Өлең, жыр, ақындар

Ханымбике

  • 31.07.2018
  • 0
  • 0
  • 3684
Дүниеде қарап тұрсаң мақұл бар ма,
Көрінер бәрі де ерсі ақындарға.
Мәз болған байы: "Ку бас" - атанғанға
Жазамын әдебиет қатындарға.
Алартып қарауменен бадид көзді,
Махшарда болар қатын қара жүзді (жүзлі).
Қуларға-байға қатын алдырмайтын
Ғибрат қып қалдырайын біраз сөзді.
Араға бал болғанда, жыланға умын,
Жақсы-жаман көретін мен бір тумын.
Азар болса күнәдан пак боламыз,
Шомылдырса қатындар жылы сумен.
Түсейін жұрт көзіне таңдай атып,
Талайдың шек - қарынын жарқыратып.
Хақикзт майданында көзге түспей,
Қалмайын(қалмин) құрғанымен бұғып, жатып.
Айтпаймын төрт-бес қатын алғандарға,
Қанша іздеп таба алмаса, арман бар ма?!
Сілтедім бұл найзамды арнап соған,
Қалшиып бір қатынмен қалғандарға!
Тұтпаған мұсылман боп ислам дінін,
Босқа өткен өз бойының көрмей мінін.
Құдай сөзі Құранға құлақ салмай,
Алумен өмірі өткен қатын тілін.
Білгендер өкпелемес мұндай сөзге,
Қайтейін өкпелесең көңілің өзге?!
Мал шырқы (жырхы) жете тұрып, қатын алмай,
Ерсі боп тұрғандарды айтам көрер көзге.
Бұл күнде ерік-ықтияр бізден кеткен,
Қатын көп: байды уқалап, мыж-тыж еткен.
Алғанмен бір-екеуді мәз боп қалмай,
Төртеуді ал, бозбалалар, күші жеткен.
Біз жүрміз өле-өлгенше дүние - мал деп,
"Қалсын-деп, - артымда мал, өзімді ал!" - деп.
"Ай, пендем, бізден, - дейді, - сұран, - дейді,
Құдайым қашан айтты: "Қаңғып қал!"- деп.
Өзі-жалғыз, өзгені жаратты - жұп:
"Өсіп-өніп, көркейіп, болсын, - деп, - көп!"
Асырап, сақтап күтуші Ием-өзі,
Көбеймек пен мақұлықтың ұнатып құп.
Пендесіне некені (никахды) парыз қылды,
Қашан пенде Аллаға арыз(ғарыз) қылды?! "
Бір қатынмен қалшиып қалмасын!" - деп,
Төртке шейін мойынға қарыз қылды!
Бұйырылды неке (никах) парыз болып Хақтан,
Некелен (никахлан) төртке шейін, бестен сақтан!
Пайғамбар: "Сүннетім" - деп, айтып кетті,
Үмбеттің көбеюін көріп мақтан.
Көп қалған құр алақан бостан-босқа,
Дұшпанға таба болып, күлкі-досқа!
Көрінді хайуанда тек жексұрыны
Күждей боп семіргенге мәз боп шошқа.
Оқымай жұрттың көбі әми болды,
Әми деген есектің һами болды.
Төртке шейін некені бұйырғаны –
О дағы өсіп-өну қамы болды.
Оқығандар ұқпады мұндай сөзді,
Дүниеге күндіз-түні тігіп көзді!
Жалғанда ұқпай, білмей қапы қалған
Тәңірі алдында болады қара жүзді (жүзлі)!
Дария болса, ішінде садап болсын,
Садап қарны інжу мен дүрге толсын!
Ішінде садабы жоқ болған дария,
Ащы су ұрттап алмас күні құрсын!
Садап болып, ішінде болмаса дүр,
Садап емес, қараңғы қазулы көр.
Иттің көбі болумен соқыр, саңырау,
Көрде жатып: "Тірімін"- деуменен жүр.
Жемісі жоқ ағашты көрсең, терек,
Бір отыннан басқаға сол неге керек.
Теректің сымдай болған бойы құрысын,
Түбінде түк болмайды, болсаң зерек.
Аспанның, қалың бұлт, алды бетін,
Тамшы жоқ бетке тамар, ол - бір түтін.
Түтінде өткен күнің құрысын да,
Бұйырған жеуге қашан иттің етін?!
Нажағай күн жауғанда, бір жарқ етті,
Не түсті саған одан? Өтті. Кетті.
Жарқ еткен бір нажағай болды - дағы,
Тұғырда қалдырмаған бір перзентті.
От өшсе, артта қалсын қызыл шоғы,
Тұтатып ас пісірсең, карын тоғы.
Артында қалар титтей шоғы жоқ от,
Жалғанда бәрі бір бас: бары-жоғы.
Дүниеқор дүниелігін көреді дос,
Дүние досқа бұл сөзім келмейді қош.
Қош келмесе, келмесін, сөз айтылсын,
Домаланып бір қаңбақ кетті, қол бос.
Өкпе жоқ үш-төрт қатын алғандарға,
Дүниеде өсіп-өнсең, арман бар ма?!
Құдайдан жарылқасын, игі сын жоқ
Қалшиып бір қатынмен қалғандарға!
Бұ жалған кімге тоқтап тұрақтаған,
Әркім-ақ: "Көнбеймін!" - деп, бұра аттаған
"Қатыннан ұл таппаған әр уақытта
Ешкі артық, - деген сөз бар лақтаған!"
Бозбала, неден мұндай болдың сорлы,
Құны жоқ қатын алып ешкі құрлы?!
Малынды ертең біреу талап алса,
Болады бүл сөзімнің сол күнде орны.
Онан да беріп өзің ал бір қатын,
Ұнатар қатын байдың "Қу бас"атын.
Құдайым құр алақан тастамайды,
Сен тұтсаң Хақ пайғамбар шариғатын!
Толуменен бір шыққан сөз жерде қалмас,
Ауызға алынғасын, бір де қалмас!
Байы - "Қу бас", қызы "Кәріқыз" атанған,
Сұрқия қатындар бар - ойына алмас.
Дүниені болғаныңмен қанша қимас,
Көріңе өзіңменен бірге сыймас!
Бәрі бір түспегенге - есіл сөзім,
Көз жасын көл қылумен түскен тыймас!
Ежелден дүние-доспен мен екі удай,
Көп болған мұндай істер бұрынғыда-ай!
Мен емес қатын ал деп жатқан қақсап,
"Фаңху матаб" - деп айтқан Құдай.
Бұйырған сонда бізге Құдай төртті,
Төрттен біреу табуға қылам сертті.
Құдай мырза: сұрасаң, бермей қоймас,
Салмасаң күні бұрын өзің өртті!
Білгенге жазылмастай бұл бір жар-ды,
Көрсоқыр білмегенге не дүр шар-ды (пар-ды).
"Бермейді Құдай, қайтсін!" - деген бұлар
Мен кепіл береріне, сұрап қар-ды.
Қоректі бір алған соң ит пен хайуан,
Қозғалғысы тіпті келмес жатқан жайдан.
Басынды тауға-тасқа ұруменен
Сұрашы дамыл таппай бір Құдайдан.
Тіленіп қақсаушыға Құдай ырза,
Бермейтін сараң емес, жомар[т](ма) мырза!
Жалқауға жақпайтұғын сөз айтқан соң,
Дейсің...
... Қолқанды көңілдегі алған соң, тын!
Жалғыз-ақ Зікірияның Құдайы ма,
Сұрасаң, береді Алла, сен сондай сен!
... Көз жасың шын жылаумен бетті жауып,
Аласың шын іздесең, жоқты тауып.
Қалғаның қолқа ала алмай Құдайыңнан
Тілеуің кеткендіктен дүниеге ауып.
Тілеуің уыз жаста мал болған соң,
Не пайда малдан саған шал болған соң?!
Сыймайды бір көңілге екі тілек,
Біле алмай не қыларын дал болған соң.
Алады ерте іздеген жоқты тауып,
Жатпастан жұрт берсе, желіп, шауып.
Тұқымсыз қалған жан көп, қарап тұрсаң,
Тілеуі кеткендіктен біреуге ауып.
Қашанғы жасырайын мұны жауып,
Сүт берсем нең бар енді теке сауып?!
Жандар көп құр алақан қалған жайдақ,
Жасында несібесі біреуге ауып.
Қыламын қой сауғандай сөз іреуін,
Тастаймын жарқыратып әрбіреуін.
Есі-дерті біреуге ауып кетіп,
Жандар көп тілемейтін өз тілеуін.
Малдан-жаннан кешумен - тілек алар,
Құдай-мырза: береді, бозбалалар.
Жан аяулы болған соң, мал қадірлі,
Құнды, пұлды қолқадан құры қалар.
Он сегіз мың ғаламның Алла иесі,
Айта берсем, табылар сөз жүйесі.
Дүние ақырет мақсаттан құры қалмақ, -
Бұ дүниенің былғаған бір күйесі.
Дада(зада) болмас, таққанмен оған тұмар,
Көз алдында көрсетсең, көзін жұмар.
Перзентсіз боп өтетін жанның көбін
Ат, бедеуге Құдайым қылар құмар!
Біреу нанбас бүл сөзге, біреу нанар,
Жаман үшін жақсының көңілі қалар.
Мырзалығын Құдайдың айтамын деп,
Өкпелеттім көп жұртты, бозбалалар.
Өкпелесе, қайтейін, шынды айтамын,
Алып, қосып, береке сынды айтамын.
Қырық жыл жүрсе, белбеуде қыры артылмас,
Пышағы жоқ, құр қуыс қынды айтамын.
Мұратқа шын іздеген жеткен екен,
Жеткендер қисса қылып кеткен екен.
Малай, Жәдігер-Жәнібек, Тінібекте,
Айтқожа деген біреу өткен екен.
Құлақ естіп, көрерге көз болыпты,
Екі он "бес"- ердің жасы жүз болыпты.
Жеті атаға жетіліп келгендіктен,
Әңгіме жұрт аузында сөз болыпты.
Айтқожа жігіт екен жұрт ағасы,
Қалмаған ас пен тойдан бір сабасы.
Қатынының аты екен - Ханымбике,
Босанбаған кедейден босағасы.
Төркіні Ханымбике-Бәсентиін,
Елдей есі - екі інісі туған кейін.
Қанамай өз пұшпағы өмірі өтіпті,
Қырық-елу бірсыпыра сол жасқа шейін.
Суырылған, шешен екен, көмей, тіл де,
Кигені-торғын, қамқа, үлде-бүлде.
Ұрғашы онан асар жан жоқ екен де
Екі тап: Малай, Жәдігер деген елде.
Үйге тіреу болғандай бой, сымбаты,
Жынысы әйелдің болыпты бір қымбаты.
Заманында асқан соң қатарынан,
Бұл күнгеше жойылмай қалған аты.
Бәйгі алып отырумен желмей, шаппай,
Мақтау алған ешкімге сарпай жаппай.
Қырық-елуге жеткенше тымырайып,
Бедірейіп тұрып қапты перзент таппай.
Еркекпенен тең түсіп әйел басы,
Көмекейді суырып берген асы.
"Қасқыр ауыз Ханкелді, "- ат атанған,
Бір қадірлі бар екен қайынағасы.
Ханкелді - "қасқыр ауыз" қайынағасы,
Қойлыбай: Шағырайдың бел баласы.
Көшіріп, елді бастап қондыратын,
Білетін шаруа жайын отағасы.
Бір жерде отырғанда тамақ жесіп,
Ауызына ет пен пышақ бірге түсіп.
Аузында пышақ барын сонда білген,
Жылт етіп шыққанында ұртын тесіп.
Көшіп, қону қазақта бар ғой бір гөй,
Қондырып тұр ауылды Ханкелді би.
Түйесі ауып қатындар жолда қалып,
Алдымен Ханымбике тігіпті үй.
Қайратын Ханымбике бастай берді,
Оған қару Құдайым жастай берді.
Мейлі он қанат болсын үй, жұмысы жоқ,
Үзікті жалғыз өзі тастай берді.
Жұлқынып Ханымбике тігеді үйді,
Қатарлап біткен жүкті далаға үйді.
Сүйсініп қайынағасы қайратына,
Перзенттің жоқтығына іші күйді.
Айтады Айтқожаны кім шартық деп,
Және айтпас мұның қолы кем, тартық деп.
- Ұл таппаған қатыннан сығыр мұндай,
- Не деп айтқан, - лақты ешкі артық?! - деп.
Қайратын келінінің көріп көзі,
Сүйсінгеннен күйінді қайынаға өзі.
Қатынның құлағына тарс етіпті
Қаңқылдап қайынағаның айтқан сөзі:
- Ешкінің, құны жетпей, лағына,
Қарашы көз жасының бұлағына!-
Қараумен ажарына жан үндемей,
Сөз болды жаңа естілген құлағына.
Естумен болды қатын - от, жалын, шоқ!
Бұрын көңілі дүниемен боп жүрген тоқ.
Таң атып, жұрттың бәрі тұра келсе,
Боп шықты Ханымбике зым-зия жоқ.
Төркіні — Елдай, Мінайыс (мен Иіс) қақ қасында,
Біледі бір кеткен соң жатпасын да.
Көкке ұшты ма, болмаса жер жұтты ма,
Таба алмай жұрттың басы қатпасын ба?!
Төменгі ел, түк қалдырмай жоғарғы өрден,
Өр түгіл, таба алмады қарап кәрден.
Алты-жеті ай ақтарып кең дүниені,
Хабар-ошар болмады-ау ешбір жерден!
Қыс пен жаз, дағдарумен бір жыл өтті,
Жан білмеді: бұл қатын қайда кетті?
Бір жылдан соң күнбатыс Бұхарадан
Бір хабар өліп-талып зорға жетті.
Біреуден біреу естіп құлақтанған,
Естілген, шын сөздей боп, болмай жалған.
Қожа Баһауалдин мазарында:
"Қатын бар, - деп, - қазақтан қаңғып барған!"
Айтқожа аясын ба: ат-тоны мол,
Қала ма қайынаға мен қайнысы сол?!
Жан қалмай Малай, Жәдігер деген елден,
Жөнелді болуменен бір ауыр қол.
Жан-жаққа арсалақтап желіп, шапты,
Ұзақшыл Құдай ісі қандай бапты?!
Қожа Баһауалдин әулиенің
Қатынды, басындағы, барып тапты.
Шығар ма енді мұндай құрақ, жекен?!
Шықпаса, анда-санда некен-некен!
Жастанып әулиені жатып алған,
Барса іздеп, Ханымбике шаһбаз екен.
Өңмеңнен естіген сөз өткен екен,
Қайраты хадден асып кеткен екен.
Екі етегін беліне түріп алып,
Жаяу ұшып Бұхараға жеткен екен.
Орта жолда дамылдап ас-су ішпей,
Жалғыз жанның көзіне кеткен түспей.
Пенде қалай жетеді ойға алғанға,
От-жалын боп өртеніп, күйіп-піспей?!
Барса қатын толулы көңілі тойып,
Әулиеге шын ықылас мойын қойып. –
Жеті ұл берді әулие! - деп айтыпты,
Алтауының беріпті атын қойып.
- Ұдайымен туады: Жауғаш, Биғаш,
Оған тете Мырзалы, туар Мырзас!
Онан соңғы: Байгелді, Бостан болар, -
Тұра келді: "Құдайға - деп, - құлдық, бас!"
Ұшырып патша Құдай қалды барған,
Барғандарды қуантып жүрек жарған.
Жауғаш батыр атанып, қалмақта өліп,
Бір өзіне жеті ердің құнын алған.
Биғашы батыр болған онан да асқан,
Бәрі де ер боп туып, ұрандасқан.
Жанайдар ол - Биғаштың немересі,
Бұл күнде сол тұғырды Мейрам басқан.
Тілеген соң көз-жасы болумен сел,
Аямастан Құдайдың бергенін біл!
Әулие атын қойған алтауының,
Тұқымы - осы күнде алты ру ел.
Қоймаған - әулие атын – аты - Байжан,
Аналардай бұл байғұс өссін қайдан?!
Жауғаш, Биғаш тұқымы бұл күнгеше
Қосылады бәйгеге құлын-тайдан.
Айтқожаның баласы – ел - алты ру,
Жау десе, оларда жоқ мойын бұру.
Ханымбике болатын қатын қайда?!
Бар өнері: итше үріп, байды көру.
Есіл уағдам жатыр ма қате кетіп,
Бай пейілден айырылды, бата кетіп.
Тілеу де жоқ, Құдайдан, сұрау да жоқ,
Байы итерсе, былшиып жата кетіп.
Жаны ашып, жойылтпасқа байдың атын,
Алғызса өз үстіне үш-төрт қатын.
Қыл көпірден жұлдыздай ағуменен,
Шауып өтер мінумен пырақ атын.
Неше қатын алса да, тұрса ұнатып,
Бір ауыз сөз айтпаса байға батып.
Шаһидлік дәрежесін бұл алады,
Қозғалмай төсегінен, үйде жатып.
Қатындарға соғады сөздің түбі,
Мал жемейтін: улыкөт - жердің шөбі.
Қазықты қимайтұғын байы өлгенде,
Кесіп алып қалсайшы, иттің көбі!
Жүйрікпін - топта торай шалдырмайтын,
Алдыма жанды қара салдырмайтын.
Дозақы қатындарға мұны айтамын,
Үстіне өлсе қатын алдырмайтын.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тайшық Ноғайұлы

  • 0
  • 0

Біз келдік аман-есен бес жыл жүріп,
Өткізіп әр нәубетті қолдан беріп.
"Бүгін көрген - таңда жоқ," - деген заман,
Жолықтық ағайынды жаңа көріп.

Толық

Хор қыздарының хикаясы

  • 0
  • 0

Пейіште тобы (тоуба) ағашы, жапырағы [иапырағы] зор,
Жарығы (иарығы) күннен раушан, баршасы- нұр!
Болғанда түбі аспанда, басы-төмен,
Иіліп жерге қарай салбырап тұр.

Толық

Мәшһүр-Жүсіптің тырнамен айтысқаны

  • 0
  • 0

Сөзіме сүйінер дос, күйінер дұшпан,
Шулаған дауыс шықты күншығыстан.
Тағы да құрбыларым қылды тілек,
Бір кеңес естіртейін тырна құстан.

Толық

Қарап көріңіз