Өлең, жыр, ақындар

Өкініш өлеңі

  • 23.08.2018
  • 0
  • 0
  • 6773
Ғашықтардың тіл ұшында не тұрар?
Тіл ұшында сүйгенінің аты бар.
Бір кездегі махаббатым түсті еске,
Сені көріп, қирап жатқан Отырар!
Кәусар сулы, гүлзар бақты, қорғанды
Менің де бір арман қалам болған-ды.
Жастық сәулет, салтанатпен кеудемде
Жасайтұғын сияқты еді ол мәңгі.
Бақшасында таза, көркем мың гүл бар,
Бейбіт өмір сүретұғын тұрғындар
Қала еді ол, арықтары – көгілдір,
Көшесінде ән салатын бұлбұлдар.
Тұратын ол ләззаттан, ырғақтан,
Қандай қызық назбен тәтті тіл қатқан.
Сол қаланың сәулеткері екі адам
Болды және сол екеуі қиратқан.
Онда бізге шапағатын төкті күн,
Әрбір гүлін отырғызып, көп күнім.
Өтіп еді, орны жатыр, кеудемде
Қиял — қала махаббатым жоқ бүгін.
Талай үйлер топырақ боп үйілді-ау.
Мүмкін емес уақытқа сыйынбау.
Қалаларды салу қиын, достарым,
Сақтап қалу одан дағы қиындау.
Махаббатсыз күндер легі салқын ә,
Махаббатсыз тумақ емес шалқыма.
Қирап қалған үй сияқты сезімдер
Келмейді емді, келмейді енді қалпына.
Сақтай алмай қалдық оны неге біз,
Неге алысқа апармады кемеміз.
Өзімізді жеңе алмасақ өзіміз,
Сырттан келген жауды қалай жеңеміз?
Тіршіліктің аязы бар, оты бар,
Түк түсінбей түрленеді тотылар.
Қирап жатқан жоқ па екен деп қорқам мен
Әр адамның ішінде бір Отырар.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жас баланың жанарына қараңдар

  • 0
  • 0

Ай мен күннің тұтылғанын кім құптар?
Айтылуға тиіс бүкіл шындықтар.
Ай нұры мен күн сәулесі қоршаған
балалық деп аталатын құрлық бар.

Толық

Уақыт

  • 0
  • 1

Барасыңдар қай жаққа кетіп бәрің?
Сырт-сырт етіп тоқтамай өкінтті әр үн.
Бір сөз, бір ой, бір демге ұзарыңдар,
Құдіретті, қуатты секундтарым!

Толық

Теңдік үшін мұхитқа қайық салдық

  • 0
  • 1

Дүниеде мұң ғана мұңнан да ауыр —
Мұңайғанда жол таппай тұрған бауыр,
Кегі кеткен
далама

Толық

Қарап көріңіз