Өлең, жыр, ақындар

Шаһарбан мен Хұсайын

  • 10.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2269
Иман келтір әуелі: "Алла бір!" - деп,
"Мұхаммед- Хақ расул, пайғамбар!" - деп.
"Дін үйрет, - деп, жіберген-елші досты,
Құлдарымды Хақ жолына көндірсін!" - деп.
Ол расул Жебірейілден хабар алды,
Хисабы жоқ дұшпанды дінге салды.
Жаны жаһуд (жөйт) болған соң, амал бар ма,
Әбужаһил Хақ дінге кірмей қалды.
Алпыс жасқа келіпті пайғамбарым,
Бір күні шақырыпты жұрттың бәрін.
Әбубәкір, Ғұмар, Ғұсман, Ғалы арыслан:
Хасен менен Хұсайын - балаларын.
Насихатты айтыпты жұртты жиып,
Сахабалар отырды уайым тыйып шегіп.
- Менен соң дау қылмаңыз, жаранларым,
Әбубәкір- сыдықты халфе - деп біліп.
Сол сөзбенен пайғамбар түсті дейді,
Әбубәкір - сыдық таққа шықты дейді.
Қырық күн әділдікпен үкім айтып,
Дүниеден және Әбубәкір көшті дейді.
Сонан соң пайғамбарым айтқан екен,
Сол сөзбен дүниеден кайтқан екен.
- Әбубәкір соңынан Ғұмар болсын,
Асқабың таласпасын!- деген екен.
Сонан соң тақсыр Ғүмар таққа мінді,
Насихатын жұртына айтады енді.
Ғүсман мен Ғалы да риза болып,
Сахабалар бәрі де құрметтеді.
Жазбасыма болды ма - Мәшһүр атым,
Мағлұм ғой әр жерде жазған хатым.
Сал сал менен қақпаны қарасаңыз,
Сонда менің көрерсіз салтанатым.
Төрт шарға шариарға пайғамбардан қалған хабар,
Олардың сөзін бұзбай ұйып алар.
Өзінің патша болған заманында
Шаһарға жар шақыртты хазірет Ғұмар.
Мініпті әділ (ғаділ) Ғүмар қаһарына:
- Асхаптың қуат бер! - деп, - барлығына.
- Бұл айтқан пайғамбардың сөзі бар, - деп,
Аттанып Наушарбанның шаһарына.
Сонда Ғұмар әділдікпен сөз сөйлейді,
Жалықпай күні-түні көп сөйлейді.
- Ғарап деген шаһардың падишасы,
Мәлік аждар бас болсын!- деп сөйлейді.
Сонда Ғұмар батасын бермек болды,
Алланың бұйрығына көнбек болды.
Он екі мың кісіге басшы болып,
Аллаға тәуекел ғып жүрмек болды.
Садуақас, Мәлікаждар - екі батыр:
"Дұшпанға салайық, - деп - заманақыр!"
Он екі мың кісіге басшы болып,
Мәлікаждар қасқайып келе жатыр.
Оларға Құдай берген таудай талап,
Келеді аз кісіні көпке балап.
Хабарын бір-біріне білдірместен,
Шаһарын Наушарбанның алды қамап.
Әскер түсті шаһардың жан-жағына,
Жібермеді, ұрысты, жандарын да.
"Алыстан жер қайысқан қол келді!" - деп,
Наушарбан хан есітіп састы сонда.
- Неге түнде шаһарды басты?! - дейді, -
Не қылса да бұл шектен асты?! - дейді.
"Оларға ұрлық қылған жөн бе екен?!" - деп
Бұл хабарды халқына шашты дейді.
- Жиылып, көңіл болса келер! - дейді,
- Қор болып, күш көрсетсе, өлер! - дейді.
- Әулие пайғамбардың тұқымымыз,
- Тіл алса, дінімізге кірер! - дейді.
Сол сөзге қаһары келді дейді,
Шаһарына хабарды берді дейді.
Неше жүз мың әскерін жиып алып,
Бөлек-бөлек әр жерден ерді дейді.
Сансыз көп шаһарынан шықты дейді,
Көптігіне сенгеннен сұсты дейді.
Әуелі бір-біріне қарамай-ақ,
Бет-бетімен соғысқа түсті дейді.
Батырлар қару-жарақ, күрзіні алды,
Тағы да семсер, найза қолына алды.
Мінажат қып Алладан тілеген соң,
Шаһар халқы таусылып, бітіп қалды.
Наушарбанның, ұстап ап, кесті басын,
Қойдай қылып қырады кәрі - жасын.
- Қалғанымыз дінге енді кіреміз! - деп,
Өзгелері аяққа қойды басын.
Қабыл көрді мұнысын батыр Мәлік:
- Бұл шаһарды кетейік дінге салып.
Құдайдың бұл ісіне шүкірлік қып,
Кіргеннен соң, қырмайық, тілді алып.
Енді білді бір Алла пана барын,
Көкірегінде пайғамбар саналарын.
Наушарбанның бір ұл мен екі қызын, -
Өлтірмей алып қалды балаларын.
Бір кісі Нарбоз деген сондай қапы,
Үйреткелі келеді шариғатты.
Кіші қызы Шаһарбан сұлу екен,
Үлкен қызын сұрасаң, "Нажмаш" атты.
Батыр Мәлік мінеді қаһарына,
Садуақастың кім шыдар заһарына.
Алтын, күміс, мал, жанын жиып алып,
Ырғап-жырғап жөнелді шаһарына.
Шаһар түгел мұсылман болып қалды,
Сахабалар дәулетке толып қалды.
Батырларды олжаға кенелдіріп,
Хазірет Ғұмарға хабар барып қалды.
Сонда Ғұмар қуанды судай тасып:
- Тәңірім сондай әрқашан берсін нәсіп!
Түңіліскен батырлар әзілдесіп,
Келе жатыр шаһарға көшіп-шалқып.
Өз қолыңнан бөліп бер бізге! - дейді,
-"Таласар!" - деп, ойынды үзбе! - дейді.
- Патша малын патшаға лайық көріп,
"Патша малын" шығардық сізге! - дейді.
Сонда Ғұмар әділдікпен бөліп берді,
Үкіміне көндірді талай елді.
Осы жүз түйе, қазына, малы менен, -
Балаларын Ғүмарға алып келді.
- Өліп кетті ата мен аналарың,
"Соғысам!" - деп, таусылды қалаларың.
Соның бәрі тамұқлық жаһут өтті,
Кел, ейді мұсылман бол, балаларым!
Мұны мақұл көрмейді көп бозбала,
Жаны шаһид болған соң, не дүр шара?!
Патшамыз: "Дарға ассын!" - деп, бұйрық қылды,
Солай надан өткізді Алла Тағала.
Насихатын айтады тағы безеп,
- Жұрты көнбей қалған жоқ бойын тежеп.
Енді, қызым, мұсылман болыңыз!- деп,
Шаһарман, Нажмашқа келді кезек.
- Атаң сенің соғысқан жұртын жиып,
Құдай үшін өлмеді жанын қиып.
Сіз де солай боларсыз, балаларым! –
Екі қыздың тұрады іші күйіп.
"Бол - десе де, - мұсылман" тіл алмайды,
- Бізді неге қинайды?! - деп жылайды.
Көз алдында ағасын өлтірсе де,
Сөзін қабыл Ғұмардың еш қылмайды.
Екі қыздан Ғұмардың сағы сынды,
Көп дұшпанды мұқатып, көңілі тынды.
- Қыз басымен бетімді қайтарды, - деп,
Жендеттерге:
- Дарға ас! - деп, бұйырды.
Дарға асуға жендеттер жөнеледі,
Бара жатып бір жерге бөгеледі.
Сұлуды көзі қимай, келе жатса,
Алдынан хазірет Ғалы кез келеді:
- Бұлардың көңілі толған уайымнан,
Айрылған бірге жүрген жұбайынан.
Әйелдердің басында не күнә бар,
Бұларды дарға асардай не күн туған?!
- Біз де қиын десеміз қыздың ісін,
Тоқтатуға келе ме менің күшім?!
Патшамыз: "Дарға ас!" - деп, бұйрық қылды,
Біз де қимай келеміз соның үшін.
- Қала тұрсын бұл қыздар аман - дейді,
- Мен риза болайын, саған! - дейді.
- Мен барсам, қалай шамам келмес екен,
Ренжімей тұра тұршы, балам! - дейді.
Сонда қыздар қуанып қалды дейді,
Ғалы қайдар Ғұмарға барды дейді.
- Ақылменен мұсылман қылсаңшы! - деп,
Түрлі ғақыл Ғұмарға салды дейді.
- Ақылменен айтсаңшы балаңызға!
Қанын жүктеп қыздардың қаламыз ба?!
"Ақылменен шариғат үйреттің!" – деп,
Айталық ислам дінін атамызға.
Ғалының өзі батыр, ақылы зор,
"Арыстан"- деп атанды, Құдайы жар!
"Ахыры ислам" - дейтұғын дана кісі,
Пайғамбардан пір алған қатыны бар.
Ғұмарға:
- Тапсыр бұл сөзді маған! - дейді,
- Қыздар, маған еріндер, балам! - дейді.
Ерітіп, қыздарға ақыл айтты:
- Мен ана табайын саған! - дейді.
Ер Ғалы сөз үйретті баласына:
- Қыздар, менің тілімді аласың ба?
Тілді алсаңыз, армансыз, өтерсіз! - деп,
Алып келді ертіп ап анасына.
- Әлі дінге кірмеген надан! - дейді,
- Мынаны өзің жөнде, анам! - дейді.
Иілместі иілтіп, тілін тауып,
Дін үйретсең, сауап қой саған! - дейді.
"Тамұқ бар, өлім бар"- деп, үйрете гөр,
Өткендерін бұрынғы тербете гөр!
Қаһарынан Ғұмардың айырып алдым,
Әдеп пен шариғат білдірте гөр!
Бөгеледі қыздары анасына,
Ақылының қарашы данасына!
Өзі әулие кісі екен кереметлі,
Дін үйрете бастады баласына!
Сонда кыздар иманға келді дейді,
Енді исламның асылын білді дейді.
Ақылымен қорқытпай, сөз айтқан соң.
Кешікпей-ақ дінге өзі кірді дейді.
Енді екі қыз мұсылман болып қалды,
Иман келіп кеудеге толып қалды.
- Екі қызың мұсылман болды ғой! - деп,
Хазірет Ғұмарға кеп, жария салды.
Ана сөзі балаға болды дәрі,
Судай тасып қуанды жұрттың бәрі.
"Ғалы себеп бұл қызға болды ғой!" - деп,
Қайран қалған секілді жұрттың бәрі.
- Сөзің қабыл болды ғой, Ғалы! - дейді,
- Кереметің бар екен әлі! - дейді.
- "Ерге ти!" - деп, айта гөр қызыңызға,
Батырлардық қуансын бірі! - дейді.
- Әбубәкір баласы - Махмұт текті,
Андағанға дұшпанға уақыт жетті.
Махмұтке біреуің тиіндер! - деп,
Ғалы батыр қыздарға әмір етті.
- Балам менің тілімді алсын! - дейді,
- Біреуі Махмұтқа барсын! - дейді.
- Біреуін Махмұтқа неқақ қылып,
Дұшпандарға мақтанып қалсын! - дейді.
Ғалы ұйыды Ғүмардың сауалына,
Жүрмейді кім оң сөздің ауанына.
- Махмұтқа біреуін қоса гөр! - деп,
Анасының кеп айтты құлағына.
Ұрыс қылса Ғұмар ер дұшпанымен,
Ақылдасқан Махмұттай батырымен.
Жеткізбекке Ғалының оң ниетін
Айтты анасы қыздарға ақылымен.
Қайғы түсті қыздардың өздеріне,
Ренжіді Ғұмардың сөздеріне.
- Ер іздейтін біздерде күн бар ма? - деп,
Екі сұлу жас алды көздеріне.
- Ғұмар жұртты мұсылман қылған - дейді,
- Пайғамбардың жолында тұрған! - дейді.
- Кімде де кім Ғұмардың сөзін жықса,
Пайғамбардың шапағатынан шығар! - дейді.
Достық қылып айтамын саған! - дейді,
- Қабыл көрмей жүргендер надан! - дейді.
- Пайғамбар мен Ғұмардың сөзінен шығып,
Күнәкар боласыз той, балам! - дейді.
- Пайғамбардың күйеуі - Ғалы арыстан,
Фатима мен екеуін Құдай қосқан.
Әйелге - әйел болмақ - сүннет екен,
Фатимадан адам жоқ құрметі асқан.
- Құдай салды, Ғұмарға жалынамыз,
Сөзден шығып, тәубеден жаңылмаңыз!
Бұрынғыдай салтанат күнім бар ма,
Жетім жүріп, ер іздеп, не қыламыз?!
Сүйдеген соң Ғұмарға хабар барды,
Қыздың сөзін патша да қабыл алды.
- Олай болса, киім мен тамақ бер! - деп,
Садуақасқа бұйрық хабар барды.
Түрлі тамақ, берді төсек астарына.
Өзі келді Ғұмардың қастарына.
Қазынадан әр түрлі киім алып,
Алтын тәжді кигізді бастарына.
- Бұл киімді қыздарым кисін! - дейді, -
Жоқ болса да, бар болар, білсін! - дейді. –
Көңілінен шығарып қайғыларын,
Біреуі Махмұтқа тисін! - дейді.
Сонда қыздар қуанып қалды дейді,
Қабыл көріп бергенін алды дейді.
"Малсыз, жансыз күйеуді қайтеміз?!" - деп
Үлкен салмақ патшаға салды дейді.
- Балам, саған берейін мен де бата,
Біздің істе болмасын еш бір қата(қате).
"Тілегіміз Ғұмарда бар дүр!" - десең,
Қандай нәрсе сұрайсың, айтып ата!
- Ғұмар жұрттың көтерер базынасын,
Әділ қылып жаратқан жалғыз басын.
Наушарбан атамыздың мүкәммалын,
Бізге бұйрық қылсаңшы қазынасын!
Үш жүз түйе атамның малын берсін,
Жетімдердің тілегін қабыл көрсін!
Біреуіміз Махмұтты қабыл көрдік,
Біреумізге сонан соң таңдау берсін!
Бұл сөз тиді Ғұмардың құлағына,
Жұрт таң қалды ол қыздың жауабына.
Жетімдердің тілегін қабыл көрді,
Өз малдарын өзінен аясын ба?!
Наушарбанның малы бар үш жүз түйе,
Данышпан ғып жаратқан Жаббар ие. –
Көңілі сүйген біреуге қармақ салсын,
Ерлерімді жыйайын жүйе-жүйе.
Үш жүз түйе қазына қолға тиіп,
Махмұтты қалады Нажмаш сүйіп.
Хазірет Ғүмар беріпті ақ батасын,
Екеуін Ғүсман қосқанда неке қиып.
Отыз үш мың асхаптар таңдауына,
Шаһарбанға ой берді Хақ тағала.
"Өзім бас боп, алдынан өтемін!" - деп,
Ғашықтық кірді Ғұмардай патшаға да.
Хазірет Ғұмар шығыпты алдын ала,
Үш жүз мыңдап жиылды сахараға.
Кеше ғана мұсылмандық қабыл алған,
Қызықтырды сол қызға Алла тағала!
Ішінде Ғұмар, Ғұсман, Ғалы да бар,
Жастары, топ ішінде кәрі де бар.
Ер Ғалының он сегіз баласы бар,
Асхаблардың ұғылының бәрі де бар.
Қарсы алдында жүреді батыр Ғалы,
Шаһарбанды көрген жан бас ұрады.
Ақылына ол қыздың қайран қалып,
Жиылған сахабаның қатындары.
Көп халайық келеді алдарына
Малын айтып келеді хақ жолына.
"Қайсымызға бұл несіп болады?" - деп,
Ерлер қарсы келеді таңдауына.
Падишалық киімін киіп алып,
Өңіне сабыр, салмақ жиып алып,
Хазірет Ғүмар алдынан өте берді,
Арғымақтың үстіне мініп алып.
Рәсім бар асхаптың арасынан,
Ескі емес, қартайған, жаңасынан.
- Салтанатты падиша - бұл кім? - деп,
- Шаһарбан сұрайды енді анасынан.
- Мұны саған сөйлесін анаң, - дейді,
- Сырын баян қылайын саған! - дейді.
- Он сегіз мың ғаламның дінін ашқан,
Ғаділ Ғұмар падиша, балам! - дейді.
Ғаділдігі ғаламға барған! - дейді,
- Кісі емес уағыдасыз, жалған, - дейді.
- Қор қылып шаһарымды алған еді,
Сүйегіме таңбаны салған! - дейді.
Шаһарбанның ақылы жаннан асқан,
Аз сөзбенен Ғұмардың көңілін басқан.
Тақсыр Ғұмар сол бетпен өтіп кетті,
Артынан ер келеді хазірет Ғұсман.
- Сәлде салған мынау кім бастарына,
Ақсақалдар ұсынбай ма жастарына.
Қартайғанда, қыз іздеп, не қылады,
Кәрінің қыз бара ма қастарына?
Шариардың біреуі - молда Ғұсман,
Ғалымлығын сұрасаң, жұрттан асқан.
Құранда: "Нұр иесі!" - деп атайды,
Пайғамбар екі қызын бірдей қосқан.
- Әй, ана, таң қаламын жауабыңа,
Мақтап, хасыл боласың сауабыңа.
"Қатынға анда-санда жатады" - деп,
Келген кезде тиіп еді құлағыма.
Онымен өтіп кетті Хазірет Ғұсман,
Хазірет Ғалы ер келеді тап артынан:
Ұжмақтан пайда болған Зүлфікдры,
Дүлділі айшылықты алшаң басқан.
Ғалыны артық қылған бір Құдай-ды,
Көргенде, сұрамауға кім шыдайды?!
- Нұры көкке тірелген кім екен? - деп,
Анасынан сонда қыз сөз сұрайды.
- Пайғамбардың сүйікті данышпаны,
Әлсіздерге әр жерде әл болғаны.
Пайғамбардың - Фатима қызын алған,
Бұл шерлі Алланың арыстаны.
Ғалы екенін танып иман келбетінен,
Артық кісі пайғамбар үмбетінен.
- Пайғамбардың жалғыз қызы –
Фатимаға. Күндес болып барамын не бетіммен?!
Өтіп кетті сонымен Ғалы батыр,
Фатима үшін сұлудан қалды қапыл.
Арап деген шаһардың падишасы,
Мәлікаждар артынан келе жатыр.
- Бастаған-ды бір жолға Хақтағалам,
Бұйрықсыз қайда келіп, қайда барам?!
Салтанатлы бұл өзі адам екен,
Мұның сырын баян ғыл анам маған!
- Жер жүзіне шықпаған жаман аты,
Ғұмардан да кем емес салтанаты.
"Арап"- деген шаһардың падишасы,
"Мәлікаждар"- болады мұның аты!
- Жас тұрғанда, мақтаусыз бар негізі,
Аса мақтап жеткіздің кәріңізді.
Жарлығымен Ғұмардың жұртты жиып,
Бұ дәурен сенделтті ме бәрімізді?!
Үлкендерден Шаһарбан тартады бас,
Қандай адам шығады бұған жолдас?!
Осылардың бәрінен артық туған, -
Ер келеді артынан Садуақас.
Бұ себептен Шаһарбан тапты сауап.
Пайғамбардың қайырын қылған тауап.
- Атқа еңкейіп отырған неткен жан-ды?-
Анасынан қыз сұрайды сонда жауап.
- Төрт шардан соң асхаптың бәрі де жас,
Шек келтірсең, жаныңа қыларсың хас.
Он сегіз мың ғаламның бәрін кезген,
Бұл Ғалының жолдасы - ер Садуақас.
Анаға тік тиді ме қыздың сөзі,
Жастықпенен жақпайды қыз мінезі.
- Атқа еңкейіп отырған ақсақал-ды,
Бейнет көрген кісі екен мұның өзі.
Бұл сөзді кінә қылды Садуақасқа,
Олар өтті, кім шығар жан жолдасқа?!
Садуақас бұл халмен өтіп кетті,
Енді нәубет келеді өңкей жасқа!
Асхаптардың ұлына келді кезек,
Жақындады олар да осы мезет.
Бір Ғалының он сегіз баласы бар,
Ешбір адам қалған жоқ бойын тежеп.
"Қайсымызға тиед, - деп, - көзі қиып?!
"Бір-біріне қиыспай тамам жігіт.
"Қайдан қалдық бір қызға құлыкты боп?!"
- Төбелесіп, сол жерде салды бүлік.
Бір-бірінен қорықпас, бәрі мықты,
Ғұмар, Ғұсман, Ғалыға хабар түсті:
"Бір қыз үшін өзара келісе алмай,
Жастардың арасынан ұрыс шықты!"
- Бірімізден біріміз түңілмелік,
Бар емес пе арымыз мың теңгелік?!
Үлкендерден естісе, ұят болар,
Падишаға баршамыз жүгінелік!
Мұны қабыл бәрі де көрді дейді,
Падишаға барды күңкіл сөзі дейді.
- Сұлуға ұнау біздерге қиын болды,
Бұйырсыншы таңдап тақсыр өзі! - дейді.
- Сіз түгіл, біз де бардық бойды түзеп,
Адам бармай қалған жоқ бойын тежеп.
Сөз мәнісін таласар білмейді ешкім,
Жүре бердік сонан соң кезек-кезек.
- Жанжал қылып жүрмеңдер, балаларым,
Құдай білер: сүйсе де кім аларын.
Елден бұрын алдымен Хасен жүрсін,
Үлкендете жүре бер кейін бәрің.
Қарсы алдынан жүреді Хасен батыр,
Әрбір сөзі Хасеннің балдай татыр.
Әрбір түрлі қарумен жарқылдатып,
Арғымағын секіртіп келе жатыр.
- Ай секілді кім еді, анам?! - дейді,
- Тағат қылмай барады балаң! - дейді. -
- Бір сабырым қалмай-ақ, есім кетті.
Шапшаң маған баян қыл, анам?! - дейді.
-"Хасенім!" - деп, пайғамбар сүйер - дейді,
Сүйген кісі бұларға тиер! - дейді,
Фатиманың тұла бойғы тұңғышы еді,
Тәңір дос-ты пайғамбар жиендері,
Қызықтым көріп Хасен салтанатын,
Жалғыз өзі алыпты неше қатын.
Көп күндестің текпісі қаратады,
Қызықсам да қалмайды тоқал атым.
Батырларға батып тұр қыздың назы,
Қатарласып шығыпты Хасен, Ғазы.
Үлкендерден бұл нәубет өтіп кетті,
Хұсайын мен кел деді Иазит өзі.
Иазит пен Хұсайын барар! дейді,
Сұлу көзін бұларға салар дейді.
Қызға жақын келгенде, жаза басып,
Аты сүрініп Иазиттің қалар дейді.
Ат жығылды Иазиттің омақа асып,
Бозбалалар күлкіге қалды батып.
Сонда қыз Хұсайынға көзін салды,
Бір Құдайым дегбірсіз қылып ғашық.
Хұсайынның таң қалып қылығына,
Қыздан жақсы қылығы мен хылына.
- Тезірек баян қылшы, анам, маған,
Жұмақтың исі кірді мұрыныма.
Жаман кісі жақсы мен талас етті,
Таласам деп, қор болып, басы кетті.
Кіріп кетті ғашықлық көңіліме,
Бір тағатым қалмастан, есім кеті.
- Пайғамбарға Құдайым болған қорған,
Ол кісінің сиратын нұрдан қылған.
Ғалы менен Фатиманың сүйер ұлы,
Асыл заттан сол екі пайда болған.
Бұған ғашық болдың ба, балам? - дейді,
- Жазған шығар тағдырды саған! - дейді,
- Пайғамбардың жиені тиген жарық,
Тамұқ оты ол жанға харам! - дейді.
Сонда к.ыз Шаһарбан састы дейді,
Құдай оны Махфузда қосты дейді.
Қыздың іші қайғысыз нұрға толып,
Үлкен табақ гауһарын шашты дейді.
Хұсайынға шашуын шашты дейді,
Сүйгеніне Құдайым қосты дейді.
Хұсайынға шашқанын көргеннен соң,
Ыза болып Иазит құты қашты дейді.
- Ақылың асты, әй, балам, тірі жаннан,
Бетін басты сонда қыз ұялғаннан.
- Болсын, балам, мүбарак! - деп, дұға қылды,
Қасындағы анасы қуанғаннан.
Қайтып келді төрт шардың батырлары,
Кәміл екен бұл қыздың ақылдары.
Фатиманы жайт айтып көп жылайды,
Қасындағы асхаптың қатындары.
Сонда Ғұмар патшаға хабар берді:
- Хұсайынды Шаһарбан сүйді! - дейді.
Пайғамбардың кұрметтеп жұрағатын,
Аттан түсіп қасына жаяу келді.
Ғұмар атын Хұсайынның жетелепті:
- Құдай берді біздерге бұл дәулетті.
Қуанғаннан төрт жардың жаны қалмай,
Мұхаммед, Мұстафаны құрмет етті.
Сонда жұрт Мұхаммедті есіне алды,
"Пайғамбар болмады-ау!" - деп, қайғыланды.
Мұхаммед-Қанафия Хұсайын мен Ғұмардан
Хұсайынның атын алды.
... Тақ көтерді Ғұмар мен Ғұсман молда,
Ғалы қайдар қуанып келді сонда.
Төрт жар болып бір қызды құрметтеген,
Бір хабар беруші жалғыз Алла.
Ғалының төрт баласы жақын барды,
Төрт жарлардың қолынан алтын алды.
Қызды олар көтеріп бастарына
Ғалы арыстан үйіне алып барды.
Қызды керіп жиылды тамам қатын,
Пайғамбардың кұрметтеп жұрағатын.
Сол жерде хазірет Ғұсман неке қиды,
Сыйға берген заттардың бәрі-алтын.
Бұл қызықтан кетпеді жас пен кәрі,
Мал мен жаннан түңілді жанның бәрі.
Пайғамбар мен Фатима құрметі үшін,
Тойын қылды он күндей хазірет Ғалы,
Сонда Ғалы қуанып судай тасқан,
Еске түсіп Фатима көп жыласқан.
Пайғамбар мен Фатима құрметі үшін,
Барлық малын аямай төгіп-шашқан.
Алтын үйде қозғалмай үш күн жатқан,
Бір-бірінен бұйыртып, дәмін татқан.
"Бірде жоқ біздерге кез келеді!" - деп,
Хұсайын ер Хасенге жазған хаттан.
Хасен бір күн мешітке барған екен,
Кітаптарға кездерін салған екен.
"Бұл шаһарға бір сұлу келеді", - деп,
Оның үшін коп қатын алған екен.
Сонда Хасен бекітті өне бойын,
Өзі бас боп қылыпты ойын-тойын.
Жұмақ есігі ашылды Шаһарманға,
Құдай артық жаратқан ақыл-ойын.
Той тарқады Ғалының мерейі асып,
Құдай берген бұл қызға артық нәсіп (несіп).
Баласына Ғалының тигені үшін,
Қызға сегіз ұжмақтың есігі ашық.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Мәшһүр Жүсіптің Әмен атынан сөйлегені

  • 0
  • 0

Қолыма хат жазғалы алдым қалам,
Құбылып толқын боп тұр күллі ғалам.
Буылдырып құрбыларға өрнек үшін,
Кетейін бір сөз сөйлеп, келсе шамам.

Толық

Мәшһүрдiң өзiн таныстыруы

  • 1
  • 0

Тiрлiк пен денсаулықта – баста бағым,
Онан соңғы дәулетім – тiл мен жағым.
Құдай берген он екi мүшелерім ,
Өз өнерім өзіме–алтын тағым.

Толық

Құдайым жексенбі күн жер жаратты

  • 0
  • 0

Құдайым жексенбі күн жер жаратты,
Жер-суды әуел бастап - бір жаратты.
Тау мен тас, ағаш пен шөп, көл мен өзен
Түріндей текеметтің түр жаратты.

Толық

Қарап көріңіз