиға

  • 0
  • 0

Жетісу бойы жеті өзен,
Құйылған зәулім құздардан.
Басынан көп күн өткізген,
Тауында тарам із қалған.

Толық

Лермонтов үйінде

  • 0
  • 0

Алдында Кавказ аңғары
Отырды ақын көзінде от.
Осы үйде оның бар жаны,
Құйылды нәзік сезім боп.

Толық

Жыл жыры

  • 0
  • 0

Аз ғана аялдамай тұра тұрып,
Ай, Күнді орбитадан қуа түріп,
Болашақ ғасырлардың аспанына
Барады ракетадай жыл атылып,

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар