Өлең, жыр, ақындар

Өмір мен өлең

  • 16.08.2018
  • 0
  • 0
  • 4134
Ей, өмір!
Саған қымбат өр қадамым,
Ақынмын, қанша міндет арқаладым...
Жырыма жүрегімді үзіп берем,
Тыңдасын,
Отан — ана, шартарабың.
Ей, өмір!
Саған қымбат әр қадамым,
Шабытшыл, ширақ үнмен жар саламын.
Жауаптымын жалғыз сөз салмағына,
Ойланармын, жеткенше әл-қадарым.
Ей, өмір!
Саған қымбат әр қадамым,
Мен-дағы бір перзентің, аңсағаның.
Жұмыр жер — тербетілген ақ бесігім,
Біледі, жүрек жүгі қанша барын.
Ей, өмір!
Саған қымбат әр қадамым,
Сырымды саған ғана сарқа аламын.
Туған ел, баурайында шалқып жүрмін,
Сүйген жар шын жүректен қалқаладың!..
Ей, өмір!
Қымбат маған әр қадамың,
Қанша ма сый өзіңнен арқаладым.
Кейде шаршап шалғайдан
Оралсам да, өзіңде өрши түсер —
Өр талабым.
Ей, өмір!
Қымбат маған әр қадамың,
Жалғыз сөзден жаныма нәр табамын.
Сен маған жарық бердің, жылу бердің,
Кейбір салқын жанардан тоңса жаным...
Ей, өмір!
Қымбат маған әр қадамың,
Көп еді күткенім де, аңсағаным!..
Кейде мен тұтқыны боп сағыныштың,
Дауысым қарлыққанша ән саламын.
Ей, өмір!
Қымбат маған әр қадамың,
Жүректі ащы ойлармен паршаладың.
Қарыздар болғаннан соң жас ғұмырға,
Шаршай тұра шаттандым, шаршамадым!..
Ей, өмір!
Қымбат маған әр қадамың,
Қуырып келдім саған жер танабын...
Жүректерді тербесем
Жақсы жырмен керегі не,
Басқадай мәртебенің!..
Ей, өмір!
Қымбат маған әр қадамың,
Арман не, тек өзіңмен жанса бағым.
Нәзік, сыршыл, шынайы төзімменен
Өзімше салып келем жол сонарын,
Жаныма саялатып таң самалын!..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Палатадағы ой

  • 0
  • 0

Бұл ұйқы бұрын былай сергек пе еді,
Ақ арман анашымдай тербеп пе еді.
Қырмызы түннен тағы маза қашты,
Сан ойлар жиналған соң жер-көктегі.

Толық

Көгілдір өлке, көк Дунай

  • 0
  • 0

Тарт, Шамша,
Өрге қарай аттың басын,
Көк Дунай бізді бүгін жатсынбасын.
Қайтайық желқайықпен желе жортып,

Толық

Яссауи мазарындағы ой

  • 0
  • 0

Зар заман төгіп көзден бұршақтарын,
Кеудемде шағып кетті жыр шақпағын.
Тас қабырға, зәулім үй, бабам жайлы
Ақынға айтшы нендей сыр сақтадың.

Толық

Қарап көріңіз