Өлең, жыр, ақындар

Мәшһүрдің сөзді киіндіріп, жұрт көзіне түсіргені

  • 11.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2378
Айтушы мен болайын, құлақ қой сен,
Сөзде жоқ сен танырлық таңба мен ен.
Болғанда ұшсыз - ұзын, түпсіз - терең,
Таусылмас, шашсаң қанша, көңіл - бір кен.
Ешкім жоқ: таптан озып, шеннен шыққан,
Бос сөзге болыпсыздар діннен [деннен] шыққан.
Білуші зер қадірін зергер болса,
Сөз - асыл жауһар сондай кеннен шыққан!
Аузына кейбір жанның қыдыр дарып,
Ие бар тұратұғын кеңес салып.
Болғанда ғақыл-дария, ауыз-садап,
Сөз-гауһар: сол садаптан алған жарып.
Тіл деген-болат [фолат] метін өткір келген,
Дал-дал қып, қызыл қия тасты тілген.
Қатарлап інжу [иенжу] менен маржан тізіп.
Тигізген ақтан оғын кейбір мерген.
Жалғанда біреу- үлкен, біреу-кіші,
Біледі болса кімнің ғақыл-есі.
Сөз- бір жүк: басқа мақұлық көтере алмас,
Жебірейіл- Әмин болған-керегесі.
Бұл сөздің қандайлығын көріп тұр көз,
Көзі жоқ көрсоқырдан күдеріңді үз!
Танытты құдайлығын құдай өзі,
Жебірейіл періштеден жіберіп сөз.
Біледі мұны тегіс дүние жүзі,
Жоқтан бар қылған бізді Тәңірім өзі.
"Сөз басы қайдан шыққан?"- деп ойласаң,
Емес пе "Калам-Алла"-Хақтың сөзі?!
Тізілген аузындағы отыз тісің,
Бола ма тамақ жеуге онсыз күшің?
Назым сөз аузындағы- тұрған тістей,
Білерсің, тұрса өзінде ақыл-есің!
Кеткен соң тіс орнынан, құны қандай?
Жерде қалар, керек деп, ешкім алмай!
Қара сөз сол сықылды-ойлағанға,
Суырылар тәтті сөзге тіл мен таңдай!
Назым сөз-бақшада өскен бау ағаштай,
Жарасып жапырақтары сүмбіл шаштай!
Аузынан кей шаһбаздың шыққан сөздер [сөзлер]
Тойғызар ішпей-жемей ләззатты астай!
Қара сөз-тауға біткен тал мен терек,
Басқаға бір отыннан неге керек?!
Болмайды, сөз болғанмен, бәрі бірдей,
Парқы бар сөзден-сөздің, болсаң зерек!
Адамның жай жүргенде, бәрі теңдей,
Сөз туғыз, шешен болсаң, сөзден мендей!
Сүйкімді, назым сөздің, екендігі-
Бақшада үлпілдеген қызыл гүлдей!
Келіспес-адам өзін жасырғаны,
О да онша емес-көтеріп асырғаны.
Үлпілдеп сабағында тұрған гүлдің-
Қара сөз — түсіп жерге шашылғаны.
Таудағы- емес едім зор қара тас,
Тас болсам, болмас па едім бір тауға бас?!
Кім бол, ол бол-алушың жоқ болған соң,
Болғаның, болмағаның,- бәрі бір бас!
Мөлтілдеп, қанды [қанлы] жасқа толып көзім,
Барады ішке сыймай айтар сөзім.
Алып, сатар боларлық жан жоқтықтан,
Білмеймін-екенімді қайта сөзім!
Өттің ғой қоршылықпен, ей, өмір жас?!
Жаратқан осылай қып Құдайға бас.
Бір жан жоқ-құрыш, темір, қу сақтаған
Кім нанар дегеніме: "Мен-шақпақ тас!"
Атқанда, тигіземін, оғымды ақтан,
Оғым көп жонып жатқан тіл мен жақтан.
"Өлмегенге - қара жер"- тиген соң сөз,
Өтірігі жоқ, бұл-шын сөз, емес мақтан!
Бақ жұлдыз бәсең тартып туысында,
Нем бар еді жерұйық қуысында?!
Бақырайып екі көзім, қалдым тұтқын
Ғелаз шәдадй,ының уысында.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жәдігөйдің жыры

  • 0
  • 0

Жылау жоқ бір түн, сірә, көзді жастап,
Бейішке апармақ боп жұртты бастап.
Басымды бір шұлғытып, бір мүлгітіп,
Тәспіні жыбыр-жыбыр серпіп тастап.

Толық

Жақсы әйел

  • 0
  • 0

Ақынның шек келтірме тіл-жағына,
Ілінсең сау қалмайсың тырнағына.
Жұрт күлгендей сөйлейді жамбасқа (жанбасқа) алса,
Келтіріп қиын сөзді ырғағына.

Толық

Төрттағандар

  • 0
  • 0

Біреу - өлі, біреу - тірі: "Ал" мен "Бердің",
Мал қашты уысынан һәмматлы ердің.
"Шықбермес Шығайбайға" тұрақтады,
О дағы біліп : "ал"-ды берген жердің.

Толық

Қарап көріңіз

Пікірлер