Өлең, жыр, ақындар

Қорқамын

  • 24.03.2018
  • 0
  • 1
  • 4971
(Мектебміздің аты бар, заты жоқ. Мектеп саламыз деп жиналған қойды қулар жеп кетті. Мұғалім шала молда алдынан әлі бір бала шыққан жоқ,. Оқытпайды, мал жинап байиды. Атқамінерлік қылады.)
(«Тілші»)

Курстан оқып күйбеңдеп,
Мұғалім болдым мығымдап.
Төрт амалдан түртектеп,
Тіл құралдан тығындап.
Құйқалақ бала, шым мектеп,
Оқытып бердім қимылдап.
Отын - су жоқ дірдектеп,
Жел жабықтан ыңылдап.
Құм төсеніп, шаңға аунап,
Өкпе болды балаларым,
Көкірегі сырылдап.
Сонда да болмай сүйрелдім,
Қаңылтыр тақтай қылып ап.
Дыбыстан жинап сөз құрап,
Ол сөзімді буындап.
Буындап едім болсайшы,
Жалғаудан жалғау туындап.
Балапандай жұмыртқалап,
Балалады мың жұрнақ.
Шатылдым, айтып жатырмын.
Балам түгіл, өзіме
Қиын болды - ау ұғынбақ.
Бас айналды, мәңгірдім,
Отырған өңшең «құйқалақ»,
Есінеп, көзін уқалап,
«Е!» демесе, ұйықтамақ.
Келер жыл мектеп салуға
Қаулы болды шуылдап.
Кәмесие жасалды
Ата - анадан ұрулап.
Елге жайып шығын сап,
Түтіннен түгел қой жинап,
Бидайықтай қуырмақ.
Елден түгел қой тимей,
Оқытуға қол тимей,
Қаулыны жүрдім қуғындап.
Сонан соң қолды бір сілтеп,
Жалықтым, жаттым жайыма,
Тиесі қойды жиып ап.
Оқытудан тазамын,
Мектебіңнен мен аулақ.
Елден ерек ен аулақ.
Болдым, қыстай қылғаным:
Қылжақ, ыржақ, қыдырмақ.
Анау өңкей «құйқалақ»
Қарды қыстай қиқалап.
Айдаған қойдай шұбырмақ.
Келер жыл боппын «болбюджет»,
Жайғалды жаным тынымдап.
Там - тұм дап табыс тағы бар,
Тебендеп, теңге - тиындап.
Жатып жедім жалуан,
Үкіметтен қылына ап.
Аяғын айдың мөлшерлеп,
Қалаға келем қырындап.
Алдын ала отделге
Ведомость берем бұрындап,
Шермендерім шытырлап,
Ауылға қайтам пұлымды ап.
Қайтсе де далаң қала емес,
Расход ұстар шылымдап.
Ақшалата мал алам,
Тай - таналап ырымдап.
Жетістім, желі байладым,
Бес - алты бием құлындап.
Айрандық қой жинадым,
Шөмішімді жұғын дап.
Ақ үй тіктім шалқыдым,
Аруақты байдың қызын ап.
Жасауым сайман - жабдығым,
Өсти - өс ти жиылмақ.
Кейде ақсақал боламын
Ағайын сөзі қуғындап.
Кейде үкім қыламын,
Советтеп, сөзді қызылдап.
Сондағы ойым, ниетім:
Дәурен баста тұрса деп,
Қымпаңдау ғой шыжылдап.
Ай, білмеймін не болар,
Отдел отчет сұрайды,
Инспектор қыдыңдап.
Алдынан бала шықпайды деп,
Оқытпайды, ұйықтайды деп,
Көпшілік кетті шуылдап.
«Сынасу» деген шыққалы;
Тілшілері жыбырлап.
Жариялап қазбалап,
Бар мінімді жұмырлап,
Газетті тағы жыр қылмақ.
Сөйте - сөйте сор қайнап,
Сынау түбі сұрыптау
Бола ма деп қорқамын,
Төбе құйқам шымырлап.



Пікірлер (1)

Іңкәр

Керемет

Пікір қалдырыңыз

Мінеки бүгін кешке шығам жолға

  • 0
  • 0

Мінеки, бүгін кешке шығам жолға,
Бір жарым сөтке жүріп барам онда.
Бүрсігүні сағат сегіз осы уақта,
Сәулемнің алам сүйіп қолын қолға.

Толық

Қазақ үйдің тұрмысы

  • 1
  • 1

Ақ үйге алты қанат келсем кіріп,
Босаға, маңдайша мен табалдырық,
Кереге алты жапсар, алпыс уық,
Шаңырақ, күлдіреуіш оған жуық.

Толық

Жаңа әдебиет

  • 0
  • 2

Күреспен, күшпен,
Білекпен
Төгілді жерге жаңа нұр.
Жігермен, іспен,

Толық

Қарап көріңіз