Өлең, жыр, ақындар

Күйеу Мағзұм мен Аруақтар

  • 31.07.2018
  • 0
  • 0
  • 2269
Нұсқа боп жазылған сөз қалар хатқа,
Ақындар әнге қосып, алар жатқа!
Бұйырған Баянтауда топырағы,
Мен бардым аруақтарға(аруақларға) зиаратқа.
Аруақтың өлгеннен соң - шым мен тас-ты,
Бір жерге қанша әлеумет қосқан басты.
Решетке қорғаны жоқ, жадағай боп,
Қалыпты - ау иесіз ерлер аяқасты!
Мәшһүр-Жүсіп.
- Өлікке дұға қылса, пайда! - дедім,
- Не түрлі жатырсыздар жайда? - дедім.
- Бір жерге қанша әлеумет бас қосыпсыз,
Решетке қорғандарың қайда? - дедім.
Аруақтар.
- Бір жаман өлім деген жора, - деді,
- Соңғыға бұрынғыдан мұра! - деді.
- Решетке - бізге деген баспананы
"Күйеу Құнақұл" дегеннен сұра! - деді.
Мәшһүр-Жүсіп.
Өлікпен сөйлестірген Хақ - тағала-ай!
Әр түрлі тамашаң бар талай-талай!
Жалмауыз жалғыз басты жүрген бір қу
Сұраймын нені біліп, онан қалай?
Аруақтар.
Жайымыз біздің жатқан өзің көрген,
Сиқыршы ол бір жұртты алдап жүрген.
"Решетке аруақтарға қорған қыл!" - деп,
Білмесең, Ғалым ноғай жүз сом берген.
Жалғанда кім құтылған нәпсі жаудан,
Шықпай жүр соның үшін басы даудан.
Берген соң Ғалым ноғай санап жүз сом,
Келтірген жетпіс ағаш Баянтаудан.
Басқыштан жоғары өрлеп сатыменен,
Дәуірлеп жақсылардың хатыменен.
Тасыған ол ағашты алты ай ұстап,
Жатақтың бір-бір шолақ атыменен.
Дүниеге жанын сатқан, ол - қу жалдап,
Мәз боп жүр: "Жеп жүрмін, - деп, - көп
Аты бар: мұсылманнан қалған жан жоқ,
Ат майын аты жоқтар берген жалдап.
Өлімнің қара жаман жорасына,
Тірілер зорлық қылды моласына!
"Решетке аруақтардың қорғаны," - деп,
Үйдіріп алды ағашты қорасына,-
Анадан тумай кеткір, қайдан туды?
Дүниені жалықпастан мұнша қуды!
Серік қып бұл жұмысқа тауып алды,
Өзіндей бір бұзылған тағы қуды!
Қуға қу кез болады әлдеқайдан,
Талайдың күйген аузы осындайдан.
Кетірді Баянтаудың күт пен сүтін
Екі қу қаңғып келген екі жайдан.
Бұзылып ол да әр жерден шыққан еді,
Талайды алдап, шоңқитып, соққан еді.
Азан айтып тұрғанда, бөтелкесі
Қойынында тұратын соққан еді.
Оқыған мұндай болып молда құрысын!
Қақпа мен заплат боп ағаш тұрсын!
Сақының қылған қайыры сел болады,
Решетке —бізге қорған - қайдан болсын?!
Мәшһүр-Жүсіп.
Білесің дүние жинап, мал бағуды,
Байларға өнер көрдің сол жағуды!
Жеріңнен басқан-тұрған өлім шығып,
Тілейсің сауысқанша қан ағуды!
Басылар мұнан былай енді қырың,
Құрулы қанды қақпан, жайған торың!
Кеше мен бүгін қайдан түзу шықтың,
Жеріңе басқан, тұрған мәлім сырың.
Баласы Орта жүздің сандалды ма,
Ісіне Құдіреттің таң қалды ма?!
Құл болды мен Қаржастың шаһбазынан
Сен расходын (ысқатын) алмаған жан қалды ма?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жасымнан үйір болдым өлең, сөзге

  • 0
  • 0

Жасымнан үйір болдым өлең, сөзге,
Көрінбес көп болғанмен, дүние көзге.
Серік боп азаматтар турмаған соң,
Бек қиын өнер табу енді бізге.

Толық

Анама хат

  • 1
  • 1

Алланың бiз сыйындық панасына,
Баянтау бара қалсаң қаласына.
Сәлемдi жолыққаның көп айтыңыз:
Мәшһүрдiң кәрiп (ғарыб) болған анасына!

Толық

Нүсіпхан

  • 0
  • 0

Бастайын: "Бисмилла!" — деп, сөздің басын,
Бір Алла әр пендесін өзі оңдасын!
Жамиғат, құлақ салып тыңдасаңыз,
Айтайын Нүсіпханның бір қиссасын.

Толық

Қарап көріңіз