Өлең, жыр, ақындар

Қан кешіп жүріп жеткен күн

Қан кешіп жүріп жеткен күн....

Құлақты жарып жаңғырған,
Мұң зарын тыңдап кекті үннің.
Дастандар оқып таңғы ұрған ,
Қазақтың жайын көп білдім.

Сондықтан болар ел үшін,
Әндетіп туған текті ұлмын.
Жүректің мұздай берішін,
Мейіріміңе кептірдім.

Жанымнан қымбат мен үшін,
Түбінде тұрып көк тудың.
Тәуелсіз елдің жеңісін,
Құттықтау үшін кеп тұрмын.

Тыңдаса сөзді қалайық,
Бұрылып артқа қарайық.
От кешіп өткен өмірді,
Азырақ еске алайық.
Бүгінгі ұрпақ не білді?
Бір-бірден айтып санайық.

Шежіре қартқа жүгініп,
Тарих көрсек үңіліп.
Не көрмеген Қазақпыз?
Табаны тасқа тілініп,
Жігері құмдай үгіліп.
Ақ сүтін сауған аналар,
Өмірден мына түңіліп.
Бұрлығып жолда қара нар,
Жығылды тұлпар сүрініп.
Боз жусан қурап долдана,
Шырайын төкті шұғынық.
Боз боран болып боз дала,
Боздадау таулар булығып.
Еріксіз есіл мекеннен,
Ел ауып еді шулығып.
Қасірет төнді бір кезде,
Жоңғардың қолы сұғынып.
Ағызып көзден қанды жас,
Ақтабан болып шұбырып,
Босқында болды біздің ел.

Ұрандап батыр туылып,
Қынаптан қылыш суырып.
Абылай хан ұрандап,
Алты алашқа бұйырып.
Қара керей Қабанбай,
Ақ сауытын киініп.
Қанжығалы Бөгенбай,
Аруаққа сиынып.
Шапырашты наурызбай,
Хаһарланды шүйіліп.
Үш жүздің ері аттанды,
Шар тараптан құйылып.
Бір төбеге жиылып.
Бірліктің күшін ұғынып.
Тілекті қосты бір жерге,
Қазақтың туы тігіліп.
Қырғидай болып тигенде,
Апшысын жаудың қуырып.
Кең байтақ жері қазақтың,
Өзіне қайта бұйырып,
Бір аман қалды біздің ел.

Тым сүркей болды басында,
Жиырмасыншы ғасырда.
Атақтар тақты не түрлі,
Арлары таза асылға.
Тістеніп тілін шайнады,
Сөз бермей шешен,ақынға.

Қазақтың жерін шарлатып,
Тоздырды тобыр шаңдатып.
Астығын тасып арбалап,
Алдырды малын айдатып.
Өз дәнін бермей өзіне,
Аштықтан қырды зарлатып.

Шырқыңды алды шырғалап,
Тілің мен дінді бұрмалап.
Алаштың туын тіктің деп,
Артыңа түсті қудалап.

Бұлыңғыр болып келешек,
Келетін күннің ертеңі.
Түңілігін турап ақ үйдің,
Уығын отқа өртеді.
Айдауға кетті сан боздақ,
Ажырғы қиып желкені.
Аманат етіп ұрпаққа,
Артында қалған өлкені.

Ұрпақтың улап санасын,
Мәңгүрт қып елді азғырған.
Қазақтың әнін қақпайлап,
Қаймана жырды жаздырған.
Жарқылдап тұрған ұланды,
Жалаға қиып жазғырған.
Саңқылдап тұрған қыранды,
Қанатын қиып қаз қылған.
Анадан қалған мұраңды,
Қанағатсыздарға қаздырған.
Жаттатып бөгде ұранды,
Есіңнен әбден тандырған.
Шырайы кетпес далаңды,
Атоммен улап тоздырған.
Дау айтқан даңғыл данаңды,
Жолынан тосып тор құрған.
Жатырда улап балаңды,
Жарымжан етіп қор қылған.
Заманды көрді біздің ел!

Желтоқсанның аязы,
Жүректі қарып шаншылап.
Жұлынға пышақ таяды,
Түршігіп дене қалтырап.
Жаза алмай жанды жараны,
Жүйкені құртты сан сұрақ.
Жалтарада алмай жаланы,
Көзінен жасы тамшылап,
Жан үзді талай ұл мен қыз,
Халқым деп жатып қансырап.

Қиылған сонда жандары,
Төгілген қызыл қандары,
Бодаусыз кетпей боздақтар,
Тұр екен бағы жанғалы.
Тәуелсіздіктің таңы атты,
Қабыл боп асыл арманы.

Бостандық деген бақытқа,
Қазақтың қолы ілінді.
Отырып өзі тағына,
Алаштың туы тігілді.

Қуаңдап қалған ғасырға,
Бүрледі қайта бәйтерек.
Жұмыртқа салып басына,
Самұрық қонды қайта кеп.

Әлемге бүгін танылды,
Киелі қазақ есімің.
Тұмар ғып тағып әніңді,
Туыңды сүйсем несі мін?

Туған ел тура бисіңдер,
Өздерің айтшы шешімін.
Тәуелсіз елде жүрсіңдер,
Бақытты күнің осы күн.

Басшысы дана жол сара,
Қазақтың ұлы көшінің.
Басқаның бәрін аңсама,
Қадірін білсең осының.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Азамат деген ардақты ат

  • 0
  • 2

Қалмаса жолда үміті елдің ақталмай,
Алқалар халқың шыдасаң өзің мақтанбай.
Ілтипат етіп ісіңе сенің сүйініп,
Ардақтап айтса азамат деген ат қандай.

Толық

Қажеттісі ат маған

  • 0
  • 0


Мен қазақпын қажеттісі ат маған,
Аттан десе “A құдайлап” аттанам.
Өйтетіні қасиеттеп тұлпарын,
Бабаларым маңдайынан қақпаған.

Толық

Бір тəтті сыр бар Сеңгірде

  • 0
  • 1

Бір тәтті сыр бар Сеңгірде,
Сейілдеп сонда келдің бе?
Сыңғырлап аққан бұлақтың,
Түбінен сағым көрдің бе?

Толық

Қарап көріңіз