Өлең, жыр, ақындар

Қажымұқан

  • 31.07.2018
  • 0
  • 0
  • 8434
Орта жүз: Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найман,
Дүниенің төрт бұрышына құлаш жайған.
Арғынның түп атасы-ақын Құтан,
Деушіге: "Болған ақын Мәшһүр қайдан?"
Тапталған талай ақын табанында,
Қаршыға алған, көп жүрген қамалында.
Қажымұқан балуан Мұңайтпасов
Қыпшақтан шықты жарып заманында.
Жігітке кедейлік жоқ дені сауда.
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.
Бірі-ақын, бірі-балуан, екі атақты ер,
Кез болған душарласып Баянтауда.
Қырық бесте Қажымұқан балуан өзі,
Атына болған қанық дүние жүзі
"Сырттаны мұсылманның", - деп атанған, -
Батырдың сөйлеп өзі айтқан сөзі:
- Құдайдың шын жаратқан бір құлымыз,
"Шын жасалдық" - десек те, көп мұңымыз.
Қарөткелде Сартерек болысында
Алтыбас-Қыпшақ екен ұрғанымыз.
Арғы атамыз - Ақкөбік алып екен,
Алыптығы Алашқа анық екен.
"Қара Қыпшақ - Қобыланды" аты аталған,
Сүттен ақ, айдан аппақ жарық екен.
Тоқсан екі қатынға бір күн жатып,
Ақ көбік судай тасып, шапшып атып.
"Қытай көп пе, - мақал боп, - Қыпшақ көп пе?" - "
Тоқсан екі баулы", - деп, жүр ғой шатып.
"Керегенің келіпті үш (ұшы) көгінен," –
Деген сөзді естуші ек ертегіден.
Нанар-нанбас болушы ек, таң қалушы ек:
"Болды, - деп, - тіпті өтірік мұнша неден?"
Айран-асыр (хайран-асыр), тамаша, аң-таң қалдық,
Тіл-кілт, сөз - асыл тас, кеуде-сандық.
Қажымұқан балуанды көзбен көріп:
"Бұрынғы сөз бәрі де шын!" - деп нандық.
Шалқасынан жатты да, төсеп төсті,
Кеудесіне қойдырды үш пұт төсті.
Пұт жарымдай бар шығар екі балға,
Ақбота, Субек ұста қандай күшті?!
Кезек-кезек екеуі дүрс-дүрс ұрды,
Жұрт қорқып: "Өліп кетер!" - деумен тұрды.
- Өзінің жаны бар ма, жоқ па? - десті,
Бит шаққандай көрмеді, қырау құрлы.
Пұшпағынан тер ақты ұсталардың,
Ақыл-ойын сандалтты, миы бардың.
"Піл ауыр ма, - дегендей, - зіл ауыр ма?"
Көрдік күшін сол екі жануардың.
Жан бар шығар өзінде толық қорап,
Алған емес ешкімнен сатып, сұрап.
Тұра сала шын темір жуан елі,
Білегіне шырмады бұрап-бұрап.
Қара жерге сонда орын қылған шана,
Екі сабаз атанға парлап қана.
Екі атан титтей қозғап, жылжыта алмай,
Жұрт көзі көрді мұны әбден және.
Іркілмей, тартып жүрген ауыр жүкті,
Атандар қозғала алмай жерге шөкті.
Екеуін тартып қалып, домалатып,
Ұйлықтырып біріне бірін соқты.
Төбесіне үйдірді күйген кірпіш,
Көп болса, он мөлшері бар, аз болса, бес.
Кірпішті кірпішпенен тарс-тарс ұрып,
Күл-күл ғып күйреттірді бәрін тегіс.
Мойнына темір салды ұзын жұмыр,
Білектей жуан темір, бір жағы қыр.
Екі жақта он-оннан мол жиырма,
Азамат аттай мініп, отырды құр.
- Әуп! - деді балуан Мұқан, көтерілді,
Қырау құрлы көрмеді, түрегелді.
Сом темір қайыспады, иілмеді,
Тұрған жұрт көздерімен көріп білді.
- Әуп! - дейді тағы сонда күшін жиып,
Неткен күш бір денеге жүрген сыйып?!
Екі қолмен бір мытқып басып қалып,
Жұрт көзіне түсірді доғаша иіп.
Нанбассың, көрмеген соң, бұған енді,
Былғаман жалған сөзге қызыл тілді.
Доғаша игенімен, жай қойған жоқ,
Беліне орап-орап белбеу қылды.
Өзіне бұйым емес оны-мұның,
Бойына шақ келмейді айтқан шының.
Тақтайдан жуан елі көпір жасап,
Астында шалқасынан жатты соның.
Үстінен он бес атты шапқылатты,
Көк арба ат жектіріп, тағы айдатты.
Қазақ ит есі шығып, елтіп кетіп,
Жабыла шауып өтті он салт атты.
Жұртқа айқын: киімі жоқ, жалаңашы,
Ұстаған жоқ қолында темір, тасы.
-А, құдай, сақтай гөр!- деп, тілек тілеп,
Жылады аямпаздар ағып жасы.
Есіл ер ойнап жүрді жаннан кешіп,
"Қазақ туған жұртым!" - деп, өліп-өшіп.
Шөлдеп барып ішермін деген қымыз,
Көп иттер дым қоймапты, ұрлап ішіп.
Опа жоқ бұ дүниенің боқтығынан,
Залал көп-аз күн қарын тоқтығынан.
Осындай ішке сыймас ыза болды,
Бір жанның кісі дерлік жоқтығынан.
Жер жоқ па, сен ойнасаң, Баянтаусыз,
Аз-ақ қалдың өлуге тіпті даусыз.
Құдай сақтап, бір қалдың өлмей аман,
Жерге кеп, ойнаймын деп, бассыз, баусыз.
Күн ыстық, әуе айналып, жерге түскен,
Жай жүріп, жұрт айрылды оң мен түстен.
Көз жасаурап, аузынан ағып суы,
Қатын біткен айырылды ақыл, естен.
Жиылған Баянтаудың тас, ағашы,
Кісі жоқ, кісі дерлік толық басы.
"Мың өліден-бір тірі," - деген-осы.
Құдайдың бір көрсеткен тамашасы!
Көзге түсіп, толық боп, денесі өсіп,
Бұғақ, әуке салбырап, жерге түсіп.
Қатын біткен көтінде шұбырып жүр:
Екі көзі ішіп-жеп, тамағы ісіп.
Балуан да шімірікпейді бетін басып,
Көзге төтеп берерлік қоржын асып. –
Тап ауыздан шығарар бір салса! - деп,
Мәз-мәйрам боп, күлісіп, сықылықтасып.
Қазақша, қара киік еді жылы,
Өтірік тақа құрып, шықты шыны.
Мың тоғыз жүз, жыл еді, жиырма үш,
Июннің он бесі еді, жұма күні.
Кез болып, міне, биыл, көрдік өзін,
Бұл бір ер түгел кезген дүние жүзін.
"Айқаптан" оқып бұрын көріп едік,
Жаһанша Сайдалиннің жазған сөзін.
Мың тоғыз жүз, жыл еді, он үшінші,
Ноябрьдің сол жылғы еді бесі.
Троицкі қалада ойын болып,
Бірсыпыра жұрт бас қосты: үлкен - кіші.
Телеграмма, телефонмен хабар шашты,
Әр жұрттан ерлер келді басты-басты.
Ноябрьдің он бесі деген күні
Балуандар топқа түсіп, күш байқасты.
Қиратып, жығып жүрген тамам елді,
Сындырған, бас қосқанда, талай белді.
Алдында патшалардың алған бәйге,
Немістен даңқты балуан Шмид келді.
Ол күнде дүние толық, заман дұрыс,
Қатарға қосқан емес қазақты орыс.
Арқасы жерге тимей тасып жүрген
Балуаны француздың Пьер де Колус.
Кетеді күш танытпай жуық, жатты,
Түгел ерлерге тегеуріні тастай қатты.
Аркасы өмір бойы жер көрмеген,
Даңқы зор келген балуан Тигене атты.
Сібірдің бас балуаны Петров келді,
Қақ жарып бәрінің де даңқы жерді.
Қазақ-орыс балуаны Александр
Первый атқа ілінген бұ-дағы енді.
Болдым деп, қанша болсаң, мазаттанба,
Құдайсыз құр қол күшпен азаптанба!
Жұрт санына кірмеген сүлтік жұрттан -
Бір балуан туған екен қазақтан да.
Әр жұрттың дөкейлері, келді нәні,
Аузына бір алмайтын кәлиманы.
Бұл қазақ - Қажымұқан Мұңайтпасов,
Он сегіз мұныменен болды саны.
Қылмаған кім бар дейсің бізді мазақ,
Өлуге-өлмесек те, қалдық аз-ақ!
Алатау, Қаратаулар бас қосқанда,
Ішінде Қазығұрты - біздің қазақ.
Ұрғыны-ұзын Қыпшақ: Алтыбасы,
Туған жері - Қараөткел айналасы.
Мойнында дәл он екі медалы бар,
Отыздың тап өзінде тұрған жасы.
Кавказдан телеграммамен алдырғаны,
Жас науша алты алаштың балдырғаны.
"Бұл бүкіл мұсылманның күштісі!" - деп,
Атағын жұрт аузында қалдырғаны.
Осал жоқ, мұнда айтылған бәрі мықты,
Нояндар білмей жүрген желмен ықты.
Шоқтығы көтеріліп Мұқан ердің,
Түп-түгел түк қалдырмай бәрін жықты.
Шуласты дін-мұсылман жоғары өсіп,
Балуаны бәрін жығып, көзге түсіп.
Басқа жұрт жүр ұялып, бетін басып:
«Қазақта жұрт екен!» - деп, күбірлесіп.
Сәтті күн, туған ер ғой, жұлдызда оң,
Тас пенен темір балқып, жібіген тоң!
Бір көрген, мұсылманның батыры ғой,
Баяғы атақты өткен Әліден соң!
Мұндай боп енді, сірә, ер шықпайды,
Надан ит, қанша қақса, сөзді ұқпайды.
Қолына әңгімесі түгел тисе,
"Қисса - сул-әнбиядан" - кем шықпайды.
Тілім - балға, тісім-төс, аузым-көрік,
Қайдан құлақ шығарсам, өзімде ерік,
Мың тоғыз жүз жылында: ол он сегіз,
Омбыда ойын болған тағы цирк (серік).
Адамның әр түрлі бар алуаны,
Күйзелткен талай жерде шаруаны.
Күреске сонда келіп түскен екен,
Орыстың "Черная маска" балуаны.
Бетіне киіп жүрген қара перде,
Ежелден болуменен орны төрде:
"Бетімнен бұл пердені сонда аламын,
Жауырыным қара жерге тиген жерде!"
Екеуі бел ұстасып қалған екен,
Оны да шалқасынан салған екен.
Пердесін қолыменен сыпырып алып,
Қыздығын, біздің батыр алған екен.
Алып ұрып, астына бүктеп басып,
Орыс біткен қорыққан-ды құты қашып.
Еркек басын қатын ғып қаратыпты,
Байғұстың жел ашпаған бетін ашып.
Француздың пай тахыты Париж барып,
Сұлтан Ғабдал, Хамидтер алдына алып.
Түрік балуаны аталған Халелдерді,
Шалқасынан жатқызған жерге салып.
- Үйірді мені ұршықтай оңай! - дейді,
- Ап кетті қалай болса, солай! - дейді.
- Мен соны күшім асып жыққаным жоқ,
Болысқан сонда маған Құдай! - дейді.
Мәдине, Құдыс-Шәрип, Мекке барған,
Талай балуан күрескен арабтардан.
Қазақ атын шығарып жеті жұртқа,
Өзгеге-қымбат, буған болған арзан.
Бұл күнде тұрған жасы қырықтан асқан,
Елуге емес әлі аяқ басқан.
Жасасын, ер жасасын, жасымасын,
Жеті ықылымға қазақтың атын шашқан!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аңқау адам туралы

  • 0
  • 0

Иеci білер сырын мінген аттың,
Көз жетпес қулығына адамзаттың.
Іш пысып еріккенде күлмек үшін,
Айтайын әңгімесін аңқау сарттың.

Толық

Бес қымбат

  • 2
  • 1

«Ең әуел керек нәрсе иман»-деген,
«Ақырет iстерiне (ишларына) инан!»- деген!
«Құдай кешiрер!»-дегенмен, iс бiтпейдi,
«ИМан шартын бiлмесе, есен(ибан)»- деген.

Толық

Жаман пейіл

  • 0
  • 0

Бұл қарын бір күн тоймақ, бір күн ашпақ,
Күнде тойып отырса, тым-ақ жақсы-ақ.
Бұрыннан келе жатқан жаман әдет, -
Қарны ашқан қаралы үйге қарай қашпақ.

Толық

Қарап көріңіз