Өлең, жыр, ақындар

Кісен ашқан

  • 02.09.2018
  • 0
  • 1
  • 10976
1
«Кісен ашқан» – күйдің аты,
Күй иесі – Құрманғазы.
«Кісен ашқан» – сыйдың аты,
Сый иесі – Құрманғазы.
Дыбыстайды ұлы оркестр
Бабасының дыбысымен;
Тыныстайды ұлы оркестр
Данасының тынысымен;
Құрекеңнің екпінімен,
Құрманғазы дауылымен:
Құрекеңнің кек тілімен,
Құрманғазы дәуірімен;
Құрекеңнің жалынымен,
Құрманғазы мұратымен;
Махаббатпен, жан үнімен,
Мұнар күнмен, ұра түнмен.
Тыныстайды бір тыныспен
Жүз музыкант, жүз көкірек.
Дыбыстайды бір дыбыспен
Жүз тіл аспап, жүз түрлі өрнек.
Жүйрік саусақ жорғалайды,
Пернелерден сыр суырып.
Қаныңмен күй сорғалайды,
Бір жалындап, бір суынып.
Қобызшы да, домбырашы
Жігіт тұрсын, қыздар қандай
Небір сиқыр сонда, расы,
Кәрі жынды қоздырғандай.
Көл бетіндей толқымалы,
Қымқа белдер ырғалады.
Сыңғыр қағып шолпылары,
Сылдырлайды сырғалары.
Үкілеген бөріктері
Қанатындай тоты құстың.
Қазақтың жас өріктері,
Өртегендей отына ұшқын.
Ұлы оркестр сел күшіндей,
Тау тасқынын түйдек атқан.
Зал тым-тырыс демі ішінде,
Қатып қалған, күйге батқан.
Керуен қиял беті ұзаған,
Таудан аққан дарияша.
Қатар отыр екі заман –
Жас келіншек, қария шал.
Шал, шамасы, бір ғасырдай,
Тоқсанды анық бұқырлаған.
Кәрі қайың тұлғасындай.
Жұқарса да тұқырмаған.
Қарайды әлі қаршығадай,
Дегдарлық бар бір тінінде.
Шашы қарға малшынғандай,
Боз қыраудай кірпігі де.
Қас-қабағы салбыраған,
Қоңқақ мұрын, салпы ерін.
Бір ғажайып шал бұл адам,
Аңғартқандай қалпын ердің.
Қайырып қойса ақ сақалын,
Екі иығын қымтар еді.
Құрекеңе ұқсатамын...
Ал кім мына қымқа белі?
Қызы ма, не келіні ме?
Әйел емес, ертегі екен!
От тұрғандай ерінінде,
Қай бейбақты өртеді екен?
Аймалаған ақша беттен
Адам ба екен, қыран ба екен?
Кім есімін қақсап өткен?
Кімнің таңы қылаң еткен?
Қос бұрымын белге түскен
Кімнің қолы тарқатты екен?
Бірге өскен, уәделескен
Қозы ма екен, Фархад па екен?
Қара көзі кімге қарап
Ойнақшыды, күлімдеді?
Қандай жігіт тілге жарап,
«Күнім» деді, «Гүлім» деді?
Сондай біреу бола қалса,
Қалай өлмей жүр бақыттан?
Арманы не мола болса,
Садағаша бұл уақыттан?
Мен жырдан жыр жылуладым
Бір күн емес, бір түн емес.
Қазақтың хас сұлуларын
Суреттеу еш мүмкін емес.
Сөздің кейде жалғаны бар,
Бір бояуын қымтырғандай.
Көзбен көр де арманда қал,
Көлеңкеге ұмтылғандай...
Қатар отыр екі заман –
Жас келіншек, қария шал.
Керуен қиял беті ұзаған,
Таудан аққан дарияша.
Әсем әуен шымырлатып,
Ой мен бойға шауып жатыр.
Бірде жанға зығыр батып,
Бұршақ болып жауып жатыр.
2
Күйдің аты – «Кісен ашқан»,
Күй әкесі – Құрманғазы.
Күймен көзін, деседі, ашқан,
Күйде жаны, арман, назы.
Күйге құлақ тікті дала,
Күйді тыңдап атқа мінді.
Небір әуен төкті дана,
Үн біткенді жатқа білді.
...Сыр суырып пернелерден,
Лек саусақтар жорғалайды.
Неге оркестр тербелді ерен?
Не деп сол күй сорғалайды?
Күңірене ме, күрсіне ме?
Елжірей ме, емірене ме?
Дүлділдердің дүрсілі ме?
Жер ыңыранып тебірене ме?
Көкала жал өр Атырау
Долдана ма дауыл айдап?
Дүр оянып, япыр-ау,
Дүрлікті ме ауыл-аймақ?
Қызғыш құстар шаңқылдай ма?
Көлдерінен үркітті не?
Көкте сұңқар саңқылдай ма?
Сілкіндірді бүркітті не?
Ақ найзалар қақ, бөлініп,
Шәуілдей ме қара мылтық?
Қара төбет, көк бөрі ұлып,
Тұр ма қотан алабұртып?
Әлде қыздың сыңсуы ма?
Не жесірдің жоқтауы ма?
Бір сұрапыл сын сыры ма?
Алтын таққа оқталу ма?
Сәтсіз күні туған бөбек
Жөргегінде тұншықты ма?
Әлде түзді туға бөлеп,
Атой салған үн шықты ма?
Сансыз сұрақ тіл ұшында,
Дәлелді де, даңғыра да.
Дауылы да, тынышы да
Толғатады домбырада.
Домбыраның тұтқынымын,
Күймен ашқам құлағымды
Тағы отырмын құт күні мен,
Тыңдап сол бір бұлақ үнді.
Құрманғазы мекемесі,
Құрекеңнің ер кескіні.
Құрекеңнің мекені осы.
Құрманғазы оркестрі.
Оркестрі күй пірінің
Кең сарайдың қақ төрінде.
Сыйлап жұртқа сиқыр үнін,
Құрман мұңын шақты еліне.
Пай, пай, Тағдыр, Тағдырекем,
Қызықсың-ақ, бұзықсың-ақ!
Қанша адамнан тандың екен,
Қыс орнатып қызыл шұнақ?
Сұлудай-ақ, жас қаны айдап,
Сиқырлаған бозбаланы,
Сен келесін, баспен ойнап,
Алданғанның аз ба обалы?
Жоқ сияқты тойымың да,
Пейіліңді кім апшытты?
Не бір боздақ қойыныңа
Күліп кіріп, жылап шықты.
Көп болдың ғой өгей ене
Данаға да, дарынға да.
Жомарт қолды бөгейді не,
Жаймайсың ба барыңды алға?
Жақсылығың кем демеймін,
Бересің тек өлшеп неге?
Таразыңды теңдемеймін,
Не салсаң да бөлшектеме.
Жаралғансың, Тағдыр, тегі
Күн мен түннен, ақ, қарадан.
Нұрсың бірде таңертеңгі.
Кейде сенсің қап-қара лаң.
Қарыздар ма сол лаңға
Не Құрекең күй тәңірі?
Зорды тапқан зобалаң ба?
Қайда осынау сый тамыры?
Емсе де оның ел бармағын
Өнерімен кісі емдеген,
Кім халықтың ең ардағын
Қуғындаған, кісендеген?
Жә, Құрекең шағынбайды
Күндеріне кесе басқан,
Тасқындайды, ағындайды,
Заман туды кісен ашқан.
3
Ау, қария, түкті баба,
Құбылады сыр бетіңде.
Ұқсайсың сен тіпті ана
Құрекеңнің суретіне.
Домбырасын сыйға тосқан,
Бәлки, саған атай тағы?
Әлде Ілияс жырға қосқан
Күйшімісің Матайдағы.
Болмай-ақ қой көпке күндей,
Жетеді осы тыңдауың-ақ.
Құрекеңдей – Бетховендей
Бір жерде екеу тумауы хақ.
Аспас тіпті ақын одан,
Күйде оның қонысы кең.
Кемдігі тек – оқымаған,
Артық па не сонысымен?..
Жас болғансың, соң қалғансың,
Бәлки, сонда, сорлы бала!
Мүмкін, кейін сандалғансың
Құрманды іздеп cap далада.
Құрекең де кенже қалып,
Ер Исатай күресінен.
Өкінішін меңзеді анық
«Кішкентайдай» күйі есілген.
Кім ожаудай қу ағаштан,
Қос тал қылдай екі шектен
Шалқар әуен бұлақ ашқан,
Туған елдің дертін шерткен?
Кім домбыра шанағына
Жомарт дарын жанын берген
Ер жігіттің талағына
Ерен қайрат, жалын берген?
«Құрманғазы, Құрекең ғой!..»
Қарттың ерні күбірлейді.
«Дыр екен ғой, пір екен ғой...»
Шеру, шайқас дүбірлейді...
Кәріліктің зардабы ма,
Шалдың көзі жасаурайды.
Естілгендей зар дабылы,
Асан қайғы, асау қайғы.
Мерт болды елдің Исатайы,
Мерт Махамбет, батыр ақын.
О сондайлар туса тағы
Тақты өртеуге шақыратын!
Солар ма тек ердің соңы,
Бөрік киген қалмады ма?
Сансыз керуен елдің соры,
Кім шыдайды салмағына?
Бірде ауыз жаласады
Ақбоз патша, қара сұр хан.
Бірде ырылдап таласады
Аш бөрідей алас ұрған.
Қарақшыдай елден безген
Хан орнатты азап түнін.
Патша «түрме» деген сөзбен
Байытты, рас, қазақ тілін.
Біліп алды мұны мықты
Құрманғазы абақтыда.
Өнерлі орыс тілін ұқты,
Үйренді одан сабақты да.
Індет болса қазаққа хан,
Патша орысқа одан бетер.
Арыстан ел дозақталған,
Туғаны ма адам бекер?..
Күйші аяғы кісендеулі,
Күйші қолы бұғауланған.
Дала таңы кешеулеулі,
Дала көзі бұлауланған.
Құрман қанша айдау көрді,
Түрмелерді алмастырды.
Тек күйінен жайлау көрді,
Жаңа жазмыш жалғас тұрды.
Қылмыс бопты қай заманнан
Адал адам ақ тілесе?
Қансыраған, найзаланған
Туған жерге бақ тілесе?
Сарт-сұрт соғып қара шынжыр
Домбыраның шанағына,
Күйші қолы алас ұрды,
Шерткен сайын қан ағыла.
Көзбен көрсе шал мұндайды,
Ару оймен көріп отыр.
Күйінткендей сол мұң-қайғы,
Қос бұрымын өріп отыр.
Ол көрініс өткінші тек,
Көз жұмғандай, көлеңкедей –
Кезекті аккорд жеткенше тек,
Сонан соң ол көп еркедей.
Көп еркедей күннен туған,
Шұғыла, шуақ жері, елі.
Не керемет үннен туған
Қуанышқа беріледі.
Әкетеді аспандатып
Музыканың әлемі іліп.
Өлеңдетіп, дастандатып
Арбайды әуен – әдемілік.
Әдемілік көргені де
Сірә оның ес білгелі,
Жыласа тек – жөргегінде,
Күлкі сосын естігені.
Тауқыметін тартпаған жас
Біздер кешкен майданның да.
Концертте осы қартқа жолдас,
Келіп отыр қайдан мұнда?
Бұлбұлы ма Алматының,
Жыр мен енер ордасының?
Жұлдызы ма талма түннің?
Сыры қандай өз басының?
Қанаты ма, қаруы ма
Қарағанды шахтерінің?
Не ардақты аруы ма
Оңтүстіктің, мақта елінің?
Аққуы ма Сарыарқаның,
Алтын астық айдынының?
Ақ жүзінен сол қалқаның
Аңғарамын айдың нұрын.
Не Құрекең жерлесі ме
Асқақ күймен ауызданған,
Бесігінен зердесінде
Күйші жайлы аңыз қалған?
Әйтеуір бір күй достары –
Жас келіншек, қария шал.
Дәуірлейді күй дастаны,
Көбік шашқан дарияша.
Тасытқандай зал жігерін,
Жетті шырқау бұрылысқа,
Мың адамның жан-жүрегін,
Қысып ұстап бір уыста.
Бұл күй – қазақ шежіресі,
Бұл – халықтың көкей көзі.
Бұл күй – қиял терезесі,
Бұл – Құрманның дөкей кезі.
Мұңына елдің құлақ асты
Бұрқанған күй жаны алыптың,
Екі шекті қу ағашты
Мұрасы өткен даналықтың.
Зәбір шекті, азаптанды,
Булықтырды арқандай түн.
Армандады азат таңды,
Түрмелерді талқандайтын.
«Кісен ашқан» сол туралы
Дабылдайды, дауылдайды.
Жанға жігер толтырады.
Бір нөсер күш сауылдайды.
О Құреке, молаңда сен,
Осы оркестр үні барса,
Дүр сілкініп оянбас па ең,
Етпес пе едің түнді пәрша?
Тебіренбей жатасың ба,
Тақ орнатса саған елің?
Сен де оркестр атасына
Бір ескерткіш соғар едің.
Арнар едің күйдің күйін
Бұл қанатты заманаға.
Тартар едің сыйдың сыйын,
«Жыршымын, деп, саған, ана!»
Шіркін соны көріп сөнсең!
Біз де ынтықпыз келбетіңе.
О дүниеде еліксің сен,
Тәңірісің жер бетінде.
...Қатар отыр екі заман –
Жас келіншек, қария шал.
Керуен ойдың беті ұзаған,
Таудан аққан дарияша.
4
Соңғы аккорд, соңғы шырқау,
Тынды оркестр бір дүр етіп.
Лүпілдейді жүрек мылқау,
Дәл көжектей дір-дір етіп.
Кісендердің шалдыр етіп
Үзілгенін естігендей,
Демін алды зал дүр етіп.
Рахат самал есті нендей!
Ғасырлардың сыры бар күй,
Бес минутке сыйып өтті.
Асыл жанның сыйы бар күй
Көктем нұрын құйып өтті.
Өнер күшін жыр етем мен,
Тыңдап күйді жыр дастандай.
Бір бес минут Құрекеңмен
Бірге жасап, сырласқандай.
Кешір бірақ, Құрман баба,
Отырғам жоқ сені жырлап.
Сені жырлау арман ғана,
Аялаған мені жылдап.
Талай қазақ майталманы
Саған сөзін арнады да.
Оларды да айта алмаймын
Жете алды деп арманына.
Келіншек пен қария да
Арқауы емес дастанымның.
Аты да жоқ жарияға
Бұл бейтаныс достарымның.
Рұхсатсыз өздерінен
Күй тыңдадым құлағымен,
Залды шолдым көздерімен.
Көрдім көңіл шырағын мен.
Осы ұрпақтар арқылы ғой
Сенің, Құрман, тірілгенің,
Шапақ атып жарқын ойың,
Ағытқаның күй ілгегін.
Жауларыңды жықты ұрпағың,
Тек солардай кісі дастан.
Сені тыңдап ұқтым тағы:
Кезекті жыр «Кісен ашқан».
Революция, дауыл жайлы ол,
Өмір жайлы озат өткен.
Дана Ленин, дәуір жайлы ол,
Аруағыңды азат еткен.
Күй де, жыр да сан саладан,
Құйылады бұлаққа бір.
Кісен ашқан – Таң сол адам,
Кісен ашқан – Ұлы Октябрь,
Ал күйшінің құдіретіне
Бас иелік түрегеліп.
Бір аунап түс, о Құреке,
Көре алмасаң, тірі келіп.



Пікірлер (1)

Рахмет

Рахмет

Пікір қалдырыңыз

Күз

  • 0
  • 3

Күндері бар қызуы әбден сөнбеген,
Гүлдері бар қызылы әлі сембеген.
Күз де менің елу жасым сияқты,
Жаздар өтіп, қыс келер деп сенбеген.

Толық

Айттым сәлем

  • 0
  • 5

Мен өзгеше жазамын,
Мен өзгеше назамын.
Көтеремін сен үшін
Жер-дүниенің азабын.

Толық

Қойнауында қапшағайдың

  • 0
  • 2

Баурайында бақша-баудың.
Тербеледі жаңа теңіз,
Жарқырайды аппақ айдын.
Сол айдынның ұлы өзегі

Толық

Қарап көріңіз