Өлең, жыр, ақындар

Қара теңіз

  • 12.07.2018
  • 0
  • 1
  • 5044
Ассалаумағалайкум, Қара теңіз,
Әкелді бізді сізге мінген поезд.
Дүниенің сен бір жатқан ұжмағысың,
Теңізің - меруерт, маржан, тауың - мейіз.
Атақты алып дария шалқып жатқан,
Тұнжырап Азияны салқындатқан.
Тепсініп телегейің қара ала боп,
Жынданып күнің екен толқып жатқан.
Жағаңды жүлгеледі поезд орғып,
Жатырсың алып дария, аунап, лоблып.
Ойнақшып арс - гүрс етіп тауды соғып,
Қойғандай мәңгі байлап тағдыр қор ғып...
Тау саған тебіренбес тигеніңмен,
Арсылдап құшақ жайып күйгеніңмен,
Күйігім күйігіңнен күшті болды - ау,
Мен саған келмегенге сүйгеніммен.
Көркем тау, әсем теңіз, сұлу сурет,
Саф ауа, дертке дауа, таза курорт...
Кетігі көңілімнің толмаған соң
Сықылды тамаша емес, талдырған дерт.
Егерде сәулемменен келсем мұнда,
Қыдырсақ мынау орман арасында.
Әнеки анау жақпар тасқа шығып,
Тұрашы мынау теңіз жағасында...
Сәулеммен келе жатсам мынау жолда,
Құшағын құшаққа алып, қолын қолға.
Ернінен еміреніп алсам сүйіп,
Дариядай шалқыр еді көңілім сонда...
Не керек, қалды кейін сүйген сәуле,
Сондықтан теңіз түрсіз, тау құр кеуде.
Сондықтан жаудырап тау, толқып теңіз,
Құрғырлар қылмаңдаршы көңілімді әуре

1932 жыл

* * *

Қара бұйра ақ толқын
Атақты Қара теңізсің.
Азияның аузысың,
Күншығыстың көзісің.
Аунақшы, толқы, дария,
Тауденесің жегізсін!
Теңізді аунат асау жел
Алып күшті лебізсің!
Кавказ сенін анаң ғой,
Ем емшегін, емізсін!
Кавказ сенің жарың ғой,
Менде де сендей теңіз бар.
Оның аты - қара қан,
Сол теңізбен егізсің,
Толқы, толқы, ыстық қан.
Сенде де сол жел жүзсін,
Тула, жүрек, толқы, соқ!
Сүйген жаным жанда жоқ!
Жоқ жарымды жоқтатып,
Сәулем, сәулем дегізсін!
Сүйген бір сұлу Кавказын,
Құшағына ап, аялап,
Құшағына еніп тұр.
Сенің көңілің шат шығар,
Тілегіңді беріп тұр.
Бекер шығар, бәлкім, ол,
Әлде сенен жеріп тұр,
Сол себептен асқарды,
Мынау суық тастарды,
Теңіз тулап теуіп тұр.
Сол себепті бұлт жылап,
Теңіз өксіп қыңсылап,
Көзден жасын сеуіп тұр.
Олай болса, көңілім,
Сен қажымай берік тұр!

1932 жыл

* * *

Бар менің де сүйгенім,
Қалды бірақ алыста,
Сен жарыңа жақынсың,
Дейтін жерде «ал ұста!»
Ал, ұстасаң, ал ұста,
Қаусыра құш, қалыспа!
Ауна теңіз, лыпылда,
Сал, толқындар, жарысқа!
Дарияны аудар, дауыл соқ!
Құлашта, жел, қарышта!
Сүйгенімдей сұлуың,
Қалмапты ғой алыста.
Қасында-ақ тұр Қапқазың,
Жақын-ау сен байғұсқа.

* * *

Шашын айтсам сәулемнің —
Қапказыңның орманы,
Қасын айтсам сәулемнің —
Қапказдан ай туғаны.
Сәулем тісі меруерт —
Толқын тасқа ұрғаны.
Сол сәулемнің тұлғасы —
Тұтас Қапқаз тұлғасы.
Денесінің ақтығы —
Қапказының қарлары.
Өткірлігі, қайраты —
Қапказ ала қанжары.
Екі көздің жанары —
Электрдің жанғаны.
Дертке дауа сілекей —
Шекерлеген нарзаны.
Тәтті сылдыр күлкісі —
Асқарыңның бұлағы.
Махаббатпен мас етер —
Бейне Қапказ шарабы,
Дертке демі дауа ғой
Мендей жанға жаралы...

25-маусым. Батуми. Теңіз жағасында

* * *

Өртенемін, жанамын,
Шын сағынып барамын.
Айтарға сөзім көп еді,
Әлде қайдан табамын.
Қаз, үйрек қонар көл қуып,
Іздеуге шықтым бел буып.
Ашықпен әуре әзіз бас,
Қаларсын қайда жел қуып.
Көгерер дала май айда,
Құс ойнар жасыл тоғайда.
Сүйдім, күйдім, өртендім,
Асықтық деген оңай ма...
Өзің бір жүрсің бір жақта,
Осылай заман тұрмақ па?
Елесіңді құшақтап,
Есім бір кетті бұл уақта.
Мен талайдан келгемін,
Талайға көңіл бергемін.
Махаббаттың тәттісін,
Жоқ екен ғой көргенім...
Мен шықсам да саятқа,
Тоймаған едім тоятқа.
Суық қаным, мұз жаным,
Жылындың-ау жана отқа...



Пікірлер (1)

ынкар

узак болганмен кушты

Пікір қалдырыңыз

Социалды көмек

  • 0
  • 0

Eгic тақау қалды деп,
Партия ұран салды деп,
Қаулысы боп бәрінің.
Партияның дерегін

Толық

Алтын қазан

  • 0
  • 0

Төгілген алтын Алтай сілемінде,
Ертістің көкті қапқан иегінде
Жез бесік, алтын құндақ Риддер жатыр,
Сақтаған бар асылын жүрегінде.

Толық

Күйге

  • 0
  • 1

Күй, сені тәтті көрем жаным сүйіп,
Тыңдаймын тыным алмай,жанып, күйіп,
Өмірдің сырын ашып жүрегіме,
Музаның өміріне басымды иіп.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар