Сағыныш

Жаныма жұпар берген болдың ба әтір,
Айналып қайтсам шіркін сол жылға бір.
Ерке қыз көрінбейді тек ол жерден,
Бөлмең де жүз төртінші орнында тұр.

Жасамас көзсіз ерлік бал шақта кім,
Кеттім ғой мезгілдердің аңсап бәрін.
Құдірет қандай ғана жаратты екен
Ойлаушы ем деп бұл қыздың саусақтарын.

Мендеко, әлі мендік екенбісің,
Соқтырған сан жартасқа шекемді шын.
Кім кепіл бола алады сені аңсаудан
Сарқылып кетпесіне бекер күшім.

Жүзіңнің сәулесіне байыған түн,
Шегеді сезімі үшін уайым әркім!
Кешімді азат еткен ой бұлтынан,
Сен едің нарқы үстем айым алтын!

Құмартып көңіл саған талаптанса,
Шаруа жоқ екеніне сағат қанша!
Қайда ұзап кетті сол бір жазғы кештер,
Мазалап ұйқы бермес таң атқанша!

Болмақ деп қандай, қалай ендігі арман,
Көңілім қаншама рет шерлі болған!
Аттырған сұлу таңды сен Шығыстан,
Бақылап жатушы едім мен Құланнан.

Едің ғой сен бір бейне асыл күйдей,
Мені ойлап құс жастыққа басың тимей.
Алдыңда шарасыз боп жасауға ерлік,
Ойсырай жеңілуші ем расым күйрей.

Қанша рет жасалынбай қалды тірлік,
Жабылмай сырымызда қалды түндік.
Көлеңке тасасында жасырынып,
Біріміз-бірімізге сан жұтылдық!

Өзіңмен өткен күндер көп құндырақ,
Сезімде бәрін жырлар жоқ тіл бірақ!
Керемет күйге баурап алтын айым,
Неліктен оралмасқа кеттің жырақ!


Басқа да өлеңдері

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)