Өлең, жыр, ақындар

Шаттану

  • 22.07.2016
  • 0
  • 1
  • 7195
Сай-саладан шаттық пен күлкі ағылып,
сыңғыр қағып бұлақтар, қырқа жібіп,
"Қыстың сызы қалмаған жазғытұрым"
келді міне бізге де гүл тағынып.
Жайнады аспан көзіндей келіншектің,
көкірегін қымтаған бұлт арылып,
қыз-көңілде әуендей шырқады үміт.
Шаршаулы едім, келдің бе, нұр көктемім!
Гүл-шарқатқа орадың қыр бөктерін.
Шуағыңа анамның көңіліндей
малынғанда қиялым жүрдек менің.
Көктеменің арайлы таңы атқанда
көрдім талай жанардан мұң кеткенін,
көңілдерді қайта бір гүлдеткенін.
Ағытқандай кеудеден жыр бұлағын,
шалқып-тасып шаттықтан тұрды жаным.
Жүр даланы еңбекпен дүбірлетіп
ақ білегін сыбанған құрбыларым-
Міне менің елімнің арулары
көмейінен төгетін бұлбұл әнін!
Шаттық шуақ тарайды бүгін менен,
қызыққан жат қарайды дірілменен.
Ақ жаулықты әжелер барады әне
немересін жетелеп күлімдеген.
Жел өтінде - қазақтың қең даласы,
сен не деген көнбіс ең, ғұмырлы ел ең -
талай қиқу көрсе де түңілмеген.
Ана көңіл ақпейіл дала-мұрам
үміт-ұшқын шашырап жанарынан...
бабалардың айбынды дүбіріндей
өрен ұрпақ әлемге салады ұран...
Көңілдер де шарықтап шартарапқа,
қияларга самғады бала қыран.
Буындары бусанып кәрі жердің,
анасына күлімдеп қарады ұлан.
...Кернер ме екен әлемді жаңа бір ән?!.



Пікірлер (1)

Айжан

Қысқа өлеңдері жокпа

Пікір қалдырыңыз

Некелескім келмейді

  • 0
  • 0

Некелескім келмейді
Үйленбеймін, ана, мен,
неке деген - бір ғаріп.
Бас қатырып баламен

Толық

Туған жердің топырағы

  • 0
  • 3

Көк мөлдір аспанды мекенім!
Көгіңнен сенің қайтқанда қаздар қаңқылдап,
шарқ ұрып іздеп саялы дария, салқын бақ;
көгілдір жанарлы көлдерді аңсаған құстардың

Толық

Өзімді жүрегіңнің есі қылдың

  • 0
  • 1

Өзімді жүрегіңнің есі қылдың,
бұл жайды, амалым не, кеш ұғындым.
Өзіңді мен де оңаша қиялдадым,
жаным деп жүрегімнен күй арнадым.

Толық

Қарап көріңіз