Өлең, жыр, ақындар

Серт

Тәуір неткен сәби шақтың әлемі –
Ауылда өткен балалықтың әлегі...
Бар кезеңде табылатын қасымнан
Жар дегенде жалғыз досым бар еді.

Тағдыр берген ең бір жақын ұл еді...
Сол күндерден есте бір жайт жүреді.
Белгіленген санада бір оқиға
Елжіреумен еске алатын үнемі.

Хабарлап ұл көрші бірде кешқұрым,
Сабап жатыр біреулер деп естідім.
Аядай-ақ алаңқайда үш бұзық
Аямай-ақ өзгертіпті кескінін.

Төбелестің үйірі еді-ау еріктің!
Ерегестің тура үстіне келіппін.
Тентектіктің жібін үзбей жүрген ұл,
Еркектіктің мәнін сол күн мен ұқтым.

Әр тілде бір боқтап-соқтап ақырдым,
Әркімге бір таяқ ұстап атылдым
Айқай демеп сес болады қашанғы,
«Ойбай, көмек!» деп адамдар шақырдым.

Бір еріңді ұмтылғанша тұсап қап,
Білегімді тіліп кетті пышақтап.
Қолға басын қойып, сертім сенмен деп,
Сонда досым жылай берді құшақтап.

Ескерді ме, тұрарымды ерлерше,
Сескенді ме, алысар деп өлгенше -
Бір кем жері, тайып тұрды үшеуі,
Үлкендері ауыл жақтың келгенше.

***

Бұл да кетті. Адастырды келешек.
Жылдар өтті, басталды өмір ересек.
Осындайда мен қол үздім досымнан,
Досым қайда? Ол жайлы бір көп өсек...

Парыз күші ата-анама өтелді.
Маңыздысы – қидырдым ақ некемді.
Көңілдегі сағынышым болмаса,
Өмір мені көп белеске көтерді.

Алаңдатқан уайымына түстім бе -
Жаман жатқам. Сонсоң көрдім түс бірде.
Өңін жұмбақ маған бұрып досым тұр,
Қолын бұлғап аппақ төбе үстінде.

Енді нетем? Ертеңіне сол түстің,
Белгі ме екен, аяқ асты морт ұштым.
Жүрек екен! Жүрек екен ұстаған!
Біледі екем... Өлім жақын... Сор құштым.

Жарық дермін... Бір сәуле бар таң ата.
Анық көрдім. Аурухана. Палата.
Әбігер түр. Көзі ісік жан жарым.
Дәрігер тұр маған жүзін қарата:

- Жата бермей, өмір-режим қосыңыз!
Қатал ердей келді ескі досыңыз.
Тұнған ине, шүмек, дәрі денеңіз.
Мұңды, әрине... Бірақ ұзақ көшіңіз.

Жаман боп қап... жүрек дерті ең арғы...-
Маман тоқтап, бір күрсіне демалды.
- Шыңдаған-ау өмір қайсар болуды...
Тыңдамады-ау... кісіні айтам мен әлгі...

Туады екен мұндайлар да...Тосылам...
Шығады екен мұндай да адам досынан...
Егер түнде жаңа орган таппасақ...
Жедел түрде тура келді осыған...
Деген еді: «Түсін, мейлі түсінбе,
Ең ерегі – достық фәни ішінде...
Қалады әлі... Оныкі өмір... Сертім бар.
...Балалары, сүйген жары үшін де».

***

Бұлай кел деп айтып па едім, ұланым?!
Құдай... Мен деп неге өзің құладың?...
Жаным олай қиналмаған секілді...
Әрі қарай тыңдай алмай жыладым.

Құдай! Менмін пендең сенің... Кеш ұдай...
Жылай бердім... Жылай бердім осылай....
Білегімді жарып шыққан қан үшін
Жүрегіңді жұлып берген досым-ай...

Пенде күннің жалған екен барлығы.
Енді өмірдің екі еселік бар жүгі.
Мұң-сыр жатқан, тылсым жатқан
естимін
Дүрсіл қаққан жүрегіңді әр күні...



Пікірлер (1)

Medina

Керемет

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз