Өлең, жыр, ақындар

Келер күнің бақытыңды жырласын

  • 05.08.2016
  • 0
  • 1
  • 14445
(Ұзатылған сіңлісіне әпкесінің тілектері)

Жетсінші дер ем бауырды мен де баққа мың,
Тағдырың саған атқызсын әр кез ақ таңын.
Еркелей күлген елігі едің бір үйдің,
Сіңлім, сен де босаға бүгін аттадың.

Жаныңда енді өмірлік жолдас - қосағың,
Үмітпен күттің осынау күннің тосарын.
Босаға аттау - артады қызға көп міндет,
Сіңлім, соған жауапты қадам жасадың.

Бақыттың шоғын сезімдер енді үрлемек,
Береке, ырыс есікті қақсын күнде кеп.
Бауырлар үшін інінің жөні бір басқа,
Алысқа ұзар сіңлінің жөні бір бөлек.

Дер едім мен де отауың болсын еңселі,
Жұбайлық жолдың сыйластық қана өлшемі.
Қыз бала сол ғой - алыстан іздер бақытын -
Туған үйінің құп-құйттай ғана бөлшегі.

Ұмтылдың баққа, сол жолда тілек-бата алдың,
Киесі бар ғой шаңырақ деген отаудың.
Құсымыз едің еркелеп жүрген, бір күнде
Ұштың да кеттің, мінеки, келін атандың.

Шыққызсын тауға қадамың осы жасаған,
Бауырың бүтін, болсыншы әр кез дос аман.
Шаңырағыңның уығы берік шаншылып,
Керегең кең боп, бақытқа толсын босағаң!

Естілсін содан тек қана сыңғыр тәтті үн,
Болашағыңа жайқалтсын тағдыр бақ гүлін.
Жұбайлық жолда ұсынып өмір күлкісін,
Жарыңмен бірге сезінші соның шаттығын!

Жақсылықтарын сыйлатып өмір тәңірдің,
Мінеки, сен де жар болдың - сыйлы ат тағындың.
Сол жолда осы - апайың тілер ақ тілек,
Сол жолда осы - тілегі барлық бауырдың.

Атану келін - сіңіру бойға ар-қылық,
Ақ отау жақтан атсыншы әр кез таң күліп.
Жұбайлық өмір бақыттың әні екен ғой,
Ендеше, сол ән үзілмей тұрсын мәңгілік!

***

Шаттық күйден естіледі бүгін үн,
Бара жатсың бақыт жолға, сіңлім.
Ертеңіңе болсын нұрлы бастау жол -
Той сәнімен сыңғыр қаққан бүгінін.

Бір күніңнен болсын қызық бір күнің,
Сіңлім ең - ізіме ерген бір гүлім.
Сен де енді ақ келін боп бір үйдің
Ашатұғын күн келіпті түндігін.

Осы жолда ортаймасын ырысың,
Келін күннің бірі шаттық, бірі сын.
Сенің бақыт табуыңа ақ жолда
Тілекші ғой әулетің мен туысың.

Тілекші оған бүгін, міне, жездең де,
Бара жатсың ұзатылып өзге елге.
Ұмтылғанда сен бақытқа - көктемге
Тілектес боп тұр, мінеки, әпкең де.

Келер күнің бақытыңды жырласын,
Жанарыңда ешқашан мұң тұрмасын.
Ешқашан да сезім жолдың шынысы
Сенім жолда шытынап бір сынбасын.

Әулетіңнің гүлі едің, сүйікті ең,
Анашыңның ақ пейілін иіткен.
Енді, міне, құс боп ұштың - самғадың.
Төмендемей тұрсын жолың биіктен.

Әрқашан да тұрсын бағың жаңғырып,
Әр күніңде тұрсын саған таң күліп.
Бақыт жолдың нұр бастауы қол жеткен
Бола берсін мына өмірде мәңгілік!



Пікірлер (1)

Диана

Өте тамаша өлеңдер) көп рахмет

Пікір қалдырыңыз

Жеңгеге тілек (қайны, қайын сіңлілер тілегі)

  • 0
  • 5

Арнап кетпей гүл-өмірдің жатқа әнін,
Біздің үйдің босағасын аттадың.
Сондықтан сен ең әдемі жеңгесің,
Өзің де әр кез сол қалпыңды сақтадың.

Толық

Сұлулық таңы кеудеде өмір сүреді

  • 0
  • 0

Бақыттың бағын белгісіз болып табары,
Аңсаған жүрек ағысын іздеп барады.
Ұната тұрып, сезімі іште тұншығар,
Қыз сезім ғажап шынайы сүйе алады.

Толық

Жауқазын дәурен

  • 0
  • 1

Санамашы оны да балаға енді,
Жылдар легі шаттығын ала келді.
Қамсыз жүрген кешегі балаңдау қыз
Он жетіде өзгеріп сала берді.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер