Эссе және өлең-жыр байқауы

Өліп тірілген шаһызада

  • admin
  • 10.08.2018
  • 0
  • 0
  • 900
Бастайын бір хикая, сал құлақты,
Біріктір, тыңдаушылар, ынтымақты.
Дүние бәрімізден бір күн өтер,
Тастаған патшалар да алтын такты.
Ғаламның он сегіз мың саруары,
Исламның фонарының шамын жақты.
Араптың Қурайышы Қабыл рухынан
Көп қауым бірге болды, соны тапты.
Алладан пайғамбарлық келгеннен соң,
Әуелі жұмсақтықпен дін бастапты.
Мұхаммед-расул Алла заманында
Өзіне бірқатар ел, жұрт қарапты.
Халқына айдынды екен кереметті,
Келісті заманында бек сәулетті.
Заманға Алла мұндай ұшыратты,
Бек ғаділ патша болып ел билепті.
Патшаны әділ болса, халқы сүймек,
Әділдің шарапаты көпке тимек.
Жалғаншы, ұры залым жоғалыпты,
Жоғалмаса, біреуіне бірі күймек.
Секілді сонша ғаділ, жұрт бағынып,
Халықтан қойылмайды мін тағылып.
Жалғыз-ақ кемшілігі - кәпірлігі,
Кінәны онан басқа тапсын не ғып?!
Аты екен Наушеруан мұның өзі,
Мағлұм жұртқа бірдей айтқан сөзі.
Суретке - діндері оның табынатын,
Жазалы онан басқа жоқ мінезі.
Патшасы жуыр маңда бала көрмей,
Болатын бастан кемтар болды кезі.
Туыпты бір жалғыз ұл патшадан
Адамнан артық сұлу бота көзді.
Баласы пері нұрлы Шаһызада,
Таза өскен жалғыз өгей тәрбиеде.
Оқуға жеті жаста берді мұны,
Бар ғылым он бес жаста болды ада.
Інжіл мен Таурат, Забур болды ада,
Жалғыз-ақ Қалам Шариф мұнан қаза.
Ол кезде дүниеге таралған жоқ,
Пайғамбар- Қалам Шариф Мәдинада.
Бұл бала бар ғылымды оқып білді,
Өткізді оқуменен неше жылды.
Үйреніп өнер, ғылым, ақыл тауып,
Талындай Райханның ол гүлденді.
Оқытып өнер-ғылым ардақ қылды,
Мүләйім табиғатын ел жақтырды.
Шаһызада он алтыға шыққан жылы,
Бір ханнан қуаныш қып, қыз айттырды.
Ханзада сұлу екен ханның қызы,
Неше күн той, тамаша ат шаптырды.
Ұзатып ол хан қызын салтанатпен
Жұртына қыз, күйеуді қол тапсырды.
Лайық қыз бен күйеу сайма-сайға,
Пара-пар екеуі де күн мен айға.
Жұртына қуанышпен келіп түсті,
Той қылып қазына ашып оң мен солға,
Кіргізді қыз, күйеуін бір сарайға,
Шақырып, тойға келді жамағаты.
Осындай той мәжіліс басталғанда,
Ішетін арақ, шарап екен шарты.
Мырзаның бұл тойына жұрт жиылып,
Арақты қара судай берді құйып.
Жиылған халайықтың бәрі де мас,
Айрылып ес ақылдан жұрт құбылып.
Келіншек елден бұрын көзін ашты,
Ана жұрт халқын ойлап, іші күйіп.
Қараса, Шаһызада қып-қызыл қан,
Тәнінен бөлек жатыр бас қиылып.
Жығылды талып жерге жас келіншек,
Ала алмай есін жиып жұрт маңда.
Тағдыры хан ұлының болған екен,
Үйіне бір түнеген жалғыз таңда.
Қаншама ойға кетті есін жиып:
"Бір дұшпан кеткен ғой - деп, - басын қиып
Қайғының ең тоқтауы - сабыр қылмақ,
Күтейін құдіретке мінажат қып.
Қайғыға жас басымнан салған екен,
Тартсын деп мен бейшара тірі күйік.
Патшаның құзырына білгізейін,
Сұрайын жылдам сұрақ сырын түйіп.
Шыдайын, орнын сақтап отырайын,
Сүре алман енді дәурен байға тиіп.
Қайғыдан ақырында мен де өлемін,
Қайтемін тірі қалып, бақытым күйіп?!"
Күйінді, бауыздалған жарын көрді,
Шақыртып нөкерлерін, хабар берді.
Жақсыдан жаман хабар тез жетпей ме,
Хан білді, аймағында бәрі білді.
Бір түнде өлтіріпті қайран ерді,
Патшасы талып түсіп, зар еңіреді.
Жиылып құзырына данышпандар,
Қаралы, талқан қылып тамам елді.
Таң болды хан да, ханыша, бай мен қара,
Бір түнде ессіз болды бүтін қала.
Аяды көзі көрген, іші ауырып,
Қалада әйел-еркек, қатын-бала.
Өлтірер көзі қиып адам емес,
Ісіне Құдіреттің бар ма шара?!
Хан жиып уәзірлерін, ақылдасты: -
Жалғыз ұл керіп едім мен бейшара!
Жерім жоқ ренжіткен бұхараны,
Жүрекке кетпейтұғын салды жара.
Тауып бер, уәзірлерім, дұшпанымды,
Мен емес залым патша - жеген пара.
Сіздерге шынға бердім бұл ісімді,
Бітірді жалғыз бала тынышымды.
Үш күнге, уәзірлерім, рұқсат берем,
Суырам ашуланып қылышымды.
Табасың үш күнде ол бұзық сұмды,
Кім шайқап төккен менің ырысымды?!
Айрылып жалғыз ұлдан тірі қалып,
Дүниеде мен қайтемін тұрысымды?!
Патша айтты халқына: - Біз не болдық?!
Мен көрдім өз халқымнан жаман сұмдық.
Өткізіп елу жасты рақатпен,
Көріп ем өз басымнан жалғыз кіндік.
Дұшпанды, уәзірлерім, бергін тауып,
Сайланып, еш біреуін амал қылып.
Жауымды таба алмасаң, сөзім тыңда,
Қыламын бұл туралы әділ бұйрық!
Көмдірмей жалғыз елік сақтап қойды,
Ханзада, шаһызада қызыл гүлді,
Көп жұрттың тойы ақыры аза болып,
Ұшырды бір-ақ түнде жас бұлбұлды.
Дәрігерлер дәрі жағып салып қойды,
Патшаның қайғысына көп қысылды.
Ашулы хан аямас дұшпан тапса,
Тарлықтан жар тапса, жұрт құтылды.
Жұрт қарап таба алмады арып, талып,
Бір хабар білінбеді ашық, жабық.
Үш күндей табуына рұқсат болған,
Әмірі одан қалса, басқа жарлық.
Шарласып шаһар ішін кетті қарап,
Қанша жұрт бір залымға болды харап.
Шаһардан ешбір белгі таба алмады.
Таба алмай, у болыпты ішкен арақ.
Жұрт іздеп таба алмады қанды қолды,
Халықтың запырандай іші солды,
Дана мен көңіл қойып илатпаса,
Дұшпанның табылуы қиын болды.
Таба алмай үш күннен соң ханға келді,
Патшаның жүрегін ашу тілді:
- Уәзір, халқым, жүріп таба алмасаң,
Кел енді, жарлығымды тыңда!- деді.
- Уәдені, уәзірлерім, бердім саған: -
"Тауып бер дұшпанымды!" - дедім саған.
Қыламын енді жарлық бәріңізге,
Құтылдым жұртқа берген уағыдадан.
Ашулы арыстандай түсі жаман,
Қалмас-ты бұл ызадан ешкім аман.
Әрбір күн мойнына шынжыр тағып,
Бересің бүл шаһардан он адамнан.
Бай демей, бақыр демей, жақсы демей,
Таңертең күн шықпастан басын алам!
Болмаса, өлген адам күнәсын айт,
Бар шығар мойнымызда хақың тамам?!
Қалдырмай, табылмаса, мені де өлтір,
Әйтпесе бұл қасіретті немен жабам?!
Қай құлақпен естісең, сөзім - осы,
Таппасаң, уәзірлерім, сүйтіп табам!
Тұр екен менің қайғым жұртқа батпай,
Ғаділдік қылып едім титтей сатпай!
Басыма қайғылы күн кез болғанда,
Тоқтамға қалай келдің, іздеп, таппай!
Ашулы жұрттан өкпем тарқамайды,
Әр күнде он адамның басын шаппай!
Жау да болса, қалайша көзі қиды?!
Ол емес залым туған жұртқа жақпай!
Мен үшін бөтен елден жау келген жоқ,
Көр қылдың мұнша неге кінә таппай ?!
Дұшпаным енді менің шаһарда тұр,
Жоқ еді қартайғаным болып жаттай!
Сарғайдым ызаменен осы кезде
Нәр татпай, күнім шықпай, таңым атпай!
Дұшпаным арасынан бір табылар,
Қылайын осылай іс, қарап жатпай.
Қашыпты жұрттың қаны, сырын түйіп,
Шаһардың әміршісі халқын жиып:
- Таңертең күн шықпастан бұйырмақпын,
Он кісі өлтіремін, басын қиып!
Қанша жұрт бір залымнан қате тапты,
Халқынан бұл шаһардың балам өліп.
Көрмеген бұрын мұндай ғаділ патша
Еткізді қатты жарлық ашу, күйік.
Бар екен патшаның бір уәзірі
Мансапқа өзінен соң екен биік.
Аты екен уәзірінің – Алдияр хан,
Пайдасы қиын іске жүрген тиіп.
Ақылды ата жолдас адам еді,
Білетін айтпағының сырын түйіп,
Қан төккен бір адамның жорасынан,
Қор болған бұл шаһардың халқы күйіп.
Патшаға Алдияр хан келді жүріп,
Әдеппен қол қусырып сәлем беріп.
Уәзірі қандай мақтап сөз сөйлейді.
Тағзым қып парасатпен тіке тұрып:
- Бір күнді маған берші ашу қылмай,
Келейін жалғыз өзім кеңес құрып.
Тағы да жолдан шықтың, бір күнді бер,
Обал жоқ бәрімізге тұрсақ біліп.
Осы жұрт бір залымға нақақ күйіп,
Отына біз өртендік, біреу қылып!
Патшасы бұл сөзіне құлақ салды,
Тең өскен құрдасы ғой қатар жүріп.
Наушеруан сөзі:
Уәзірім, жан жолдасым, Алдиярхан,
Сен едің ақыл айтар сенімді жан.
Бірге өскен бала жастан бірге жасап,
Өзіме серік болып, қылған пәрман (пәрмен),
Дүниеде қайғы өтер ме артық мұнан?!
Ақыл-ес қалмай отыр менде дәрмен.
Табылған ертең келіп, ақылыңды айт,
Байқайын кеңесіңді ден ойлаған.
Бұрынғы бүтін миым жарты болған,
Ақылмен қылыш алып қылды жарған.
Ашуда еш бір ақыл болмайды екен,
Сырына әр бір істің оймен барған.
Илансаң, бұл ақылды тұман шалған!-
Уәзірі ертең түске сөз байлаған.
Бұл күнгі он адамды азат етті,
Ашулы айдаһардың дәл аузынан.
Осындай шырын сөздің хас шамасы,
Бір күнде сондай болған тас қаласы.
Жазықсыз жалғыз түнде жаудан өлген,
Патшаның жазығы жоқ жас баласы.
Бір ақыл Алдиярхан таба алмаса,
Бұл жұрттың сонда болар масқарасы.
Ақылмен қиын іске дауа тапса,
Жақсының сонда артылар мәртебесі.
Жұрт қорықты жанынан күдер үзіп,
Жылайды жаны ашыған көзін сүзіп.
Ұйықтамай Алдиярхан ойға кіріп,
Иранның дариясына айдай жүзіп.
Патшаның ақылының қожасы еді,
Бекіткен жүрегіне оны сезіп,
Ақылдың томағасын тартып алып,
Дүниеден жер қалмады, болды кезіп.
Төрт бұрышын төңіректің түгел шарлап,
Отырды ұйқы көрмей, боп таң атпас.
Табады бір ақылды түс болғанша,
Ойлы жүрек, милы бас нені таппас?!
Уәзірі таң атқан соң келді ханға,
Ор іске жүрегі мен сөзі қанша?!
Қайраулы хан жарлығы қанжармен тең,
Жазықсыз он адамның басын алса!
Алдиярхан сөзі:
Уәзір айтты патшаның көріп жүзін: -
Ғұмырың, бағың артық болсын өзің!
Ұйықтамай таң атқанша бір ой таптым:
"Неше жыл ақталсын, - деп, - татқан тұзым!"
Бұл жолда күнәсы не бұхараның,
Жеткізбей ақырына ұлар көзін!
Ақыр өлдік, онан да соғысайық
Ұнатпай жұрт ойланды бұл мінезін.
Бір ақыл, сізге сыйса ойлап едім,
Сөзімнің сынатайын: алтын-жезін.
Бұл жұрттан әскер жиып, қолыма бер,
Ертейін мен соңыма батыр, ерін.
Естимін:
"Бір пайғамбар туды!" - дейді,
"Хақ расул Мұхаммед атты", - дейді,
Бір Алла рас - жалғанын өзі білер,
"Арапта Құрайыштан туды!" - дейді.
Баланды бауыздалған сандыққа сал,
Тауратта болмақ еді бір пайғамбар.
Барлығын кешіктірмей сонда жібер,
Нәбиі ақыр заман, ол - саруар!
Ол болса, өлтіргенді тауып алар !
Басы - Мекке, аяғы Мәдина шар (шаһар).
Ішінде жалған шыққан біреу болса,
Көзіне кең дүниесін қылайын тар!
Алладан анық келген елші болса,
Сол табар мұнша бізге тартқызбай зар!
Бұл сөзім сізге қалай көрінеді,
Дос едім ықыласпен жанын қияр.
Өзіңе мұнша халық, жұрт қараған,
Аузыңнан әділ жарлық, сөз тараған.
Қанша әскер қару киген - қасыма бер,
Қағайын салтанатпен зұл барабан.
Шын болса Хақ пайғамбар, дауа қылар,
Болмаса шығар жанжал сол арадан.
Мұныңыз дұрыс болар, не жау болар,
Бұл істің бірі шықсын екі арадан.
"Өз елін қан жылатып қырды!" - деген,
Біз сонда құтыламыз зар жаладан.
Ақыл жоқ онан басқа, бармай болмас,
Қасыма әскерді қос бұл қаладан.
Әр күнде он адамнан қырған болсақ,
Ереді артымыздан жаман атақ.
Мұхаммед дертімізге дауа тапса,
Ермейді соңыңыздан ондай шатақ!
Мұхаммед жалған шыққан біреу болса,
Қырайын Мәдинаны қырғын жасап.
Бұл сөзім сізге айтқан сыйымсыз ба,
Патшам, жарлығыңды айт, атын атап.
Наушеруан жауабы:
Патшасы жауап берді уәзіріне: -
Көріп ем бар қызықты сізбен бірге.
Жарайды, айтқан сөзің сыйымды екен,
Кім риза болмайды мұндай сөзге?!
Әскерді қолыңа әкеп тапсырамын,
Көп рақмет табылған пікіріңізге!
Уәзірім, бұл ақылың дұрыс екен,
Жалғыз-ақ тілек берсін себепкерге!
Ашумен айттым жарлық бір ауыз сөз,
Қайтардым, ашуымды бердім сізге.
Айрылған бар ақылдан бір парамын,
Тұра ма, күйзелген соң, ақыл бізде?
Патшасы үкім қылған болды кәріп(ғарып),
Жарлықтан бұрынғы айтқан қайта танып.
Болған соң қайта бұйрық, ел жиналып
Хисабы жүз сегіз мың болды халық.
Жиналып төрт тарапты шулап қорып,
Әскерге жер қозғалды, дүние толып.
Сол қолға Алдиярхан басшы болды,
Сарғайып патша өзі үйде болып.
Екі мың сегіз жүз батырлары,
Іріктеп шығарғанда, болды саны.
Сандықты өлік салған түйеге артты.
Шірітпей дәрі жаққан ғазиз тәні.
Хан жарлығы заһарлы қылышпен тең,
Жоқталды осылайша өлік қаны.
Хан қалды амандасып шаһарында,
Жөнелді әскер қаптап жазираны.
Мұхаммед хақ Мұстафа, саруар сонда,
Сыйынған әнбиеге ол алдында,
Өлмесе падишаның ер перзенті,
Көп халық бармас еді іздеп онда.
Табады үш ай жүріп Мәдинаны,
Сүйікті, әділетті бар сұлтаны.
Саламат:өлтірсе де, келтірсе де,
Қолында не қылса да, барша жаны.
Патшаның жалғыз ұлын кім өлтірген,
Мақсаты - сұрау үшін мәселені.
Мұхаммед Хақ расулды сынау үшін,
Әкелді Мәдинаға ол баланы.
Болғанда Мәдиналық қандай қолға,
Бірер сөз келе жатыр түсіп дауға.
Ғажайып бек қабағат соғыс болар,
Шырмалар жүз балықты жібек ауға!
Жараспай аралары шықса дауға,
Кім алар өз жанына қылып сауға!
Араптың біреуіне көрінбестен,
Бұл әскер "Уақыт" деген шықты тауға.
Уақытында қол бекінді арасына,
Бірнеше сыйып тұрды панасына.
Бір тілді араптардан алу үшін,
Көз салды тауда тұрып саласына.
Ағатын екі айырылып бір бұлақ бар,
Уақыт пен Мәдинаның арасында.
Бірі ащы, бірі тұщы ағады - екен,
Алланың тең жаратқан панасында.
Құрайыш-Мекке халқы азық еккен,
Ағаштан: алма, құрма - жеміс еккен.
Адам жоқ онан басқа маңайында,
Біреу жүр арық ішінде, қолда кетпен.
Адам жүр анау жалғыз мехнат еткен,
- Шақыр! - деп, төрт балуанға әмір еткен.
Дүрбімен Алдиярхан жер болжайды,
Шегелеп айтар сөзін қылған өктем:
- Алып кел, ұрмай, соқпай, ойбайлатпай,
- Әкел, - деп жөн сұрауға, әмір еткен.
Төрт жігіт түрегеліп атқа мініп,
Екінді мезгілінде барып жеткен.
Сөзінде білімдінің болмас қата(қате),
Төртеуі барып жетті екіндіде.
Барды да, кезін байлап, ұстап алды,
Бейшара ол мұсылман болды қапа.
Бірі - арап, төртеуі - басқа халық,
Білмейді сөйлесуді жауап қата.
Жөнелді, ұрмай-соқпай, ұстап алып.
Қылмайды бүл жалғызға жәбір-жапа,
Келеді бұл бесеуі қалың қолға,
Қарамай, қорқып жаны, оң мен солға.
Хисапсыз көп әскерге келіп кірді,
Байқады оралғанын енді торға.
Алдына зәресі ұшып басты қадам,
Жылы жүзді адам еді Алдияр хан.
Таяған мұны керіп, ұшып тұрып,
Араптың өз тілінде берді сәлем!
Інжілден білуші еді Алдиярхан,
Ұлттың жетпіс екі тілін тамам.
- Қош, қонақ, біз алдияр, айып етпе,
Сөйлеп бер, білгеніңше, жауап алам!
Боласың қандай халық, қай шаһардан?
Сөйлеңіз, атыңыз кім, болмай алаң.
Қастық жоқ жазығым жоқ, саған қылар,
Апарып қайта салар жерге алған.
Салманың жауабы:
Мен бір хан ұлы едім дінге қарсы,
Атым-Салман, атақты жұртым-парсы.
Мемлекет, ел мен жұрттан қабат бездім,
Жайымды менің келген сіз аңғаршы!
Мұхаммед, тұр Мұстафа саруар ғалам,
Мен соның адамымын, құлақ салшы!
Махшарда дұғасынан үміткер боп,
Расулға бұл күнде болдым жалшы!
Ашыпты мұсылманға ислам дінді,
Сөйлейді бекер емес, ыңғай шынды,
Жұма ғой - күні ертең үлкен мейрам,
Жұмадан қалдырмасаң, көңілім тынды.
Қауіп жоқ дұшпандардан өлем деген,
Жаһанның саруары таққа мінді.
Ертеңгі намазынан қалдырмаңыз,
Сұрай бер қазір менен сұрайтынды!
Жүрмеңіз ертеңгі күн менен көріп,
Ие бар, болмаса да пендеде ерік.
Бұл араптың халқында екі сөз жоқ.
Айтайын мен, ұғып ал, сөзім теріп.
Бұл халық сіздер үшін өкінбейді,
Біреумен болғаннан соң уағда серік.
Уағда қылғаннан соң, сыр шашпаймыз,
Бір жан емес, біздің жұрт сөзге берік.
Мәдина дейтін шаһар анау тұрған,
Пайғамбар - расул Алла - дінін құрған.
Нәсілі - арап: Құрайыш, біреуі - Әшім,
Өзіне үмбет болар көңіл бұрған,
Ауызына қалам Алла аят келіп,
Жұртқа шашар өзіне келген сырдан.
Мен өзім осылардың қызметшісі,
Мұнымен неше дінсіз мойын бұрған.
Сыртынан дұшпан болған талай патша,
Өзін көрсе, қылады жанын құрбан.
Арап халқы Мәдина шаһарлықпен,
Бәрі де Мұхаммедтің жолын қуған.
Мен көрдім елден бұрын түсіңізді,
Алланың уақыты мен дәм бұйырған.
Өзіңіз қай жұртсыз, қай патшалық,
Алыс жерден келгендейсіз бір қиырдан.
Алдиярхан сөзі:
Уәзір айтты:
- Ақылға сөзің үйлес,
Қанай кірсек, бұларды адам тимес. •
Шын айтар, өтірік айтпай, адам болсаң,
Өзіме ақылыңды айт, қылмай егес.
Болмайды бізден қауіп еліңізге,
Дұшпандық жоқ адамда бұрын күнде.
Кіретін қалаңызға ақылын айт,
Болмаған ешбір күнде бұрын бізде.
Баян қыл осы сөздің сонарынан,
Мен білем сөзіңіздің бажайынан.
Таң атпай шаһарыңа жеткізейін
Жұманың қалдырмайын намазынан.
Салманың жауабы:
Берейін ақыл айтып сізге жақса,
Мұнара бір мешіт бар - қарап бақша.
Үйінде бала-шаға жата алмайды.
Мешітте хазірет Біләл азан айтса!
... Тыңдайды құлақ салып әйел-еркек,
Мінбеде хақ пайғамбар уағыз айтса!
Мешіттің төрт жағында төрт асхап бар,
Аласың төрт есікті жөнін тапсаң
Басқада бір мешіттен жан қалмайды,
Намазда қозғалмайды қылыш шапсаң!
Шын сөзге, уағда етсең, нанамыз да,
Өзің бар қырық кісіңмен қаламызға.
Бөлініп қырық кісі төрт есікті ал,
Ішінде ханымыз да, қарамыз да.
Тыңдауға құран сөзін жиыламыз,
Аяқ салып үлкен, еркек баламыз да.
Сөйтіп ал, құмар болсаң, біздің елді.
Бір мықты соғыс қылсаң даламызға!
Мешіттің төрт есігін алсаң қамап,
Шығармай бізді қырдың қолмен санап.
Бұл елдің бір палуаны мың кісілік,
Сіздерге онан басқа болмас себеп.
Шаһарда қару қылар жан қалмайды,
Мешітке қару алып, жан бармайды.
Сыртынан қашар жерін қамап алсаң,
Құр қолды сайманы бар құтқармайды.
Осылай келсең, ту сер қолыңызға,
Әйтеуір бөгет тумай жолыңызда.
Сөйтіп ал құмар болсаң, біздің елді,
Жау болсаң анық келген сорымызға!
Осылай уәзірмен сөз нағыз бітті,
Бұ қара сырын солай қанғызыпты.
Астына жүйрік беріп, адам қосып,
Апарып шаһарына салғызыпты.
Ол Салман түс болмай-ақ шаһар барып,
Жұмадан қалғызбай-ақ барғызыпты.
Бұл Салман уағдаға берік адам,
Айтпаған еш адамға зор қызықты.
Олардай уағдашыл адам қайда,
Әрқашан сабырлықтан көрген пайда.
Кешегі серт бойынша шыдай берсе,
Тәуекел не де болса, іс құдайда.
Жұмаға түс болғанда айтылды азан,
Тартылар уағдасыз тілден жазаң.
Шаһарға қырық балуан мен уәзір келді.
Қалада көрінбейді жалғыз адам.
Бәрі де бір мешітке жиылған жан,
Бүтін жұрт түндегі айтқан уағдадан.
Әскермен жүз сегіз мың шыр айналып,
Таянып жақын тұрған жан-жағынан.
Мешіттің төр есігін, оны да алған,
Хабар жоқ келер сырттан жақсы-жаман.
Келгенін қалың әскер білсе-дағы,
Асхаптар қауіп етіп қорықпаған.
Шұбырып қылыштарын қайрап тұрған,
Біреудің рұқсатын күтіп тұрған.
Әскер тұр Мәдинаны шыр айналып,
Төрт есікте он-оннан ыңғайланған.
Дәрмен жоқ соғысуға құр қол қалып,
Басқанын тыстан дұшпан білді танып.
Пайғамбар имам болды уағыз айтып,
Тыңдады сахабалар мейірі қанып.
...Қорқа ма данышпандар жау келед деп,
Өлімнің хақ екенін білген танып.
Үмітке ата-анадай ол маһырбан (мейірман),
Жұмада мешіт тола жиылған жан.
Сандықты көтергізіп екі адамға
Мешітке кіріп келді Алдиярхан.
Кірген соң қарай қалды адам қанша,
Ойлады: "Бұл жұмыстан еңбек жанса!"-
Келген соң бұл мешітке Алдиярхан
Расулға сәлем берді мұсылманша.
Сәлемін Хақ расул қабыл алды,
Ол уәзір сырт айналып тура қалды.
Германның ингіліктің тіліменен,
Сәлем беріп, оң қарап, көзін салды.
Расул де сәлем алды Герман тіліменен,
Сәлемді берді тахир сыныменен.
Расулге Алдиярхан сөз бастайды
Араптың бейне өзіндей ойыменен.
Алдиярхан:
- Пайғамбар ақыр заман сіз бе? - дейді,
- Дұшпан деп, бізден үміт үзбе! - дейді.
- Сұрасаң, үш айшылық жерден келдік,
Бір қажет керек болып бізде! - дейді.
Келгем жоқ бұл араға бекер текке,
Тағы жоқ дұшпандығым құрған кекке.
Сұрайтын үш-төрт ауыз сұрағым бар:
"Дүниеде өлі көп пе, тірі көп пе?!"
Пайғамбар:
Бір Алла баршамыздан жан алады,
Жан кетіп, топырақта тән қалады.
Ақырда пана болды, тіріде өліп,
Өлік боп баршасы да саналады.
Алланың шын өлімі - нәпсі тыйсақ,
Не пайда дүние қуып, малды жисақ?!
Өлген де өлген - ақырда тірі де өлген,
Қыламыз соның үшін жоққа хисап.
XXX
Алдияр әр нәрседен сұрақ қылған,
Шешімді сұрағына жауап алған.
Әйтеуір қарап тұрған сөз болсын деп,
Мақсатқа келе жатыр көңілге алған.
Алдиярхан:
Иа, Расул, болып келсең, Хақ пайғамбар,
Сен болсаң, өзің шырақ, үмбетке жар.
Алдыңа алып келген сандығымның
Ішінде білесің бе, не нәрсе бар?
Пайғамбар: .
Жетпейтін үш тараудың саласы бар,
Жолына дін исламның таласы бар.
Бір түнде бір адамнан бауыздалған,
Бір жансыз падишаның баласы бар.
Алдиярхан:
Екенсің халқың жақсы соңыңа ерген,
Құтылмас жақсылығы мұнан көрген.
Алланың есімін дос-ты Расул болсаң,
Бір түнде бұл баланы кім өлтірген?
Пайғамбар:
Айыпты бетке басу қандай киын,
Болмайды айтпай қою тағы қиын.
Бір түнде бауыздаған өз ағасы,
Сұрасаң, анау тұрған қара киім.
Патшаның ағасының баласы еді,
Ойында патшалыққа талас еді.
Мойнына анық түспей не ғып алсын,
Өзінің баласына балаушы еді.
Алдиярхан:
Біздің жұрт ісі оңалып қуана ма,
Бала үшін жиылған жұрт уана ма?
Айғақтың ең абзалы үшеу (у-шу) болмай,
Тағы да мұнан басқа куәң бар ма?!
Пайғамбар:
Сұраймын, құлағың сал, асыл тектер,
Жоқ шығар біздің жұрттан болған кектер.
Жасынан хан баласы асыраған,
Бар еді сарайында екі кептер.
Көгершін өлтіргенде көріп тұрған,
Шырылдап иесіне келіп тұрған.
Анығын құс та болса, берер айтып,
Сұрайын коп алдында болған сырдан.
XXX
Баян қып мүшкіл істі жұртқа тарап,
Болады сыр ашылса шын керемет. –
Кел, кел! - деп, терезені ашып қойып,
Пайғамбар мағиманы қылды ишарат.
Кәпірлер кереметін көрді бағып,
Білмейді не айтарға белгі тағып.
Жебірейіл қазір сағат дайын қылды,
Есіктен кірді құстар канат қағып.
Кәпірлер мұғжизаны көріп тұрды,
Сөзіне Мұстафаның болып тұрды.
Калима шаһадат айтып ол екі құс
Расулдің мінберіне келіп қонды.
Расул айтты:
Көгершіндер, келдіңдер ме?
Куәлік беретінді білдіңдер ме?
Патша ұлын қандай адам бауыздады,
Баян қыл, көгершіндер, көрдіңдер ме?
Көгершіндер:
Ай, Расул, біз қапада тұрып едік,
Көңілді Шаһызадаға бұрып едік.
Өз ағасы баласын бауыздады,
Шара не, біз шырылдай көріп едік.
Қайтеміз қайран біздің шаһызадам,
Жасымыздан ырзалық беріп асыраған.
Айрылдық сүйтіп, тақсыр, иемізден,
Пормен не, іс қылса, жалғыз хақтан.
ХХХ
Куәлік жұрт алдында алмақ үшін,
Келеді сөз шынына бармақ үшін.
Екі құс ел алдында куә болды,
Мойнына жазалының салмақ үшін.
Уәзір мен барша халық тұрды бағып,
Өтірік дей алмады бір мін тағып.
Расул:
- Жұмыс жетті! - дегеннен соң,
Жөнелді екі құс та қанат қағып.
Қара киімді сөзі:
Бұл кісі сиқыршы екен таңғажайып,
Ондайға кім сенеді бөрі ғайып.
Біз мұның бір сөзіне нана алмаймыз,
Сөзімді хан уәзірім қылма айып.
Осындай жұрт аздырған бола ма екен,
Жұрт бұған керемет деп нана ма екен?!
Сөзіне сиқыршының кім сенеді,
Үш айлық жерден құс жете ала ма екен?!
XXX
- Иа, Расул, - деді шабам қылышпенен,
Осындай өкім етті ұрыспенен.
Секілді қара жігіт үзік жанды,
Уәзірі әлгі адамға ашуланды:
- Сен асықпай тура тұр, ашыларсыз, -
Деген соң қорыққаннан тұрып қалды.
Алдиярхан:
Көрсетер жаза күйін пейілі тарға,
"Өзі түсер бір інге, - деген - орға".
Мойнына жазашының анық түссін,
Пайғамбар, мұнан басқа куәң бар ма?!
Пайғамбар:
Уайлар хайыбынан болса зерек,
Үмбетім, ислам діні - бір бәйтерек.
Жалашының қылышы жанында тұр,
Сұрайық, қылыш куә болса керек.
Расул айтты:
- Болмасын сөзде бұрыс,
Бәрін де сол күнгінің көрген қылыш.
Заты бар, тілсіз темір мақұлықты
Шақырам: "Куә бол, - деп - айтып дұрыс!"
Қынаптан қылыш тұрып секіріпті,
Расулдің кереметі сендіріпті.
Естіртіп қылыш сөйлеп куә болып,
Тік шаншылып шаһадат келтіріпті.
Сол жерде ес қалмады тұрғандарда,
Айтпай ма кереметін осындайда.
Қызарып, тік шаншылып, заһарлатып,
Қиратып кететіндей қылыш сонда.
Қылышқа әмір етті Хақ пайғамбар,
Кәпірді рұқсат етсе, қыруға бар. –
Патша ұлын қандай адам бауыздады,
Беретін бізге қандай жауабың бар?!
Ол қылыш сөз сөйлепті ашып сырды,
Жамағат құлақ салып, мойын бұрды.
Қылыш сөзі:
Залымның қылған ісін жасырмайын,
Ағасы, міне, мұны өзі өлтірді.
Өлтірді туысқанын - ұялмаған,
Амал жоқ, мен сайманы қолына алған.
Күш - біреу, білек біреу, кескен-өзім,
Бұл бала меніменен бауыздалған.
Алдиярхан:
Мұғжиза бұрын көрген ол кітаптан,
Інжіл, Таурат, Забурда мағлұм болған.
Ғаламға мұғжизасын заһар еткен,
Мұхаммед - Хақ пайғамбар бар анық туған.
Райханның Алла сізге нұрын құйған,
Әр түрлі таң қылдыңыз ғайып сырдан.
Лайықты дұрыс болар өз айтқаны
Естісек, тіріле алса, өлген жаннан!
ХХХ
Пайғамбар:
- Жазалыға қыл! - деп айтты,
Біләл менен Салманға:
- Тұр! - деп айтты.
- Сандықты оңаша үйге алып барып,
Жақсылап ол баланы жу! - деп айтты.
Адамдар әмір қылған барды сонда,
Сандықты бала салған алды қолға.
Тазалап пакзелеп алып келді,
Көрсетті сандықты ашып барлық жанға.
Алдына пайғамбардың қойды сонда,
Пендеңді онда, ұйқыда қысылғанда.
Орнына қиыстырып кескен басты,
Мүбарак түкірігін жақты сонда.
Ағасы осы кезде жаман састы,
Тығылды есі шығып кейін қашты.
Мүбарак қолыменен сипағанда,
Тіріліп Шаһызада көзін ашты.
Бұл бала тұра сала калима айтты,
Жыласып туыстары араласты.
Расулға тәжім етіп жылағанда,
Балқытты корғасындай қара тасты.
Хақ расул баламенен жауаптасты:
- Қанынды, кім өлтіріп судай шашты?
Өлтірген басын кесіп өз ағасы
Қалтырап ақ жүзінен қаны қашты.
Шаһызада:
Естіңіз - расул Алла ислам дінді,
Сөйлейін, иншалла сізге шынды.
Той қылдым қатын алып, мәжіліс жасап,
Халайық сауық қылып, көңілі тынды.
Мас болып, шарап ішіп, барша адамдар
Жығылды есін білмей, болып жынды.
Талықсып таңға жақын оянып ем,
Үстіме қанжарменен біреу мінді.
Қарасам, көзімді ашып, ағам екен,
Мойныма қанжар тиіп, сағым сынды.
Жан бердім даусым шықпай жарақаттан,
Отырмын жаңа көріп ай мен күнді.
Басқаны мен білмеймін ұқпағандай,
Лебізім дүниеге шықпағандай.
Жұмысымды ғаріп ағам бітіріпті,
Өлтіріп, зор дұшпанын мықтағандай.
Түсімде сіз келдіңіз иман айтып,
Жатқандай әлі қаным.ұйықтағандай.
Білмедім: мені өлтірді қай пиғылмен,
Не болды нақақ қанды ұрттағандай?!
XXX
Келтірер Алла әр істі орынына,
Мұны айтып жас төгілді қойынына.
Алдынан Хақ расулдің тараған соң,
Тұрсын ба жарлық айтпай қоюына?!
Бұл сөзге жұрттың бәрі болды танық,
Ұмсынды пайғамбарға жақын барып.
Әуелі иман айтып Алдиярхан
Мұсылман болды уәзірге ерген халық.
Тірілткен, куә болды, жаны жоқтан,
Қанша әскер дінге кірген неше мың сан.
Расулдің кереметі заһар болып
Болыпты тұтас бір ел нақ мұсылман.
Данышпан Алдиярхан жүрегін айт,
Алланың тез көндірген себебін айт.
Уәзірлер пайғамбарға сөз бастады:
- Иа, расул, біз жазалық, бұйрығыңды айт!
Пайғамбар:
Сөз тыңда, ай, жамағат, жұмыла асхап,
Сөз айтты Жебірейіл маған хаслап.
Иланып мұғжизама тәубе қылдың,
Ер ішінен қас күншілдік бәрін тастап.
Ол жігіт бір әулие болар өзі,
Бұл елге келген үшін мұнда бастап.
Жарыққа шығаруға себеп болды,
Халқының шырын сипат бақытын ашпақ.
Болмасын мұнан кейін еш күншілдік,
Жүріңдер жақындықты таза сақтап.
Көтерді дәрежесін қадір Алла,
Дін ислам сүйгені үшін сонша мақтап.
XXX
Ұйыды баршалары әнбиеге,
Көп әскер қонақ болды Мәдинаға.
Жіберді қос жүйрікті Мәдинадан
Сүйінші сұрау үшін падишаға!
Қуанып хан мен ханым келгендерге,
Ашық хат, анық хабар бергендерге!
Хисапсыз көп мал берді ағыл-тегіл,
Соңынан тілеулес боп ергендерге.
Наушеруан енді үйінде тура ала ма,
Жол жүріп келді бұлар Мәдинаға.
Өзінше көрген жерден тағзым етті,
Көрген соң расул нұрын қалды таңға.
Әуелі Хақ расулім дінге салды,
Сәлемін сонан кейін қабыл алды.
Шаһарға он мың адам қонақ қылып,
Сояды хисабы жоқ дүние малды.
Мухаммед тур Мұстафа саруар ғалам,
Айырды кереметпен кеп жанжалдан.
Наушеруан не аясын баласынан,
Көзінің ағы менен қарасынан.
Той қылып неше күндей сауық қылды
Ат шауып Мәдинаның даласында.
Неше күн тамаша қып, сайран салып,
Қайтады енді өзінің қаласына.
Нәсілі - араб: Құрайыш, руы - Әшім,
Дұшпанның қалған емес табасына.
Олармен тең болады қандай адам,
Қарамай соқтығады шамасына.
Алқынып талай қарсы келгендерді,
Түсірген тәубе, тауфих санасына.
Дос болды ақырында Құдайды атап,
Ем тауып жазылмайтын жарасына.
Сөз қостым бір-екі ауыз қисындырып,
Әр жерде қисынбаған шаласына.
Көрісті барсыменен мауқын басып,
Келіншек, ата менен анасына.
Наушеруан барды көшіп қаласына,
Сыйынды Құдіреттің панасына.
Патшасы қайта барып таққа мінді,
Иа, расул, жарлық шашып қаласына.
Шаһызада атасы өліп, патша болды,
Мүкеммал, дәрежеге көңілі толды.
Бата алып, пайғамбардан дұға тиіп.
Ғаділ боп ғұмырынша таққа отырды.
Жарандар, кім таласар берген баққа,
"Құдай жақ, - деген сөз бар, - ісі аққа!"
Кемеге биік таулар таласқанда,
Тоқтаған кеме барып Қазығұртқа.
Бір Алла қайыр қылсын ақырында,
Жеткізер, сен сенімді болсаң жұртқа.
Дүниеден ақыр бір күн жөнелеміз,
Жетсең де, дүниеде қалың бұлтқа.
Бұл қисса осыменен тамам болды,
Тірлікте көріп жүрміз әр бір сорды.
Мұны мен бір жобадан көргеннен соң,
Жаңартып жазсам деп бір көңілім толды.
Бұл қисса пайғамбардың мұғжизасы.
Нанбаушы мұғжизаға-діннің қасы!
Фарағат үміт еткен пайғамбардан,
Тиер деп естушінің бір дұғасы.
Келсе де бір өлім бар мыңға жасы,
Тәубе ізде, өлімді ойла - дін қарындасы!
Шүкірлік, сабырлық қыл, қанағат ет
Тірлікте не көрмейді адам басы?!
Әулие, мұрсал, ғазиз әнбиесі,
Қайда олар - дүниенің жоқ панасы.
Бір дұға оқушыдан үміт еттім,
Бұрынды жазушының аяғы осы.

Басқа да өлеңдері

Алтын табақ

  • 0
  • 0

Біссімілла деп бастаймын сөздің басын,
Хаққа құлдық қылып төк көздің жасын.
Дүниеде кім құлшылық қылып барса,
Сол алар қияметтің дәрежесін (даражасын).

Толық

Мінілмеген көлік

  • 0
  • 0

Маған десең, дәурен сүр жүз мың хандық,
Қолыңа ұстағаның - пұшайманлық.
Бастан кешкен нәрсені есепке алсақ,
Қай жеріңнен табылар мұсылманлық?!

Толық

Төрт асыл, бес береке

  • 0
  • 0

Ақыл-ақ: кіршігі жоқ, ашу-күйе,
Сақтауға күйелемей, керек ие.
Аққа күйе жұққан соң, оңбағаны,
Онан соң таусылмайды күйе-күйе.

Толық


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...