Өлең, жыр, ақындар

Күзгі көрініс

  • 08.04.2017
  • 0
  • 1
  • 40272
Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп,
Көз жетті кеткеніне жаздың өтіп.
Құлайды жапырақтар құба талдан,
Күрең күз құдіретіне тағзым етіп.

Кеші еді солқылдаған күздің суық,
Не шара, жасыл жаздан үздірсе үміт?
Базары тарқап кеткен бақ ішінде
Күтіп тұр әлдекімді Қыз күрсініп.

Жас талдың аптыққан жел есін алды,
Құрғырдың қылығы жоқ еш ұнамды.
Жылаған жапырақтың жетім күйі,
Әп сәтте көңіліме көшіп алды.

Арқаның өңменімнен өтті желі,
Күдерін қайтқан құстан көк те үзеді,
Бозбауыр бала бұлттар боздап тұрып,
Бораған қыстан хабар жеткізеді.

Бәлкім бұл кездесу ме тұңғыш, ап-пақ,
Бақтағы қыз да сабыр тұрды сақтап.
...Бір жігіт сұр көшеге көрік беріп,
Келеді қызыл-жасыл гүл құшақтап.

Елемей қырды гүлсіз, күнді нұрсыз,
Кездесіп тұрды екеуі. ...Тұрмын үнсіз.
Батырған мені мұңға қоңыр Күз бен
Жігіттің қолындағы гүл ғұмырсыз...



Пікірлер (1)

Шакизат

Өлеңдері қандай ойлы еді!Сезінген жанның жанымен астасып біте қайнасқандай, керемет!Ақиық Мұқағалиды,маңдайы кереқарыс Маралтайды құмарта оқып мұңайсам көңіліме медет , қиналсам жұбаныш табатын едім.Енді міне менің сүйікті ақындарым тағы бір есім мен толықты.Аллаға мың қайтара шүкір мақтан тұтар Ұл-қыздары барына тəубе,тəубе!

Пікір қалдырыңыз

Жаз жамалы

  • 0
  • 0

Арқаның аңғал ақ самалы есіп,
Жаз дәурен келді бақшама көшіп.
Мөлдір бұлақтар шолпысын тағып,
Балғын құрақтар сәт санап өсіп...

Толық

Ақ ұлпа қар

  • 0
  • 0

Ақ ұлпа қар қылаулап,
Жауады жанды баурап.
Алаңсыз асыр салып,
Келеді-ау алғым аунап.

Толық

Тербелік тіршіліктің...

  • 0
  • 0

Айнымас қасиетін мәңгі сақтап,
Келеді бар әлемді таң құшақтап.
Сәулелі сұлу күннің саусағынан
Шашылып жер бетіне алғыс әппақ.

Толық

Қарап көріңіз