Эссе және өлең-жыр байқауы

Гүл алып

Гүл алып,
Келемін гүл алып.
Жай ғана. Білмеймін себебін.
Қарсы алсаң болды сен қуанып,
Мен сені шын жақсы көремін.

Сүйікті гүліңді кешірек
Сұрадым.
Қызықтым талғамға.
Көрсеттің нәзікті осы деп,
Гүл алып беруге барғанда.

Келуші ем сондықтан гүл ап та,
Кездесу сәттері туғанда.
Атауын білмеймін.
Бірақ та
Танимын гүл алып тұрғанда.

Сол гүлсіз, не байлық екенін,
Аптамыз өтпейтін біздің бір.
Біреуін, бесеуін, жетеуін,
Ал бірде сыйлағам жүз бір гүл.

Жаным-ау, неткен ең сұлу сен,
Тәнті боп берген әр гүл есте.
Махаббат не екенін ұғушы ем,
Ал гүл — ол жай ғана ілеспе.

Мың гүлден қос жүрек құралып,
Мен жүрдім бақыттан дәмелі.
Гүл алып, гүл алып, гүл алып,
Ол да сен секілді әдемі.

Қисынды бітердей бұл қызық,
Жоспарлап қойғанмын бір анық:
сыйлауды өзіңе бір жүзік.
Әрине, қасына гүл алып.

Болсаң да өзіндей хор қыздың,
Еш нәрсе бұйырмас, сірә, нық:
Өзіңнен хабарды шорт үздім,
Басқа жан жүрсін деп гүл алып.

Ажырау.
Жазылған бар міндет
бір сәтте өшкендей маңдайдан.
Тұп-тура сыйлардай тағдыр кеп
Қоштасу гүлін ап сарғайған.

Көз алмай көкпеңбек еріннен,
Даусымды бәсеңдеу шығарып,
«Мен сені сүймеймін» дедім мен,
Бердім де соңғы рет гүл алып.

Сен түгіл өзім де сезбегем,
Жараны жанымды қинайтын.
Боласың сен менен өзгемен
бақытты.
Ғажап гүл сыйлайтын…

***

… Жарты жыл дегбірді тауысқан,
Гүлдердей мен кеттім суалып…
Жазылмас дертіммен алысқан
Мекенге келдің сен гүл алып.

Білмеймін, естідің кімдерден,
Тағдыр ғой. Осыны қиыпты.
Көзімді алмадым гүлдерден,
Енді олар маған да сүйікті.

Қалпында гүліміз солмаған
Түседі бір жұлдыз шын ағып.
Келесің жиі енді сен маған
Бұл жолы екі тал гүл алып.

Басқа да өлеңдері



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...