Өлең, жыр, ақындар

Тау шалы

  • 16.01.2018
  • 0
  • 0
  • 1352
Өзі туған таудай тұлға сом біткен,
Көтерілмес оңайлықпен қабағы.
Кейбір кезде жолаушыдай жол күткен,
Бір ноқатқа ұзақ қарап қалады.
Таулар түстес үстіндегі шапаны,
Өңірімен жел саусақтар ойнаған.
Өзі туған тау сүңгісі – сақалы,
Маңдайына сай-сай әжім бойлаған.
Сәлем берсең жауабы да тым қысқа,
Серігі оның күні бойы үнсіздік.
Оның сөзі ұқсайды бір жыл құсқа,
Неткен ауыр үлкендегі тілсіздік.
Жылылық жоқ сыртқа тепкен түсінде,
Сол баяғы шөгіп қалған бір таудай.
Не болса да бар асылы ішінде,
Сырт адамға я керең, я мылқаудай.
Өмір ізін толқын таулар жасырып,
Бұлттан көрпе, шыңнан жастық бүктеген.
Тағдыр талай, маңдайына тас ұрып,
Тал басына тау міндетін жүктеген.
Үнсіз ғана көзі өткеннен көл жиып,
Жан дүниесі күйге түсіп не түрлі.
Ол отырса қабақ түйе, қонжиып,
Таудың тірі көшірмесі секілді!..
* * *
Жапырақтар үзіледі желменен,
Үзілген бір үміттей.
Жазғы таңмен жарын ойлап келмеген,
Мұңаяды жігіт кей.
Күзгі күнмен қалтырайды бұйығып,
Ашық мінез ақ айдын.
Жапырақтар жатыр жерге құйылып,
Тағдыры ұқсап талайдың.
Жастық айлар жақсы еді ғой бір кезде,
Білсең ерте қадірін.
Сезгің келсе, көктемді күт, сырды өзге,
Жеткенінше сабырың.
Жапырақтар билейді күз желімен,
Жер сұр бояу орансын.
Бір кездегі сонау көркем көлінен,
Кеткен құстар оралсын!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бағыңа тіл, көгіңе көз болармын

  • 0
  • 0

Бағыңа тіл, көгіңе көз болармын,
Жүрегің боп соғармын, қозғалармын.
Оралған шалғайыңа, Отан ана,
Өзекке тепсе кетпес өз балаңмын.

Толық

Дос көңілін қылаусыз арман етем

  • 0
  • 0

Дос көңілін қылаусыз арман етем,
Арманыңды үмітке жалғап өтем.
Көптен күткен менің бір жеңісіме
Қуанатын қол соғып жан бар екен.

Толық

Жүректегі жүгінем жазуларға

  • 0
  • 0

Жүректегі жүгінем жазуларға,
Өкінбеймін құлатса сезім жарға.
Күндіз-түні сен жайлы ойлайтұғын
Мәнді екен ғой өмірім өзің барда...

Толық

Қарап көріңіз