Өлең, жыр, ақындар

Анашым

  • 03.03.2017
  • 0
  • 12
  • 32673
Асыл ана! Түсімде көрем сені,
Бұрынғыдай емессің неге еңселі?
Мен білсем, саған деген сағыныштың,
Осынау жұмыр жерде жоқ өлшемі.

Тербеп сол сағыныштың күшті ырғағы,
Елжіреп елесіңді құштым тағы.
Хат байлап қанатына жіберер ем,
Бармайды-ау, біздің жаққа құстың бәрі.

Не таптым, белден кетіп бетегелі?!
Қалаға қаңғыбас ой жетеледі.
Жақұттап жазу үшін осы өлеңді,
Он жылдық білімім де жетер еді.

Дүние шыр айналып шарайнадай,
Жолыма қала бердің қарай-қарай.
Қайырымсыз қалаға, мейірімді,
Қалдырып кете бергем қалай ғана-ай?!

Ал, бүгін ақын болды ақылды ұлың,
Жанымды жегідей жеп жатыр мұңым.
Ардақтап арнамасам саған өлең,
Адыра қалатындай ақындығым.
Білмеймін, бұл қаладан бақ табам ба?

Жабығып жүргендеймін жат ғаламда.
...Тарылған көшелері тас қаладан,
Тарыдай бір мейірім таппағанда,
Сені сағынып кетем, анашым!



Пікірлер (12)

Ермек Сарин

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев та : "Ақынмын деп қалайша айта аламын,халқымның өз айтқанын қайталадым", - деп өзін-өзі ақын деуге аузы бармаған. Қалқаман "Анашым" деген өлеңінде: "Ал, бүгін ақын болды ақылды ұлың, жанымды жегідей жеп жатыр мұңым. Ардақтап арнамасам саған өлең,
Адыра қалатындай ақындығым", - деп ашық айтқаны былай тұрсын, өзін ақылдымын дейді. Онымен қоймай "Адыра қалатындай ақындығым" деген ерсі дисфемизмді ассонанс үшін орынсыз пайдаланады. Егер дыбыс үндестігін сақтағысы келсе, "Ардақтап арнамасам саған өлең" деп, "сен" деудің орнына "өзіңе өлең" деп үндестірсе орынды болар еді. Қазір көзі қарақты сыншының жоқтығынан осындай орашалақ өлеңдер тууда.

Адай

Ермек, өзіңіз бір екі өлеңіңізді шығарып, қалай жазу керектігін көрсетіп жібермейсіз бе?

Ермек Сарин

Абаймен сырласу

Заман мынау тығырыққа тірелген,
Адам мынау арман, мақсат күзелген.
"Бір ұрты - қан, бір ұрты - май" еліңнің,
Тоқсан жылда түгі де жоқ түзелген.

Жақсыларын тірлігінде жылатып,
Алшаң басқан алыптарын құлатып,
"Ел!" деп келген Мұстафадай ерін де,
Күндестері тыныш болды сұлатып.

Қаны - қызу, жаны - түзу, жүрегі - от,
Ұрпағыңның көп болғанын тілеп ек.
Бірлесуге келген кезде әйтеуір,
Көлденеңдеп қалмай қойды бір бөгет.

Гәуілдескен көбеюде тобырлар,
Адамдық жоқ, сөзге келмес содырлар.
Тағылардай желкілдейді жас қауым,
Артын ойлар азамат аз сөз ұғар.

Ұрпағы көп Күлембай мен Дүтбайдың,
Асыл сөздің мәнін жете ұқпайтын.
Айналсоқтап өз құлқынын көздеумен,
Ауыл үйдің итіндей боп шықпайтын.

Сол қалпында... бәрі де баз баяғы,
Өсегі мен өтірігі, аяңы.
Мақтаны да желдей есіп жеткізбей,
Іске еріншек, барын шашып қояды.

Біріге алмай жүрміз әлі ел болып,
Келімсекке кеткенінше жем болып.
Туған елде шет тілінде сөйлейміз,
Мәңгүрттері мәнді тілді кем көріп.

Ұяттан да, ардан дағы алшақтап,
Кетті көбі сауда қуып, мал сақтап.
Білім, өнер, еңбек қалып шынайы,
Қара баспен шектелуде жан сақтап.

Екі жүзді бетпердеден арылмай,
Алла атына шын жүрекпен бағынбай,
Мешіт пенен қажылықты ермек қып,
Қажы атанды кей тұнықсыз қарынбай.

Қайырсыз бай, қалталылар шығуда,
Құлқынына үсті-үстіне тығуда.
Кей әкімнің кеуделерін көк керіп,
Мойындары келмей қалды бұруға.

Ұлы Баба! Қайтсем қыжылды азайтам?
Көз ілмедім... жолын іздеп талай таң.
"Өзі ермей, ерік бермей қор еткен",
Осы жұртқа сізден артық не айтам!

Араңда жоқ па бір есті?..

Бөлісіп алды шен-шекпенділер,
Өзгеге тиер үлесті.
Атаққұмарлар көп пе едіңдер,
Араңда жоқ па бір есті?!

Халықтың ісін иемденіп кетіп,
Марапатқа еш тоймадың.
Аспан-көздерің шелденіп кетіп,
Қара басыңды ойладың.

Тәуелсіздікті жалғыз орнатып,
Арқаңа жүгі батқандай,
Нағыз ерлердің көбін қорлатып,
Табаныңа сап таптардай.

Білімсіз жұртты басқарып па едің,
Халықтың іші - таразы.
Былықтарыңнан ақталып па едің,
Жұрт неге онда наразы?

Омырау толды темір-терсекке,
Ұялмай жылда тағасың.
Тәуелсіз жолда нені көрсек те,
Тәңірім берер бағасын.

Сен де бір пенде ақ пенен қараны,
Айыра білмес көрсоқыр.
Ашылып кеткен тақпен араны,
Көргенде сені ел шошыр.

Бөлісіп алды шен-шекпенділер,
Өзгеге тиер үлесті.
Атаққұмарлар көп пе едіңдер,
Араңда жоқ па бір есті?!

Адай

Керемет ақын екенсіз! Сайтқа тіркеліп, өлеңдеріңізбен бөліспейсіз бе?

жайнар

неге ешкім оқымаған керемет ақын лайк басыңдар

Алтынгүл

Ақын екенін айтқанның несі ерсі? Қалқаманның өлеңдері тәп-тәуір, жүрекке жағымды.

Ғабит Салқынұлы

Өсер елдің жігіті - бірін бірі батыр дейді,
Өшер елдің жігіті - бірін бірі қатын дейді.

Ғабит Салқынұлы

Алтынгүлдің пікіріне қосыламын.

Асем

Пікір айтып,ұсыныс білдіргенде тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын,

Aizhan201075

Ереке, /Ермек Сарин/ сіз Қалқаман Сарин інішектің туысысыз ба? Кімі болсаңыз да ақындықтың мәнін жақсы ұғынған жан екенсіз дей тұра, сізге айтарым, Қалқаман інішек ақындар ортасынан өз биігін, орнын дәлелдеген  биік тұлғалы ақын.Қазақтың мақтан тұрарлық ақыны деп білеміз.

 

 

Ақмарал

Жарайсыз Қалқаман аға өлеңдеріңіз ұнайды.оқығанда жылап алам кейде анамды сағынғанда.....

naz

Шаруаныз канша Қалкаман қалай шығарса да өзі біледі, біз үшін Қалқаман әрқашанда Қалқаман болып қала бермек. Біреуді сөккенше өзіңізді жөндеп алыңыз...

Пікір қалдырыңыз

Кешіккен құстар

  • 0
  • 0

Қанатын керіп, ағылып белден,
Әуелеп ұшқан жоғары.
Мекенін аңсап, сағынып келген,
Бірақ та құстар жоқ әлі.

Толық

Елге барсам...

  • 0
  • 0

Еее, өмір-ай, арылтпай мұнар мұңнан,
Сағынышқа сарқылмас сыңар қылған.
Елге кеткім келеді,
Елге барсам

Толық

Ертістің бойы...

  • 0
  • 0

Ертістің бойы – ескі жұрт,
Қарауыл. Қара шаңырақ.
Есілдің бойы...
Кешкілік

Толық

Қарап көріңіз