Анамның әңгімесі (Мырзатай Жолдасбековтың естелігі бойынша)

Сауық құрып түзден оралғанымда налыған кейіппен: «Қасқырға қарындасыңды емес, сені тастауым керек еді» дегенін түсіне алмап едім. Ендігі әңгімені төсекке таңылған анам көзіне жас алып отырып баяндады.

Небір сұмдық жайтты өткердік, ашаршылық кезеңде,
Барсың, байсың бір уыс дән қалған болса кесеңде.
Қу құлқынның қамы үшін жегендер бар баласын,
Мейірім жоқ, адалдық жоқ, адамдық жоқ кез елде.

Әл – дәрменім қалмаса да жүріп келем күні – түн,
Қарашығы көздерімнің екі балам үмітім.
Ұл – қызымда бұл нәубетте аман қалса арман не?!
Меңіреу түн! Сөндірмеші сорлы ананың үмітін.

Жүріп келем көксегенім жеткізбеді әлі де,
Тоқтай қалсам жым – жырт дала мінетіндей кәріне.
Аман қалсын деп екеуің тартып кеттім бір күнде
Кемербастау қайдасың деп қарамастан әліме.

Сорлы анаңның қара бұлттар торлай кетті аспанын,
Сезе қойдым, мақұлықтар мамық қарды басқанын.
Қан иісін сезген хайуан, тегін кетпес дедім де,
Амалым жоқ, құлынымды қанды ауызға тастадым.

Тоқтамастан ыстық жасым жуып кетті жүзімді,
Қасқырға жем қыламын деп ойлаппын ба қызымды.
Мен мың өліп, мың тірілген сол азалы шақтарым,
Мұз боп қатқан ұмытылмас өмірімнен үзінді.

Түсімде ол мені іздейді, маған қарай беттейді,
Апа дейді, бірде кел деп, бірде маған кет дейді.
Сәби дене жұламаланып, жемтік болған кездегі
Шырқыраған үні әліге құлағымнан кетпейді.

Секундтармен арпалысып ойларымды еледім,
Бір әулеттің бір ұрпағы аман қалсын деп едім.
Қарындасың жүрегімнің ащы зары боп қалған,
Бірақ, балам ақ сүтімді ақтарыңа сенемін.

Тастап кеткен айдалаға бейбіт күнде баласын.
Замананың ессіз дерті улап жүрген санасын.
Бауырындағы сәбиінен нәубет күштеп айырған
Мына сорлы, шерлі анаға жақсылап бір қарасын.

Менің өлеңіме арқау болған оқиға 1930-1931 жылдардағы ашаршылық пен нәубет төнген қилы заманда орын алған.


Басқа да өлеңдері

Пікірлер (1)

Нұргүл

Өте әдемі жазылған!

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)