Эссе және өлең-жыр байқауы

Таныңдар

  • admin
  • 11.07.2018
  • 0
  • 0
  • 1346
Қара, бүгін далаға,
Қара бүгін жер қандай?
Кешегі күн тулақ па?
Жерлеріңді таныңдар.
Қара, бүгін далаға,
Қара, бүгін ел қандай?
Кешегі бай кулак па?
Ерлеріңді таныңдар.
Қара бүгін далаға,
Қара, бүгін ер қандай?
Кешегі құл тымақ па?
Ерлеріңді таныңдар.

ЖАҢА ЖАҚ

Аударылып асты - үсті,
Астан - кестен болған жақ.
Шен, знакты қожасыз,
Кеңесті кең құрған жақ.
Еңбекшісі топтасып,
Енбексізін қуған жақ.
Капиталдық, бектіктің,
Тамырына балтаны
Ұңғылата ұрған жақ!

СОЛТҮСТІК- ШЫҒЫСЫҢ

Қазақстан жерінің,
Солтүстігі - шығысы.
Қарағанды, Қарсақпай,
Екібас, Спасс, Қоңырат,
Көмір - металл комбинат
Кен - қазына жынысы.
Ақжар, Риддер, Алқабек
Алтай - алтын, қорғасын,
Цинкі, қола, күмісі.
Соның бәрін қаусыра,
Отарбаның жүрісі
Сол байлықтың үстіне:
Арқа малдың қонысы,
Ертіс егін ырысы.

ОҢТҮСТІГІҢ

Қазақстан жерінің,
Оңтүстігі құбыласы.
Қорғасын, мыс, таусағыз,
Қаратаудың жалғасы.
Арасар, дәрі, асыл тас,
Алатаудың жырасы.
Мақта, кендір, майқурай,
Өнерлі егіз ұясы.
Сол байлықтың үстіне:
Сыр, Жетісу мал баққан,
Қалың егін шудасы.

БАТЫСЫҢ

Қазақстан батысы
Былқылдаған май балық.
Арал, Каспий жатысы,
Қайнап біткен бөрге тас,
Химияның қатысы!
Май мұнайдың фонтаны
Көкке шапшып атысы!
Қандырмап па дүниені
Ембі қауға тартысы.
Сол байлықтың үстіне
Малдың жайы Ақжайық.
Жайықта егін орасан,
Міне, жоспар айтысы.

ҰЙЫСҚАН ЕҢБЕК

Кеше мұндай жер ме еді?
Бүгін еңбек майданы.
Кеше мұндай ел ме еді?
Бүгін колхоз айнала.
Қол қойғаны - еңбегі,
Социалдық тұрмысты
Соғуға күші кернеді.
Таптасты да тұтасты
Шапты жауын жерледі,
Жаңадан жаңа тудырып,
Жоспардан жоспарға өрледі.
Социалдық еңбекпен,
Терледі колхоз, терледі...

МАЛ, ЕГІН, ЗАВОДТАРЫ

Даладағы дәулетің
Жүз жүздеген совхоздар.
Қайнады қыр, мыңғырды,
Біреуі егін, бірі мал.
Қор құйылды далаға,
Миллион- миллион сомалар,
Жазды құлаш жаңа өмір
Социалдық шаруалар.
Бүгінгі күн бұлардың.
Осындағы ерлердің
Ел мен жұрты қолын ал!

ЖОЛШЫЛАР

Ерлер салып бітірдің
Түрксіб, қазақ жолдарын.
Тағы - тағы салмақсың,
Бұл жолдардың оңдарын.
Жаңа завод - фабрик
Тамыры еңбек орданың.
Сол жолдарға тиелер
Жерден алған тондарың.
Дүрілдет. Қайнат! Жұмысты,
Жұмысыңмен мықталсын!
Социалдық қорғаның!

КӨМІРШІЛЕР

Қазақстан дәулеті
Қарағанды дүкені.
Қарағанды одақтың
Дүкенінің үлкені.
Сондағы еңбек ерлері
Бүгінгі күн қарқындат!
Бүйіріне шахтаның
Батыра сал керкіні!
Бұрқыратсын көмірді
Білегінің серпіні!

МАЙШЫЛАР

Ембідегі ерлер - ау,
Құтты болсын мерекең
Ел алдына кел бері - ау,
Жоспарыңды орында,
Көтеріл де, сермел - ау.
Қопарылсын мұнайлар,
Ақтарылсын кендер - ау.
Социалдық еңбектің
Қаһарманы сендер - ау...

КЕНШІЛЕР

Ақтөбедегі ерлер - ау,
Сал ұранды, қайдасың!
Заводыңды тез жүргіз!
Дөңгелегің айналсын.
Химияңның қазаны
Шымыр - шымыр қайнасын.
Сол қайнаған қазандар,
Социалдық өмірдің
Дөңгелегін майласын!

КОЛХОЗШЫЛАР

Колхоз, қаһармандары!
Сал қаланды жинала.
Жинал бүгін далаға,
Шық қолыңа ту ала.
Бай - жуанды жанышта,
Құйыршықты қуала.
Берекелі мал жина,
Пішеніңді маяла.
Егін айда, ал жина!
Миллион - миллион қолдарсың!
Қолдарыңмен сендердің
Көгерді ғой қу дала!

ЕКПІҢДІЛЕР

Сәлем! Еңбек ерлері!
Еңбекшілер, күшті ерлер.
Социалдық жарысқа
Әу десіп кеп түскендер!
Еңбегімен бәйге алған,
Ел танысын күшті ерлер!
Дүрілдет! Қайнат! Қимылда!
Екпінділер! Іскерлер!

1931 жыл.

Басқа да өлеңдері

Сұрау

  • 0
  • 0

Жер ажалы от па екен?
От ажалы жер ме екен?
Жел ажалы от па екен?
От өлімі жел ме екен?

Толық

Қазақстан

  • 0
  • 1

Көгінен нұр төгілген,
Жерінен дүр, гүл өнген
Жердегі ұжмақ
Бұл қай жақ?

Толық

Екпінділер мен прогульщик

  • 0
  • 0

Ей, екпіндім, мұнша неғып
Бүлінесің, терлейсің?
Самайыңнан терің ағып,
Жан рахатын білмейсің..

Толық


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...