Өлең, жыр, ақындар

Саудың сандырағы

  • 23.03.2018
  • 0
  • 0
  • 7675
Бедерсіз, бұлтсыз, бұйра көк
Көлеңкем бе, үйім бе.
Шырайы шымқай шам шапақ,
Шатырым ба, шиім бе.
Жастығым ба асқар, қымқап қыр,
Жатырмын ба үйімде.
Масатым майса, бәйшешек,
Төсегім бе, үйім бе.
Шымылдық - шалғын, жақпар тас,
Сандығым ба, жүгім бе,
Шатырға шанышқан шамшырақ,
Шалқыма, жұлдыз күлімде.
Шалқиды шам, жынды жел,
Жыбырлама, жүгірме. Жым!
Жапырақ мызғысын,
Салқын самал іңірде.
Жұм көзіңді, күміс көл,
Батсын балық түбіңе.
Айдында жүзген алтын қу,
Ай аяңда, сүрінбе.
Жалғыз - ақ саған ықтияр,
Қалғыған көлге сеп сәуле.
Алтын сырық суға сал,
Сәуле суда дірілде.
Көңілді жерді күргейле,
Ағаштан түсір көлеңке.
Аймалассын асықтар,
Ойнасын онда екі ерке.
Еңсеткен ерік еркеге,
Сусатқан су егінге.
Жұлқынған жүйрік жүректе,
Бұлқынған асау көңілде.
Сыбырлы сырлар сөзінде,
Шарпулы жалын лебінде.
Жұлдызы мөлдір кезінде
Құндызы қастың мөрінде
Ақ өндіршегі ақ қайың,
Алмалар төстің терінде.
Қоламта қойын, қос құшақ,
Сілекей - секер тіліңде
Бал, тістері меруерт,
Сылпылдап ләззат ерінде,
Шынайы шынар, шырмауық,
Шырмалсын білек белінде.
Сонымен солар сүйіссін,
Сарғайсын сартаң көгінде.
Танасын таулар тарбай тып,
Талтайсын таңның лебіне.
Сұшысқан құштар қоштассын
Тамағын таяп ерінге.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серт

  • 0
  • 0

Жинал бүгін, кел бері!
Бүгін әлем нұр шашты.
Көктемдегі күн, жердегі
Ел жайласты, ұласты!

Толық

Әнші апама

  • 1
  • 5

Майра апай сіз бе едіңіз өресі асқан,
Құмар ем әніңізге бала жастан.
Сайраған үніңізді естігенде,
Тіл қаттым жастығыма қарамастан!

Толық

Біздің бақша

  • 0
  • 0

Біз жатқан жердің шары өрге қарай,
Кең дала, терең теңіз, таулар талай.
Отаны ұлы Одақтың социалдық,
Ордасы көркем Мәскеу — Кеңес сарай.

Толық

Қарап көріңіз