Өлең, жыр, ақындар

Мұхтар туралы кантата

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 3379
Хор:
Найзағайдың отындай
Жарқылдап көктен шаншылған.
Дауылды күнгі толқындай
Аспан мен жерді қаусырған.
Көкірегін бұлт емген,
Көзінен тамшы жас парлап
Көк ала тұман бүркенген
Көк ала құздай аспандап.
Сарқырап үні алыстан,
Сағыммен ойнап жарысқан,
Қайран Мұхаң жоқ бүгін
Дария ойлы данышпан.
Еркек дауысы:
Қара тас қайғысынан ерігендей,
Кім шыдар бұл қазаға тебіренбей.
Кең сарай кеудесінде тоқтап жатыр
Елім деп соққан жүрек еміренбей.
Қара тау аза тұтты қарт алдынан,
Бір жүрген неше жылдар қатарынан,
Секілді Мұхтар қазір дем алғандай
Оралып Оңтүстіктің сапарынан.
Бұлттай боп шаңы қалған жолдарының,
Қас тұлпар жығылғандай орға бүгін.
Қайтадан оянып ол кететіндей
Елінің қалдырмасқа жолда жүгін.
Хор :
Күңіренді ана,
Түнерді дала,
Мұхтарынан айрылып.
Түйілді тастар,
Құйылды жастар,
Қара шашын жайды бұлт.
Көтертпей езіп еңсені,
Қадалды қайғы семсері,
Жоқтайды өскен ел сені,
Жоқтайды өскен ел сені.
Қаралы ел,
Жаралы жер,
Қарауытты күйікпен.
Ойшыл ұлан,
Өршіл қыран
Құлап түсті биіктен.
Ол туралы,
Толқымалы
Туар тыңнан жыр жаңа.
Шашыңды жи,
Жасыңды тый
Мұңлы ана!
Ерлер дуэті
Бірінші:
Ел үшін еңбек етіп аянбаған,
Халқының бай тарихын баяндаған.
Өлмейді еш уақытта асыл Мұхтар
Жылдармен бірге жасап қарайды алдан.
Екінші :
Мол жұмсап бойындағы бар қайратын
Танытқан дүниеге Абай атын
Қадірлі Мұха, сені ұлы Абайдай
Жырына өзек етер талай ақын.
Ананың даусы:
Алатау басы тұмандап,
Қайғы бір жылан тұр аңдап,
Арнадан шығып кәрі Ертіс
Түскендей теріс бір аунап.
Халқыма ауыр күн болды,
Көкірегіме мұң толды.
Далаға біткен дарағым,
Дауылда ұшты шайқалып,
Көкірегімде нала-мұң
Тұрамын қалай жай тауып?
Ортада жоқсың сен бүгін,
Жоқтамас қайтіп ел ұлын.
Ерлер дуэті
Бірінші:
Мәңгілікке кетеді екен
Кемеңгер ой көгеріп,
Ажал сөзі бекер екен,
Қалды деген сені өліп.
Күзгі суық ұрған кезде
Жапырақ қурап бір өлер.
Көктем қайта туған кезде
Қайтадан ол тірілер.
Қайтадан ол ауа жұтып,
Қайтадан ол су ішер.
Қайтадан ол сыр ағытып,
Желмен ойнап күлісер.
Ұлы адамдар бір кеткен соң
Қайта келер оралып.
Көктен орын бір тепкен соң
Кете қоймас жоғалып.
Екінші:
Көздерінен ағып жас,
Жаны барға жалынбас,
Пайғамбарға бағынбас,
Тәңіріге табынбас,
Ұқсаған күн отына
Ұшқын шашқан көзі бар,
Ғашық болар атына,
Өлмейтұғын сөзі бар,
Жүзі жазғы нұрлы таң
Алдарында тұр Мұхаң .
Мұхаңның суреті сахнадан өте береді.
Мұхаң суретінен кейін кітаптарының макеті көз алдынан көшеді
Екінші:
Емендей зәулім құлпырып,
Алысқа жайды ол бұтағын.
Кейінгі ұрпақ ынтығып,
Оқиды оның кітабын,
Жанының сырын жасырмай,
Жалтармай айтса жалғансыз.
Ажал бір аспас асудай
Ондай жан мәңгі армансыз.
Ондай жан әрбір күнінде
Ескірмей елмен бір болар,
Жауқазын ұрпақ тілінде
Жаңғырып қайта жыр болар.
Шыңына қыран түнеткен,
Алатаудай тұлғалы
Осы жыр шықты жүректен
Әуезов Мұхтар туралы.
Сахна ашылғанда Шыңғыстың тауы көрінеді. Шың асында ұлы Абай.
Шыңның бауырында бала Мұхтар дес береді.
Ананың даусы:
Қазақтың даласындай алып маңдай
Жүзінен нұр төгілген жанып таңдай
Абай тұр келешекке қолын созып
Кім бар деп мені әлемге танытқандай
Бұл шумақ сахнада жазумен беріледі де көше береді.
Бала Мұхтардың суреті енді гимназист Мұхтардың суретіне ауысады
жаңағы шумақ оның ойына қайта оралып ,көз алдына қайта келеді.
Бірінші (Мұхтардың аузымен ):
Әр сөзін ақылға сап салмақтаған
Елімнің ардагері, ардақты адам,
Далаға өзің салған даңғыл жолдай
Жасармын бір ескерткіш арнап саған.
(Сахнада Мұхтар жазу үстінде. Абай ариясы, Кебек мұңы,
Қаракөз зары музыкалық сарынмен ауысып өтіп жатады)
Хор:
Аш жылдар, ауыр жылдар басты
арқадан,
Дәм кетіп ағыл-тегіл дастарқаннан.
Ол бір күн өтті ,кетті бір ғаламат,
Көзінен қара көздің жастар тамған.
Қара түн,
Қанатын
Жайып,
Жапты өлкені.
Найзағай жалынында,
Келер таң жарығында
Елімнің жатты ертеңі.
(Сахнада күн күркіреп найзағай ойнайды. Октябрь жалаулары ұшкындай
жайылып жарқ-жұрқ етеді)
Хор:
Қараңғы түнді қақ тіліп,
Ұшқыннан жалын лаулаған,
Ленин сөзі шарқ ұрып,
Шар тарапты шарлаған.
Лениннің дана ойынан
Лаулай борап бір ұшқын.
Жайлай берген жер үстін,
Сәулесіндей шығыстың.
Жиһанды тегіс көмкеріп,
Айналып ұшқын жалынға.
Тастаған тақты төңкеріп,
Октябрьдің таңында.
Ойындай ұлы Ильичтің
Жалынындай зор істің,
Еліміздің көгінде
Ойнайды бүгін сол ұшқын!
Хор:
Сілкінді туған жердің таулары да,
Құлпырды жасыл орман баулары да,
Таланттың барлық гүлі шешек жарып,
Аңсаған әркім жетті арманына
Қараңғы мұңлы өлкенің шері тарқап
Көз салды дүниенің аумағына.
Биіктеп күннен –күнге дана Мұхаң,
Ұқсады Алатаудың Талғарына.
Баяғы бала күнгі сертінде боп,
Абайды жайып салды алдарыңа.
(«Абай жолының» әр тілде шыққан кітаптарының
макеттері көрермендердің көз алданын өтіп жатады)
Хор:
Көк нөсердей шайып өтіп ауаны,
Абай жыры дүниеге қарады.
Европаның көтеріліп көгіне,
Абай бүгін алшаң басып барады.
Ұлы Абай Ұлы Мұхтар арқылы,
Жер жүзіне жыр жаттатып тарады.
Күн сияқты көкте ойнап күркіреп,
Қайта туып алды Абай бір түлеп,
Ұлы Мұхтар отырды таң алдында
Маңдайынан тамшыдай тер сіркіреп.
Шіркін өмір қызығына қана алмай,
Тағы да бір арман шының ала алмай ,
Ұйықтап кетті қайран Мұхтар,
Шың Мұхтар
Жалғыз өзі жалпақ жатқан жаһандай.
Әйел хоры:
Әркім іштен тынғанменен
Жасыра алмас көздің жасын,
Тебіренеді тулап өлең
Таба алмай бір сөздің басын.
Қалай ғана айта аламыз
Жанды ауыртқан бұл хабарды.
Қайғы уытын қайтарамыз
Көзге басып орамалды.
Алатаудың құлап түсті,
Асқар биік бір өркеші
Бірін-бірі жылап құшып,
Қалды-ау түсіп ел еңсесі
Қайран халқым ұл тапқанмен
Оның орны тұрар басқа.
Жылама деп жұбатқанмен,
Бола ма енді жыламасқа.
Еркек дуэті:
Бірінші:
Биік емен жапырағы жасыл,
Жарқырап мәңгі жасайды ғасыр,
Күтеді оны күні-түні
Туған жердің топырағы асыл.
Екінші :
Қысың мен бір жазың оған,
Қайраты оның қажымаған.
Қайсар емен көктей берер
Көк дауылда азынаған.
Әйел даусы:
(Сахнада Мұхтар суреті)
Азынады аңырап жел өксіді,
Көбік атып көпіршіп көл өксіді,
Аспан аунап шатынап жарылғандай
Бүкіл дала дөңгелеп дөңбекшіді.
Бірақ оның атағы жыр елінде,
Жатыр әрбір оқушы жүрегінде,
Әрбір үйдің төрінен күлімсіреп,
Әр адаммен бір аттап жүр өмірде.
Ол жылдармен бір жасап жарысады,
Оның өмірі сан жетпес алыс әлі.
Ол жылдарды биіктен күтіп алып,
Әлі талай ұрпақпен қауышады.
Хор:
Жапырақтар, жамылып шуламаңдар,
Сұр толқындар, аңырап туламаңдар,
Жыламаңдар, ағайын, жыламаңдар,
Мәңгі өлмейтін ортаңда тірі адам бар.
Оның өмірін қуарған күз демеңдер,
Оны өлі дүниеден іздемеңдер,
Оны іздеңдер жылдардан жаңа туған,
Оны іздеңдер ескен жел қанатынан,
Оны іздеңдер өзеннің толқынынан,
Оны іздеңдер шыққан күн жалқынынан.
Ол өлмеске мәңгілік жаратылған
Ол өлмеске мәңгілік жаратылған,
Ол ерекше бір талант дара туған,
Біз халыққа ырзамыз дана туған,
Ол өлмеске мәңгілік жаратылған.
Оны іздеңдер жаңа ұрпақ тілдерінен,
Оны іздеңдер келешек күндерінен.
Оны іздеңдер шешендік мінберінен,
Ол әр уақыт тұрады алғы сапта
Оны іздеңдер тек қана ілгеріден,
Оны іздеңдер келешек күндерінен.
СӘКЕН ТУРАЛЫ ТОЛҒАУ
Халқының заңғар биік бір өркеші,
Бір өзі байтақ жатқан жыр өлкесі.
Көркіңдей Көкшетаудың қияпаты
Аққу- жан, сері –көңіл, ұл еркесі.
Елінің арқалаған ауыр жүгін,
Сұңқардай жайған таңда дабылды үнін.
Октябрь күндерінде отты кешкен
Жыршысы дауыл менен шабуылдың.
Революция –солдаты, сөз-батыры,
Октябрьдің болды ол өз ақыны.
Болды ол таптың үні, тапқыр миы
Болды ол таптың құлақ, көз, ақылы.
Сенді ол сөнбесіне күн шырағы,
Қалтырап қайыспады жыр шынары.
Ақмола түрмесінде торуылдап
Аңдыды ізін жаудың тыңшылары .
Деді де : «Шын большевик басы бүлік»
Сумаңдап улы жылан басын сұғып.
Арбады абақтының тар көзінен,
Айласын ішке тығып жасырынып.
Қарамай көк дауылға алас ұрған,
Жол тауып жауған оқтың арасынан.
Ол ұшты арманына қанат жайып,
Қазақтың дауылпаз боп даласынан.
Сілтенді кектің өткір қанжары ойнап,
Шытырман артта қалды тар жол тайғақ.
Қайтадан Сәкен даусы көтеріліп,
Қайтадан шықты өлеңнің әр жолы
ойнап.
Көктемгі күннің отты жарқылыңдай,
Елінің көз алдында ол күн ұдай.
Тербеді туған елін өлең-жыры
Бұрқанып Бурабайдың толқынындай.
Алды ол жауынгерлік жылдан азық,
Каналын поэзия тыңнан қазып.
Өмірде өлмейтін боп қалды Сәкен
Өшпейтін келешекке жырлар жазып.
Кетті ол дүниемен тез сырласып,
Оятты бұлбұлдардың көзін ашып.
Ақынның ғашық болған табиғаты
Ақынға болды ақыры өзі ғашық,
Көп ақын ұстап оның етегінен,
Жетілген жедел өсіп жетегімен,
Аңсаған алғаш шығар биігіне
Астынан қанатының көтерілген.
Өлеңнің оттай шалқып жолы атылған,
Ақын ол ел бағына бола туған.
Жылуын жүрегінің жұртқа беріп,
Халықтың қуат алған мол отынан.
Жырымен маңдай тері бірге жосып,
Жиыннан жеке шығып,
жүлде тосып,
Шығармай жалпақ жұртты уысынан
Түндерді түйістірген түнге қосып.
Жалындай Октябрьдің туын сүйіп,
Еліне жүрегіндей жырын құйып,
Атағын, абыройын таза ұстап,
Өмірде Оқжетпестей тұрды биік.
Сөздердің алуан сырлы гүлін өріп,
Толқыды Айнакөлдей күңіреніп.
Көк аспан кеудесінен отын беріп,
Құйылды табиғаттың үні келіп.
Бала боп ойнап дауыл құйынымен,
Нала боп бір қансырап киігімен,
Дана боп көрді туған атырапты
Асқақтап Алатаудың биігінен.
Жырлатып Әупілдектің қамыстарын,
Барлады көк иірім ағыстарын.
Тыңдады қаңқылдаған қаздар менен
Аққудың сұңқылдаған дауыстарын.
Қанаты бұлтты тіліп жарқылдаған,
Жырлады қаршығаны шаңқылдаған,
Даланың ардагері арман етті,
Биікке самғасам деп артық одан.
Жасқанбай еркін өсті жай оғынан,
Ардагер болды жырмен ой аңдыған.
Елімнің өткен жолы жатты сайрап,
Сәкеннің аяулы өмірбаянынан.
Көтерді ең биікке жыр ұғымын,
Кім білсін сезді ме ол күні бұрын.
Келешек жылдарда да алда болып,
Өзінің өлмейтұғын ұлылығын.
Қайыспай ауыр жылдар салмағына,
Аңсаған елі жетті арманына.
Жетпісте ақын Сәкен келе жатыр
Асықпай асқақ қарап жан-жағына.
Ордада ол оқшау тұрған терек еді,
Жасартты қолтығынан жебеп елі.
Келеді ақсақалын құттықтауға
Қазақтың қаумалаған көп өлеңі.
Кең залды кетті халық бүгін шіреп,
Жиынға жұрттан бұрын бірінші кеп.
Жетпіске толған ақын Сәкен отыр
Баяғы жас қалпында күлімсіреп.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Төбемізден түсіп жатты алмалар

  • 0
  • 0

(Мирмухсинға)
Оңтүстікте әр үйде атыз-арна бар,
Солтүстікте көрмегендер таңданар.
Дос үйінің ауласында отырдық.

Толық

Аттары мәлімсіз достар

  • 0
  • 0

Самолеттермен гурілдеп,
Алдымнан тағы шықты ұрыс.
Жөнелді жанып дүрілдеп,
Жататын орман тып-тыныш.

Толық

Күн батарда

  • 0
  • 0

Күткендей көзі талып үйі асыға,
Күн кірді күлімдеп өз ұясына.
Қонды кеп сәулелерден қызғалдақтар
Науша бой найза тастың қиясына.

Толық

Қарап көріңіз