Өлең, жыр, ақындар

Ленин мавзолейінде

  • 17.08.2018
  • 0
  • 0
  • 15573
Күнсіздерге күн болған,
Жер жүзіне нұр болған,
Ақылдың кені данышпан;
Езілгенге қол берген,
Кемтарларға жол берген,
Заманның ері арыстан,
Адасқан халық зарыққан,
Азаттық қылып бақытқа,
Сәулеңді келіп табысқан.
Дариядан артық ақылың
Төбең биік «ғарыштан»,
Қартайғанда бір көріп.
Зират етіп қайтуға
Жамбыл келді алыстан.
Жер жүзінің кіндігі, —
Мавзолейдің тасында,
Жер жүзінің шырағы —
Кремльде — қасыңда,
Жолыңды таймай ұстаған,
Бахытқа жұртты нұсқаған,
Артық туған шәкіртің —
Сталин отыр басыңда.
Тауап етіп өзіңе,
Сталиннен жөн сұрап,
Кетуге келген көп халық,
Көріседі осында.
Уа, данышпан сабазым!
Езілгенді теңедің,
Зарыққанды жебедің,
«Жер жүзіне шам-шырақ
Орнатамын!» — деп едің.
Миллиондаған халықтың
Сүйеніші едің, белі едің.
Бұрынғы кезде шеткері
Қалып, санға қосылмай
Жүрген қазақ елі едім.
Мені де сен теңедің,
Ұлы көшке ілесіп,
Алдымда басшы Сталин,
Соңынан еріп жөнедім.
Дәулетке батып белшеден,
Ырысқа қандым, кенелдім.
Заманнан бергі құрсаудың
Сен ағыттық тиегін,
Жер жүзінің кемтары
Сүйеген саған иегін.
Сенен алып нұр сәуле,
Қуатым толып, күш өсіп,
Бекіді менің сүйегім.
Бәрін бірдей құнарттық
Алпыс екі жүйенің,
Адамзаттың асылы
Аруағыңды ардақтап,
Көпті көріп көндіккен —
Ақшыл тартқан басымды
Алдыңа келіп иемін!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қазақ ССР Жоғарғы Советінің сессиясын ашардағы үш орденді халық ақыны, депутат Жамбыл Жабаевтың сөзі

  • 0
  • 1

О жолдастар, жолдастар!
Асыл тастан шығады,
Ақыл жастан шығады.
Әділдіктің түрлері,

Толық

Бір жыл

  • 0
  • 0

Бір жыл бұрын көсемім,
Бейне тасқан дария,
Ой өзенін ағытып
Сөйлегенде жария —

Толық

Кавказға сәлем

  • 0
  • 1

Ақсақал Жамбыл келед жанаттанып,
Қиялы қияға өрлеп қанаттанып,
Жазылып бүкіш белі қуаттанып,
Туған ел сәулетімен санаттанып!

Толық

Қарап көріңіз