Өлең, жыр, ақындар

Бас киім

  • 14.08.2018
  • 0
  • 0
  • 2393
1
Көкжиектен әрі аунап,
Күн де батып кеткен-ді.
Дала жүзі алаулап,
Ақырғы рет өпкен-ді.
Осынау ұзақ сапарда,
Поезд-бесік тербеген.
Отырды бір қарт қатарда,
Бұрын әсте көрмеген.
Біреулер тартып шылымын,
Біреулер сөйлеп дамылсыз.
Көзінің алып шырымын,
Біреулер жатыр әлі үнсіз.
Бұлт толқынға ай батқан,
Қоңыр таулар ұйықтап.
Жатқандай бір ойлап маң,
Түн көрпесін тұйықтап.
Кім білсін, қайда барады,
Отырды қарт та жайланып.
Алысқа үнсіз қарады,
Әлденені ойланып.
Ақ шалған мұрт пен самайын,
Өрнектеп әжім ажарын.
Өткерген жылдың талайын,
Тарқатып жастық базарын.
Кім білсін, ол бір батыр ма,
Сол жылдар дауыл от кешкен.
Айтылмай сырлар жатыр ма,
Жаралы дене оқ тескен.
Кім білсін, әлде шопан ба,
Жылқышы, әлде, ағамыз.
Мынау сырлы жапанда,
Бірге кетіп барамыз.
Ұстасы ма колхоздың,
От арқан қолда есіліп.
Уақыттан келсе қанша озғың,
Қаласың сонша кешігіп.
Мейлі ғой кім болса да,
Әйтеуір емес жай кісі.
Мазалап бір ой соншама,
Көңілде бар қайғысы.
2
Жай-жапсарын сұрадым,
"Келемін,- деді, — ұлымнан.
Қайтесің оны, шырағым,
Соғыста қанат жұлынған".
Кім білсін, алда қаншалық,
Өтеміз қыр мен таулардан.
Сырғиды поезд ән салып,
Белдерді талай аударған.
"Көрінген, шырақ, сонау шың,
Әр көкейдің арманы!", —
Деді де әлгі жолаушым, —
Әңгімесін әрі жалғады.
Қарт нұсқаған тау жаққа,
Мен де аудардым назарды,
Шың үстінде аулақта,
Ай да үнсіз сазарды.
Жұлдыздар жерге жақындап,
Мамық бұлттар мүлгиді.
Қарттың сөзін мақұлдап,
Селеу басын шұлғиды.
Қырық екінші жыл көктемі,
Қар да ери бастаған.
Жұлдыз біткен көктегі,
Жылаудан көзін ашпаған.
Самал-дағы аңырап,
Ананың зарын айтатын.
Қалатын көлі қаңырап,
Құстар да шулап қайтатын.
Арман шыңын аспаған,
Кезі еді көңіл майрылған.
Шырақтаған асқақ ән,
Топшысынан қайрылған.
Ананың бесік әлдиі,
Ащы зарға айналған.
Жас жардың нәзік жан күйі,
Жары кешкен қан майдан.
Өтті ғой көшіп зар күндер,
Айықпай көңіл ойдан да,
Кетіп жатты-ау әркімдер,
Сонау қанды майданға.
Талай қыршын аттанды,
Біздің де сонда ауылдан.
Айрылып жұрттар жатқан-ды,
Әкеден, не бауырдан.
Сәлемін алып солдаттың,
Почташы күнде жететін.
Қалады деп сорлап кім,
Көңілден маза кететін.
Еңкейген кәрі, жас бала,
Алмайтын еді-ау бір тыным.
Бұра алмай мойын асқа да,
Ұмытқан еді жұрт үйін.
Осылай өтіп жатты күн,
Күндіз-түні жоқ тыным.
Талайдың ұрлап шаттығын,
Сөндіріп кетті-ау от нұрын.
3
Болатын менің бес балам,
Қамшының өрім бауындай.
Солар еді-ау асқақ ән,
Солар биік тауымдай.
Бір күнде бәрі аттанды,
Аттанды әрі, әр тұсқа.
Кеудеде жалын от қалды,
Қалдырды өмір тартысқа.
Белді байлап тас-түйін,
Көңілде қасірет көл тұнып.
Төр жақта бес бас киім,
Тұратын үйді толтырып.
Бөлек еді-ау орыны,
Кіші ұлымның басқадан.
Қамшының бес өрімі,
Өрілгендей таспадан.
Қалғандай болды қаңырап,
Қамшысыз қолым қол емес.
Шешесі байғұс аңырап.
Кетер ме естен сол елес.
Тірідей тарттық күйікті,
Өтті ғой соғыс борандай.
Бес ұлымыз сүйікті,
Кетті ғой содан оралмай.
Кетті ғой үміт жалғанбай,
Шешілмей кетті-ау тас-түйін.
Бұлдыраған армандай,
Ілулі тұрды бас киім.
Кемпірім байғұс кезекпен,
Алатын қолға тымақты.
Отанын жаудан күзеткен,
Кәдімгі — солар сияқты.
Деді де қарт күрсініп,
Алды терең тынысын.
Ағылған арман, тіршілік,
Кезеді ойлар түн ішін...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Орман

  • 0
  • 0

О, ну орман, жақсы орман,
Ғасырлармен жасты орман.
Жаралдың ба, кім білсін,
Ұшқыр қиял, ащы ойдан.

Толық

Қарагер

  • 0
  • 0

Қамшылай жөнелгенде Қарагерді,
Бұрқ етіп артында шаң қала берді.
Қарагер қанат бітіп бұлдырайды,
Жолдағы тамсандырып тана көлді.

Толық

Таңғы шық

  • 0
  • 0

Меруерттей мөлдіреді,
Шөп басына шық тұнып.
Гүл желегі желбіреді,
Нәзіктігін ұқтырып.

Толық

Қарап көріңіз