Өлең, жыр, ақындар

Иса Шорманұлы

  • 11.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2230
Аман ба, Сүйіндіктің айналасы?!
Әр жерде ауыр болды қыс шамасы.
- Аз ғана қажылардан соз қозға!- деп,
Қаржастың ортаға алды кәрі-жасы.
Тыңдарлық болса құлақ, сөз анасы,
Мәшһүрден тарайтұғын сөз сарасы.
Шолпаны, ұйтқысы еді Сүйіндіктің Шорманның,
Иса мырза, бел баласы.
Көп қажы Сүйіндіктен былтыр кеткен,
Мекке мен Мәдинеге барып жеткен.
Туған жанның бәріне бір өлмек бар,
Адамның арманы не сол жерде өткен?!
Өзіне түгел болып дүние жалған,
Жолдасын ақыреттік қасына алған.
Қызық - құрмет, мал-жанды керек қылмай,
Дүниені, өлмей тұрып, талақ салған.
Жолдасы Шөкіұлы Сәтбай ер-ді,
Жарасып тел қозыдай бірге жүрді.
Он бес пен жиырма беске бермей кетті
Жетпіс жеті жас пенен сексен бірді.
Малғозы - Алтыбасар және ерген,
Қостас боп, Қозған - Бұқа бірге жүрген.
Еp басына бір-бірден күтуші алып,
Дүниені төгіп-шашып, қызық көрген.
Басшы боп Мұхаммеджан қожа кеткен,
Тілеуі бір он жолдасы қасына ерткен.
Кісі екен айырылмайтын шарапатлы
Топырақ сонан болып, үміт еткен.
Бас болып, қасқа жайсаң елден кетті,
Құдай мен пайғамбарға түзеп бетті.
Ақшамен құстай ұшып қалтадағы
Жайларға көңіліне алған аман жетті.
- Бас қосып тамам қажы жүрдік,- дейді,
- Көрмеген көп тамаша көрдік,- дейді,
- Омбыда оразаның айтын оқып,
"Тәуекел!"- деп, пароходқа міндік!- дейді.
Қазаны өткеменің бұрқ-бұрқ қайнап,
Ту тігіп, неше жерден жалау байлап.
Шыққан соң Стамбулдан сегіз күнде
Иамбухқа түстік барып "Иа, Құдай!"- лап.
- Бұл дүние бәрімізден өтер!- дейді,
Өлмей тұрып өкшеңді көтер!- дейді.
- Шаһарын Стамбулдың көрмеген жан:
"Дүниеге келдім деуі - бекер!"- дейді.
Шыққан жоқ ешбір шығын, есен-аман,
Бас қосып жүрдік көп боп:жақсы-жаман.
Сәтекең Исакеңмен бірге жүрген
Дүние-ай, енді қайда ондай заман?!
Медине күннен түні жарық жанған,
Тұтылып күннің көзі тозаң шаңнан.
Ішінде екі патша төресі бар
Қапила Мақпал - Шәріф келді Шамнан.
Медине толып кетті іші-тысы,
Он екі ай жаз өмірінде, жоқ-ты қысы.
Еш титтей арманы жоқ бұл жалғанда
Өткізіп бәрін бастан, көрген кісі!
Мирасы пайғамбардың Мақпал-Шәріф,
Бесігін Фатиманың бірге салып.
Түріктің патшасы - Уәли, Ашшам,
Екеуін келеді екен бірге салып.
Түйенің бесік артқан формы басқа,
Жібек пен толған үсті асыл тасқа.
Шаһарға түйе боздап кіреді екен,
Көздері мөлт-мөлт толып қаңлы жасқа.
Келгенде даруазаға шөге қалып,
Жас ағып көзден, басын жерге салып.
Еңбектеп тізесімен жер бауырлап,
Кішілік әдеппенен кірер барып.
Мойнын созып, бөксесін кейін тастап,
Ұмтылып, босағаға басын жастап.
Көзінен аққан жасын көрген жанлар
Ес қалмай жылайды екен, көзін жастап.
Шам жұрты зиаратын тамам етті,
Тұрды ма, басымыздан, о да кетті?!
Қиылып тамам қажы ыңғайланды,
Баруға Байтоллаға түзеп бетті.
Қайтпай жүр бұл жалғаннан біздің тауан,
Бастас боп: ноғай, қазақ, сарт пен сауан.
Кісілер тәрбиелі мінетұғын
Ол жақта болады екен тақтырауан.
- Жомарт ердің иманы судай тасқан,
Намарттың мұндай жерде құты қашқан.
Түйеге тақтырауан мінеді екен,
Ол топта иығы басып, бақыты асқан.
Исекем талап қылып мінбек болды,
Өзгеден артылтуға үшбу жолды.
Төрт түйе жабдығымен түгел алып,
Қолма-қол жеті жүз сом берді пұлды.
Жаратқан, ғашық болып,
Иесіне, ат, айғыр , арманы жоқ, биесіне.
Көрді деп мал қызығын - соны айтыңыз,
Мінген соң тақтырауан түйесіне.
Өзгелерге түйе жоқ, екеу ара,
Бас-басына түйе жоқ дара-дара.
Бір басына төрт түйе жалдап алып,
Көп жаннан озып шықты жеке қара.
Төрт жағында төрт жаяу жалаң аяқ,
Әр жаяудың қолында бір-бір таяқ.
Бір аспазшы, бір қосшы - күтуші алып,
Шашып төкті ақшаны аямай-ақ.
Қонған, түскен жерінде даяр шатыр,
Мұндай бір күн қырық, отыз жылға татыр!
"Қазақтың ханы екен!"- деп, жұрт айтысып,
Мединеден Меккеге келе жатыр.
Байлықпен баршасына жетіп күші,
Он бестегі өңіне келіп түсі.
Исекем Мақпал Шәріф ол Уахишам,
Сол топта көзге түскен үш-ақ кісі.
- Шам, Шәріфтің әскері бізбен жүрді,
Үш патша болып, шаһарға бірге кірді.
Бәдәуидің керуені ол да келді,
Даңғыр-дүңгір думан қып жүрген жерді.
Өткіздік талай күнді біздер бастан,
Есімде жоқ, айтуға, тастамастан.
Өзімізден айрылған жолдастардан
Үш-ақ кісі қалыпты он жолдастан.
Жарастықты сәулет пен жүрген жері,
Болып жүрді сол топта үштің бірі.
Мұнан артық, бозбала, не табасың,
Жалғанда жүргенменен жүз жыл тірі?!
Әрқайсысына әр жерде қаза жетіп,
Өлшеулі, жол үстінде демі бітіп.
Mеккеге екі қонақ қалған жерде
Сәтекең "Забғыл"- деген нәзірілде өтіп.
Сары ауру көп қажыны киіп кетіп,
Ішкені ащы су боп, ыстық өтіп.
Бишара Алтыбасар жығылыпты
Жаннатіл Мұғаллаға келіп жетіп.
Таусылып жолдасымыз түгел бітіп,
Қалжырап, өзімізден дәрмен кетіп.
Ақырып бәдәуиге күж-күж етіп,
Бишара Қозған-Бұқа келді жетіп.
Сәтекең қаза жетіп жолда қалған,
Пайғамбар "Үмбетім!"- деп, қолқа салған.
Көре алмай қалғанына көп өкінді:
Не қылып, не етіп!?"- деп, көп қылды арман.
Той еді күнде жүзін көргенім! — деп,
Жарасып тел қозыдай жүргенім!-деп.
Көре алмай қалғанына көп өкінді:
Құрысын тақтырауан мінгенім!-деп.
-Махаббат екі жақтан табылысқан,
Жоқ еді татулықтан жаңылысқан!
Кісідей бірге туған жақын еді,
Қан төсеніп, қағанақ жамылысқан!
"Бір жерде болмадық!"-деп, қылдық арман,
Бас қосып бес - алтауымыз енді қалған.
Жүз алпыстан - үш жүз жиырмаға-
Исекең бір құл, бір күң сатып алған.
Тұрған соң күші келіп, еркі жетіп,
Бұ дүние, уа, дариға, естен кетіп.
Қуантып шатландырды байғұстарды
Күңдік пенен құлдықтан азат етіп.
Міне, осы-Исекеңнің қылған ісі,
Қылған жоқ мұнан бұрын басқа кісі.
Есен-сау Арафатта түскеннен соң,
Дерт тиіп, түсі қашып, ауырды іші.
- Әр түрлі тірілікте күйге түстік,
Қозғалып көп қажымен бірге көштік.
Қайтуға енді Арқаға даярланып,
Жидахи Мүбәракке келіп түстік.
Зиарат екі шәріф қылып тамам,
Бет қойып енді ел-жұртқа бастық қадам.
Исекең бұрынғыдан шабан тартып:
- Жүруге келмес енді – деді - шамам!
Шамасы келмеген соң, тілін алдық,
Төсегін, тынышландырып, жайлап салдық.
Білуге Исекеңнің халін байқап,
Бөлініп көп қажыдан кейін қалдық.
Ауруы басым болған соң, халі кетті,
Таусылып сегіз күнде демі бітті.
Кеудеден жан шыққанша, тіл байланбай,
Өзіменен өзі айтып, солайша өтті.
Байлықпен алмады ма жұмақ сатып,
Жұрт көзіне бір түсті таңдай атып.
Жидахи Мүбәракте мадпұн болып,
Қасында анасының қалды жатып.
Дәулет құс қонып тұрған басында еді,
Жылы-ит: жетпіс жеті жасында еді.
Тіріге кепіл, өліге ту болатын
Қожасы түнейтұғын қасында еді.
Басшы боп Мұхаммеджан қожа кеткен,
Тілеулі он жолдасы қасына ерткен.
Қырғын көк қырып-жойып аман келді,
Жасынан бас мүжумен күні өткен.
Биылғы, жыл ұмытты, өткен жұтты,
Айрылып отбасынан өңшең құтты.
Отбасынан бір жанды қалдырмаған
Қалайшадан қожекең жолы құтты.
Жаз өтіп, қыркүйекте, болады күз,
Жақсыға осындайда ереді сөз.
Ауылында Әкімбектің душарласып,
Қажыға Мұхаммеджан жолықтым кез.
Осы сөзді қожаға, өзіне айттым,
Сырттан айтпай, туралап, көзіне айттым.
Мұсылманбек әзіл қып айтқан екен,
Мен де сондай бұл жерде өзіне айттым.
Өкінішім жоқ олардың қалғанына,
Өздері әбден жеткен соң арманына.
"Менің дұғам,- деп айтты - ақыреттік,
Көп тілеулес емеспін жалғанына!"
Іздеп барған мақсаттан құр қалмастай,
Менің дұғам оларға ақ алмастай,
Шек-қарынын аршыдым тап-таза қып,
Дүниеге қайтып келіп, былғанбастай!
Ойлап па ек: "Көреміз-деп,- біз бұл елді?
Шыбын жан шықпаған соң, дене келді.
Артынан Исекеңнің көп кешікпей,
Бейшара Қозған-Бұқа сол жерде өлді.
Екеуін тынышландырып, жайлап салып,
Аманат қанша қалған пұлын алып.
Бір-екі қалған- құтқан баламенен
Мінеки, өлмеген соң келдік салып.
Баласы Шорман бидің Иса мырза,
Жайылған Мәшһүр аты ойға-қырға.
Жақсының өзі өлсе, аты өлмейді,
Ісіне Исекеңнің болдым риза!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ит дүние

  • 1
  • 2

Бұ дүние жолдас емес адамзатқа,
Кетедi, қайта тастап жанған отқа.
Дүниенiң жамандығын көзiне айтып,
Ғазал қып бес-алты ауыз жаздым хатқа.

Толық

Жеті жетім

  • 0
  • 0

Барады ғұмыр өтіп күн-күн санап,
Жолында ғылым-Сарыф еттім талап.
Дегенді: "Жеті жетім" - өлең қылдым,
Құр бекер отырғанша босқа қарап.

Толық

Ибраһим

  • 0
  • 0

Әуелі жалбарынам құдіретке
Жалынсақ, миллад бергей жаман дертке.
Біз үшін жалғыз ұлын құрбан қылған,
Не көрсеттік сөйткен Мұхаммедке!

Толық

Қарап көріңіз