Өлең, жыр, ақындар

Құс келгенде

  • 26.02.2018
  • 0
  • 0
  • 2704
Әуелеп ұшқан сайын құстар үдеп,
Бұлқынар ұясында құштар жүрек.
Анашым,
Айтушы еді,
Құс келгенде,
Тағы бір қимас жылым қысқарды деп.
Сусылдап қаққан сайын құс қанатын,
Сияқты сезімің де ұшталатын.
Құстарға келген,
Кеткен мән береді
Өмірді өлеңіндей құшқан ақын.
Асығып күтем ұдай көктемдерді
Ғажап қой көктемдермен жеткен белгі
Аяулы, асылымдай аңсаттырып,
Дүркіреп,
Құстар ұшып шеттен келді.
Асудан не бір биік асқан демек,
Келгені сән береді аспанға ерек.
Бұлбұлдың бал үніне балқыды ма,
Жауады жапырақтан жас та кенет.
Тоғытып тұла бойға төзімдерін,
Тұтасқан таулардағы сезім керім.
Тауларға қарайлаумен құс ұйқылы,
Әйтеуір,
Түн ұзаққа көз ілмедім...
Құстар-ай!
Әуелеген,
Аспандаған,
Жаныңның нәзік сырын ашқан маған.
Шүпірлеп айна көлдің айналасы,
Ерекше естімеген басталмақ ән.
Қашанда аман қонып,
Ұшсаң болды,
Сүйемін мен де өздерің ұшқан жолды
Балаймын бақыттыға менен гөрі,
Әуелеген құстарым ұшқан жолды.
Асыға күтем солай көктемдерді,
Ерекше ғой,
Көктеммен жеткен белгі.
Наурызды елмен бірге тойлау үшін,
Дүркіреп,
Құстар ұшып,
Шеттен келді!..
* * *
Жарысып атқан таңмен жазам өлең,
Болмайды жазбайынша маза деген.
Ерте ме,
Кеш пе әйтеуір бәрімізге,
Бір келері анық қой қаза-бәлең.
Жоқ менің сонда дағы қорқынышым,
Жүрек батыл,
Жаралған жорту үшін.
Осынау туған елдің бүтіндігі,
Тілегім,
Тірліктегі бар тынысым.
Жаным құштар болса да әнге менің,
Қызық қуып, құмартып,
Дәндемедім.
Ержүректі елімнен қанат байлап,
Асамын бұл өмірдің сан белеңін!
Бұл шақта төрт қыбыламды ойланамын,
Қанағатым,
Әлі де жоймағаным,
Алматыны ән-күймен дүрліктіріп,
Мүшелімді демеймін, тойламадым.
Мен әсте қаламаспын даңғойлықты,
Бұл заманда керек қой жанға ой мықты.
Өмірге Қажымұқан екі келмес,
Үн шығармай көтерген таудай жүкті...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жүрегімді айықпас

  • 0
  • 0

Өлеңнің өрнегіне үңілемін,
Айта алмаймын деп тіптен жұмыссызбын.
Өтіпті тағы да бір аяулы күн,
Арқалап бір бейбақтың қаяу мұңын.

Толық

Сөз соңы

  • 0
  • 0

Сен де бір кең даланың қыранысың,
Ұшары көк, қонатын тұрағы шың.
Қасиетті Қаратау қойнында өсіп,
Кеудеде толқындатқан Сыр ағысын.

Толық

Құштарлық

  • 0
  • 0

Алатауға қонған бұлт,
Жауып барып ашылды,
Қасқа бұлақ,
Көк өзен,

Толық

Қарап көріңіз