Өлең, жыр, ақындар

Сезем

Сезе алам мен жүрегім қансырап та,
Жауап табам сарғайған сан сұраққа.
Сезген сайын санамда қорқыныш бар
Күресуден шаршаған сан сынаққа.
Сұрақ келіп тұрмайды хал сұрап та...

Жаратқаннан басқасы жалған бәрі,
Сезіп жүрмін жаманның жанған бағы.
Жомарт жанның жолында кісен жортып,
Ашық қолы жұртпен тең жалғанбады.
Жапалақтар жамырап, жарбаңдады.

Ащы суды ішіп ап шаптығасың,
Мәселені тағы бір тапты басым.
Сезіп жүрмін сабада сары қымыз,
Шайқалмай жүр шарада ақтық асым.
Қара шәйсіз ас батпай тәулігіне
Ішпей қалсаң, шөліркеп аптығасың.

Жай сөз емес, мұндайда еңбек керек,
Ақ жүрекке сұлулық төрлет демек,
Сезіп жүрмін бұл күні тасалауда
Жүрекке емес, сұлулық келбетке кеп.
Айта берсең, ширыққан тым көп дерек...

Атам қазақ тек жатып бас бақпаған,
Баба салтын бүгінгі жас таптаған.
Сезіп жүрмін имансыз ұл көбейіп,
Ардан безген сұлулар асқақтаған.
Керегі жоқ шындықты растап маған...

Сезу керек, сезуге сезім керек,
Адам болып сезінген сезім бөлек,
Менменсінген қалыпта отқаным жоқ
Жай оғындай жасампаз сөзімді елеп.
Бірақ ертең менің де кезім келед(і),
Соным үшін солмаған сезім керек.

Сенсіз өмір сүре-алман сағат тіпті,
Шегін таппай уақыттың тағат бітті.
Сен сондайсың, "сезім" шын, сен сондайсың,
Сен дегенде жүректен ағат кетті,
Солғын жасын небір жас нақақ төкті.

Ағат кезде ұшқыр көз шағылысқан,
Тулағанда жұлдыздар сабылысқан,
Сезім деген тумайды жек көруден,
"Сезім" деген жаралар сағыныштан...



Пікірлер (1)

ArmanEskermes

Өкінбе, өкпелеме, бүгініңе, 

Өмір, өмір болмайды түңілуге... 

Дұрыс, бауырым, елді, болашақты ойлағаның! Жақсы айттың, жолың ашылсын! Ал өлеңге келсек, керемет. 

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз