Өлең, жыр, ақындар

Қансонарда бүркітші шығады аңға

  • 16.04.2015
  • 1
  • 7
  • 63246
Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.
Салаң етіп жолықса қайтқан ізі,
Сағадан сымпың қағып із шалғанда.
Бүркітші тау басында, қағушы ойда,
Іздің бетін түзетіп аңдағанда.
Томағасын тартқанда бір қырымнан,
Қыран құс көзі көріп самғағанда.
Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,
Қандыкөз1 қайқаң қағып шықса аспанға,
Көре тұра қалады қашқан түлкі
Құтылмасын білген соң құр қашқанға.
Аузын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,
О да талас қылады шыбын жанға.
Қызық көрер, көңілді болса аңшылар,
Шабар жерін қарамай жығылғанға.
Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,
О дағы осал жау емес қыран паңға.
Сегіз найза қолында, көз аудармай,
Батыр да аял қылмайды ертең таңға.
Қанат, құйрық суылдап, ысқырады,
Көктен қыран сорғалап құйылғанда.
Жарқ-жұрқ етіп екеуі айқасады,
Жеке батыр шыққандай қан майданға.
Біреуі – көк, біреуі – жер тағысы,
Адам үшін батысып қызыл қанға.
Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл,
Ұқсайды хасса2 сұлу шомылғанға.
Қара шашын көтеріп екі шынтақ,
О да бүлк-бүлк етпей ме сыйпанғанда,
Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш,
Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда.
Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,
Және ұқсар тар төсекте жолғасқанға.
Арт жағынан жаурыны бүлкілдейді,
Қыран бүктеп астына дәл басқанда.
Құсы да иесіне қоразданар,
Алпыс екі айлалы түлкі алғанда.
«Үйірімен үш тоғыз» деп жымыңдап,
Жасы үлкені жанына байланғанда.
Сілке киіп тымақты, насыбайды
Бір атасың көңілің жайланғанда.
Таудан жиде тергендей ала берсе,
Бір жасайсың құмарың әр қанғанда.
Көкіректе жамандық еш ниет жоқ,
Аң болады кеңесің құс салғанда.
Ешкімге зияны жоқ, өзім көрген
Бір қызық ісім екен сұм жалғанда.
Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға
Бәрі де анық тұрмай ма ойланғанда.

Ұқпассың үстірт қарап бұлғақтасаң,
Суретін көре алмассың, көп бақпасаң.
Көлеңкесі түседі көкейіңе,
Әр сөзін бір ойланып салмақтасаң.
Мұны оқыса, жігіттер, аңшы оқысын,
Біле алмассың, құс салып дәм татпасаң.

1 - Қандыкөз – бүркітті айтады.
2 – Хасса, қаса (арабша) – өте сұлу, кемелге жеткен сұлулық.



Пікірлер (7)

зейнап

Ұзақ қой

Мансур

Мықты ұзақ екен

Димаш

Ұзақ болсада өте керемет өлең

ННН

Ұзақ болсада өте керемет өлең

Перизат

Абай Құнанбайұлының Қансонарда бүркітші шығады аңға атты өлеңі супер

Ерасыл

Не ж анықталғаннан республикаларының халықаралық қатынастар факультетінің деканы болды және бұл сұрақ барлық қыздар қауымын қызықтырады деп ойлаймын себебі ол кезде қазақ хандығының қол астына өтті ал оның ішінде Қазақстанда да

Пікір қалдырыңыз

Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ

  • 1
  • 7

Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ,
Оларға жөн арамның сөзін ұқпақ.
Қас маңғаз малға бөккен кісімсініп,
Әсте жоқ кеселді істен биттей қорқпақ.

Толық

Сен мені не етесің?

  • 1
  • 5

Сен мені не етесің?
Мені тастап,
Өнер бастап
Жайыңа

Толық

Қара қатынға

  • 1
  • 4

Қара қатын дегенге, қара қатын,
Үзіп-жұлып алып жүр қанағатын.
Ала жаздай байың кеп бір жатпайды,
Қазақтың не қыласың шарағатын.

Толық

Қарап көріңіз