Өлең-жыр байқауы

Бәйге алдында

Атбегі Жиенжан ағамның құрметіне

Ата-баба қанымен бар адамға
Бәйге десе ширығу тараған ба!?.
Құйрық-жалын сүзіп ап, үкі тағып
"Алла, оңғар"-деп ат қостым аламанға

Шашаңнан құлыныңда-ақ үмітті еттің
Тайыңда арда емізіп, жілікті еттім
Құнаныңда тынысың дағды алсын деп
Мойныңа ұзын шылбыр іліп кеттім

Ноқта-жүген киместен дөнен шықтың
Терең қолтық, кең кеуде, денең нық-тын
"Бісміллә"-деп бестіңде бас білгіздім
Тілім-тасқа, үмітті өрен шықтың

Бұлан мойын, бұғы төс, серке санды,
Құшақ толар құйрықты, бөрте жалды
Төңкерілген кеседей дөңгелентіп
Шебер тәңірім тұяқты керте салды

Бота тірсек, құлан бас, қасқыр құлақ
Шаралы көз шекелеп қарар сынап
Мұндай текті көрмеп ем бұл жасымда
Қанша жүйрік қоссам да баптап сылап

Сұлы бердім тобылғы бүрін қосып
Бие сүтін бұлақтың суын қосып
Ақжілік боп саркөбең күй алған соң,
Аяңдаттым Ертістің құмын кешіп

Сар желіспен сан рет өрге салдым
Қолтық сөгіп, ақ көбік терге салдым
Тер емес, удай тұзың шыққаннан соң,
Терісі кеңісін деп көлге салдым

Қазың еріп, сіңірлі ет толғанша
Тезегің-тас, зәрің-бір өт болғанша
Дөң басында самалға қаңтарумен
Түндер өтті ел-жұрттан шетте қанша...

Мақтаным емес мұным, тіпті, менің
Бөтен көздің біреуі сұқты ма едің
Бап шаба ма, болмаса, бақ шаба ма
Содан да, көңіл шіркін, күпті ме едің??.

Қолдасын Қамбар Ата, жануарым,
Бабы бардың жанатын бағы барын!
Жүйрікке де бір томар болмаса-игі,
Әйтпесе, хақ қой, алдан табыларың

Қамшылама, тізгінді тартпа, балам,
Жел жақта жүр, шаң қаппа артта, балам,
Ат айдаушы шақырды, ал, барыңдар,
Жолдарыңды оңдасын хақ тағалам!

(Ат кеткен соң...)

... Қудай мойның үзіліп,
Сымдай тұрқың созылып,
Жер бауырлап ұшқанда
Төрт аяғың жазылып,
Бөрте жалың толқындай
Көтеріліп-басылып,
Шұбатылған түтіндей
Құйрығың артта шашылып,
Арандай аузың ашылып
Көмбеден ағып өтсеңші,
Соны көріп, дүние-ай,
Армансыз боп кетсем-ші?!.

Басқа да өлеңдері

Пікірлер (2)

Айнур

Кызыкрак жокпа

Айнур

Керемет маган ұнады

Пікір қалдырыңыз