Өлең, жыр, ақындар

Әменді жоқтау

  • 12.08.2018
  • 0
  • 0
  • 4245
Ташкентте қаза тапты Әмен өзі,
Көп жұрттың қоя ма тек тіл мен көзі?!
Мән-жайын көзі көрген бастан-аяқ,
Уәлихан Омаровтың айтқан сөзі:
- Ташкентте болдық бастас бір қыс бірге,
Бір бөлек көрнекті боп, түсті түрге.
Жолығып Орынбордан себептей боп,
Қамшы боп сөзім менің есіл ерге!
Үй қара ағаш Ташкенттің қаласына,
Көп жанның кетті сүңгіп арасына.
Бес интернат бар еді, бір институт,
Арналған қырғыз, қазақ баласына.
Мың жарымдай оқыған онда бала,
Сарт, поғайдың школы басқа және (жана).
Сегізі - орыс, мұсылман - жиырмасы,
Мұғалім өткерілген өңшең дана.
Ақсамақ тұлпар-ордан, сұңқар - тордан,
Ер жігіттің ажалы - бейнетқордан.
"Басқарып соның бәрін жөндейсің!"- деп,
Кир.край берген бұйрық Орынбордан.
Дүниеге жігіт еді берік, ұқыпты,
Шалдырмас-ау-деуші едік- жанға тіпті!"
Барған соң секретарь қып қосып еді,
Түбі-Тама: Садуақас Оспановты.
Екеуі жалықпастан тіке тұрды,
Таңырқантып, тамсантып қыр мен сырды.
Он төртінші интернат бос тұр еді,
Өзі барып, тіленіп, соған кірді.
Жалғанға кім бар дейсің жарып тұрған,
Қалжырап әркімдер - ақ арып тұрған.
Интернат Әмен кірген он төртінші,
Төрінің ең алды еді барып тұрған.
Дүниенің болып өткен бұл бір күні,
Ташкенттің қыбырлаған жаны жиі.
Артығырақ екі жүзден бала оқыды,
Сонда еді ас ішетін кәуап үйі.
Жаманға арам онда аяқ басу,
Жақсыға күйі түскен судай тасу.
Орысша-сад, қазақша бау-бақша бар,
Отыз, дисат (десять)- мөлшері онан да асу.
Бауында еккен түгел барлық жеміс,
Жасаған бір мүлтіксіз қылып тегіс.
Жаз күні бұ жалғанның жаннатындай,
Жарастықты бір жалған болған келіс.
Ежелден ерге бейнет ұрғашыдан,
Елжіреп іші ерумен көз жасынан.
Бір кедейдің сатылған қызын аяп,
Жоқ жерде жетті-ау ажал болмашыдан!
Мезгілсіз іңір кезі суға барып,
Дұшпанға андып жүрген ұшырап қалып,
Төрт переселен, ұрысы Қызылбастың
Екі бірдей бүйірінен пышақ салып.
Байқамай құр қол ғой деп араласып,
Қашпаған ә дегенде, топырақ басып.
Жаннан күдер үзген соң тұра қашқан,
Екі қолмен уыстап бүйірін басып.
Алқынып, өкпе аузына тығылады,
Төрт кісіге бір кісі не қылады?!
Жүз саржандай жер еді судың басы,
Келсаға келіп жетіп жығылады.
Іс болды таң-тамаша көргендерге,
Шыға алмай кетті есіл ер биік өрге.
"Кім етті, не болды?!"- деп сұраушыға
"Дұшпандар!'- деген ғана келген тілге.
Тасқа таңба басқандай аққан қаны,
Неден өлдім?!"- дегендей, міне, тамы!
Көр айт, жыр айт, тұру жоқ бас көтеріп,
Сағат он бір болғанда, шыққан жаны,
Начальник милиция хабарланып,
Мұғалімдер білдірген түнде барып.
Персианды ұстап ап жолдасымен
Түн ішінде түрмеге қойған салып.
Өлгені отыз үште, қыршын жасы,
Ташкентте екен тататын сыбағасы.
Алаштың аты атанған жастарының
Қосылды таң атқан соң тегіс басы.
Пәрі де оқымысты, уыз жастар,
Бірге ойнап, бірге жүрген замандастар.
Үш жүзден, жиылған жан, асқан шығар.
Ығай мен сығай өңшең асыл тастар.
Қыз-қырқын, толып кетті қатын-қалаш,
Орыс, қазақ, ноғай - бәрі аралас.
Өлімі көп тіріден артық болып,
Осындай сый-құрметпен көмілді жас.
Гүл - үйсің, ленталармен үсті толған,
Ұсталар өзіне арнап табыт жонған.
Үш рет формасына сурет басып,
Жөнелткен тәрбиелеп сөйтіп қолдан.
Ол-қазақ мектебінің мән-жайы бұл,
Топырақ қорған сыртында тұрады сол.
Гауфман памятнигі тұрған жерден
Саналса да отыз бес минуттік жол.
Қазақ бұрын бармайтын бір де бірі,
Теңеліп жұрт болды ғой бұл күнде ірі.
Бұрынғы жандаралдың қатындары
Шығатын жаз сейілге жайлау жері.
Таусылды сол жайлауда жүріп демі,
Орыннан табылады артық-кемі.
Күз болмай, көгал айда шөп қуартқан,
Күшті дерт ажал соққан, жоқ бір емі.
Басылған Құдіреттен мөр таңдайында,
Болды екен мұнша өнерпаз қандайында?!
Интернат он төртінші мектеп үйдің
Жазылған: Әмен" аты маңдайында.
Қысқа өмір ұзара алмай, жойылғаны,
Жұртқа әшкере ап-айқын сойылғаны.
Ол Қашқар махалласы жаңа мазар,
Бұйырып топырақ сонан қойылғаны.
Қақ маңдай Әмен аты төрде қалды,
Жай жауып, алтын кеуде көрде қалды.
Шымкентке тракт жол бойында
Демеңдер: "Кісі білмес жерде қалды".
Мектептен алыстығы мазар басы,
Екі жарым шақырым бар шамасы.
Музыкант сырнайлатып алып барды,
Ташкенттің жаңғырыққандай тауы-тасы.
Ғазымбек, Хамит, Сапа Уәлиханов,
Үшеуі қылған қайрат жанын салып.
Кашомқыз Спандияров өзі доктор
Қырағы-ер еңбегін білген танып.
Шаһидлар болмайды өлік, тірі өтеді,
Құдай сүйген пенделер: ер-үшеуі.
Калатин, Ғиных Колетов, Ибраһимов
Бірінен күйгендікте бірі өтеді.
Алаштың ат атанған науша жасы,
Жүзіктің көзіндегі асыл тасы.
Түбі - Тама: Оспанов Садуақас ер,
Сүйініп көзге түскен жан жолдасы.
Мұндай ұл туа бермес бұл алаштан,
Алашқа абыроймен атын шашқан.
Ташкенттен Уәли жазып алып келді:
Қандай боп өткендігін сурет басқан.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жылым - қой, тауық жылы мен үш жаста

  • 0
  • 0

Жылым - қой, тауық жылы мен үш жаста,
Кәріплік [Ғаріплік] бұл жалғанда біздің,
Айырылып ел-жұртынан көшіп әкем,
Қыстаған Қызылағаш, Бұзаутасқа.

Толық

Тоғай бойында Едіге баласы Бейсенге біреудің айтқаны

  • 0
  • 0

Сенің әкең - Едіге,
Сарнаушы еді еліге,
Зарнамасқа бола ма,
Қызыққан соң төс пен теріге?!

Толық

Жұт

  • 0
  • 0

Пайғамбар бізден бұрын Мұса болған,
Оларда неше түрлі қисса болған.
Қиссадан қисса ала алмай, еңбек жанбай,
Қайғы ойлап, талай жандар құса болған.

Толық

Қарап көріңіз