Өлең, жыр, ақындар

Досқа тілек

  • 22.08.2018
  • 0
  • 0
  • 27597
Досым бар,
Жоқ ешкімнің таласы да,
Көңілінің жоқ бүкпесі,
Аласы да.
Ақылы,
Арман-ойы,
Парасаты
Қазақтың жарасып тұр даласына.
Ұқтырып жүрегінің дарқандығын.
Уақыттың ауырсынбай тартар жүгін.
Аңқылдап жаны сүйген адамдарға
Жасырмай айтар шынын,
Айтар мұңын.
Келеді ол өрлеумен шың-асуды,
Қимылы,
Мінезі де ұнасымды.
Өз өрнек,
Өзге бояу,
Өрлігі бар,
Мен оған теңгермеймін мың асылды.
Кеудемнен сонша нәзік гүл ашылды,
Үлбірек сағағына күн асылды.
Күн, Гүл де,
Бәрі-дағы бір сол үшін,
Тағдырым талдырмасын құлашымды!
* * *
Бұл өмір жатпас мәңгі арнасында,
Қиялым қиырлармен жалғасуда.
Ойлардан мен де кейде ауырлаймын
Бұлттардай түнеп қалған тау басында.
Кең дала дүбірінен серпілемін,
Еңсемді биіктетер сен тірегім.
Күмбірлеп шуақ-көктем ән салғанда,
Күйіне домбыраны келтіремін.
Қалайша,
Көңіл құсы-ау,
Еркін едің,
Қаншама жұпар иіске елтімедім!
Ақынның бақыттысы мен болармын,
Тірлікте ақтай алсам ел тілегін.
Мен-дағы талай сырды түйіп белге,
Келемін қанат қағып биіктерге.
Сүземін сыр тұнығын жүрегімнен,
Сыйым сол ұсынатын сүйікті елге.
Таусам ба өткен күннің санап бәрін,
Сәт сапар,
Сансыз ойды сабақтадың.
Бергісіз жылыңа да жылы еді ғой,
Шуағын төккен кейбір сағаттарым...
Астасып арман-үміт жатыр көптен,
Көктеммен кеткендеймін жақын боп
Тасытып шабыт селін шалқытады,
Кеудемде аласұрған ақын-көктем!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қиындықтар кешсем мен

  • 0
  • 0

Мен кеттім, ел ұйқыда, ояу дала,
Тұрған есіп қоңыр жел баяу ғана.
"Ортамызға келді деп, бір ақын қыз",
Жылы сөзбен қарсы алдың, аяулы аға.

Толық

Маңырақ

  • 0
  • 0

Жанымды бір көргеннен жадыратқан,
Жер бар ма, шіркін, өтер Маңырақтан.
Бір кезде осы ауылда, осы маңда,
Естай да "Назқоңырын" аңыратқан.

Толық

Шағала

  • 0
  • 0

Белгілі менің жатқа жақпайтыным,
Белгілі жат қақпасын қақпайтыным.
Белгісіз қай арада жол аяқтап,
Белгілі сендік сырды сақтайтыным.

Толық

Қарап көріңіз